Ауылдық жерлерде жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші қаламен салыстырғанда екі есе жоғары. Жыл сайын кәмелетке толмаған мыңдаған қыздың тағдыры күрт өзгереді. Олардың бірі сақтану жолдарын білмесе, енді бірі ерте неке құруға мәжбүр. ЮНИСЕФ пен сарапшылардың соңғы зерттеулері бұл үрдістің артында үлкен әлеуметтік-экономикалық теңсіздік пен репродуктивті сауатсыздық тұрғанын ашық көрсетіп отыр.
Ауыл мен қала арасындағы алшақтық
Статистикалық мәліметтер жасөспірімдер жүктілігінің географиялық тұрғыдан әркелкі екенін көрсетеді. Ауылдық жерлерде ерте жүктілік пен туу көрсеткіші қалаға қарағанда едәуір жоғары. 15-19 жас аралығындағы мың қызға шаққанда туу коэффициенті қалалық жерде орташа есеппен 15,3 болса, ауылда бұл көрсеткіш 25,9-ға жетеді.
Өткен айда сарапшылар мен құзырлы органдар еліміздегі жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен туу көрсеткіштері бойынша ең соңғы мәліметті жариялады. Бұл деректер өткен жылдардың (2024-2025 жж.) нақты статистикасын көрсетеді. Ол бойынша 15 пен 19 жас аралығындағы әр мың қызға шаққанда туу көрсеткіші орташа есеппен 12,96-ны құраған. Яғни, осы жастағы мың қыздың ішінен шамамен 13-і ана атанған.
Қазақстанда статистика екі топ бойынша бөлек жүргізіледі. 15-17 жас (негізгі топ) және 14 жасқа дейінгі балалар. Елімізде жыл сайын 14 жасқа толмаған (7-8 сынып оқушылары) 6-дан 9-ға дейін қыз баланың жүкті болуы немесе босануы сияқты шетін жағдайлар тіркеледі.
Елімізде 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздардың жүктілігі Маңғыстау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстарында өте жиі кездеседі. Аталған өңірлерде бұл жас санатындағы бала туу деңгейі ел бойынша орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары болып отыр. Әсіресе, Жамбыл мен Маңғыстау облысы жас-өспірімдер жүктілігі ең жиі тіркелген аймақтардың көшін бастап тұр. Атап айтар болсақ, Жамбыл облысында әр мың жасөспірім қыздың 20-ға жуығы (19,67) босанған. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Маңғыстау облысында әр мың жасөспірім қыздың 19-ға жуығы (18,87) ана атанған. Ал Түркістан облысында әр мың жасөспірім қыздың 18-19-ы (18,51) босанған.
Ерте жүктілік мәселесі Ақтөбеде де ушығып тұр. Тек өткен жылдың өзінде ғана аймақта 99 жасөспірім қыздың жүктілігі ресми түрде тіркелген. Мұндағы жас аналардың басым бөлігі 17-18 жас аралығындағы бойжеткендер болса, ең жасы 14-те. Мамандар болса ата-аналардың мәселені өте кеш байқайтынын айтады. Бұған көбінесе отбасындағы ашық әңгіменің жоқтығы себеп болып отырғаны жасырын емес. Қыз бала жүкті болып қалған жағдайда, ең бірінші «ата-анам жазалайды», «жұртқа күлкі боламыз» деген қорқынышпен оны соңғы айларға дейін жасырады. Соның салдарынан, жасөспірімдер арасындағы жүктілік жағдайларының басым көпшілігі, яғни 97-98 пайызы босанумен аяқталады. Тек саусақпен санарлық оқиғаларда ғана, оның өзінде нақты медициналық көрсеткіштер мен денсаулыққа төнген қауіпке байланысты жүктілікті ерте кезеңде тоқтатуға тура келеді.

Оңтүстік пен батыс аймақтарда дәстүрлі құндылықтар мен патриархалдық қоғам қалыптасқан. Бұл бір жағынан жақсы болғанымен, екінші жағынан бұл өңірлерде жыныстық сауаттылық мәселесі тыйым салынған тақырып. Еліміздегі мамандар бұл тенденцияны тек медициналық емес, ең алдымен әлеуметтік мәселе деп бағалайды. Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен баланы қорғау департаментінің аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова бұл жағдайға қатысты: «Біз жағдайды осы жас тобына шаққандағы көрсеткішпен бағалаймыз. Өңірлер арасындағы айырмашылықтар әлеуметтік және мәдени факторларға байланысты», – деп мәлімдеді.
Себеп пен салдар
Бұл жағдайдың тағы бір әлеуметтік қыры – өмірге келген нәрестелердің тағдыры. Облыста өткен жылы босанған жас аналардың ішінен тек бір сәби ғана уақытша «Үміт» балалар үйіне орналастырылған. Қуантарлығы, қалған балалардың бәрі тағдыр тәлкегіне түспей, өз отбасыларында, туыстарының ортасында тәрбиеленіп жатыр. Дегенмен бұл көрсеткіштер қоғамдағы жыныстық тәрбие мен отбасылық құндылықтар мәселесін қайта қарау қажеттігін ескертеді.
Мамандар мен БҰҰ-ның Халық қоныстану саласындағы қоры (UNFPA) жүргізген зерттеулер ерте жүктіліктің үш себебін атайды. Біріншісі, репродуктивті сауаттылықтың төмендігі. Жасөспірімдердің жүктіліктің салдары, сақтану жолдары туралы білімі таяз. Екіншісі, контрацепциялардың қолжетімді болмауы. Сауалнамалар бойынша тұрақты жыныстық қатынасқа түсетін жасөспірімдердің 20 пайыздан азы ғана қорғаныс құралдарын тұрақты пайдаланады. Кішігірім ауылдар мен аудандарда жастар қоғамдық айыптаудан қорқып, дәріханалардан сақтану құралдарын сатып алуға қысылады. Үшіншісі, әлеуметтік-экономикалық жағдай. Білім деңгейі немесе отбасылық табысы төмен ортада ерте жүктілік пен ерте некеге тұру оқиғалары жиірек кездеседі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары жасөспірімдер жүктілігінің тағы бір себебі ретінде қыздың кәмелетке толмай тұрып тұрмысқа шығуын алға тартады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 123,6 мың жұп ресми некесін қиған. Кәмелетке толмаған 616 қыз және 16,8 мың 18-19 жастағы бойжеткен тұрмысқа шыққан. Некеге тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім ұлдардың саны небәрі 64 адам. Бұл қыздар арасындағы көрсеткіштен 10 есе аз.
Айта кетерлік жайт, аталған сандардың ішінде 18 жасқа толмаған 2 қыз және 18-19 жастағы 80 бойжеткен ажырасып, тағы да тұрмысқа шыққан.
Ал ер жігіттер арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Екінші мәрте некеге тұрғандардың саны небәрі 7-еу және олардың барлығы кәмелетке толған. Бұдан жасөспірім қыздардың көбіне өз қатарластарына емес, өздерінен әлдеқайда үлкен ер адамдарға тұрмысқа шығатынын немесе солардың зорлық-зомбылығына душар болатынын байқауға болады.
ДДҰ-ның жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алу және қыздардың денсаулығын нығайту жөніндегі нұсқаулығында: «Ерте жүктілік қыздардың білім алу мүмкіндігін шектеп, әлеуметтік байланысы мен жұмысқа орналасуына кері әсерін тигізіп, ұрпақтар арасындағы кедейліктің тұйық шеңберін тудырады, ал оны үзу өте қиынға соғады. Сондай-ақ ол денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді, соның ішінде инфекция жұқтырға, мерзімінен бұрын босануға, сонымен қатар лайықты жағдайда қауіпсіз көмек алуға кедергі келтіретін ерекше факторларға байланысты абортты қауіпсіз емес жағдайда жасаудан туындайтын асқынуларға жиі әкеп соғады.
Ерте жүктіліктің себептері сан алуан және олар тығыз байланысты: гендердік теңсіздік, кедейлік, мүмкіндіктердің жоқтығы және сексуалдық әрі репродуктивтік денсаулықты қорғаудың қолжетімсіздігі. Ерте жүктілік пен ерте некеге тұрудың арасындағы өзара байланыс анық байқалады: табысы төмен және орташа елдердегі жасөспірімдер арасындағы әр 10 босанудың 9-ы – 18 жасқа толмай тұрмысқа шыққан қыздарға тиесілі», – деп жазылған.
Жүктілік көрсеткіші жоғары, туу төмен
Ерте жүктіліктің аймақтардағы көрсеткіші жоғары болғанымен, елдегі жалпы туу көрсеткіші біршама төмендеген. Ұлттық статистика бюроның дерегінше, 2024 жылы туу деңгейі 18,2 пайызды құраған, бұл – соңғы жылдардағы ең төмен көрсеткіш. Мамандар мұның тосыннан болған құбылыс емес, табиғи заңдылық екенін айтады. Шәкизат Халықованың пайымдауынша, бұл 2000-жылдардың басындағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыстармен тікелей байланысты. Сол кезде туу көрсеткіші төмен болғандықтан, қазір сол буын өкілдері отбасын құрып жатыр.
Жалпы, ерте жүктілік дегеніміз 18 жасқа дейін болады. Жасөспірімдердің дамуы әртүрлі болатындықтан ерте жүктілікке жасөспірім физиологиялық тұрғыдан дайын болмаса, соңы ауыр асқынуларға апаруы мүмкін. Өйткені дүние жүзі бойынша ерте жүктілік кезінде жаңа туған нәрестелердің өлімі де, жас аналар арасында өлім көрсеткіштері де жоғары.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ата-ана мен балалар арасында сенімді қарым-қатынас болуы керек дейді мамандар. Үлкендер «тыйым салынған» тақырыпта сөйлесуге уақыт бөлуі керек. Бұл тек қыздардың ата-аналарына қатысты мәселе емес. Мұндай түсіндіру жұмыстары ұлдарға да өте қажет. Өйткені жауапкершілік екі жаққа тең. Алайда ерте жүктілікті қоғам болып айыптау, «ұят» мәселесі тек қыз балаға ғана бағытталып, ер адамдар жауапкершіліктен заң жүзінде де, моральдық тұрғыдан да сытылып шығып кетіп жатады.
Жүктілік кезінде жасөспірімнің және ата-анасының алдында екі ғана жол тұрады. Бірі – баланы өмірге әкелу, екіншісі – жүктілікті тоқтату. Екеуі де оңай шешім емес, жүгі ауыр. Алайда түсік жасату болашақта ана болу бақытынан айыруы мүмкін екенін ескерсек, ерте ана атану әлдеқайда жақсы екені даусыз. Ал түсік жасатқан қыздардың психикасы біршама зардап шегеді, олар депрессияға, мазасыздыққа, өзін кінәлауға бейім келеді. Мұндай психологиялық ауыртпалық ағзаның гормоналды, физиологиялық, вегетативті жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, сүт безі қатерлі ісігіне шалдықтырады. Ең қауіптісі, жүкті жасөспірім қыздар өз-өзіне қол жұмсау туралы қатарластарына қарағанда жеті есе көп ойланады екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жыл сайын табысы төмен және орташа елдерде 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады. Ұйым мамандары 15 пен 19 жас аралығындағы қыздардың өліміне әкелетін негізгі себептердің бірі ерте жүктілік пен босану кезіндегі қиындық екенін айтып дабыл қағып отыр.
Ерте жүктілікпен қатар айтылатын кәмелетке толмағандар арасындағы неке саны біршама азайған. Қазір елдегі жалпы некелердің 0,28 пайызын ғана құрайды. Дегенмен бұл мәселенің де гендерлік сипаты басым. Бір жыл ішінде 583 кәмелетке толмаған қыз бала ресми некеге тұрса, ер балалар арасында бұл көрсеткіш небәрі 61-ді құраған.
Бүгінде репродуктивті жастағы әйелдер қауымының жалпы саны 4,8 миллион, оның ішінде шамамен 1 миллионға жуығы – 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Демек, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен ұлттық демографиялық қауіпсіздік мәселесі дәл осы өсіп келе жатқан жас-тар арасындағы репродуктивті мәдениетті дұрыс қалыптастыруға тікелей тәуелді.
Ерте жүктілік азайғанымен, жасөспірімдердің жыныстық өмірді бастау жасы өзгерген жоқ. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы алғашқы жыныстық қатынастың орташа жасы – 16,5 жас. Бұл көрсеткіш ерте жыныстық белсенділік пен оның салдарына алаңдаушылық тудырып отыр.
P.S. Елімізде қазір үлкен парадокс орын алуда. Бір жағынан, 2000-жылдардың басында дағдарысқа байланысты жалпы туу көрсеткіші құлдыраса, екінші жағынан, бедеулік дерті (29 мың әйел) белең алып тұр. Осындай демографиялық қысым кезінде, қолда бар 1 миллион жасөспірім қыздың репродуктивті денсаулығын қорғай алмау, олардың ерте жыныстық қатынас (16,5 жас) пен сәтсіз аборттар (немесе ерте босану) салдарынан денсаулығын құртуы – демографиялық әлеуетімізге үлкен соққы. Сондықтан жалаң тыйымдар мен «ұяттан» арылып, репродуктивті сауаттылықты мемлекеттік қауіпсіздік деңгейінде қолға алмасақ, ертеңгі күні сан жағынан да, сапа жағынан кері кетуіміз мүмкін...