Жаһандық климаттың өзгеруі мен қуаңшылық қысқан заманда елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау отандық ғылымның басты міндетіне айналды. Осы орайда қазақстандық жас ғалымдар ата-бабамыздан қалған қасиетті дақыл тарыны заманауи молекулалық деңгейде зерттеп, глютинозды әрі құрғақшылыққа төзімді жаңа сорттарын шығаруды қолға алды. Мутагенез әдісі арқылы ауыл шаруашылығында жаңалық жасаған отандық селекцияның бүгінгі әлеуеті қандай? Халықаралық деңгейде мойындалған жас зерттеушілердің ізденісі мен мемлекеттік қолдау туралы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Ауыл және орман шаруашылығы институтының PhD, оқытушы Айым Зейнуллина әңгімелеп берді.
Тары – біржылдық астық тұқымдасына жатады. Дүниежүзі бойынша оның 500-ге тарта түрі бар. Тарихи деректер тарының біздің жерімізде VI ғасырдан бері өсетінін көрсетеді. Бұл өсімдіктің пайдасы шаш етектен. Сабанын жеген сауын сиырдың сүті құнарлы болады, өйткені құрамында дәрумен көп. Топаны, кебегі төрт түлік малға құнарлы азық. Тарыны жеген тауықтар жиі жұмыртқалайды, жұмыртқаның қабығы қатты әрі ұзақ уақыт сақталады. Ауыл шаруашылығынан бөлек медицина саласында да тарының тиімділігі дәлелденген. Адамға күш-қуат береді, бауырдың жұмысын жақсартады, тер шығарады. Қыздырылған тары ісікті басады, тіс ауырғанды тоқтатады. Ерте заманда-ақ емшілер тарыны бауырды емдеуде таптырмас ем деп білген. Одан бөлек, тары дәнінен спирт алынады, сабағынан қағаз шығарады.
Жылу сүйгіш, қуаңшылыққа, аңызаққа және ыстыққа төзімді. Судан таршылық көрмесе, көп өнім береді. Құнарлы қара және қоңыр топырақта өнімді болады. Ал ғылымда тары сорттарының бейімделгіштігін арттыру – нақты табиғи-климаттық жағдайларда тұрақты түрде жоғары өнім алуға, өнім сапасын жоғарылатуға және өсімдік шаруашылығының тиімділігіне ықпал ететін қазіргі ауыл шаруашылығы өндірісінің міндеттерін шешудің негізі. Мутациялық селекция әдісінің әлемнің көптеген елінде кеңінен қолданылуы өсімдік шаруашылығының әртүрлі мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Ата-бабамыздан қалған ас бүгінде заманауи диетология мен тамақ өнеркәсібінде superfood ретінде танылды. Бұл дақылдың заманауи азық-түлік нарығындағы маңызы жыл санап артып келеді және оны сипаттайтын бірнеше негізгі артықшылығы бар.
Ең алдымен, тары – табиғи глютинозды өнім. Қазір әлемде глютинозды көтере алмайтын, яғни целиакия ауруына шалдыққан немесе салауатты өмір салтын ұстанып, ақуыздан бас тартқан адамдардың қатары өте көп. Тарының құрамында амилозаның мүлдем болмауы оны диеталық мәзірдің, емдік тағамдардың және балалар асханасының таптырмас негізіне айналдырып отыр.
Сонымен қатар бұл дақыл өзінің бай химиялық құрамымен және жоғары энергетикалық құндылығымен ерекшеленеді. Тары – адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдардың нағыз қоймасы. Мысалы, құрамындағы өсімдік ақуызының мөлшері бойынша тары күнделікті тұтынатын күріш пен арпадан әлдеқайда жоғары тұрады. Сондай-ақ оның бойында жүйке жүйесінің жұмысын жақсартып, тері мен шаштың саулығын қолдайтын B_1 (тиамин) және B_2 (рибофлавин) сияқты В тобының дәрумендері мол. Ағзаға өте қажет калий, магний, темір, фосфор және мырыш сияқты макро-микроэлементтер де жеткілікті. Мұндағы магний мен калий жүрек-қан тамырлары жүйесін реттесе, темір анемияның алдын алуға көмектеседі.
Тарының тағы бір маңызды қасиеті – оның төмен гликемиялық индексінде. Пайдалы күрделі көмірсулардың көзі болғандықтан, ол қандағы қант мөлшерін бірден көтермейді, керісінше ағзаға энергияны баяу әрі тұрақты түрде бөліп отырады. Осы ерекшелігінің арқасында тары қант диабеті бар адамдар мен артық салмақтан арылғысы келетін жандар үшін таптырмас шипалы ас саналады.
Мұнымен қоса, тары – ас қорыту жүйесін тазартатын ең тиімді жасұнық (клетчатка) көздерінің бірі. Оның құрамындағы ерімейтін жасұнық ішек жолдарының жұмысын жақсартып, ағзадан зиянды токсиндер мен шлактарды сыртқа шығаруға септігін тигізеді. Ал құрамындағы пайдалы табиғи майлар мен қышқылдар қандағы «жаман» холестерин деңгейін төмендетіп, қан тамырларының тазаруын қамтамасыз етеді. Нақ осы қасиеттері тарыны бүгінде ең сұранысқа ие, денсаулыққа барынша пайдалы заманауи тағамдардың көшбасшысына айналдырып отыр.
Халқымызда «Тары өскен жерде тоқшылық болады» деген аталы сөз бар. Кезінде дала данышпаны Шығанақ Берсиев ақ тарыны ардақтап, әлемдік рекорд орнатса, бүгінгі жаңа буын ғалымдар сол асыл мұраны заманауи молекулалық-генетикалық деңгейде қайта түлетіп жатыр. Жас ғалым Айым Зейнуллинаның зерттеулері тамыры терең дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен болашақтың озық технологиясы тоғысқанда ғажайып нәтижелерге қол жеткізуге болатын көрсетіп отыр.
Ғалымның бұл зерттеуі Қазақстан үшін мүлдем соны қадам болмақ. Оның ізденістері елімізде бұрын-соңды өндірілмеген және өсірілмеген, өнімділігі өте жоғары тарының жаңа отандық мутантты түрлерін жасауға жол ашады. Жоба аясында арнайы элементтерді (агенттерді) қолдану арқылы тарының бойындағы пайдалы мутация процесін әдейі күшейтеді. Бұл зертханалық деңгейде іріктелген сапалы мутантты формалар болашақта мүлдем жаңа, мықты сорттарды шығару үшін негізгі шикізат ретінде жұмсалады.
Бұл зерттеу нәтижелері отандық селекция саласын, соның ішінде тары дақылының генетикасын дамытуға үлкен серпіліс әкеледі. Жобаның тек ғылыми-теориялық қана емес, тікелей тәжірибелік пайдасы да орасан зор. Себебі бұл жұмыс болашақта ең жоғары сапалы, таза элиталық тұқымдарды өндіруге және еліміздің ауыл шаруашылығын тосын ауа райына төзімді, жаңа дақыл сорттарымен қамтамасыз етуге тікелей мүмкіндік береді. Яғни отандық ғалымның еңбегі егістік алқаптарына жоғары сапалы, мол өнім беретін отандық тары тұқымын жеткізуді көздейді.
Жобаның басты мақсаты – арнайы зертханалық әдістер мен молекулалық талдауды қолдана отырып, тарының табиғи қасиеттерін байыту және оның ерте пісетін жаңа түрлерін жасап шығу. Бұл зерттеулер болашақта елімізде жоғары сапалы өнім беретін жаңа сорттарды өсіру үшін таптырмас негіз болмақ.
Өсімдіктердің генін зертханалық жағдайда мақсатты түрде өзгерту, яғни мутация жасау оның бойындағы жасырын мүмкіндіктерді оятуға жол ашады.
Ауа райы құбылмалы, жазы қысқа Солтүстік Қазақстан аймағы үшін тарының ерте жетілетін түрлерін табу өте өзекті. Осы мақсатта қолда бар мутантты формаларды пайдалану арқылы генетикалық әртүрлілікті арттыру, өңірдің қатал климатына төтеп бере алатын және күзгі суыққа ұрынбай ерте өнім беретін мүлдем жаңа ген көздерін жасап шығуға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, ғалымдар тарының генін зертханада сәл өзгерту арқылы, оның солтүстіктің қысқа жазына үлгеріп, тез пісетін жаңа «супер» түрін жасап шығуды көздеп отыр.
Бұл жобаны сәтті іске асырудың ел экономикасы үшін пайдасы зор. Ол сырттан келетін импортты азайтып, отандық нарықты өзіміздің сапалы өніммен алмастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, болашақта отандық кәсіпорындар мен шаруашылықтар өнімді тары тұқымымен толық қамтамасыз етілмек.
– Ғылыми жаңалыққа қол жеткізу үшін жоба аясында бірнеше нақты міндетті орындау көзделіп отыр. Ең алдымен, ғалымдар зертханада тары тұқымын түрлі химиялық мутагендермен өңдеп, оның ең тиімді мөлшерін таңдайды. Кейін жасушалық деңгейде қандай өзгерістер болғанын білу үшін цитологиялық талдау жасалады. Одан кейін ең маңызды кезең – Солтүстік Қазақстанның қатал климатында ерте пісетін ең мықты мутантты түрлерді бағалап, іріктеп алу. Осылайша, алынған жаңа формалар мен бастапқы сорттар гендік деңгейде қалай өзгергенін анықтау үшін молекулалық-генетикалық талдаудан өтеді. Осы жұмыстардың соңында ең құнды, ерте пісетін түрлер нақты селекция процесіне, яғни жаңа сорт шығару ісіне қосылады. Жоба аясында күтілетін нәтижелер де ауқымды. Тары тұқымын химиялық жолмен өңдеудің арнайы зертханалық хаттамасы әзірленіп, бұл заттардың жасуша деңгейіне әсері нақтыланады. Солтүстік өңірге бейімделген, ерте жетілетін құнды мутантты формалар бөлініп алынады. Сонымен қатар тарының М1-М3 мутанттық ұрпақтарының гендік өзгерістері молекулалық деңгейде дәлелденбек. Осылайша, ғылыми зерттеу негізінде болашағынан зор үміт күттіретін, ерте пісетін перспективалы мутанттық формалар алынып, селекцияға енгізіледі. Жоба аясында жасалған өнертабыстар халықаралық Scopus және Web of Science базасындағы беделді ғылыми журналдарда жарияланып, отандық патентпен бекітіледі, – дейді жобаның ғылыми қызметкері Айым Ерболқызы.
Ғылым жолындағы осындай толымды еңбек пен заманауи ізденістер мемлекет тарапынан да елеусіз қалмайды. Өз ісіне адал, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне бағалы үлес қосып жүрген жас ғалым Айым Зейнуллина мемлекеттің жас ғалымдарды қолдауға бағытталған арнайы бағдарламасы аясында елордадан тегін баспана алып, қоныс тойын тойлады.
Зертханада басталған бұл ізденістер жақын жылдары еліміздің егістік алқаптарында алтын дән болып лықсып, сапалы, глютинозды өз өніміміз нарыққа шығады деген сенімдеміз. Ата-бабаның асы болған қарапайым тарының заманауи superfood-қа айналып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін бекемдеуі – отандық селекцияның басты жеңісі болмақ. Ал бұл жолда аянбай тер төгіп жүрген жас ғалымдарымыздың алар асулары мен бағындырар биіктері әлі алда деп сенеміз.
А.Бименді