Қазақ тарихындағы қасіретті кезеңнің бірі – өткен ғасырдың 20-50-жылдары аралығында болған қуғындалу дәуірі. Ол – 20-жылдардан бастап Алаш қайраткерлерін, дін адамдарын қуғындау, байлардың малын тәркілеп, өздерін жер аудару, күштеп ұжымдастыру және ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы репрессия, 50-жылдардағы идеологиялық жақтан сенімсіз адамдарды қудалау. Осы жайлар туралы белгілі тарихшы Аққали Ахметпен сұхбаттасқан едік.
– Аққали Қабижанұлы, ХХ ғасырдың бас кезінде Ресей империясының Патшалық өкіметін Қазақ төңкерісі арқылы түбегейлі құлатып, бірақ сол империяның құрамында болған халықтарды жеке ұлттық республикаларға айналдырғанымен, іс жүзінде оларға саяси еркіндік бермеген большевиктер өкіметінің қоғамды «жат элементтерден» тазалау науқанын 30 жылдан аса уақыт жүргізгені белгілі. Неліктен бұлай болды?
– Иә, Кеңес өкіметі сөз жүзінде «әділдік», «теңдік» деп ұрандатқанымен, қоғамда өзгеше ойлайтын адамдарды жақтырмады. Оларға өздерінің айтқанына көніп, айдауына жүретін, тек өздері ұсынған идеологияның құлақкесті құлдары қажет болды. Ондайға көнбегеннің бәрін дұшпан санады. Ешқандай сынды қабылдамады. Саяси, мәдени, экономикалық процестерді өздерінің ғана қалауымен жүргізді. Сондықтан өздеріне кедергі келтіргендерді тек жоюмен айналысты.
Бір ғана, «Үлкен террор» аталатын сталиндік репрессия кезінде 1,7 миллионнан астам адам саяси айыптармен қамауға алынды. Оның 700 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Ал Қазақстанға келсек, 120 мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырады (тұтқындалды және сотталды), осы азаматтардың 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілді. Атап айту керек, біздегі жазаланғандардың көпшілігі сауатты адамдар. Ал қоғам дамуына зор пайдасын тигізетін интелектуал адамдардан айрылу орны толмас шығын...
– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтап, оларға тағылған айыптың негізсіздігін дәлелдеу бізде қалай жүрді деп ойлайсыз?
– Шынын айту керек, саяси ұстанымы үшін немесе көзқарасының өзгеше болғаны үшін қудалау науқаны Кеңес одағының барлық аймағында жүрді. Солай болса да, бұдан ең көп зардап шеккен қазақ елі болды деп айтуға болады. Қазақстанда 1920-1950 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тек жекелеген адамдарды емес, бүкіл халықтың әлеуметтік, мәдени және демографиялық құрылымын жоюға бағытталған жүйелі әрі қатігез процесс болды. Оның шындығы жарты ғасырдан аса уақыт бойы ашылмай, кейінгі ұрпақ кешегі күнге дейін одан хабарсыз өсті.
Бірақ Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін қудалау құрбанына айналған өз азаматтарының тағдырына басқаша қарап, олар туралы әділдікті қалпына келтіруге кірісті. 1993 жылғы 14 сәуiрдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» заң шығарды. Сол арқылы кеңестік тоталитарлық жүйе кезіндегі «халық жауы» атанған Алаш қайраткерлері және лагерь тұтқындарына қатысты сот үкімдерін жою ісі жүзеге асты. Одан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» және 2024 жылғы 3 қаңтарда «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы» Жарлығы шықты. Міне, осы құжаттар негізінде қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, оларға қатысты саяси тұрғыдан әділ шешім шығару жұмыстары жүргізіліп, бұрын құпия саналып келген архивтік құжаттардың құпиялылығы алынып тасталды. Соның арқасында жүзеге асқан үлкен істің бірі – «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық кітап. Ол кітапты шығару үшін 425 отандық ғалым үш жыл бойы архивтерді ақтарып, 700 мыңға жуық іс материалын жинап, сұрыптап, ғылыми түсініктеме жазған. Бұл жұмыс алда да жалғаса беретін болады.
Айта кету керек, бұл жайында біздің баспасөзде өте көп материал жарияланды, кітаптар шықты. Қазіргі күнде халық қуғын-сүргін құрбандары туралы шындықты біршама толық білетін деңгейге жетті.
– Қазақ тарихындағы ең жанды ауыртатын кезеңнің бірі өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық қой. Сол ашаршылық қазақтың табиғи өсімін тежеген, тежеп қана қоймай кері кетірген ақтаңдақ мезет болды. Ашаршылық кезеңінде қазақтың жартысынан астамы қырылып қалды деген дерек айтылады. Аштықтан өлген кісілердің саны әр жерде әртүрлі аталады...
– Иә, отызыншы жылдардағы ашаршылық біздің халықтың басына төнген сұмдық нәубет болды. Көшпелі елді бірден отырықшылыққа көшіремін деп, күштеп ұжымдастырып, оның үстіне бар малын тартып алған соң қазақ халқы ашаршылыққа ұшырап, жартысынан астамы қырылып кетті. Бұл тұтас бір ұлт үшін жойылып кету қаупін тудырған қасірет еді. Соның себебінен өз отанымызда азшылыққа айналдық, мүлде орыстанып кете жаздадық. Оның зардабы тәуелсіздік алғаннан кейін де біраз жыл байқалды.
Ал енді сұрағыңызға жауап берер болсам, Қазақстандағы ашаршылық жылдары өлгендердің саны туралы әртүрлі деректер бар, мысалы «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» аштық құрбандары туралы 1926, 1937 жылдардағы халық санағында олқылықтар жіберілгені, соның салдарынан ашаршылықтағы адам шығыны дәл анықтауға кедергі келтіріп, әртүрлі пікірлердің өрістеуіне себеп болғаны әділ атап өтіледі және 1931-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2 млн 200 мың адамнан асып түсті делінді. Баспасөз беттерінде 2,5 млн («Алтын Орда» газеті 9 ақпан, 2012), 3 млн («Алтын Орда» газеті, 2012), 3 млн 250 мың («Айқын» газеті, 7 сәуір, 2012), 2 млн 300 мың («Егемен Қазақстан», 25 сәуір, 2012), 2,7 млн («Айқын» газеті, 4 мамыр, 2012) адам деген мәліметтер көрсетіледі. Аштық нәубеті құрбандарының саны жайында терең зерттеліп, сараланған сайын көбеймесе, азаймайтын сияқты.
Қазақ елі бұл сұмдық ашаршылықпен үш дүркін бетпе-бет келді, яғни, 1917-1919, 1921-1923, 1931-1933 жылдары. Осы жылдары халқымыздың 4 миллионнан астамы ашаршылықтың тікелей құрбанына айналды, ықтимал табиғи өсімді есепке алғанда, еліміз айырылған боздақтар саны 10 млн адамнан асты.
– Ашаршылық құрбандарының саны неге бұлай әртүрлі көрсетіліп жүр?
– Оның себебі көп. Бастысы, Қазақстандағы аштық кезінде еліміде өлген адамдар туралы деректердің құпия сақталғаны. Мәселен, ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжат пен материал түрлі ведомостволардың қоймаларында қалдырылды. Ал олардың көпшілігі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі архивтерінде сақталуда. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы тарихына қатысты құжаттарды жинақтау және дайындау барысында ауыл шаруашылығын ұйымдастыру тарихына қатысты 5 мың құжат анықталды, соның ішінде 310 құжат жинаққа енгізілді. «Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926-1941гг.). Алма-Ата, 1967. - Т. I-II. – 957с.)» атты жинаққа енгізілген құжаттар қатарында қарарлар, бұйрықтар, шешімдер болатын. Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы өзгерістер мен жер-су реформаларының жүргізулері туралы құжаттар жинағы да баспадан шығарылды. Аталған құжаттық жинақтарға, өкінішке орай, 1930-1933 жылғы күшпен ұжымдастыру кезеңіндегі көптеген архивтік құжат енгізілмей қалды.
Дегенмен ел тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі, ұлы жұт аталған 1931-1932 жылдардағы аштық туралы мәліметтер 80-ші жылдардың ортасында бүкілодақтық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастады. Тарихшы ғалымдар архив қорларындағы құпия құжаттарды іздеп, зерттеп, саралап, көпшілік қауымға кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе кезіндегі ашаршылық туралы деректерді жариялай бастады.
– Жалпы, қазақ еліне зор адам шығынын әкелген ашаршылыққа не себеп болды деп ойлайсыз?
– Әлді шаруашылықтарды тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа алып келген жағдайдың алғы шарттарының бірі деп қарастыруға болады. 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдар шаруашылығын конфискациялау мен жер аудару» декреті қабылданды. Бұл декрет бойынша байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өздері отбасымен бірге жер аударуды. Конфескелеу туралы заң бойынша малы, дүние мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байлар мен жартылай феодалдардың қатарына көшпелі аудандарда малы 400-ден асатын (ірі қараға шаққанда), жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын, отырықшы жерлерде 150, кейде 100 малы бар сұлтандар мен хандардың ұрпақтары, ел билеген болыстар, атқамінерлер жатқызылды. Осы декрет негізінде сол жылдың күзінде қазақ өлкесінде 696 ірі бай, жартылай феодалдардың мал-мүлкі тәркіленіп, зорлықпен тартып алынды. Байларды тәркілеу үлкен зұлымдықпен аяусыз жүргізілді. Бір өкініштісі, байлардың қатарында солақай саясаттың нәтижесінде көптеген орта шаруа да қосылып кетіп, тәркілеуге ұшырады. Алайда байлардың алдымен жерін, одан соң малы мен ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын тартып алу тиісті нәтиже бермеді, керісінше кедей шаруаларды қатарға қосу ісі ұзаққа созылып кетті. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу барысында көптеген жағдайда адам құқы мен заңдылықтың өрескел бұзылуына жол берілді.
Қазақ байларын конфискациялау – ұлтты тұтасымен тақыр жерге отырғызу, ұлттық буржуазияның тамырына балта шабу, халықты тақыр кедейшілікке ұрындыру еді.
– Сіз Түркістан легионы туралы біраз зерттеу жүргіздіңіз ғой, Мұстафа Шоқай туралы да көп білесіз. Ол кісі қазақ даласындағы ашаршылық жайлы не дейді?
– Иә, шет елдерге Қазақстандағы ашаршылық туралы алғашқы дабыл қаққандардың бірі – Мұстафа Шоқай. М.Шоқайдың қазақтардың 1917 жылдан бастап жүйелі түрде ашаршылыққа ұшыратылуына арналған еңбектерінің орны ерекше. Оның 1921 жылдың 26 қарашасында «Последние новости» газетінде «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаласы жарық көрді. Қазақстанның көптеген ауданын қамтыған ашаршылық жөнінде кешеуілдетпей ақпарат жеткізіп отырды. Ол «1918 жылы бүкіл жаз бойы және 1918-1919 жылдың қысында Торғай, Орал және Закаспий облыстарындағы қазақтардың ортасында болып, Кеңес өкіметінің озбырлықтарын өз көзіммен көрдім, ашаршылықтың түпкі себебі – «қоғамдастыру», «тәркілеу» мен қазақ шаруаларының малдарын Қызыл Армияның пайдасына тартып алу» дейді. Мұның тағы бір дәлелі ретінде «Қазақтардың Ленинге хаты» деген құжатты келтіреді. Онда «қазақтарды індет кезінде және адам төзгісіз санитарлық жағдайда медициналық көмектен қағу – қисынсыз. Тіпті, бойымызға ілер киіміміз де жоқ, сондықтан әйелдеріміз сыртқа шығудан қалды. Ашаршылықтың жайлағаны сондай, адамдар иттің етін жеуге, балаларын сатуға дейін барды» делінеді. Мұстафа Шоқай қазақтардың қырғынға ұшырауын большевиктердің іс-әрекеттерінің салдары деп қарастырады.
Қазақтардың Кеңес өкіметі тұсында көріп отырған қорлықтары жөнінде хабарлар түрлі жолдармен М.Шоқайға жетіп тұрған. Мұстафа Шоқай 1922 жылдың 20 мамырындағы большевиктердің басты үнпарағы «Правда» газетінде жарық көрген Г.Сафаровтың мақаласындағы «1917, 1918, 1919 жылдары жерлерін тартып алу үшін орыс қоныстанушылары қазақтарды тірідей өртеді» деген сөздеріне талай рет сілтеме жасауы да біраз нәрсені аңғартса керек.
М.Шоқай Кеңес Одағындағы оқиғаларды жіті қадағалай отырып, ұжымдастыру барысында қазақтардың жаппай қырғынға ұшырауы туралы Лондонда тұратын танысы А.Байкаловқа хат жазады, басқа да орыс эмиграциясының жетекшілеріне, шетел қайраткерлеріне хабарлайды, бірнеше мақала жариялайды. 1934 жылы 15 шілдеде А.Байкалов М.Шоқайға хатын алғаны және онда көтерілген мәселелер бойынша біраз әрекеттер жасағаны туралы былай дейді: «Ашаршылық туралы мәліметіңіз үшін көп рахмет, мен оларды тиісті орындарға тапсырдым. Бұл мағлұматтар «Социальная лестница» журналының соңғы санында басылған хат-хабарларда, сондай-ақ «Обсервер» газетінің бүгінгі санындағы жанама тілшілерінің хатында толығымен расталды» (Мұстафа Шоқай Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық. –Алматы: «СаГа» баспасы, 2006. 1-том. 270 бет). Мұстафа ашаршылық туралы әлем жұртшылығының білуінің маңыздылығына, большевиктердің оны Еуропа жұртшылығынан жасыруға барлық шараларды қолданып жатқанына тоқталады. Ол бұл нәубет жалғыз қазақтарды ғана емес, бүкіл Ресейді қамтып отыр деген пікірде болды. М.Шоқай 30-жылдардағы ашаршылық нәубетінің ең алдымен қазақтардың басына төнгенін айтып, оны төңкеріске дейін қазақтардың жан басына шаққанда қанша малы болғаны, енді қанша малының қалғаны туралы статистикалық деректермен дәлелдейді.
– Архивтерде көп жұмыс істеген адам ретінде, сол кездегі ашаршылық куәларының жазбаларына көзіңіз түсті ме?
– Көп қой... Негізі, бүгінгілер аштыққа жартылай көшпелі болып жүрген халық ұшыраған деп түсінеді және одан қала халқы аман қалды, наразылық білдірмеді деп ойлайды. Ал шынына келгенде қалада, ауданда тұрып та аштан өлгендер аз болмаған, елдегі ашаршылыққа наразы болғандар да көп. Елде жайлаған аштық, қарапайым азаматтардың наразылығы жөніндегі мәліметтер Бірлескен Мемлекеттік Саяси Басқармасы (ОГПУ) тарапынан БКП (б) Қазақ Өлкелік Бақылау Комиссиясының Жұмысшы-Шаруа инспекциясына жіберіп отырған аса құпия оперативтік хабарларында көрсетілген. Енді солардың біразын жұрттың назарына ұсынайын.
Гурьевтік Ағаш ұстасы Анисимов: «Кооперация жарналық ақшаны жинауды ғана біледі, ал дүкендерде ештеңе жоқ. Май да, қант та, ет те, жарма да жоқ. Қалай өмір сүресің, олай өмір сүр. Ал асханада быламықпен тамақтандырады. Осы быламықты Сталинге беру керек. Мейлі айтсын, осыдан кейін қалай жұмыс жасау керек екенін. Ол бізді бесжылдықпен тойдыруды қоятын шығар. Біреуі сызады, қалғандары қолдайды. Алдағы бесжылдықтарда да біздерді өлуге мәжбүрлейді».
Еңбекшіқазақ ауданындағы «Өрнекті» колхозының мүшесі Асқар Бабаев Қарамыс каналындағы жасаған жұмысынан азық-түлік ала алмай, жұмысын тастап, ауылға қайтар жолда аштан өлген. «Ярославский» атындағы колхоздың мүшесі Анастасия Мищенко жиналған бір топ адамға «Бізді тонауда, әрі жұмыс жасауға мәжбүрлейді. Нан бермейді, себебі барлығымызды аштан өлтіру. Сондықтан ұра қазып, азық-түлікті сонда сақтайық. Бұл біздің құқымыз, оған ешкім тыйым сала алмайды» деген. «Буденный» атындағы колхоз мүшесі Федор Маскаленко: «Міне, осыған жеттік. Бір аптадан асты, аш жатырмын. Тамақ алатын жер жоқ. Колхоз басқармасы көмектен бас тартты. Тағы барамын. Бермесе балаларға шіріген картопқа сулема (медицинада қолданылатын хлорлы сынаптан жасалған улы ақ ұнтақ) қосып пісіріп беріп, өзім де, балалармен бірге о дүниеге аттанамын» деген сөзін біреулер тиісті орындарға жеткізген.
Аштық мәселесіне сол кезде білім алып жүрген жастар да бейтарап қарай алмаған. Мәселен, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті Исқақов: «Қазақстан формалды түрде колония емес, шындығында, патшалық Ресей тұсындағыдай Орталық Ресейдің колониясы болып қалып отыр. Барлық малды тартып алып, орталыққа жіберді. Қазақстан экономикасы БКП (б) басшылығымен деградацияға ұшырауда. Қазақ ауылының жағдайын білетін қызметкерлер жоқ. Байтұрсынов, Дулатов және т.б. сияқты қазақ қызметкерлерін қуып жіберді. 1928 жылға дейін Қазақстанда рулық құрылыс болды. Таптық құрылыс болған жоқ, ол керек те емес еді. Байлармен күресудің, конфискацияның да қажеттілігі жоқ болатын» десе, қызылордалық студент Макумов «Қоғамтану» сабағындағы «Мемлекеттің жойылуы» тақырыбын талқылау барысында: «Мемлекеттің жойылуын мына факт бойынша айтуға болады, бастапқыда 500 грамм нан берілді, сосын 300 грамм, артынан 200, одан соң 100 грамм. Осындай жағдайда біз біртіндеп өлеміз. Міне, мемлекет те осылай жойылады» деп ойын ашық білдірген. Сол сияқты, медициналық техникумының студенті Суховтың: «Қазақстан күн сайын өте шапшаң қарқынмен деградацияға ұшырауда» деген сөзі архивте сақталған.
Ашыққан адамдар өлмеу үшін ештеңеден тайынбайды ғой, архивте солар жайында да мәліметтер бар. Мысалы, 1932 жылдың 11 қазан күні Шымкентте қалалық электростансаның 10-15 жұмысшысы нанмен қамтамасыз етуді талап етіп, қалалық сауда орталығына келген. Алматы облысында 30 аш адам наубайханадан дүкендерге нан алып бара жатқан көлікке шабуыл жасаған. Гурьевте қала маңында 12 қазақ топтасып жарты қап құмаршық алып келе жатқан қазақтан тартып алып, өзін қылғындырып өлтірмекші болғанда, милицияның араласуымен ғана қылмыстың алды алынған.
Бүкіл елді жайлаған аштықтың себебінен жер-жерде адамдардың өкіметке қарсы сөз айтуы жиілеген.
– Өзіңіз айтып отырғандай, Қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылықтан қырылған халық туралы аз жазылған жоқ, әлі де жазу жалғасып жатыр. Ол туралы толық білу кейінгі ұрпаққа не береді деп ойлайсыз? Тәуелсіз мемлекетте алаңсыз өскендерге мұндай қасіретті тарих ауыр тимей ме?
– Өткенін ұмытқан ел болашағын болжай алмайды. Тарих – адамзаттың мәңгілік ұстазы, тек сол тарих шынайы жазылуға тиіс. ХХ ғасырда қазақ халқы кешкен қиындықтар ұлттық жан-жарамыз болса да, қандай қасіретті тарих болса ашық айтылуы қажет және оны әлем білуге тиіс. Бүгінгі тоқшылық кезеңінде ел басынан өткен мұндай нәубетті жас ұрпақ біліп өспесе болмайды. Себебі өткеннен сабақ алмаған елдің болашағы мықты болуы қиын. Халқының қандай қиын өткелдерден өткенін білмеген ұрпақтан отансүйгіштер де шықпайды.
Аштықта қырылған азаматтарымыздың тағдыры сұраусыз кетпеуі керек. Қазақ халқы «Ақтабан шұбырындыдан» кейін мұндай жойқын нәубетке ұшырап көрмеген болатын. Бүгінде одан әлем халқы хабардар деп ойлаймын. 1933-1934 жылдары Қазақстандағы ашаршылық зұлматы жөнінде шет елдердегі «Нью-Иорк Таймс», «Манчестр Гардиан», «Дейли Телеграф», «Нью-Иорк Геральд Трибюн», «Фигаро», «Стампо», «Матэн», «Нойе Цюрихер Цайтунг», «Газетт де Лозанн» сияқты басылымдарда жазылды. Сол сияқты, сталиндік репрессия машинасына түсіп кеткен интеллигенциямыз жайында да шет елдерде көптеген материал шыққан. Демек, өзгелер білгенді өзімізден неге жасыруымыз керек?
Кейінгі ұрпақ тарихты білсе, оның мәнін бойына сіңіріп өссе ғана елінің болашағын ойлайды, өткендегі қиындықтарға қайта ұрынбаудың жолын іздейді. Елін барлық жағынан күшейтуге ұмтылады, сол үшін еңбек етеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ