Қазақстанның болашағы туралы айтқанда, біз көбіне экономика, цифрландыру, инвестиция немесе геосаясат жайлы сөз қозғаймыз. Бірақ елдің ертеңін айқындайтын ең басты көрсеткіш – баланың жағдайы екені жиі назардан тыс қалып жатады. Себебі бүгінгі баланың денсаулығы, білімі, қауіпсіздігі мен мүмкіндігі – ертеңгі қоғамның сапасын анықтайтын негізгі өлшем. Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) 2025 жылғы есебі осы шындықты тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Біз осы мақаламызда аталған есепті шолып, маңызды тұстарына үңілдік. Сонымен қатар еліміздегі балаларға қатысты мемлекет саясатына тоқталып өттік.
Аш бала тоқ баламен ойнамайды
Кейінгі жылдары Қазақстан балалар саясатына қатысты ауқымды реформаларға кірісті. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, цифрлық қауіпсіздік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу салаларында жаңа бастамалар қолға алынды. Мемлекет бытыраңқы шешімдерден жүйелі әрі құқыққа негізделген саясатқа көшуге талпынып отыр. Бір қарағанда, жағдай жаман емес. Ел экономикасы өсіп келеді. ЖІӨ 6,3 пайызға артқан. Инвестиция көлемі де ұлғайған. Гендерлік теңсіздік индексінде Қазақстан 172 елдің ішінде 50-орынға көтерілген. Нәресте өлімі азайып, мектептегі тамақтану жүйесі жаңарып жатыр. Миллионнан астам бала жақсартылған әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Алайда осы өсімнің көлеңкесінде елеусіз қалып отырған шындықтар бар.
2025 жылы Қазақстандағы балалардың 7,2 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүрген. Ауылдағы балалар арасындағы кедейлік деңгейі тіпті 10 пайызға жеткен. Әсіресе, табысы төмен отбасылардағы балалар сапалы білім мен мектепке дейінгі тәрбиеге қол жеткізуде қиындық көруде. Бай мен кедейдің арасындағы алшақтық ең алдымен баланың тағдырынан байқалады. Ауқатты отбасындағы бала балабақшаға барып, дамытушы орталықтарға қатысып, цифрлық технологияны еркін қолданса, ауылдағы немесе әлеуметтік осал отбасындағы бала кейде таза ауызсуға, интернетке, тіпті қарапайым дамытушы ортаға толық қол жеткізе алмай отырған жағдайлар бар.
Туу көрсеткіші төмендеп барады
Қазақстанда соңғы он жыл ішінде балалар саны 1,5 миллионға артты. Бүгінде елде 6,9 миллионға жуық бала өмір сүріп жатыр. Бұл – халықтың үштен бірі. Бірнеше жылдан бері жаңа туған сәбилердің саны азайып барады: 2021 жылы 446,5 мың, 2022 жылы 403,9 мың, 2023 жылы 388,4 мың, ал 2024 жылы 365,9 мың сәби дүниеге келді. Елде кейінгі жылдары бала туу көрсеткішінің төмендеуі тұрақты сипат алуда. Туу коэффициенті халықтың әр 1 000 адамға шаққандағы туу көрсеткіші де төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 15,4, ал бір жыл бұрын 18,3 болды. БҰҰ-ның болжамды деректеріне сәйкес алдағы он жылда Қазақстандағы туу көрсеткіші одан әрі төмендей беруі мүмкін. Сарапшылар берген баға бойынша 2024 жылы Қазақстанда туу коэффициенті
1 000 адамға шаққанда 19,5 құрады, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 000 адамға шаққанда 19 нәрестеге дейін азайған. 2034 жылға дейін туу деңгейі біртіндеп тұрақты түрде төмендеп, 17,6-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Демек, егер Қазақстан тиімді шаралар қабылдамаса, еліміз елеулі демографиялық қиындықтарға тап болуы мүмкін.
«Қазақстан балалары» сайтында берілген деректерге сәйкес туу көрсеткішінің төмендеуінің басты себептерінің бірі – елдегі экономикалық жағдай. Тұрғын үй, білім беру және медициналық қызметтердің қымбаттауы себебінен бала өсіру отбасыларға ауыр соғуда. Көптеген отбасы қаржылық жағдайлары тұрақталғанша, бала сүюді кейінге шегеріп қояды. Бұған қоса әлеуметтік ұстанымдар да өзгерді. Мәселен, көптеген жас отбасын құруды кейінге қалдырып, мансап пен өзін-өзі дамытуды таңдайды. Әйелдер алдымен жоғары білім алып, кәсіби жетістікке жетуді жөн көріп, содан кейін ғана бала сүю туралы ойланатын болды.
Есептің ең ауыр бөлімдерінің бірі – жасөспірімдердің психикалық денсаулығына қатысты деректер. Қазақстандағы жасөспірімдердің 16,6 пайызы депрессия немесе төмен психологиялық әл-ауқат белгілерін көрсеткен. Ал суицид әлі де 10-24 жас аралығындағы жастар өлімінің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Осы ретте ЮНИСЕФ пен Үкімет мектептердегі буллинг пен суицидтің алдын алуға бағытталған ұлттық жоспар әзірлеп жатыр. Психологиялық қызметтер күшейтілуде. Бірақ ең маңызды өзгеріс – қоғамның санасында болуға тиіс. Баланың жан жарасын байқамаған қоғам ертең үлкен әлеуметтік дағдарысқа тап болуы мүмкін.
«Қазақстан балалары»
Жоғарыдағы біз келтірген есептер мемлекеттің кешенді жұмыс істеу керек екенін меңзегендей. Себебі көп жыл бойы балаларға қатысты саясат түрлі министрліктер мен бағдарламалардың арасында шашыраңқы күйде келді. Бір ведомство білім мәселесін көтерсе, екіншісі денсаулықты, үшіншісі әлеуметтік қорғауды қарастырды. Бірақ бала тағдыры бөлшектенбейді. Биыл 27 қаңтарда Үкімет отырысында бекітілген «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы – осы бағыттағы ең ауқымды құжаттардың бірі болды. Енді мемлекет алғаш рет баланың өмірін кешенді түрде қарастыруға көшіп отыр. Құжат алғаш рет балалардың қауіпсіздігі, білім алуы, денсаулығы, әлеуметтік қорғалуы мен отбасы институтына қатысты барлық мемлекеттік іс-шараларды бір жүйеге біріктірді. Бұл жай ғана кезекті бағдарлама емес. Бұл – елдің болашағына қатысты стратегиялық құжат.
Құжат төрт негізгі бағытты қамтып отыр. Атап айтсақ, балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алу құқығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау. Тұжырымдаманың орындалуы 158 нақты іс-шара арқылы жүзеге асады. Оның тиімділігі 10 негізгі индикатор бойынша бағаланады.
Мәселен, қазіргі қоғамдағы ең ауыр мәселелердің бірі – балаларға қатысты зорлық-зомбылық. Кейінгі жылдары елде тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, кибербуллинг пен жасөспірімдер арасындағы психологиялық дағдарыстар жиілеп кеткені жасырын емес. Әсіресе, әлеуметтік желінің ықпалы күшейген сайын баланың психикасына түсетін салмақ арта түсті. Осыған байланысты жаңа тұжырымдамада қауіпсіздік мәселесіне ерекше басымдық берілген. Елімізде бүгінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген. «111» байланыс орталығы іске қосылған. Бұл – маңызды бастамалар. Алайда мәселенің ауқымы мұнымен шектелмейді. Құжат аясында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын кеңейту, тәуекелдерді ерте анықтайтын цифрлық құралдарды енгізу, психологиялық сүйемелдеуді күшейту жоспарланған.
Түйін:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды», – деген еді. Демек, бұл тұрғыда мемлекеттің балалар алдындағы атқарар шаруасы мен жауапкершілігі ауқымды. Жаңа қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар өз нәтижесін береді деп сенеміз.
Наурызбек САРША