Дастан Әбішев: Басты мақсатымыз – еліміздің өнеркәсіптегі тәуелсіздігін нығайту

/
Дастан Әбішев: Басты мақсатымыз – еліміздің өнеркәсіптегі тәуелсіздігін нығайту

Бүгінде өнеркәсіптік тәуелсіздік мемлекеттердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты бағыттардың біріне айналды. Соңғы жылдардағы жаһандық дағдарыстар мен халықаралық жеткізу тізбектеріндегі логистикалық қиындықтар стратегиялық салаларда ұлттық өндірістік базаның болуы қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті.

Қазақстан экономикасы үшін мұнай-газ саласының орны ерекше. Бұл – ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі әрі мемлекеттік кірістің маңызды көзі. Сондықтан мұнай-газ өндірісінің тұрақты жұмысын қамтама­сыз ету тек салалық міндет емес, ұлттық экономикалық қауіпсіздік мәселесі саналады.
Осы тұрғыдан алғанда, мұнай-газ жабдықтарының отандық өндірісін дамыту мен жергілікті қамту үлесін арттыру стратегиялық маңызы бар ба­ғытқа айналып отыр. Өндірісті жергі­ліктендіру импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, ұлттық өнеркәсіптің орнықтылығын күшейтеді және эко­номиканың ішкі әлеуетін арттырады. Әлемдік тәжірибе мұндай саясаттың тиімді екенін әлдеқашан дәлелдеді. Мысалы, Норвегия ірі энергетикалық жобаларға жергілікті компанияларды кеңінен тарту арқылы локализацияны табысты дамытып, қуатты ұлттық өнер­кәсіп қалыптастырды. Қазақстан үшін де осындай модельдер экономиканы әр­тарап­тандыру мен индустриялық тәуел­сіздікті нығайтудың маңызды бағдары болып отыр. 

IMBC – жаңа индустриялық экожүйенің өзегі

Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық (IMBC) бүгінде Қазақстанда жаңа индус­триялық экожүйе қалыптастырып жатқан негізгі даму институттарының біріне айналды.
Орталықтың басты мақсаты – отандық өнеркәсіпті еліміздегі ірі мұнай-газ жоба­ларының жеткізу тізбегіне жүйелі түрде енгізуге қолдау көрсету.
IMBC Қазақстан Үкіметінің және Теңіз, Қарашығанақ пен Қашаған кен орын­дарының ірі операторларының бастама­сымен құрылды. Бұл жобалардың акцио­нерлері қатарында ҚазМұнайГаз, Chevron, Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC, Inpex, Lukoil секілді үздік халықаралық корпорациялар бар. Бұл халықаралық тәжірибеде алғаш рет жүзеге асырылып отырған және сирек кездесетін бірегей ынтымақтастық үлгісі деуге болады.

IMBC мемлекеттік органдарды, мұнай-газ операторларын және отандық тауар өндірушілерді бір алаңға біріктіріп, жергілікті өндірісті дамыту мен технология тартуға қажетті жағдай қалыптастырып отыр.
Орталық жұмысының маңызды нәти­же­лерінің бірі – қазақстандық өндірушілер мен инвесторлардың ірі операторлардың тауарларға деген қажеттілігі және жаб­дықтарға қойылатын техникалық талаптар жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуі.
Бұл өз кезегінде «экономикалық ауқым тиімділігін» қалыптастырады. Опера­тор­лардың нақты сұранысы туралы деректерге сүйене отырып, кәсіпорындар өз өндірісін тиімді жоспарлап, күш-жігерін сұраныс жоғары бағыттарға бағыттай алады, шы­ғын­дарын қысқартып, өндірістік тәуе­келдерін азайтады. Нәтижесінде, биз­нес­тің тұрақтылығы мен болжамдылығы артады.

IMBC тиімділігі нақты нәтижелермен дәлелденді

IMBC моделі тәжірибе жүзінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Оның жұмысына деген нарық сенімі де  жылдан-жылға артып отыр.
2025 жылы ҚазМұнайГаздың қолдауы­мен IMBC құрамына Kalamkas-Khazar Operating, Silleno және KMG PetroChem сияқты перспективалы жобалардың опера­торлары қосылды. Соның нәтиже­сінде талданатын тауарлар туралы ақпарат көлемі едәуір ұлғайып, елдегі негізгі жобалар аясындағы сұраныс құрылымын терең бағалауға мүмкіндік туды.
Қазір IMBC құрамына жаңа мұнай-газ операторларын тарту мәселесі де қарас­тырылуда. Бұл халықаралық орта­лықтың саладағы рөліне сенімнің күшейіп келе жатқанын көрсетеді және оның Қазақ­стандағы мұнай-газ машина жасау сала­сына ықпалын одан әрі арттыруға негіз қалайды.

Қандай жетістіктерге жеттік?

IMBC қызметі нақты практикалық нәтижелермен өлшенеді.Алғаш рет нарыққа үш ірі оператордың тікелей сатып алуларының 80 пайыздан астамын қамтитын 120 мыңнан астам тауар бойынша дерек ұсынылды. Соны­мен қатар 160-тан астам тауар бойын­ша опера­торлардың ұзақ мерзімдегі әрі жоғары болжамды сұранысы анықталды.
Операторлардың техникалық талап­тарын зерделеу мақсатында IMBC маман­дары Қазақстан бойынша 300-ден астам өндірістік алаңға барып, өндірістік бағалау жүргізді. Соның нәтижесінде, халықаралық стандарттарға сәйкес өнім шығаруға әлеу­еті жоғары 90-нан астам кәсіпорын анықталды. Операторлардың талаптарын ескере отырып, 18 кәсіпорын үшін өндірістік әлеуетті дамыту жоспарлары әзірленді.


Бұл жұмыстардың нақты экономи­ка­лық нәтижесі де бар. Кейінгі жылдары IMBC талдаған тауарлар бойынша операторлар жергілікті өндірушілерге жалпы құны 800 миллион АҚШ долларынан асатын 200-ден ас­там келісімшарт пен тапсырыс орын­далды.Сонымен бірге Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобалары операторлары – ТШО, КПО және NCOC сатып алула­рын­дағы жергілікті қамту үлесі 9 пайыздан 16 пайыздан жоғары деңгейге дейін тұрақты өсті.
Бұл нәтижелер мемлекеттік мекеме­лердің, PSA Өкілетті органның, ірі опера­торлардың, өндірушілер мен IMBC-дің жүйелі әрі үйлесімді жұмысының же­місі деуге болады.

Сапа мен қауіпсіздік – басты өлшем

Күрделі мұнай-газ жобаларына қа­тысу үшін кәсіпорындардың жоғары техни­калық талаптарға сай болуы ше­шуші мәнге ие. Әсіресе қауіпті өндіріс­тік ортада қол­данылатын мұнай-газ жаб­дық­тарының халықаралық стандарт­тарға толық сәйкес келуі – негізгі талап­тардың бірі. Бұл талаптар аса күрделі кен орын­дары үшін ерекше маңызды. Сондықтан ASME, API, IEC сияқты халықаралық сертификаттарды алу жай ғана рәсім немесе құжаттық талап емес. Бұл – қауіпсіз өндірісті қамтамасыз ету үшін халықаралық деңгейдегі стандарттарға сай өнім шығару міндеті.
Сонымен бірге дәл осы сертифи­кат­тарға ие болу нәтижесінде, кәсіпорын­дарға ірі мұнай-газ жобаларына қатысуға және ұзақмерзімді келісімшарттарға жол ашылады.
Алайда мұндай деңгейге жету оңай емес. Салада әлі де бірқатар жүйелі қиын­дық сақталып отыр. Олардың қатарында инженерлік қолдаудың жет­кі­ліксіздігі, өндірісті жаңғыртудың жоғары құны, технологиялық алшақтық, білікті кадр тапшылығы және заманауи технологияларға қолжетімділіктің шек­теу­лілігі бар. Бұл мәселелерді шешу жабдықтарды жаңартуға, өндірістік процестерді жетіл­діруге және персоналды оқытуға қомақты инвестиция салуды талап етеді. Алайда бар­лық кәсіпорын ұзақмерзімді даму үшін мұндай тәуекелге бара бермейді. Соның салдарынан саланың өсу қарқыны да белгілі бір деңгейде тежеліп отыр.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау

Қазақстанда машина жасау саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен іске асырылып келеді. Бұл бағытта QazIndustry, Өнеркәсіпті дамы­ту қоры және өзге де даму институт­тары жүйелі жұмыс жүргізуде.
Кәсіпорындарға қосымша мүмкіндік арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар арқылы ұсынылады. Мұнда өндіріс орындарына қажетті инфрақұры­лым, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдік қарастырылған.
Осы бағытта IMBC де белсенді рөл атқарып келеді. Атап айтқанда, QazIndustry ұйымымен бірлескен жұмыс нәтижесінде, IMBC бастамасы бойынша халықаралық серти­фикаттауға жұмсалатын шығындарды мемлекеттік өтеу көлемі бес есеге ұлғай­тыл­ды. Бұрын бұл қолдау 3 мың айлық есептік көрсеткішпен шектелсе, бүгінде 15 мың айлық есептік көрсеткішке дейін жетті. Бұл шамамен 65 миллион теңге немесе 140 мың АҚШ долларына жуық қаржылай қолдау деген сөз.
Бұл – халықаралық сертификат алуға ұмтылған кәсіпорындар үшін елеулі мүмкіндік.
Сонымен қатар IMBC Қазақстан Рес­пуб­ликасының машина жасау саласын дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру жұмыстарына да қатысып келеді.
Орталық қызметінің маңызды бағыт­тарының бірі – кәсіпорындардың өндіріс­тік әлеуетін терең талдау. Зерделеу нәтижелері негізінде IMBC мамандары өндірістік процестерді жан-жақты саралап, операторлар талаптары мен халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтін тұстарды анықтайды. Осыдан кейін өндірісті жаңғыртуға, халықаралық сертификаттауға, сапа менеджменті жүйесін жетілдіруге және өндірістік құзыреттерді арттыруға бағытталған нақ­ты ұсынымдар әзірленеді. Мұндай ұсынымдық есептер кәсіп­орын­дарға өз әлсіз тұстарын анықтап қана қоймай, халықаралық талаптарға сай даму жолын айқындауға мүмкіндік береді. Сон­дықтан бұл тәсіл жергілікті өндірушілердің әлеуетін арттырудағы маңызды құрал­дардың біріне айналып отыр.
Дегенмен саланы дамытудың түпкі мақсаты тек ішкі нарықты қамтамасыз ету емес. Негізгі міндеттердің бірі – қазақстан­дық өнімнің экспортқа шығуына және жаһандық жеткізу тізбектеріне енуіне жағдай жасау. Бұл халықаралық стандарт­тарға сай, бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік база қалыптастыруға орай туғызады. Осы бағытта IMBC QazTrade ұйымымен бірлесіп, ірі операторлармен жұмыс бары­сында өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлел­деген әрі халықаралық талаптарға сәйкес келетін отандық тауар өндірушілер пулын қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Тағы бір маңызды бастама – халық­аралық стандарттарға сәйкес сынақ жүр­гізуге арналған зертханалық-сынақ орталықтарын құру мәселесі.
IMBC бұл бағытта сертификаттау және техникалық реттеу саласындағы мемле­кеттік институттармен тығыз жұмыс істеп отыр. Қазақстанда халықаралық деңгейдегі сынақ зертханаларының пайда болуы елді өнеркәсіптік сертификаттау саласында өңірде жетекші орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Бұл тек ішкі өндірістің сапасын көтеріп қана қоймай, Қазақстанның халық­аралық өнеркәсіп картасындағы орнын да күшейте түседі.

Технология трансферінің жаңа кезеңі

IMBC қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Қазақстанға инвестиция тарту және технология трансферін дамыту. Бұл жұмыстың тетігі нақты әрі жүйелі құрылған. Инвестор болғысы келетіндер мен халық­аралық өндірушілер өндірісті жер­гіліктендіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Кейін бұл ұсыныстар мұнай-газ оператор­ларымен бірлесе қаралып, нақты тауар­лар­ға деген сұраныс көлемімен салыстырыла­ды және өндіріс ашудың экономикалық әлеуеті бағаланады.
Бүгінде осындай жергіліктендіру бағытында 52 ұсыныс дайындалды. Осы тәсіл арқылы Қазақстанда бірқа­тар табысты өндірістік жобалар іске асыр­ылды. Олардың қатарында Honeywell (АҚШ), WIKA (Германия), Beruseal (Оң­түстік Африка Республикасы), PetrolValves (Италия) және Slb (АҚШ) компания­лар­ының өндірістерін жергіліктендіру жоба­лары бар.
Қазір басқа да халықаралық компаниялармен келіссөз жүргізу жал­ғасуда. Бұл Қазақстанға өндірістік және индус­триялық алаң ретінде қызығушылық артып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай жобалардың маңызы тек жаңа өндірістер ашумен шектелмейді. Олар тех­нология трансферіне, халықаралық тә­жіри­бені игеруге және жергілікті кәсіп­орын­дардың өндірістік мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Мұнай-газ машинасын жасау – мультипликативтік өсім көзі

Мұнай-газ машинасын жасау саласы тек бір сектордың ғана емес, тұтас өнер­кәсіптік экожүйенің дамуына әсер ететін мультипликативтік факторға айнала алады.
Бұл сала металлургия, химия өнер­кә­сібі, логистика және инжиниринг сияқты сабақтас бағыттардың дамуына серпін береді. Жаңа өндірістердің ашылуы білікті мамандарға сұранысты арттырып, тех­никалық білім мен ғылыми зерттеулердің дамуына жол ашады. Яғни мұнай-газ машинасын жасау саласына салынған инвестиция тек жекелеген кәсіпорындардың дамуына емес, тұтас ұлттық экономиканың сапалы өзгеруіне әсер етеді.

Цифрландыру – жаңа мүмкіндіктер алаңы

IMBC жұмысының келесі маңызды бағыты – цифрлық құралдарды енгізу. Биыл орталық зерттеліп, верифи­ка­циядан өткен отандық тауар өндіруші­лердің онлайн-платформасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұл платформа өндірушілерге өз өнімдері мен өндірістік мүмкіндіктері туралы ақпаратты тікелей жариялауға жағдай жасайды. Ал ірі мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларының оператор­лары халықаралық стандарттарға сай өнім шығара алатын отандық өндірушілер туралы мәліметке жедел қол жеткізеді. Онлайн-платформаны іске қосу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіп секторына заманауи IT бастамаларды енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Мұндай цифрлық шешімдер нарық­тағы негізгі кедергілердің бірі – сұраныс пен ұсыныс арасындағы құрылымдық алшақтықты азайтады. Сонымен бірге ақпараттық теңсіздікті жойып, нарық қа­тысушылары арасындағы өзара байланыс­ты ашық әрі тиімді етеді.
Нәтижесінде, өндірушілер де, оператор­лар да шешім қабылдау кезінде нақты әрі өзекті ақпаратқа сүйене алады.

Форум – саланың өсу нүктесі

Кез келген индустриялық саланың дамуы үшін нарық қатысушылары арасын­дағы тікелей диалог аса маңызды. Осы мақсатта кейінгі жылдары Қазақ­станда мұнай-газ машина жасау саласына арналған ірі алаңдар қалыптасып келеді.
2024 жылы Атырау қаласында Мұнай-газ машина жасау форумы және опера­торлардың Ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында мұнай-газ операторлары сатып алатын тауар өнімдерін таныстырып, отан­дық өндірушілермен ынтымақтас­тықты кеңейту жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Кейін бұл құжаттардың едәуір бөлігі нақты келісімшарттарға ұласты.
2025 жылғы қазанда Ақтауда өткен Мұнай-газ машина жасау форумы мен операторлардың Ашық есік күні бұл жұ­мыстың жалғасына айналды. Форумға түрлі саланың өкілдері, соның ішінде қазақстандық және шетелдік компаниялар қатысты. Іс-шара барысында операторлардың 100-ден астам техникалық маманы B2B кездесулер өткізіп, сұранысқа ие тауар­лардың электрондық каталогтарын және олардың техникалық сипаттамаларын таныстырды, қатысушылардың сұрақта­рына жауап берді. Форум қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін көрсетуге және әлеуетті серік­тестермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, жалпы құны 440 мил­лион АҚШ долларынан асатын 33 келісім­шартқа қол қойылды.


Қорытынды: өнеркәсіптік тәуелсіздікке бастар жол

Қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда өнеркәсіптік тәуелсіздік таңдау емес, стратегиялық қажеттілік. Қазақстан үшін бұл бағыттағы басты салалардың бірі – мұнай-газ машинасын жасау. IMBC қызметі көрсеткендей, мемлекет­тік саясат, ірі операторлар және жергілікті бизнес күш біріктірген жағдайда нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Отандық өндірісті дамыту, халықаралық стандарт­тарды енгізу және жаңа инвестициялар тарту Қазақстанның индустриялық әлеукүшейтіп келеді.Ең маңыздысы – бұл жұмыс тек қазіргі сұранысты өтеуге бағытталмаған. Ол Қа­зақстанның жаһандық жеткізу тізбекте­ріндегі орнын нығайтып, халықаралық талаптарға сай бәсекеге қабілетті өнер­кәсіптік база қалыптастыруға жол ашады. Сондықтан IMBC қалыптастырып жатқан жаңа индустриялық экожүйе – жекелеген жобалардың жиынтығы ғана емес, бұл – Қазақстанның өнеркәсіптік тәуелсіздігіне бастайтын ұзақмерзімді стратегиялық бағыт.

Дастан ӘБІШЕВ,
Мұнай-газ машинасын жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың (IMBC) бас директоры

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар