Халықаралық фестивальде "Қаллеки" театры топ жарды

Халықаралық фестивальде "Қаллеки" театры топ жарды

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Romeo & Juliet спектаклі Санкт-Петербургте өткен халықаралық фестивальда «Үздік спектакль» атанды.

22-29 мамыр күндері Санкт-Пет­ербург қаласында А.Брянцев атындағы Мемлекеттік Жас көрермендер театры ұйымдастырған XXVII Халықаралық «Молодежь. Театр. Фест.» фестивалі өтті. 
Әлемнің жетекші театр ұжымдарын біріктірген беделді фестивальға Ресей, Армения, Беларусь, Мажарстан, Египет, Иордания, Сербия, Тунис, Түркия және Өзбекстан театрлары шақырту алды. Қазақстан атынан фестивальға Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры қатысты. 
Театр ұжымы ұлы драматург Уильям Шекспирдің әйгілі Romeo & Juliet спектаклін сахналады. Әбіш Кекілбаев аударған бұл шығарма заманауи сине­ма-­эпос форматында жаңа сахналық шешіммен ұсынылды. Қоюшы режис­сері – Ұланбек Баялиев. 
Спектакльде дәстүрлі, «музейлік» Верона бейнесі жоқ. Шекспир тілі бүгінгі күннің көркемдік тілімен қайта жаңғырып,  камералық түсірілім тәсілі, бэндтің сүйемелдеуі, динамикалық монтаж, жарық пен пластика арқылы беріледі. Негізгі идея – адам мен қоғам­дағы екі күштің: өшпенділік пен нәзік махаббаттың мәңгілік қақтығысы.
Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Кейіпкерлердің киім үлгілері  JADO сән үйі мен театрдың коллаборациясы негізінде жасалды. Белгілі дизайнер Жадыра Сахиева мен театрдың жас суретшісі Ақбота Қапсалаңның бірлес­кен жұмысы спектакльге ерекше көр­кемдік мән береді. Музыкамен көркем­деген Theatre Avenue бэнді. Бэнд жетек­шісі – Олжас Дәлелхан. Хореограф – Салтанат Сұңғат. Сахна сайысын қойған – Бекзат Бағытжанов. Дыбыс режиссерлері – Ермахан Мұхтаров, Ұлан Ерланұлы. Жарық қою бойынша суретші – Арсений Макаров. Бейне­опера­тор – Жанар Төлеген, Әлім Махамбетов. 
Басты рөлдерді Бибарыс Орман (Ромео) және Ситора Анварова (Джуль­етта) сомдады. Сондай-ақ қойылымға Қазақстанның танымал театр және кино актерлері қатысты. 
Қоюшы режиссер Ұланбек Баялиев спектакльді кинематографиялық тәсіл­дермен өрілген драмалық шиеленіске толы сахналық туынды ретінде ұсын­ған. Режиссер Шекспир туындысын жай ғана сахналамай, шығарма өзегін­дегі мәңгілік қақтығысты зерттейді. Жауласу мен өшпенділік қоғамның қалыпты тынысына, ал махаббат қарсылықтың жалғыз формасына айналғанда, адам мен қоғамның қандай өзгеріске ұшырайтыны қарастырылған. Бұл интерпретациядағы Ромео мен Джульетта – хрестоматиялық трагедия кейіпкерлері емес, сезімі шынайы, жүрегі нәзік, өмірге құштар жастар. 
Спектакльдің эмоционалдық әсерін музыкалық шешім одан әрі күшейтеді. Бэндтің сүйемелдеуіндегі жанды музыка форматы, ырғақтық шиеленіс пен лирикалық үзілістер арқылы Шекспир трагедиясы бүгінгі көрерменге жақындай түсіп, заманауи сипатқа ие болады. 
Фестиваль қорытындысы бойынша сарап­шылар спектакльді жоғары баға­лап, «Үздік спектакль» атағымен мара­пат­тады. 
Қойылымды көрермендер мен халықаралық сарапшылар жоғары бағалап, фестивальдың ең жарқын әрі маңызды мәдени оқиғаларының біріне айналды. 

Ербол ХАБЫЛБЕКОВ, 
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры:

– Санкт-Петербург қаласында өткен XXVII Халықаралық «Молодежь.Театр.Фест.» фестивалінде біздің театр­дың Romeo & Juliet спектаклінің «Үздік спектакль» деп танылуы ұжымымыз үшін ерекше маңызды кәсіби баға болды. Бұл фестивальға әлемнің әр елінен тек үздік театр ұжымдары ар­найы шақыртумен қатысып, өздерінің таңдаулы қойылым­дарын ұсынады. Осындай беделді халық­аралық сахнада біздің театр өнерінің жоғары бағалануы әртістеріміз бен шы­ғармашылық топтың тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білемін.
Уильям Шекспирдің әйгілі шығар­масын Әбіш Кекілбаев аудармасы не­гізінде заманауи синема-эпос фор­матында сахналаған режиссер Ұланбек Баялиев бастаған ұжым классикалық туындыны жаңаша көркемдік ше­шім­мен ұсынуға тырысты. Сол ізденістердің фестиваль деңгейінде қолдау табуы – біз үшін үлкен қуаныш.
Бұл – қазақ театр өнерінің халық­аралық кеңістіктегі беделін айқындай түсетін маңызды көрсеткіш. Алдағы уақытта да шығармашылық ізденісті тоқтатпай, көрерменге сапалы қойыл­ым ұсынуға күш сала береміз.
Фестиваль ұйымдастырушыларына және өнерімізге қолдау білдірген барша әріптестер мен көрермендерге алғы­сымызды білдіреміз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары