Алматыда алаяқтардың әрекетінен 75 жастағы зейнеткер мен оның 12 жастағы немересі жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалған. Қазір бұл жағдай мемлекеттік органдардың бақылауына алынды, деп turkystan.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға туралы ақпарат Threads әлеуметтік желісінде тараған. Жарияланған видеода баспанасынан айырылғаннан кейін көшеде қалған кішкентай қыз көрсетілген.
"Бізге Алматы қаласы Бостандық ауданында алаяқтардың кесірінен 75 жастағы әже мен 12 жастағы қыз жалғыз үйінен айырылып, далада қалғаны туралы видео мен хабарлама келді", – делінген жазбада.
Сондай-ақ үйден шығарылғаннан кейін егде жастағы әйелдің ауруханаға жеткізілгені айтылды.
Бұл жағдай қоғамда резонанс тудырғаннан кейін іске балалар омбудсмені Динара Зәкиева араласты. Оның айтуынша, қазір аталған дерекпен Алматы қаласының балалардың құқықтарын қорғау басқармасы айналысып жатыр.
"Балалар анасы және әжесімен бірге дағдарыс орталығына орналастырылды. Қала прокуратурасы бұл істі өз бақылауына алды", – деді Динара Зәкиева.
Әзірге отбасының қандай жағдайда баспанасынан айырылғаны және бұл оқиғада заңсыз әрекеттердің болған-болмағаны нақты белгісіз. Мәселенің мән-жайын құзырлы органдар анықтайды.