Шымкентте көлік дүкенге соғылып, өртеніп кетті

/
Шымкентте көлік дүкенге соғылып, өртеніп кетті
Photo by Zaporizhzhia Regional Military Adm./Anadolu via Getty Images

Шымкентте түнгі уақытта ауыр жол апаты болды. Жеңіл көлік жол жиегіндегі дүкен ғимаратына соғылып, артынша отқа оранған. Салдарынан екі адам ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 11 маусымға қараған түні, шамамен сағат 02:00 кезінде Оңтүстік шағынауданында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көлікті 21 жастағы жігіт басқарған. Оның жанында бойжеткен болған. Екеуі де шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.

Куәгерлер көліктегі жастар осы маңда тұратынын айтады. Кейбір тұрғындар апатқа жолдағы шұңқыр себеп болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Төтенше жағдайлар департаментіне жол апаты туралы хабар түнгі сағат 02:30 шамасында түскен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар зардап шеккендерді жедел жәрдем қызметіне тапсырғаннан кейін көліктегі өртті сөндірді.

Құтқарушылардың мәліметінше, жанар-жағармай материалдары мен пластик бөлшектердің көп болуы салдарынан өрт тез тараған. Соның кесірінен көлік аз уақыт ішінде толықтай жанып кеткен.

Зардап шеккен екі адам қалалық №1 клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, көлікте болған жолаушы қыз жүкті болуы мүмкін.

Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеудің бастапқы нұсқасына сәйкес, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, дүкен ғимаратына соғылған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары