Ақтөбеде қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен тұрмысында ерекше орны бар дақыл тарыны насихаттайтын гастрофестиваль өтті. «Ақтөбе – тарының астанасы» атты гастрофестиваль тарыны өңірлік брендке айналдырып, гастрономиялық туризмді дамытып қана қоймай, шағын бизнесті қолдауды да көздеп отыр. Ұйымдастырушылар бұл фестивальды болашақта пиццаның отаны Неапольдегі Pizzafest, ең ірі сыра фестивалы Мюнхендегі Oktoberfest секілді жалпыхалықтық мерекеге айналдырғысы келеді.
«Ақтөбе – тарының астанасы» атты гастрофестиваль 30 мамыр күні Ақтөбенің орталығындағы Астана паркінде өтті. Бұл күні қалада жаңбыр жауып тұрған. Бірақ ауа райының қолайсыздығы облыстың түкпір-түкпірінен гастрофестивальға жиналған жұрттың мерекелік көңіл күйін бұза алмады.
Фестиваль аясында ұлттық тағамдардың көрме-жәрмеңкесі өтіп, тарыдан дайындалған 50-ден астам тағам ұсынылды. Соның бірі – майталқан. Тарының ақ талқанына қолдың майы мен қант ұлпасын қосып дайындалатын дәстүрлі дәмді ақтөбеліктердің дастарқанынан жиі кезіктіруге болады. Жергілікті жұрт сүйсіне жейтін тағы бір тағам – тары бөртпе. Қайнаған сүтке тары салып, оған қант пен бір шымшым тұз қосып әзірленетін тары бөртпе бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, тойымды әрі пайдалы ас. Өйткені сүт қайнағанда тарының маңызы шығып, қоюлана түседі. Оған қолдың майын араластырып жейтін болсаңыз, күні бойы тоқ жүресіз.
Мұның бәрі жергілікті жұрттың ас мәзірінде бұрыннан бар дәстүрлі тағам түрлері. Фестиваль кезіндегі көрмеге дәстүрлі дәммен қатар заманауи авторлық интерпретациялар да қойылды. Жиналғандар ұлттық және фьюжн стиліндегі мәзірді дайындаушылардың шеберлік сағатын тамашалады. Сонымен қатар қуырылған қызыл тары, тары қосылған көже, жент, майсөк, тары қосылған кондитер өнімдері, талқан сияқты ұлттық тағамдардан ауыз тиіп қана қоймай, сатып алып жатты.

Гастрофестивальға ұлттық тағам түрлерін насихаттап жүрген жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін ала келген. Ұлттық тағам түрлерін ұсынатын «Сарқыт» мейрамханасы, «Жиде» кофеханасы мен кондитер өнімдерін шығаратын «Ваниль» дүкендер желісі өңір тұрғындары арасында кеңінен танымал. «Ваниль» дүкендер желісінің шоколад жағылған женті бүгінде ақтөбеліктердің мақтанышына айналған. Қала қонақтары мен жергілікті тұрғындар бұл тәттіні өзге өңірлер мен шетелге базарлық ретінде алып барып, Ақтөбенің дәмді бренді ретінде таныстырып жүр. Шоколад жағылған жентті «Ваниль» компаниясы патенттеп алған.
«Ванильдің» бас директоры Зәуреш Еңсегенқызының сөзіне қарағанда, тары мен талқан қосылған торт, печенье, тоқаш түрлері мен өзге де тәттілерді пісіру үшін компания мың гектардан астам алқапқа тары еккен. Яғни компания шикізатты өз алқабында өсіріп, өздері дайын өнімге айналдырады.
Тары – ұзақ сақталатын құнды дақыл. Экологиялық таза өнімді қазақ күш-қуат беретін құнарлығы үшін ерекше бағалаған. Оның үстіне Ақтөбе өңірі үшін тары таңсық тақырып емес. Қазақтың даңқты диқандарының бірі – Шығанақ Берсиев осы өңірдің перзенті. Ол Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмір сүріп, 1943 жылы әр гектардан 201 центнерден тары алып, әлемдік рекорд орнатқан.
Гастрофестиваль кезінде Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбек жолы туралы ақпараттық бұрыш ұйымдастырылып, келушілерге Ойыл музейінен жеткізілген экспонаттар таныстырылды.
Ойыл музейінің директоры Дулат Исабаевтың айтуынша, диқанның туған жеріндегі музейде Шығанақ Берсиевтің темір соқасы мен өзі еккен ақ тарының бір уысы ғана сақталған. Жуырда диқанның жиені Гүлшара Шайхықызы аудан музейіне нағашы атасы тұтынған темір кереуеттің бір басын әкеп тапсырыпты.

– Шығанақ Берсиевтің киім-кешегі, әмияны, тағы басқа жеке бұйымдары облыс орталығындағы музейде тұр. Ал Ақтөбе облыстық архивінде Берсиевке арналған жеке қор бар. Диқан әр гектарынан 201 центнерден өнім алған суармалы ақ тары да сол қорда сақтаулы, – дейді музей директоры.
Гастрофестиваль аясындағы тағы бір маңызды іс-шара ауыл шаруашылығы саласының мамандары, агрономдар мен сарапшылардың басын қосқан жиын болды. Бұл жиында тары өсіру дәстүрін жаңғырту, дақылдың пайдалы қасиеттері, өңірдің аграрлық және гастрономиялық әлеуетін дамыту перспективалары талқыланды.
Тары фестивалі ең алғаш рет 2023 жылы Ақтөбенің Ойыл ауданында өткізілген. Кейінгі жылдары бұл іс-шараның аясы кеңіп, облыс деңгейіндегі гастрофестивальға айналды.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе