Танымал әнші Ерке Есмахан ұлы Батырдың 1 жасқа толуына орай осы уақытқа дейін жария етпеген жеке сырын бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесі Instagram парақшасында жүктілік кезінде басынан өткен әсерлі әрі ауыр сәттер туралы айтып берді. Әншінің сөзінше, ұлы Ислам дүниеге келгеннен кейін арада 10 ай өткенде қайтадан аяғы ауыр екенін білген.
Ерке Есмахан алғашқы тексеріске барған кезде дәрігерлер оның құрсағында егіз сәби бар екенін айтқан.
"Ислам дүниеге келген соң көп ұзамай, 10 айдан кейін аяғым ауыр екенін білдік. Қуанып, емханаға барып, анализ тапсырып, тексеріліп жүрдім. Бірінші УДЗ-ге барғанда дәрігерлер "егіз" деді. Құрсағыма екі сәби біткен екен", – деп жазды әнші.
Алайда кейінгі тексеріс кезінде дәрігерлер егіздің бірінің жүрек қағысы тоқтағанын анықтаған.
"Бірінші скринингке барғанда егіздердің бірінің жүрек қағысы жоқ, ал екіншісі жақсы дамып жатыр деді. Екінші скринингте де Батырдың дені сау, қалыпты өсіп келе жатқанын білдік. Ал екінші эмбрион мұндай жағдайда кедергі болмайды екен", – деді Ерке Есмахан.
Әнші тоғыз айдан кейін Батыр есімді ұлы дүниеге келгенін айтып, бүгінде баласының дені сау екенін жеткізді.
"Батыр баламыз бүгін 1 жасқа толды. Қазір былдырлап сөйлеп, күліп, еңбектеп, бізді қуанышқа бөлеп өсіп келеді. Дені сап-сау, Аллаға сансыз шүкір", – деп жазды ол.
Сондай-ақ Ерке Есмахан жүктілік кезінде өзін жақсы сезінгенін айтты. Оның сөзінше, іші үлкен болғанымен, тоғыз ай бойы еш жері ауырмаған.
"Батыр 3 келі 800 грамм болып туды. 9 ай жеңіл жүрдім, еш жерім ауырмады", – деді әнші.