Жаз келіп, күн ыси бастады. Термометр тілі +35°C-тан асқанда, елорда тұрғындары салқындатқышты қосып, үйден шықпауға тырысады. Ал «Астана Тазалықтың» су себетін ауыр техникалары дәл осы шақта аптапқа қарсы «жорыққа» шығады. Күйіп тұрған асфальттың қызуы мен шаңын басқан жүргізушілердің көзі талып, шаршайтыны анық. Осыны ескерген мекеме басшылығы көлік кабиналарына жүргізушінің қимылын қалт жібермей бақылап, денсаулығын күзететін және қажет кезінде оятатын жасанды интеллект көмекші құралын орнатты.
Жасанды интеллект «Астана Тазалық» кәсіпорнының жұмысын түбегейлі өзгертіп, оны заманауи ақылды жүйеге айналдырды. Әсіресе қаланың аптап ыстығы мен қатал қысында бұл технологияның тигізер пайдасы зор.
– Осыдан бір жыл бұрын жасанды интеллект технологиялары қарқынды дами бастаған кезде біздің кәсіпорында да «адами факторлар мен тәуекелдерді қалай азайтуға болады?» деген сұрақ туындады. Ақпараттарды жинау, талдау және жалпы мониторинг сапасын арттыру үшін жасанды интеллект жүйесін қауіпсіздік пен аналитика бағытына қосуды ұйғардық. Бұл жүйені енгізуге 2-3 айдай уақыт кетті. Қазір кәсіпорын бойынша 450-дей техника жұмыс істейді. Біз 100 техникаға камера орнаттық. Бұл – жалпы автопарктің 30 пайызын құрайды, – дейді IT маманы Жарас Ахмедия.
Жаңа жүйе енгізілген алғашқы уақытта қызметкерлер арасында сұрақтар мен түсінбеушіліктер көп болыпты. Көбісі «не үшін керек?», «неге бізді бақылайсыңдар?» деп қарсылық танытқан. Олар жолда бара жатып көздерін бірнеше секундқа жұмып, автоматтың жұмысын өздері тексеріп көреді. Уақыт өте келе жүргізушілер жүйенің тиімділігіне көз жеткізеді. Шын мәнінде, бұл жүйе жүргізушінің жеке өміріне қол сұқпайды. Камера тек үш жағдайға ғана: жүргізуші ұйықтап кеткенде, темекі шеккенде және смартфон ұстағанда ғана реакция беріп, дабыл жолдайды. Қалған уақытта орталық тек қажеттілік туындағанда ғана тікелей трансляция арқылы бақылай алады.
Жазғы аптап ыстықта, әсіресе түнгі ауысымдарда ұзақ уақыт рульде отыру адамды тез қалжыратады. Жасанды интеллект жүргізушінің жағдайын нақты уақыт режи-
мінде бақылап, шаршаса, ұйықтап кетсе немесе денсаулығы нашарлағанын байқаса, дабыл қағады. Ол жүргізушіні дер кезінде сақтандырып, қажет болса оятып отырады, тіпті көлік тізгінінде шылым шегу сияқты еңбек тәртібін бұзу жағдайларын да қатаң тіркейді. Бұл – жай ғана бақылау емес, ең алдымен, жұмысшының өмірі мен қала қауіпсіздігіне тиімді.
– Түнгі кезекте көшеде көлік аз, жол бос болғандықтан, бірсарынды қозғалыстан жүргізушілердің көзі автоматты түрде ілініп кетеді. Өткен жылы бізде осындай 6 жағдай тіркелді. Жүйе мұндай сәтте жол апатына жол бермей, адам өмірін сақтап қалды. Жүргізушінің көзі ілінген сәтте кабинада өте қатты дыбыстық сигнал ойнап, орындық дірілдейді, бұл жүргізушіні бірден оятады. Одан бөлек, сигнал ойнағаны туралы диспетчерлік орталыққа бірден 3 түрлі жазбадан тұратын хабарлама келеді. Оның біріншісі – жүргізушінің көзі жұмылған сәті, екіншісі – сол уақыттағы көліктің сыртқы қозғалыс видеосы, ал үшіншісі картадағы GPS дерегі бойынша көліктің қандай жылдамдықпен жүріп бара жатқаны. Осыдан кейін біз жүргізушімен байланыс орнатамыз. Егер ол шынымен қатты шаршап тұрса, ауысымды ерте аяқтап, үйіне демалуға жіберіледі, – деп түсіндірді Жарас Ахмедия.
Марат Жекенов «Астана Тазалық» кәсіпорнында 2007 жылдан бері көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. 20 жылға жуық уақыт үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан маман «жұмыстың талай кезеңін көрдік, бірақ жасанды интеллект жүйесі бәріміз үшін үлкен жаңалық болды» дейді.
– Шыны керек, басында бұл жүйеге біраз жүргізуші көндіге алмады. Медициналық тексеруден өте алмай қаламыз деп қорықты. «Қан қысымымыз сәл көтерілсе, жол парағын бермей қоя ма?» деген қорқыныш болды. Алайда қыстан бері бұл жүйемен жұмыс істеп, оның пайдасын көрдік. Қазір бәрі керісінше, бізге ЖИ-мен жұмыс істеген ұнай бастады. Бүгінде медициналық тексеруден өтетін 6-7 арнайы автомат тұр. Таңертең жұмысқа келгенде электронды жүйеге жақындап, камераға қараймыз, сол сәтте медициналық тексерістен өтіп, жол парағымыз автоматты түрде шығады. Содан кейін бірден жолға шығамыз. Ешқандай кезек жоқ, уақыт жоғалтпаймыз.
Бұл жүйенің қауіпсіздікке берер пайдасы зор. Көлік ішіндегі интеллектуалды жүйе сенімді серігімізге айналды. Менің жолда ұйықтап кеткен кезім болған жоқ. Алайда назарым жолдан басқа жаққа ауған кезде жүйе бірден «Зейін қойыңыз!» деп ескерту жасайды, – дейді Марат Жекенов.
Жасанды интеллект адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтаумен қатар, жұмысты жоспарлау жылдамдығын арттыруда. Бұрын қай техниканың қай уақытта шығатынын, қай жүргізуші қай аумақты тазалайтынын қолмен есептеп, жоспарлауға жарты сағаттан астам уақыт кететін. Қазір ЖИ мұның бәрін автоматты түрде есептеп, бар болғаны 3 минут ішінде дайын маршрут сызып береді. Ақпарат түгел жүргізушілердің телефонындағы арнайы қосымшаға түседі.
Бұған қоса, барлық техникадағы GPS-навигация маршруттарды дәл қадағалап, тапсырмадан ауытқымаса, жанармай деңгейінің датчиктері құйылған дизель отынын автоматты түрде есептеп отырады. Осындай темірдей тәртіп пен қатаң бақылаудың арқасында кәсіпорын жанармай шығынын жыл сайын 10 пайызға дейін үнемдемек. Тіпті қазірдің өзінде қазынаға 300 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарылып, техниканы мақсатсыз пайдалану мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері толықтай жойылған. Электронды жол парақтары GPS жүйесімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Көліктерге тек GPS ғана емес, арнайы телематикалық датчиктер орнатылған. Компьютер көліктің қай жерде келе жатқанын, жылдамдығын, щеткаларының қосулы не өшірулі екенін және жолға қанша реагент (тұз, қоспа) себілгенін көрсетіп отырады. Техниканың жолды шынымен тазалап жатқанын немесе көліктің жай ғана бос жүргенін тіркейді. Бұл жұмыстан жалтаруды, отынды бейберекет жұмсауды болдырмайды. Тұрғындардан iKomek 109 қызметінен шағым түссе, диспетчерлер ЖИ көмегімен сол аумаққа ең жақын жүргізушіні жедел бағыттай алады.
– Бізде жасанды интеллект екі негізгі бағытта дамып жатыр. Біріншісі – қауіпсіздік болса, екіншісі – талдау мен болжау жүйесі. Осыдан бір жыл бұрын басталған «Электронды жол парағы» жобасы қазір 95 пайызға аяқталды. Осы жүйе арқылы біз GPS деректерін, медициналық тексеріс қорытындысын, техникалардың қай аудандарға кеткенін және жұмыс сапасын бақылап отырмыз. Болашақта жасанды интеллект көмегімен негізгі ақпараттарды пайдалана отырып, қай ауданға орташа есеппен қанша техника шығару керегін нақты есептеуді, жүргізушілердің жұмыс тиімділігіне жекелей талдау жасауды және техникалардың оңтайлы санын анықтап, резервтегі жүргізушілер мен реагенттер қорын нақты болжай аламыз. Сонымен қатар бұл жүйені қойма логистикасына енгізуді қарастырып жатырмыз. Жүйе қосалқы бөлшектердің шығынын санап, мысалы, «қоймадағы 500 дана А4 парағы 2 айға жетеді, ал 3 айға осынша дана қажет» деп алдын ала есептеп, бізге цифрлық ассистент ретінде көмектесетін болады, – дейді орталықтың IT маманы Жарас Ахмедия.
Қызметкерлердің сенімді серігіне айналған жасанды интеллект құралдары интернетке тәуелді. Байланыс нашарлап, үзілетін жағдайлар да кездеседі. Мұндайда құрылғылар барлық ақпаратты өзінің ішкі жадына сақтай береді де, байланыс қайта орнатылған сәтте барлық деректерді диспетчерлік жүйеге автоматты түрде жолдайды.
«Астана Тазалықтың» тәжірибесі цифрландырудың коммуналдық салада қаншалықты тиімді екенін дәлелдеп отыр. Жасанды интеллект пен заманауи технологиялар кәсіпорын жұмысының ашықтығын арттырып, бюджет шығындарын оңтайландырып қана қоймай, елордамыздың таза, қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз етіп келеді.
Жасанды интеллект адам еңбегін ысырып тастаған жоқ, ол еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кәсіпорынның ішкі шығындарын оңтайландырды және қала тұрғындарының сұранысына жедел жауап беретін икемді жүйе қалыптастырды. Бұл жүйе Қазақстанның басқа өңірлеріндегі коммуналдық шаруашылықтарды модернизациялауға негіз бола алатын дайын модель десек қателеспейміз.