Қазақстан-Ресей серіктестігінің жаңа басымдықтары: Еуразиялық экономикалық форум контексінде

/
Қазақстан-Ресей серіктестігінің жаңа басымдықтары: Еуразиялық экономикалық форум контексінде

Халықаралық қатынастар жүйесі соңғы бірнеше жылда бұрын-соңды болмаған өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Әлемдік саясаттағы күш орталықтарының қайта қалыптасуы, жаһандық экономиканың фрагментациясы, технологиялық бәсекенің күшеюі және қауіпсіздік мәселелерінің күрделене түсуі мемлекеттердің сыртқы саяси стратегиясына жаңа талаптар қойып отыр. Осындай жағдайда Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары тек екіжақты қатынастар шеңберіндегі оқиға емес, Еуразиялық кеңістіктегі қазіргі саяси және экономикалық үрдістерді бағалауға мүмкіндік беретін маңызды оқиға ретінде қарастырылуға тиіс, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көп жағдайда халықаралық саясаттағы маңызды кездесулер олардың хаттамалық рәсімдерімен немесе қол қойылған құжаттардың санымен бағаланады. Алайда мемлекетаралық қатынастардың шынайы мазмұны көбіне саяси сигналдардан, стратегиялық басымдықтардан және ұзақ мерзімді мақсаттардан көрінеді. Астанадағы келіссөздердің басты ерекшелігі де осында болды.

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап сыртқы саясатта теңгерімді және прагматикалық бағыт ұстанып келеді. Бұл ұстаным әртүрлі кезеңдерде түрліше бағаланғанымен, бүгінгі күні оның өміршеңдігі мен тиімділігі айқын көрініп отыр. Қазіргі әлемде көптеген мемлекеттер геосаяси қарама-қайшылықтардың арасында таңдау жасауға мәжбүр болса, Қазақстан ұлттық мүдделерге негізделген көпвекторлы саясатты сақтап қалды. Бұл – кездейсоқ жетістік емес, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дипломатиялық мәдениеттің нәтижесі.

Ресей Қазақстанның ең ірі көршісі ғана емес, сондай-ақ тарихи, экономикалық және гуманитарлық тұрғыдан тығыз байланысқан мемлекеттердің бірі. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараның болуы, өнеркәсіптік кооперацияның қалыптасқан жүйесі, көлік инфрақұрылымының өзара байланысы және миллиондаған адамдар арасындағы адами қатынастар екі елдің қарым-қатынасына ерекше сипат береді. Сондықтан Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты жекелеген саяси оқиғалар немесе қысқа мерзімді конъюнктура арқылы бағалау жеткіліксіз.

Бүгінде Қазақстан–Ресей қатынастары жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Егер бұрын екіжақты күн тәртібінде негізінен сауда, энергетика немесе қауіпсіздік мәселелері басым болса, қазіргі жағдайда технологиялық даму, цифрландыру, жасанды интеллект, логистика және адами капитал мәселелері алдыңғы қатарға шыға бастады.

Сапар барысында талқыланған мәселелердің ауқымы дәл осы өзгерістерді көрсетті. Энергетика бұрынғысынша маңызды бағыт болып қала береді. Мұнай мен газ саласындағы ынтымақтастық, транзиттік инфрақұрылым, өнеркәсіптік жобалар екі мемлекеттің экономикалық байланыстарының негізін құрайды. Дегенмен қазіргі жағдай энергетикалық серіктестікті тек табиғи ресурстармен байланысты қарастырудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі күні энергетикалық қауіпсіздік ұғымы технологиялық тәуелсіздікпен, инфрақұрылымдық тұрақтылықпен және инновациялық шешімдермен тығыз байланысты.

Осы тұрғыдан алғанда атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, атом энергетикасы тек электр энергиясын өндіру құралы емес, ғылыми-технологиялық әлеуетті дамытудың, инженерлік мектептерді қалыптастырудың және жоғары технологиялық өндірістерді ілгерілетудің маңызды факторы болып табылады. Сондықтан бұл саладағы кез келген жоба ұзақ мерзімді стратегиялық мәнге ие.

Келіссөздердің тағы бір маңызды бағыты – көлік және логистика мәселелері болды. Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі көбіне олардың географиялық орналасуына емес, сол артықшылықтарды қаншалықты тиімді пайдалана алуына байланысты. Қазақстанның Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы елге ерекше мүмкіндік береді. Бірақ бұл мүмкіндікті нақты экономикалық нәтижеге айналдыру үшін заманауи инфрақұрылым, тиімді логистика және халықаралық серіктестік қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары