Жаңа энергия көзі: сутектік қоғамға қадам

Жаңа энергия көзі: сутектік қоғамға қадам
ашық дереккөзден алынды

Бүгінде әлем елдері жаңа энергия көзіне көшуге асығып отыр. Өйткені қазба отынына тәуелділік тек экономикалық емес, экологиялық қауіп-қатерге де әкеліп соқты. Әлемдік жылыну, ауа ластануы, табиғи апаттың жиілеуі – мұның бәрі балама энергия іздеуді талап етуде. Осы тұста сутегі энергетикасы алдыңғы қатарға шықты. Сарапшылар «Сутегі – XXI ғасырдың мұнайы» деп тегін айтпайды.

Әлемдік тәжірибе: кім алда келеді?

Сутегі энергетикасы бүгінде жаһандық энер­гетикалық саясаттың ең өзекті тақыры­бы­ның біріне айналды. Сарапшылар оны бо­лашақтың «таза отыны» деп атап жүр. Се­бебі сутегі тек баламалы энергия көзі ғана емес, сонымен қатар төмен көміртекті эко­но­микаға көшудің басты құралы саналады.
Дамыған елдер қазірдің өзінде сутегіні ұлт­тық энергетикалық стратегияның өзе­гі­не айналдырып, миллиардтаған инвестиция құю­да. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемле­кет­тері қай бағытта ілгерілеп келеді?
Халықаралық Жаңартылатын Энергия Агент­тігінің (IRENA) бұрынғы бас дирек­то­ры Аднан Амин: «Жаңартылатын энергия көз­дерімен өндірілген жасыл сутегі – таза бо­лашақтың негізі. Бұл технология елдерге энер­гия қауіпсіздігін нығайтып қана қой­май, экономиканы әртараптандыруға мүм­кін­дік береді» деп баға берді.
Жапония – «сутектік қоғам» тұжырым­да­ма­сын алғаш қабылдаған ел. 2017 жылы ар­найы жол картасы бекітіліп, Токио Олим­пиадасы кезінде көліктер мен тұрғын үйлер суте­гімен жұмыс істеді. Жапон билігі 2030 жыл­ға дейін 800 мыңнан астам сутекті кө­лікті пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл Жапонияның технологиялық серпінін ға­на емес, экологиялық саясаттағы табан­ды­лығын көрсетеді.
Еуропадағы көшбасшы – Германия. 2018 жы­лы бұл ел алғашқы сутекті пойызды іске қос­ты. Қазір 2030 жылға қарай 5 мыңға жуық сутегі құю стансасын салу жоспарын қол­ға алды. «Еуропалық жасыл келісім» ая­сын­да сутегі энергетикалық тәуелсіздіктің бас­ты тірегіне айналып отыр. Германия тә­жі­рибесі Еуропаның болашағы сутегіге тәуел­ді екенін айқындай түседі.
Оңтүстік Кореяда «Сутегі экономи­ка­сының 2040 жылға дейінгі жол картасы» бағ­дарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жос­парға сәйкес алдағы кезеңде 6 миллион­нан астам сутегімен жүретін көлік пайдала­ну­ға берілмек. Бүгінде Hyundai компаниясы жүк көліктеріне сутегі технологиясын ен­гі­зіп, оның нақты нәтижесін көрсете бастады.
2035 жылға қарай Қытай әлемдік сутегі өн­дірісінің 30 пайызын қамтамасыз етуді жос­парлауда. Расында, инфрақұрылымдық жо­балардың ауқымы мен мемлекет қолдауы Қы­тайды болашақта ең ірі өндірушінің бірі­не айналдыруы ықтимал. 
АҚШ-та сутегі энергетикасы негізінен же­ке сектордың бастамасымен дамып келе­ді. Калифорния штатында сутегі құю стан­са­лары қарқынды түрде көбеюде. General Motors, Nikola Motors компаниясы сутекті жүк көліктерін сынақтан өткізіп, нарыққа жол ашуда.
Сауд Арабиясы – жаңа ойыншы. Бұл ел NEOM жобасы арқылы әлемдегі ең ірі жасыл су­тегі зауытын іске қосты. Енді жасыл энер­гия экспорттаушы мемлекетке айналуды жоспарлап отыр.
Сутегі энергетикасы – ертеңнің емес, бү­гіннің күн тәртібінде тұрған мәселе. Сон­дықтан бұл бағыттағы әлемдік тәжірибені еске­ріп, Қазақстан да өз әлеуетін тиімді пай­далана білсе, жаһандық бәсекеде өз ор­нын иеленері сөзсіз.

Қазақстанда қандай мүмкіндік бар?

Сутегі энергетикасының стратегиялық мә­нін жете бағамдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесінің VIII самми­тін­де Қазақстанда жасыл сутегі өндірісінің өнеркәсіптік кластерін құруға кең мүм­кін­дік бар екенін айтты.
Қазақстан үшін сутегі энергетикасын да­мыту айрықша артықшылыққа ие. Ең ал­дымен, еліміздің жаңартылатын энергия әлеуе­ті зор. Оңтүстігі мен батысы күн қуа­ты­на, орталығы мен солтүстігі жел энер­гия­сы­на бай. Бұл «жасыл сутегіні» өндіруде Қа­­­зақстанға артықшылық береді.
Сонымен қатар геостратегиялық ор­на­ласуы елімізге қосымша мүмкіндік сый­лай­ды. Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде ор­на­ласқан Қазақстан болашақта сутегіні экс­порттайтын өңірлік хабқа айналуға мүм­кіндігі бар. Сутегіні металлургия, химия, кө­лік және энергетика саласына енгізу ар­қылы шығарындыны азайтып, экологиялық өн­дірісті дамытуға жол ашылады.
Энергетика министрлігінің Жаңар­тыла­тын энергия көздері департаментінің ди­рек­торы Жаслан Қасенов 2030 жылға дейін­гі сутегі энергетикасын дамыту тұжы­рым­дамасы қабылданғанын атап өтті.
– Құжаттың негізгі мақсаты – заманауи энер­гия көзіне қол жеткізуді қамтамасыз ету, сутегі технологиясын дамыту және энер­гети­ка секторына жаңа серпін беру. Қазірдің өзін­де Ұлттық ядролық орталықта сутекті өн­діру, сақтау және электр энергиясына ай­налдыру бағытында тәжірибе жүргізілуде. Ядролық физика институтында күн сәулесін пайдалана отырып сутек алу тәсілі сыналды. Ал «КМГ Инжиниринг» ЖШС базасында ар­найы зертханалық орталық құрылып, он­да сутекті қауіпсіз сақтау, тасымалдау жә­не өнеркәсіптік деңгейде енгізу мәселесі қа­растырылуда. Бұл бастамалар ұлттық энер­гетикалық саясатты ғылыми негізде да­мытуға ықпал етеді, – деді департамент бас­шысы.
Құжат қабылдау – саяси шешім. Ал оны нақты ғылыми ізденіс пен өндірістік тә­жірибе арқылы жүзеге асыру – стратегиялық мін­дет. Осы орайда отандық ғалымдардың ең­бегі ерекше маңызға ие. PhD Айгерім Ибраева «Қазақстандағы сутегі энергетикасы жә­не ЕО тәжірибесі» тақырыбын зерттеуде. Сон­дай-ақ Саябек Сахиев, Мажын Скаков, Қайрат Күтербеков және өзге де зерттеу­ші­лер сутегі энергетикасының технологиялық қырын ғылыми-сараптамалық тұрғыдан тал­дап, тәжірибелік негізде жетілдіріп жүр.
Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техника­лық сараптама орталығының басқарма тө­ра­ғасы Асылхан Бибосинов сутегінің түрін бы­лай түсіндірді:
«Сутегі – жер бетінде кең таралғанымен, та­биғатта таза күйінде кездеспейді. Оны өн­діру үшін арнайы технология қажет. Бірін­шісі – «сұр» сутегі, ол табиғи газды бу­мен конверсиялау арқылы алынады. Арзан, бірақ көмірқышқыл газын көп шығарады. Екін­шісі – «көгілдір» сутегі, қазба отын­да­ры­на негізделгенімен, көміртекті ұстау және сақ­тау (CCUS) технологиясы арқылы зиянды шы­ғарындылар азаяды. Үшіншісі – «жасыл» су­тегі. Ол суды электролиз арқылы ыды­ра­тып, күн мен жел энергиясының есебінен өн­діріледі. Бұл әдіс – ең экологиялық таза жол».
Ал Ғылым және жоғары білім министр­лі­гі­нің Ғылым комитеті төрағасының орын­басары Жайық Тохтаров еліміздің әлеуетін жоғары бағалап:
–Елімізде жел, күн және су ресурстары жет­­кілікті. Осы мүмкіндікті тиімді пайда­ла­­на отырып, Қазақстан «жасыл» сутегіні экс­порттаушы мемлекетке айнала алады. Бұл үшін халықаралық серіктестік пен тә­жіри­бе алмасу айрықша маңызды, – деп атап өтті.

Экономикалық табыс пен экологиялық тиімділік

Сутегі энергетикасына көшу – Қазақстан үшін тек технологиялық жаңалық қана емес, сонымен қатар экономикалық серпін мен экологиялық қауіпсіздікті қатар қамтамасыз ететін стратегиялық қадам.
Халықаралық Энергетикалық Агенттік­тің (IEA) есебіне сәйкес, 2050 жылға қарай су­тегі нарығының көлемі жылына 2,5 трил­лион долларға жетеді. Бұл – жаңа жаһандық индустрияның қалыптасуы деген сөз. Егер Қазақстан осы үдерістен тыс қалмай, өзінің табиғи артықшылығын тиімді пайдаланса, энер­гия экспортына тәуелділікті азайтып қа­на қоймай, жаңа табыс көзін аша алады.
Сутегі өндірісі мен оған қажетті инфра­құры­лым саласына миллиардтаған шетелдік ин­вес­тиция тартуға мүмкіндік бар. Мұндай қар­жы жаңа зауыттың, зерттеу орта­лы­ғының, сондай-ақ логистикалық хабтың құ­рылуына негіз болады. Сонымен бірге, жа­сыл сутегіні дамыту мыңдаған жаңа жұ­мыс орнын ашып, әсіресе ауылдық аймақ­тар­дағы халықты тұрақты жұмыспен қам­туға жол ашады.
Қазақстанның тағы бір артықшылығы – географиялық орналасуында. Яғни, сутегіні аймақтық деңгейде экспорттап, Еуроодақ елдеріне жеткізуде тиімді транзиттік рөл атқара алады.
Бүгінде Қазақстан мұнай мен газ экспортына тәуелді мемлекет саналады. Ал сутегі индустриясын дамыту арқылы ұлттық экономика жаңа деңгейге көтеріліп, «жасыл экономикаға» өтудің нақты қадамы болады.
Сутегінің ең басты артықшылығы – қор­шаған ортаға зиянының аздығында. Әсіресе, «жа­сыл сутегі» қолданылған жағдайда ауаға зиян­­ды шығарындылар мүлдем таралмайды. Бұл – климаттың өзгеруін тежеудің ең тиім­ді тетігінің бірі. Қазба отындарын сарқып ал­май, күн мен жел энергиясын пайдалану та­биғи тепе-теңдікті сақтауға да ықпал ете­ді.
Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техника­лық сараптама орталығының басқарма төра­ғасы Асылхан Бибосиновтың пікірінше, су­тегі энергетикасы – экономикалық да­му­дың жаңа қозғалтқышы әрі экологиялық қауіп­сіздіктің кепілі.
–Егер мемлекеттер дер кезінде стратегия қабылдап, инвестиция тарта білсе, сутегі өндірісі ұлттық табыстың негізгі драйверіне ай­налады. Қазақстанның күн мен жел әлеуе­ті зор, сондықтан бұл елдің болашақта Ор­та­лық Азиядағы жасыл сутегі хабына ай­налу мүмкіндігі өте жоғары, – дейді сарап­шы.
Яғни, сутегі энергетикасы елімізге бір ме­зетте екі нәтижені қамтамасыз етеді: тұ­рақ­ты өсім мен таза орта. Бұл – стратегиялық тұрғы­дан келешекке салынған капитал.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары