Америкалық жазушы, аудармашы Жейк Завлацки жуырда ағартушы-ғалым, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» атты өлеңдер жинағын ағылшын тіліне аударып, жеке кітап ретінде жарыққа шығарды. Әйгілі Стэнфорд университетінде оқып жүргенінде магистрлік диссертациясын «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысын зерттеуге арнаған жейк төрт жылдан астам Баян-Өлгей, Бішкек, Астана қалаларында тұрып, Орталық Азия мәдениеті туралы өз бетінше зерттеу жүргізген. Осылайша, қазақ мәдениетіне қызыққан ол Ұлт ұстазының жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеуге бағытталған туындысын аударып, шетел оқырманына таныстыруды мақсат еткен. Бүгінде Сан-Диего университетінде оқытушылық қызмет атқарып қана қоймай, жеке шығармашылығын қатар алып жүрген Жейкке хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Қазақ мәдениетіне қалай қызыққаныңызды сұрамас бұрын, өнер тарихы мамандығына қалай келгеніңізді білгім келеді.
– Мен Сан-Диегоға жақын жерде орналасқан, жылқы, қой бағатын елді мекенде туып-өстім. Жасөспірім кезімде көлік жөндеумен айналыстым. Баскетболға қызығушылығым болды. Сөйтіп жүргенде мектепте білікті ұстаз сабақ беретін өнер тарихы курсына қатысып, бұл салаға қызығушылығым ауа бастады. Мектеп тәмәмдаған соң Сан-Диего университетінің Өнер тарихы мамандығына оқуға тапсырдым. Мұнда өнерге деген қызығушылығым тіптен арта түсті. Маған түрлі стиль, кезең мен суретшінің өмір жолын, сонымен қатар, туындылардың пайда болуына негіз болған тарихи контекстіні зерттеу қызығырақ болды. Сонымен қатар кампуста графикалық туындылар коллекциясымен жұмыс істеп жүріп, бұл салаға деген қызығушылығымды одан әрі арта түсті. Сондай-ақ түрлі пәнге, соның ішінде тарихқа, философияға, ағылшын әдебиетіне қатты қызыққандықтан, пәнаралық гуманитарлық ғылымдар бойынша қосымша мамандықта оқығым келді. Ақырында өнер тарихы және пәнаралық гуманитарлық ғылымдар маманы секілді екі мамандықты, одан бөлек, классикалық зерттеулер бойынша қосымша оқуды тағы тәмамдадым.
Мен қазақ мәдениеті туралы АҚШ-тан Моңғолияға аттанардан бірнеше күн бұрын Peace Corps бағдарламасының таныстыру жиналысына қатысқанға дейін ештеңе білмейтінмін. Сол жиында сөз алған баяндамашылардың бірі Моңғолияға баратын еріктілердің кейбірі ондағы қазақ көп шоғырланған аймақ – Баян-Өлгейге баратынын айтты. Жалпы, маған басқа елдегі этникалық аз топтардың шалғай өңірде қалай өмір сүретіні қызық әрі мен Моңғолияның ірі қалаларынан алыс мекенде, ауылдық жерде жұмыс істегім келді. Ақыр аяғында сәті түсіп, көп адам айтып жүрген сол Баян-Өлгейге барып, жұмыс істедім. Моңғолия қазақтарының Баян-Өлгей аймағын шынайы қазақы орта сақталған мекен ретінде сипаттайтыны мені қатты таңғалдырды. Олар Моңғолия КСРО құрамында болмағандықтан мұнда орыс мәдениеті басымдық алмағанын алға тартатын. Сол себепті олар мекеме түгілі, тіпті кез келген көшеде қазақша шүйіркелесіп тұрғандарды жиі көруге болатынын да жиі айтатын. Жергілікті тұрғындардың сөздерінен олардың жылдар өтсе де, қазақ мәдениетінің сақтаушысы екенін мақтан тұтатыны байқалатын, әрі олар төл мәдениетіне қызығушылық танытқан шетелдіктерге қуана, егжей-тегжей, бәрін жіті түсіндіретін. Барлық жердегідей айналаңда жақсы да, жаман да адамдар бар, бірақ мені әркез қазақтар мен моңғолдардың мейірімділігі таң-тамаша қылатын. Олар мені үйлеріне дәм татуға, мерекелерге және тойларға шақырып, ерекше қонақжайлық танытатыны өз алдына. Баян-Өлгей тұрғындарының мейірімінен бөлек, қазір ең қатты сағынатыным – қазы. Астана, Алматы және Бішкек қалаларында қазы жеп көрдім, бірақ Өлгейдің қазысы бәрінен дәмді еді!
– Fulbright Program аясында Қырғыз еліне баруыңызға және сонда жұмыс істеуіңізге не түрткі болды?
– Бұл ой Баян-Өлгейде тұрған кезде туындады. Кейбір тұрғындардың аяғын сылтып басып жүретінін байқаған соң мұның себебін досымнан сұрадым. Мен бұлай жүретіндерді АҚШ-та өте сирек көретінмін. Маған мұны ақсап басу деп түсіндірді. Кейін бұл мәселені зерттей келе, ақсап басу немесе ағылшынша Developmental dysplasia of the hip деп аталатын жамбас буынының дамымай қалуы/дисплазиясы көшпелі дәстүрлі қоғамда атап айтсақ, Солтүстік Американың байырғы халықтары, Скандинавиядағы саами бұғы бағушылары және Орталық Азия халықтарында жиірек кездесетінін білдім. Көптеген зерттеуде дәрігерлер мұны көшпелі мәдениетте қолданылатын бесікке бөлеу дәстүрімен байланыстырады. Сондықтан мен Қырғыз Республикасына барып, бесікке салу дәстүрінің мәнін зерттеуге қызығушылық таныттым.

– Астанаға арнайы келіп, қазақ тілінен сабақ алыпсыз. Жалпы, қазақшаны үйренуге қанша уақытыңыз кетті?
– Peace Corps ережесіне сай әр маман жіберілген елде үш айлық интенсивті тіл курсына қатысады. Сөйтіп Өлгейде моңғол тілін үйрендім. Ондағы тұрғындармен моңғол тілінде сөйлесе алсам да, жергілікті мәдениетті тереңірек түсіну үшін қазақ тілін үйрену маңыздырақ деп санадым. Бұл менің қазақ мәдениетіне деген ықыласымның айғағы ғана емес. Расында, қазақшаны шын жүректен үйренгім келді. Бұл істе ағылшыншаға судай жақын қазақ достарымның көмегі көп тиді. Олардан білмегенімді сұрап, білгенімді қайталай беретінмін. Жаңа сөз естіп қалсам, қалтамда жүретін қойын дәптерге дереу түртіп алып, сол күні кешке сол сөздің мағынасын міндетті түрде қарап шығатынмын. Менің сөздік қорым бай болды, бірақ грамматикам әрдайым «ақсайтын» еді. Fulbright бағдарламасы аяқталған соң жазда Астанаға келіп, Назарбаев университетінде шетелдіктермен бірге қазақ тілін оқыдым. Кейін Стэфонфорд университетіне оқуға түскенімде онда бір жыл бойы білікті маман Фатима Молдашованың жетекшілігімен қазақ тілін тағы оқыдым. Оқуды бітіргеннен кейін Мэдисондағы Висконсин университетінің CESSI бағдарламасына қатысып, тағы бір жаз бойы қазақ тілі курсына қатыстым. Есептеп қарасам, өз бетімше үйренгенім бар, ресми түрде оқығаным бар, жалпы саны қазақ тілін төрт жыл бойы оқыппын.
– Баян-Өлгей, Бішкек және Астанада төрт жылдан аса уақыт тұрған екенсіз. Орталық Азияны зерттеуіңізге осы қалалардың қайсысы ең үлкен ықпалын тигізді?
– Мәссаған... Меніңше, ең бастысы – менің бұл қалаларда жинаған тәжірибем бәрінен биік қоятын басымдықтарымды өзгертті. Неғұрлым көп жұмыс істесең, соғұрлым көп нәрсе сатып аласың дегенді алға тартатын америкалық мәдениетті бойына сіңіріп өскен адам ретінде мен қазақ және қырғыз мәдениетінде мүлде басқа құндылықтар жүйесін көрдім – Мұнда заттан гөрі адам маңыздырақ. Әлбетте, бұл барлық адамға бірдей қатысты емес. Әр мәдениетте қара басының қамын күйттейтін адамдар бар. Бірақ бұл қалаларда өткізген уақыт менің ойлау тәсілімді шынымен өзгертті. Қазір студенттеріме тілдің ақпаратты қабылдау туралы болжамымызды қалай өзгертетінін көрсету үшін қазақ тілін мысал ретінде қолданамын және оларға түркі тілдеріндегі ең қарапайым лингвистикалық ерекшелікті түсіндіремін. Қазақ тілінде сөйлем құрылымы бастауыш – толықтауыш – баяндауыш тәртібімен құрылады. Бұл құрылым батыстың «Мен (субъект) бір нәрсені объектіге жасаймын» деген ойлау моделінен мүлде бөлек. Ал мұнда керісінше, бастауыш пен толықтауыштың өзара байланысы мен жақындығы алдыңғы орынға шығады, ал етістік сөйлемнің соңында қойылады. Сондықтан мұнда бастысы әрекет емес, әрекетті жасайтындар арасындағы байланысқа басымдық беріледі. Орталық Азияда үш жыл өткізіп, түркі тілдерінде сөйлегеннен кейін менің санамда сілкініс орнап, ойым түбегейлі өзгерді десем болады. Ең қызығы, АҚШ-қа оралғаннан кейін ағылшынша жазудан біразға дейін шатасқаным бар. Өйткені мен ағылшын сөйлемін «қазақша ойлайтын» миым арқылы сүзгіден өткізетінмін. Шынымды айтсам, сол уақытта мүлде басқа адам болып өзгердім.

– Қазақ мәдениетінде сізге ең қатты ұнаған не нәрсе?
– Бұл қарапайым нәрсе сияқты көрінуі мүмкін, бірақ маған шай ішу мәдениеті ерекше ұнайтын. Бірде жұмыс күні әріптесімнің үйіне шай ішуге бардық. Сол кезде оған жұмыстан хабарласып, кеңсеге қашан келетінін сұрады. Ол болса «Қазір қолым бос емес, шай ішіп отырмын» деп жауап бергені есімде. Содан кейін біз асықпай-аптықпай, шамамен жарты сағаттай шай іштік. Маған шай ішу мәдениетінің басты дәстүр ретінде барлық нәрседен биік тұратыны ерекше әсер етті. Маған дәл осы тыныш сәт айрықша әсер қалдырды. Тыныштықта бірге отырған сол сәттерден маңызды ештеңе жоқ еді. Мұндай сәт жанға жылулық пен тыныштық сыйлайды.
– Стэнфорд университетінде оқып жүрген кезіңізде Әмен Қайдаровтың 1967 жылы шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты анимациялық фильмін талдап, «Аллегориялық Айдаһар: Қазақ ұлттық болмысына анимациялық көзқарас» атты мақала жазған екенсіз. Ғылыми жұмысыңызда дәл осы мультфильмге назар аударуыңызға не түрткі болды?
– Мен бұл фильмді алғаш рет Назарбаев университетінде қазақ тілі сабағында көрген едім. Сол кезде туындының көркемдік деңгейіне қатты таңғалған едім. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі – АҚШ анимациясына тән Дисней ықпалынан өзгеше, мүлде бөлек көркемдік дәстүрден бастау алғандай көрінді. Сөйтіп, бұл туынды ұзақ уақыт бойы есімнен кетпей қойды. Сондықтан Стэнфорд университетінде магистрлік диссертация жазу кезінде ойланбастан мұны бірден зерттеу тақырыбым ретінде таңдадым. Бұл мультфильм қазақ анимациясындағы алғашқы туындылардың бірі ретінде қазақ мәдениетінің сан қырлы элементтерін біртұтас визуалды «өрнекке» шебер тоғыстырады. Ал мұны талдау – өз алдына айрықша қызық процесс. Сонымен қатар бұл фильмнің терең моральдық мәні бар: бір ғана ізгі әрекет патшалардың өзін де тізе бүктіре алады, тіпті бұл жағдайда оларды өз сарайындағы тағынан да құлата алатын күшке ие.
– Бұл туындыны зерттеу барысында сізді ерекше әсерде қалдырған немесе есте сақталған ең мәнді факт қайсы?
– Мақаламның негізгі бөлігі фильмнің таза қазақ халық ертегісі екенін көрсететін түрлі тәсілдерді талдауға арналды. Бұл үшін мен қазақ мәдениетінің сан қырлы элементтерін жеке-жеке талдап, олардың біртұтас көркем жүйеге қалай тоғысатынын зерттедім. Маған қызық көрінген интерпретациялардың бірі – фильмді Хрущев кезеңіндегі саяси аллегория ретінде қарастыру. Әмен Қайдаров ешқашан революционер болмаған және жүйеге қарсы шыққан емес. Десе де ол өз заманының өзгеше ойлайтын суретшісі болған секілді. Мұны анық байқауға болады. Фильмде халықтың қанын сорып алуға тырысқан билік бейнесі сипатталады. Үш басты айдаһар патшасын Сталиннен кейінгі әлсіреген Кеңес билігінің символы ретінде қарастыруға болады. Әрине, бұл – менің интерпретациям, өйткені Қайдаров мұны ешқашан ашық айтпаған. Дегенмен фильмде оқырманды дәл осылай түсінуге ой тастайтын көркемдік және символдық белгілер бар.

– Жуырда Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағын ағылшын тіліне аударып, баспаға шығарғаныңыз туралы ғалым әріптестеріңіз әлеуметтік желіде жарыса жазды. Неліктен дәл осы жинақты таңдадыңыз?
– Мен қазақ мәдениетін танығалы бері Алаш Орда қозғалысына ерекше қызығушылық танытып келемін. Мен үшін олар – өз заманынан оза туған тұлғалар. Олардың қазақ ұлтының заманауи бейнесін ерте кезден-ақ елестетіп, қазақ мәдениетінің мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеруге күш салғаны мені тәнті қылады. Сол себептен мен осы қозғалысқа қатысқан жетекші қайраткерлердің бірінің шығармасын ағылшын тіліне аударуды мақсат еттім. Таңдауым «Маса» жинағына түсті, өйткені онда саяси-әлеуметтік идеялардың поэзияда қалай көрініс табатынын тереңірек түсінгім келді. Ахмет Байтұрсынұлы Қазақстанда өте танымал тұлға болғанымен, оның есімін Қазақстаннан тыс жерде онша көп адам білмейді. Сондықтан оның ең әйгілі поэтикалық жинағы – «Масаны» ағылшын тіліне аударып, қазақ әдебиетіне және қазақ тарихының сол маңызды кезеңіне қызығушылық танытатын шетел оқырманына оның шығармашылығын қолжетімді етуді жөн көрдім.
– Қазақ поэзиясын аударудың сіз үшін ең қиын тұсы не болды?
– Поэзияны аудару барысында бірқатар қиындықтар болды. Ахмет Байтұрсынұлының туындысында дәстүрлі сөйлем құрылымынан ауытқып, қазақ тілін шебер қолданып, ойды тамаша жеткізудің көркем тәсілдері көп қамтылған. Сонымен қатар ол шығармалар ертеректе жазылғандықтан, бүгінде қолданыстан шығып қалған архаизм сөздер мен кірме лексика жиі ұшырасады. Бұған қоса, мәтін әдеби қазақ тілінде жазылған, ал бұл ауызекі қазақшаны сөйлеуді үйренген оқырманға туындыны түсінуді қиындатады. Ағылшын тіліне аударудағы ең негізгі қиындық – синтаксистік құрылымды түбегейлі қайта құру қажеттілігі болды. Байтұрсынұлының өлеңдерінде сөйлем соңын етістікпен аяқтап, келесі жолмен ұйқастыруға мүмкіндік беретін тілдік ерекшеліктер кеңінен қолданылады. Ал ағылшын тілінде мұндай құрылымдық балама болмағандықтан, рифманы сақтау мүмкіндігінен бас тартуға тура келді.
Бірде мен бір аудармашының испан тілінен ағылшын тіліне аудару ісі туралы әдемі айтқанын естіп қалдым. Ол онда өлең жолдарының «музыкасын» сақтаудың маңызына баса мән береді. Испан мен ағылшын тілдері лингвистикалық тұрғыдан бір-біріне жақын. Ал ағылшын мен қазақ тілінің арасы едәуір алшақ. Ал мен аудармашы ретіндегі жұмысымды, шын мәнінде, электрлі араны қолданып, өлең жолдарын «кесіп», оларды толықтай қайта құрастыруға ұқсас процесс ретінде қарастырамын. Дегенмен аудару барысында түпнұсқаның негізгі идеясы мен ішкі әуезін сақтап қалуға барынша тырысамын.

– «Маса» сияқты шығармаларды ағылшын тіліне аудару неліктен маңызды деп ойлайсыз? Бұл туынды қазіргі оқырман үшін неліктен әлі де өзекті болып қала бермек?
– Мен үшін аударма – әлемге қазақ әдебиетін ашудың бір жолы. Қазақ, моңғол және қырғыз мәдениеттері менің бүгінгі болмысымның қалыптасуыма үлкен әсерін тигізді. Сондықтан қазақ әдебиетінің үздік туындыларын ағылшын тілінде сөйлейтін оқырманға жеткізіп, осылайша өз құрметімді көрсеткім келді. «Маса» жинағы – нағыз шедевр. Сондықтан оны Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр бұрышында зерттеп, бағалау керек. Мен кемі бір оқырман болсын, жинақтың аударма нұсқасын кездейсоқ оқып, ақырында қазақ әдебиетіне мен секілді сонша қызығып, Байтұрсынұлының еңбектерінен шынайы құндылық табады деп үміттенемін.
Меніңше, «Маса» жинағы – қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде айрықша өзекті. Мені Ахмет Байтұрсынұлының білім, сауаттылық, өзін-өзі басқару және ұлттық абырой мәселелерін табанды түрде көтеріп, сол мақсат жолында аянбай еңбек еткені тәнті етті. Алайда өзі оның толық жүзеге асқанын көре алған жоқ. Тарихта мұндай тұлғалар нағыз көшбасшылар ретінде бағаланады. Олар әділдік салтанат құрған әдемі әлемді жасауға талпынады, тіпті оны көріп үлгермейтінін білсе де. Бұл – масаның өмірінің артық тұсы мен ауыртпалығы. Осындай тұлғалар әр қоғамда, әр кезеңде аса қажет.
– Бүгінде қайда жұмыс атқарасыз? Алдағы уақытта қандай туындыны аудармақ ойыңыз бар?
– Қазір мен Сан-Диего университетінде ағылшынша шебер жазудан сабақ беріп жүрмін. Ал шығармашылық жобаларымды сөз етсем, күзде University Press of Mississippi баспасынан комикс суретші Денис Коуэннен алған сұхбаттар жинағым жарық көреді. Келесі жылы Rutgers University Press баспасынан Spawn комикс сериясына арналған ғылыми монографиям жарыққа шығады. Одан бөлек, қазір бірнеше комикс пен комикс авторлары туралы жобаларым дайын тұр. Десе де, алдағы уақытта аударма ісін қайта қолға алғым келеді. Өкініштісі сол, уақыт өте келе тілдік дағдыларым біртіндеп «көмескіленіп», солып бара жатқандай, сондықтан мұның алдағы жылдары жүзеге асуы неғайбыл.
Егер бір шығарманы таңдауға мүмкіндік берілсе, Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романын қуана-қуана аударар едім. Мүмкін, бірнеше жылдан кейін...
– Әңгімеңізге рахмет! Ерен еңбегіңізге және қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген құрметіңізге шын жүректен ризашылығымды білдіремін!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ