Қарақшы «қайырымдылық»
Жақсылық жасап жарысып, мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүргендерге күмәнмен қараудың өзі адамдыққа сын сияқты көрінетіні бар. Бірақ кейінгі оқиғалар сене тұра сезіктену артық болмайтынын дәлелдеп отыр.

Жақында елге танымал қайырымдылық ұйымдарының бірі күдікке ілінді. Іле-шала Қаржы мониторингі агенттігі тағы бір атақты қордың су тасқыны кезінде халық жинап берген миллиардтаған қаражатты басқа мақсатта жұмсағанын анықтады.
Қайырымдылық – қайырлы іс. Жақсылық жасап жарысып, мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүргендерге күмәнмен қараудың өзі адамдыққа сын сияқты көрінетіні бар. Бірақ кейінгі оқиғалар сене тұра сезіктену артық болмайтынын дәлелдеп отыр.
Зорға жүрсе де, қорға аударады
Бір қызығы – қайырымдылық бойынша жаһандық рейтингтерде еліміздің көрсеткіші аса жақсы емес. 2024 жылы да Қазақстан халықаралық қайырымдылық индексінде өз позициясын жақсарта алмаған. CAF (Charities Aid Foundation) жаһандық ұйымы ұсынған The World Giving Index 2024 есебіне сәйкес, еліміз 142 мемлекеттің ішінде 113-орында тұр. Былтыр 107-орында тұрған болатын. Максималды 100 ұпайдан Қазақстан бар болғаны 33 ұпай жинаған. Бұл ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш: Ресей – 45-орында, Өзбекстан – 44-орында, Қырғыз Республикасы – 42-орында. Индекс нәтижелері зерттелген елдердегі азаматтардың сауалнамаларына негізделеді екен.
Есеп авторларының пікірінше, қайырымдылық индексінде көш бастап тұрған елдер әрдайым ең бай мемлекеттер емес. Биыл үздік бестікке Индонезия, Кения, Сингапур, Гамбия және Нигерия кіріпті.
Мұндай рейтингтер қаншалықты объективті екенін дәл айта алмаймыз, дегенмен қайырымдылық жасаудан кенжелеп қалғанбыз дегенге де келісу қиын. Электронды Үкімет порталында ресми қайырымдылық қоры ретінде тіркелген 40-тан астам ұйымның тізімі тұр. Мұндай қайырымдылық ұйымдарының көбінде қамқоршылық кеңестер бар, олар қаражатты қайда, қалай, қандай мақсатқа жұмсау туралы шешімдерді ақылдасып қабылдайды. Дегенмен бұдан бөлек әлеуметтік желі арқылы жұмысын жүргізетін қор көп. Олардың бірі тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатса, енді біреуі төтенше жағдай немесе емге ақша жинау сияқты оқыстан туындаған мұқтаждыққа байланысты құрылып жатады.
Жалпы, әлеуметтік желі мен онлайн банкинг қайырымдылық жасауды да едәуір оңайлатты. Дертіне дауа іздеген науқасқа, баспанасы жоқ мұқтажға, оқыс оқиғадан жапа шеккен жанға қолы ашық қоғам санаулы секундта қанатымен су сепкен қарлығаштай көмекке ұмтылып жатады. Бұл екінші жағынан қоғамның қашан да болса көмекке әзір екенін де көрсетеді. Осындай халықтан жиналған жылудың арқасында қаншама адам ем алып, сауығып, қанша отбасы баспаналы болды. Мәселен, мұқтаж отбасыларға үй алып беруге жәрдемдесетін танымал қор 6 жылда 1 200 отбасының баспаналы болуына сеп болған. Шетелден ем алуға жиналып жатқан миллиардтарды да халық бірнеше күннің ішінде тиыннан теңге құрап жинап беріп жатады.
Белгілі бір жағдайға байланысты жылу жинау қысқамерзімді үрдіс екені түсінікті. Ал тұрақты негізде жұмыс істейтін, көмек беретін, көмек беруге көмектесетін қор қызметін жүргізушілердің әрекетін таза альтруистік деп айта аламыз ба?
Қайтарымын күткен қайырым – қайырым ба?
Қорға жиналған ақшаның біршамасы қолды болғаны анықталған соң осы мәселе төңірегінде түрлі пікір айтылғанына да тоқталып өткен жөн. Біреулер қорға түскен ақшаның белгілі бір бөлігін басқа мақсатта жұмсау дұрыс емес десе, енді бір пікір иелері қор ұйымдастырушылардың да еңбегі ескерілуі керек деген ой айтқан...
Иә, нарық экономикасы теориясының негізін қалаушылардың бірі Адам Смит «Біз өз түскі асымызды қасапшының немесе наубайханашының қайырымдылығынан күтпейміз, керісінше, олардың өз мүдделерін көздейтіндігінен үміттенеміз» дейді. Бұл ойды толықтыра келе, көптеген экономист қара бастың қамын ойлау – әлемді алға жылжытатын күш, табиғи инстинкт деген тұжырым айтады. Әрбір адам өз пайдасын көздегенімен, оның әрекеті жалпы қоғам игілігіне қызмет етуі мүмкін – бұл экономиканың «көрінбейтін қолы» атты феноменнің көрінісі.
Дегенмен бұл жерде қайырымдылық пен бизнестің аражігін ажырата білген жөн. Заңда да қайырымдылық қорлары коммерциялық емес ұйымдар екені анық жазылған. Яғни, жағдайға заң призмасынан қараса да, мораль призмасынан қараса да, қайырымдылыққа жұмсалуы керек қаражаттың қандай бөлігі болса да басқа мақсатта пайдаланылмауы қажет. Бизнес ашып, пайда тапқысы келетіндерге кәсіп түрі көп.
Одан бөлек, қорлар жыл сайын есеп беріп, оны интернет-ресурстарда немесе баспа басылымдарында жариялауға міндетті. Сонымен қатар қорлар ревизор немесе аудит ұйымы арқылы қаржылық тексерулер жүргізуге тиіс (Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңының 12-бабының 6-тармағы).
Дегенмен заң бойынша қайырымдылық жасайтын заңды тұлғаларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылады. Салық кодексіне сәйкес, қайырымдылыққа жұмсалған шығындарды салық салынатын табыстан шегеруге болады, бірақ белгілі бір шектеулер бар: ірі салық төлеушілер үшін – салық салынатын табыстың 3 пайызына дейін, ал қалған компанияларға 4 пайызға дейін.
Мұндай көмекті алушы коммерциялық емес ұйым немесе әлеуметтік салада жұмыс істейтін ұйым (мысалы, мектеп немесе аурухана) болуы керек. Салық жеңілдігін пайдалану үшін компания көмек алушының өтініші, көмек көрсету туралы компанияның шешімі, оны қабылдап алу-беру актісі сияқты құжаттар тапсыруы қажет. Осылайша, қайырымдылық көмек көрсете отырып, ЖШС қоғамдық немесе әлеуметтік жобаларды қолдап қана қоймай, салық жүктемесін де азайта алады.
Алтын көрсе, періште жолдан таяр. Кейінгі оқиғадан кейін осы сөздерді тура мағынада да қолдануға болады. Дегенмен қайырымын күткен қайырым – қайырым емес, бақай есеп, бас пайда. Ал оны ұрлап, өз қажетіңе жарату – қылмыс.
Қайырымдылықты да қадағалау қажет
Жалпы, кейінгі жылдары елімізде осы бағытта заң бұзу фактілері көбейген. Су тасқыны кезінде де ақша жинау үшін ашылған жалған парақшалар көбейгені есте. Мәселен, Қаржы мониторинг агенттігінің кеңейтілген отырысында 660 мыңнан астам адамның жалған көмек көрсетуге арналған краудфандингке 6 миллиард теңге аударғаны анықталғаны айтылды. Белгілі болғандай, бұл соманы ұйымдастырушылар өз қажетіне жаратқан.
Бұған дейін де қайырымдылық қорларының жұмысын реттеу, бақылауға алу бойынша бірқатар бастама көтерілген еді. Тіпті, 2022 жылы қайырымдылық мақсатында халықтан жылу жинайтын блогерлер алдын ала көмекке мұқтаж кісімен немесе ұйыммен келісімшартқа қол қоюға тиіс болатыны туралы ақпарат жарияланған екен.
– Блогерлер заңға бағынбай, келісімшарт жасамай қайырымдылық іс үшін деп халықтан ақша жинаса, ол заңсыз әрекет болып есептеледі. Яғни, ол алаяқтық. Екіжақты келісімге келу қайырымдылық жасау кезінде түсініспеушілік, дау-дамай туындаған жағдайда мәселені заңмен реттеу үшін енгізіліп отыр. Келісімге келсе қайырымдылық үшін жиналған қаржыға қатысты ешқандай артық сұрақ туындамайды. Мысалы, блогер бір кісіге қайырымдылық жасау үшін қаржы жинауды бастаған, негізі 7 млн теңге керек болған, нәтижесінде 15 млн теңге жиналған. Өз кезегінде блогер көмекке мұқтаж жанға 7 млн теңге беріп, қалған соманы басқа мақсатқа жұмсайтынын айтқан. Содан кейін екіжақты түсініспеушілік туындаған, – деп мәлімдепті сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Мәселе Мәжіліс мінберінде де сан рет көтерілген. Тіпті, бұл игі істің бақылаудан, назардан тыс қалып қойғаны туралы да талай рет айтылыпты.
– Егер блогер қандай да бір қайырымдылық қордың атынан жақсылық жасамақ болса, онда сол ұйым мен блогер арасында келісім жасалуы тиіс. Ал егер блогер өздігінен қайырымдылықпен айналысса, онда көмек көрсететін адаммен келісімнің болуы міндетті. Яғни, кімге көмек көрсетейін деп жатыр сол адаммен келісім жасалады, – деген еді Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким.
Жақында қабылданған блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділерінің қызметін реттейтін заң жобасын талқылау кезінде де әлеуметтік желі арқылы халықтан ақша жинайтын инфлюенсерлердің қызметі тексерілетіні, тексерілуі керек екені бірнеше рет сөз болды.
Дегенмен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына қарасақ, бұл бағытта нақты бір қадам жасалмаған, барлығы – талқылау сатысында. Министр Аида Балаева елімізде қайырымдылық қызметін мемлекет бақылауына алу жоспарланып отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғау үшін қажет. Ал қазір Қазақстандағы қайырымдылық негізінен емделуге қаражат жинаумен шектеледі, ал министрлік бірыңғай көмек көрсету механизмін құруды ұсынады. Алайда нақты шешімдер әлі қабылданған жоқ.
– Бұл мәселе талқылау сатысында тұр, жұмыс тобы құрылды. Қазір біз ұсыныстарды жинап, сарапшылардың пікірін зерттеп жатырмыз. Мұндай бастамалар жай қабылданбайды, себебі алаяқтық пен алыпсатарлық фактілері бар, сондықтан біз қайырымдылық көмекті жүзеге асыру механизмін жетілдіру
жолдарын іздеп жатырмыз, – деді министр.
Ол сондай-ақ бұл мәселе бойынша шешімдер ашық түрде, азаматтық қоғамның қатысуымен әзірленетінін айтты.
– Халықтың мүддесін қозғайтын кез келген мәселе бір министрліктің аясында шешілмеуге тиіс. Егер ұсынылған шаралар халыққа зиян келтірсе, мұндай шешімдер, әрине, қабылданбайды. Мен бұл туралы толық жауапкершілікпен мәлімдей аламын. Бірақ тағы да қайталап айтамын: мәселе әзірге талқылау сатысында тұр. Талқылаулардың нәтижесін күтейік, – деді Балаева.
Министр сондай-ақ бастаманың соңғы нұсқасы қоғамдық талқылауға ұсынылатынын да айтып өтті.