Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Еуразия экономикалық форумына қатысу үшін Астанаға келген Кубаның Вице-Президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті. Тараптар парламентаралық байланысты нығайту, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды тереңдету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәртебелі мейманды қарсы алған Мәжіліс спикері Еуразия экономикалық одағының іс-шараларына белсене қатысқаны үшін Куба Вице-Президентіне алғысын білдірді. Ерлан Қошанов Қазақстан мен Кубаның дипломатиялық қарым-қатынасына биыл 34 жыл толатынын атап өтті. Куба – елімізде өз елшілігін ашқан және дипломатиялық өкілдігін Астанаға көшірген алғашқы мемлекеттің бірі.
– Біз екі ел арасындағы өзара сенімге негізделген қарым-қатынас пен қолдауды жоғары бағалаймыз. Мемлекеттеріміздің басшылары түрлі алаңдарда бірнеше рет кездесті. Біздің Президентіміз 1995 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде Гаванаға барғанының үлкен символдық мәні бар. Ал 2021 жылы Мемлекет басшысы ретінде Кубада Қазақстан Елшілігін ашу туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінде президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мигель Диас-Канель сенімді диалогты жалғастыруда, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, екіжақты байланысты нығайтуда парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Бұл ретте Қазақстан-Куба депутаттық достық топтары құрылып, заң шығару саласында тәжірибе алмасуды кеңейтудің, сондай-ақ парламентаралық ұйымдар аясында ықпалдастықты күшейтудің жоспары нақтыланған. Кездесуде Мәжіліс спикері Кубаның Ұлттық халық билігі Ассамблеясының төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Ерлан Қошанов Куба тарапына елімізде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер туралы мәлімет берді. Референдумда жаңа Халық Конституциясының қабылдануына ерекше назар аударылды. Азаматтардың жаңа сұраныстарын ескере отырып, Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруға бағдарланған Ата заң «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша биліктің барлық тармағын қайта жаңғыртады. Сонымен қатар конституциялық реформа бір палаталы Парламентке – Құрылтайға көшуді, сондай-ақ Вице-Президент пен Қазақстан Халық Кеңесі институттарын құруды бекітті.

Өз кезегінде Сальвадор Вальдес Меса қонақжайлық танытқаны үшін Мәжіліс төрағасына алғыс білдірді. Куба Вице-Президенті Еуразия экономикалық форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және кең ауқымды өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берген атап өтті. Ол сондай-ақ бүгінде Қазақстанның даму қарқыны жоғары, заманауи әрі серпінді ілгерілеп келе жатқан мемлекет ретінде өз орнын сенімді түрде нығайтып отырғанын айтты. Куба Вице-Президентінің пікірінше, екі ел арасында серіктестікті одан әрі кеңейтудің әлеуеті зор.

Кездесу барысында тараптар сауда, инвестиция, білім беру, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастық жайын талқылады. Екі ел халықтарының мүддесі үшін шарттық-құқықтық базаны дәйекті түрде кеңейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.