Белгілі режиссер Айхан Чатаеваның «Құт» фильмінің премьерасы өткен аптаның соңында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында өтті. Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген фильм қазір республика бойынша үлкен экрандарда көрсетіліп жатыр. «Құт» қандай фильм? Кино саласының мамандары мен көрермен пікірін ұсынып отырмыз.
Рашид НҰҒЫМАНОВ,
кинорежиссер, Кинематография өнері мен ғылымы Ұлттық академиясының президенті:
– Белгілі режиссер Айхан Чатаева қазақ киносының «жаңа толқынының» нағыз өкілі. Айханмен 1990 жылдардан бері жақсы әріптеспіз. Бізді отандық кино алаңы әріптес етті. Менің әнші Виктор Цой басты роль сомдаған «Ине» фильмінде ол ассистент, кастинг-директор болды, тіпті өзі де эпизодқа түсті. Өзі кезінде жақсы бағасын алған «Мама Роза», «Түнгі блюз» көркем фильмдер түсірді, ұлттық киномыздың көрнекті өкілдері туралы деректі фильмдер сериясын ұсынды, кинодубляж саласына елеулі үлес қосты. Ол кино саласында үздіксіз әрі қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мұны кино әлемінің мамандары, әріптестер жақсы біледі.
Айханның «Құт» атты жаңа кинотуындысының көрерменіне, жас ұрпаққа айтары мол. Фильмде туған елге, жерге махаббат, ұрпақтар жалғастығы, болашаққа үлкен сенім бар. Мұның бәрі бір ауылда өтетін, бәлкім, өзге де ауылдарға өте таныс оқиғалар арқылы шынайы өріледі. Жалпы, кинода балалармен жұмыс жасау оңай емес, Айханның бұл орайда да табысы мол. «Құт» көрерменге көп ой салатын фильм.
Рүстем ӘБДІРАШ,
кинорежиссер, Халықаралық кинофестивальдар лауреаты:
– Айхан Чатаева қазақ киносындағы белгілі есім. Оның жаңа фильмі «Құт» бүгінгі өмір шындығын бейнелейді. Бас кейіпкері Қайсар – білімге, тарихын білуге құштар, ата-әже тәрбиесінен сусындаған жасөспірім. Оның шынайы өмір мен қиялындағы оқиғалар аясында өтетін фильмнің құрылымы күрделі.
«Құт» – фильм-манифест. Бірақ жалаң публицистика емес, идеясы терең, қалың көпшілікке ой салатын көркем манифест. Мен осылай қабылдадым. Бүгінде жасанды интеллект, көшірмешілдік белең алып келе жатқанын жақсы білеміз. Атап айтарлығы, мұндай кезеңде, мұндай жағдайда «төлтумалық», заманауи тілмен қисындағанда Handmade дүниелердің бағасы күн санап арта түсетін болады. «Құт», меніңше, осындай фильм. Сонысымен де айрықша бағалы.
Нина Ашканова,
продюсер:
– «Құт» фильмі аяқталып, титрлері түгел оқылып, экран өшіп, кинозал қараңғыланғанша, дүйім көрермен еш қозғалмас-
тан үнсіз отырды. Ешкім әдеттегідей кетуге де асыққан жоқ, тек шам жанғанда ду қол шапалақ дауысы естілді. Қасымда отырған адамдардан себебін сұрап едім, фильмге әсерленгеніміз сонша – біткеніне сенбей, фильммен қоштасқымыз келмегендей болдық деді.
Ашығын айтқанда, фильм маған да өте ұнады, сондықтан өзге де көрермендермен ой бөліскім келді. Түсірілген локациялардың ерекше көріністері, суретші А.Шиндиннің эстетикалық талғаммен жасаған декорациялары, киім суретшілері А.Әубәкірова мен Ә.Имашеваның костюмдері, әрине оператор Б.Трошевтың сезімтал камерасы көз сүйсіндіреді. Әсіресе үш жас баланың кейіпкерлері – Қайсар, Жайдар, Дария
(З.Тұрсынқазы, Б.Ақылбекұлы, А.Мақ-
сотова), белгілі актерлер Қ.Бекайдаров (ауылдың сыйлы ақасақалы Рақымбай), Д.Күшкенбайқызы (Оралхан апа), Г.Ха-
санова (Қайсардың анасы), өте ерекше актер Б.Момынжанов сомдаған (Қара Мерген жауыз), М.Қапалбеков (Ақымбай) көрер-
меннің көңілінен шықты деп ойлаймын. Ал композитор Ә.Жарасқанның музыкасы, тіпті жаныңды тебірентеді.
Фильм негізі балалар мен жасөспі-
рімдерге арналып фэнтэзи жанрында түсірілген, бірақ ересек аудиторияны да қызықтырады, себебі көтеретін тақырыбы мен ойы терең. Қазақ киносында мұндай фильм көптен бері болған емес. Батыстық фэнтези фильмдерден өзгешелігі – көне түрік мифологиясына негізделгені. Біздер өзіміздің қасиетті Тәңірі, Ұмай ана, Көкбөрі, От пен Су және фильмнің түпкі ойы ата-бабалармыздың рухын қастерлеуге тиіспіз. Сонда Жаратушының сыйы – құтымыз қашпайды, ырысымыз артады.
Сценарий құрылымы көп қырлы болғанымен, бір сырлы. Бала Қайсардың қиялында түркілер заманы болса, өзі бүгіннің жасөспірімі. Ол өзін Қайсар батырға ұқсатып, Актоғайдың жерін алам деген жауыз Қара Мергенге қарсы тұрады, рухтар елшісі, ауылдың құтын сақтайтын Әулиенің (Ә.Бөпежанова) сырын білгісі келеді.
Ақтоғай ауылының тіршілігінен бүгінгі әлеуметтің өмірі көрінеді. Үш бала да әкесіз өсіп келеді. Аналары болса ақша табу үшін вахталық жұмысқа кетеді. Атасы мен апасының қасында қалған балалар солармен бірдей тіршілік етеді. Екі қарт балаларының болашағын ойлап мұңаяды. Жаратушының берген құты осы балалар мен туған жер екенін көрермен осы әңгімеден ұғады.
Фильмнің түпкі ойы – туған жерге махаббат, отбасының, ана тілінің құндылығы, біздің, сіздің және балаларымыздың болашағы. Фильм біткен кезде қасымда отырған бірер көрерменнен: «Құт» сізге қандай ой салды?» деп сұрадым. Олар бұл сауалға бірдей жауап берді:
– Біз балаларымызға, болашақ ұрпаққа нені мирас етіп қалдырамыз?!.
Зейнегүл СЕЙСЕНОВА,
журналист:
– Айхан Чатаеваның «Құт» фильмі – қазақ киносының үлкен жетістігі. Бұл – мейірімге толы, имандылығы іргетас жасампаз фильм. Актерлер соншалықты табиғи, жасандылықсыз ойнаған. Әулие рөліндегі
Ә.Бөпежанованың фактурасы жақсы және ойын өрнегі ұстамды да мағыналы.
Фильмнің бейнеқатары да көз суарады – нөсер жаңбыр, түн ішінде Рақымбай атаны іздеу; ойламаған жерден жел ұйытқығанда, бәйбішесінің Рақымбайдың бақиға аттанғанын түсінуі; финалда нық сеніммен үлкен жолмен алға жүріп келе жатқан балалардың қатары үздіксіз толығып, ақырында бүкіл экранды толтыруы...
Айхан фильмінің идеясы терең, месседжі айқын. Бұл тұста бір айтарым – егер фильмнің жанры фэнтэзи деп анықталса, орталық кейіпкері Әулие болса керек еді, өйткені қазір де Қара Мергендер жеткілікті ғой. Алайда менің ойыма режиссердің келіспеуге толық құқы бар. Фильмге бірге барған сіңлім де бұл пікіріме мүлдем қарсы шықты. «ҚҰТ» – керемет фильм, деді ол. Көрермендердің фильмді көрген сәттегі реакциясын байқағанда, онымен келіспеске еш әддім жоқ.
Кенжебай ДҮЙСЕМБАЕВ,
режиссер, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі:
– Қазақ үшін туған жер – құт мекен. Қай кезде де аса қастерлі, маңызды ұғым. Ежелден жер дауы мен жесір дауының орны бөлек болғаны да белгілі. Ал бүгінде халықтың санасында тұрған үлкен мәселенің бірі – Жер мәселесі. Белгілі режиссер Айхан Чатаеваның «Құт» фильмінде де негізінен осы жер дауы өзекті мәселе етіп алынған. Фильм кейіпкері Рақымбай ақсақал (актер Қонысбек Бегайдаров) немересі Қайсарға (Заңғар Тұрсынқазы) «...туған жерді аялай білу керек» деуі – ең бір жан тебірентер сөз. Бұл тұста алысқа бармай-ақ қазіргі кезде қоғамда қызу пікірталас тудырып жатқан мәселелердің бірі – Алматы маңындағы «Көк жайлау», сондай-ақ мал жайылымынсыз қалған ауылдар ойға оралады... Режиссер Чатаеваның бүгінгі өзекті мәселені дөп басуы оның азаматтық сергектігі. Яғни режиссер ата-бабаларымыздың қасиетті рухын қастерлеу, олар аманаттап кеткен туған жердің қадірін білу, оны көздің қарашығындай сақтау керек, әйтпесе елден құт қашады, деген ұстанымды көрерменге нық ұқтырып отыр. Фильмнің басында режиссер «Марқұм әкем Рақымбайдың рухына» деп бекер жазбаса керек. Бұл – ата-баба, әке өсиетіне адалдық. Фильмде үлкен буын, белгілі актер Қ.Бегайдаровтың (Рақымбай ата), белгілі актриса Д.Күш-
кенбайқызының (Оралхан апа) шебер ойындары, табиғи, қазақы мақамды үні ерекше нәр беріп тұрғаны сөзсіз.
Ғазиз ШАЛДЫБАЕВ,
продюсер, «Қадам» кинокомпаниясының негізін қалаушы:
– Белгілі кинорежиссер Айхан Чатаеваның «Құт» картинасы қазіргі қазақ киносының жауһары деуге тұрарлық.
Бұл – жанрлық киноның балалар мен авторлық фильмдерге бейімделу синтезі. Картинаның көп планды драматургиясында параллель сюжеттік желілер мен күрделі уақыттық құрылым өте табиғи дамиды. Фильмде орта ғасырлық қатыгездіктің қазіргі әлемде де орын алып отырғанын көрсететін миф пен шындықтың шебер үйлесімі бар. Сондай-ақ бұл картинада Айхан Чатаеваның барлық фильмінде кездесетін авторлық кино тілі бар. Көнетүркілік аңыздар мен қазақы дүниетанымды қайта зерделеу мен күрделі психологиялық тақырыптарды зерттеу көрерменнің шынайы әсермен ортақтасуына және ой қорытуға бастайды. Бұл жерде фильмнің сюжетін айтып, кейіпкерлердің қимыл-қарекеттерін талдаудың реті жоқ, себебі бұл кинотуындыны әр көрерменнің өзі көріп, өзі ойланып, талдап-талқылағаны дұрыс болады. Демек, әрбір ойлы көрерменнің «Құт» фильміне барып көргені ғанибет болар еді.
Әзірлеген
Т.ТАҢЖАРЫҚ