Бір сәт және бүкіл ғұмыр

/
Бір сәт және бүкіл ғұмыр
Фото: Шүкір Шахай

Сұлу ғұмыр кешті. Адал жар сүйді. Алтын асықтай үш ұл өсірді. Журналистикада жасын ойнатты. Қара өлеңде қанат қатайтты. 
Саз өнерінде сырлы әуен қалдырды. Әні де, сәні де өзгеше еді. Бірқалыпты һәм өнегелі өмір сүрді. Өзгелер секілді өзгермеді. Сол бір жылы жымиыс... 
Ал мінезі бар ғой, мінезі өте көркем-ді. Шыбынның шекесінен шертпейді. Торғайдың тұмсығынан түртпейді. Басқаға ұқсамайтын Бейбіт Құсанбек... Түйдей құрдас болса да, бізден екі жыл бұрын оқыды. Мектеп бітіре сала журфактың жалына жармасқан. 

Бірінші курсқа түскен жылғы күзде Кең­сайға барып, Мұқағалидың зира­тын іздедік. Малмандай су болып, жаң­бырға әбден малшынып, таптық-ау ақыры. Ол жылдарда журфак пен филфактың студенттері Мұқағалидың басына тағзым етіп қайтса, құдды бір қажылықтан кел­ген­дей көпке дейін күпініп жүретін. Алматыға табан іліктірген жас шайырлар Көлсайдан бұрын Кеңсайды жағалайтын. Сол жолғы тауға шыққан тобымыздың екпіні сұрапыл еді. Сұрапыл болмай енді... Бауыржан Үсе­нов, Светқали Нұржан, Қайрат Әлім­бе­ков, Мұратбек Оспанов... Өңкей төменгі курс­тың арасында үшінші курстың бір студенті бар. Ол – Бейбіт Құсанбек. Ұмытпасам, фил­фактан Абай Балажан да ерді-ау дей­мін. Бұлар біз секілді майда-пашақтарға ба­ғыт-бағдар беріп, жөн-жоба көрсетуге шық­са керек. Бейбітпен алғаш жақынырақ жүздескеніміз сол күн болар. 
Неге екенін білмеймін, оны курстастары «ба­лапан» деп атайтын. Бәлкім, оқуға түс­кен жылдары сары ауыз шөжеге ұқсап тұр­ды ма екен, қайдан білейік?! Бірақ біз па­қырдың дап-дардай үшінші курстың ұғымтал студентін «балапан» деуге аузымыз бармайтын. Бәрібір оның есейген шағында да «балапан» аты қалған жоқ.
Көкшенің сал-серілері секілді көрікті жі­гіт еді. Сұлу мұрты сүйкімді жүзін одан әрі ажарландырып тұрар-ды. Ал әуелетіп ән салғанын айтсаңызшы. Ақ домбыраны қол­ға алса, бебеулетіп жібереді. Университет қа­бырғасында өткен ақындар айтысына да та­лай рет қатысты. КазГУ-дің 50 жылды­ғын­да Светқали Нұржан екеуі сөз сайыс­тыр­ды. «Бізбенен айтыспай ма, қайда фил­­фак, Ба­сынан жіберейік сипап-сипап», – деп қа­мау терін шығарып, қодиланып, ортаға шыға келген Бейбітке филфактың дүлей ақыны Свет­қали өршелене ұмтылды. О, бұл бәсе­ке­ні көрген де арманда, көрмеген де ар­ман­да... Сойқан айтыс болды сол күні... Ал ер­теңі­не екеуі қалашықтың көк шалғынында түк болмағандай малдас құрып, әңгімелесіп отырды... Жын қуған журфак пен жыр қу­ған филфактың жарасымды сыйластығына қызықпайтын жан баласы жоқ еді ол кезде... 


Кейін Бейбітпен «Хабар» агенттігінде бірге қызмет істедік. Үйіріміз бір еді, үстеліміз қатар еді. Алғашқы перзент­те­рі­міз де бір мезгілде өмірге келді. Бала­ла­рын керемет жақсы көретін. «Хабардың» қабырғасында қызық пен шыжық көп-ті. Бейбіт тікелей эфирде екеуара сұхбат тү­рін­де өтетін «Дәуірнама» деген бағдарла­ма­ны жүргізді. Айтары жоқ, әбжіл теле­жур­налист. Тілдік қоры мол. Жеделдігіне жан ілес­пейді. 
Бірде «Дәуірнаманың» студиясына ол кез­де жұртқа әлі кең танылып үлгере қой­ма­ған жас әнші Тахмина Әшімбекова келді. Жай келмепті, жер түбіндегі Мальтада өт­кен халықаралық ән байқауынан бас жүлде алып кепті. Бейбіт соны сұхбаттасуға ша­қырған көрінеді. Тұйық мінезді Тахми­на­ның түрін көріп, «біз қауіп еткеннен айта­мыз» деп көңілдегі күдік-күмәнімізді аң­ғарттық. «Мына қыз тым жас қой, тікелей эфирдегі сұрақтарыңа шыдас бере ала ма өзі?», – дедік. Бейбіт бізге қарап әдемілеп бір жымиды да, асай-мүсейін тағынып, ал­шаң басып, студияға кіріп кетті.
Шынында да жарты сағаттық тікелей эфир сөзге жоқ адам үшін нағыз ақырза­ман... Уақыт шіркін қолтығынан алып, қара ағашқа байлап қойғандай, мүлде жылжы­май­ды-ау, жылжымайды. Ал ауыз жап­пай­тын, жағы сембейтін пендені сөзге тартсаң, отыз минут өзінен-өзі ортекедей орғып өте шы­ғады. Сонымен, «Дәуірнаманың» кезекті сұх­баты басталды. Кейінірек, талай көр­гені­мізде пысықтау көрінген Тахмина қыз сол жолы ашық әңгімеге есік ашпай қойды. Бас­пайды-ау, баспайды. Көңіл-күйі бол­ма­ды ма, әлде басқалай себептері бар ма, біл­мейміз ғой, Бейбіттің әдейі сағыздай со­зыңқырап қойған шұбалаңқы сауалдарын бір-ақ ауыз сөзбен қайырып жібереді де тымпиып отырады. «Тағы қандай сұра­ғыңыз бар?» дегендей тележурналистке күлімсірей қарайды. 
Эфирдің үш жылға бергісіз алғашқы үш-ақ минуты өтті. Ал Бейбіт тіке­лей эфирдің тізгінін қақпай жатып, төрт-бес бағдарламаға жарайтын сұрақтың бә­рін шетінен сиқап тастады. Пультте отыр­ған режиссердің көзі шапыраштанып кетті. Маңдайы тершіген Бейбіт енді сұрақтың аясын одан әрі кеңейтіп, құрмалас сөйлем­дер­ді көбейтіп, өзі көбірек сөйлемесе бол­май­тынын, әйтпесе сұхбаттың әбден шат­қаяқтап бара жатқанын бірден түсінді. Не істемек керек?! 
Сондағы оның қойған тағы бір күрделі, ащы ішектей шұбатылған сауалы мынау еді: «Тахмина, сіз бар ғой, алыс жерге, өзге мемлекетке барып, өнер көрсеттіңіз. Өнер көрсетіп қана қоймай, жетістікке жетіп, жүлде алып қайттыңыз. Бұл жеңіс сізге оңайлықпен келмегені анық. Арнайы ба­рып, сахнасынан ән салып, биікті бағын­дырып оралған еліңізге жұрт дүние жүзінің мемлекеттерінен жиналатыны белгілі. Сол Мальтаға біздің қазақ топырағынан да талайдың жолы түсуі мүмкін ғой. Осы елде жүргенде отандастарыңызбен кездесе алдыңыз ба? Яғни, сізге осы сапарыңызда, не конкурс өтетін ғимаратта болсын, не­месе сахнада болсын, тіпті болмаса қала­ның көшелерінде болсын, қазақстандық­тар­мен жүздесудің сәті түсті ме?». 
Бейбіт осындай бір құлаш сұрағын қойып, айтып ауыз жиғанша болған жоқ, Тах­мина қыз жанары жарқ-жұрқ етіп бір жымиды да, «Е, жоға...», – деді ғой... Болды. Бекеңнің екі беті қып-қызыл... Бірақ өз мінезін өзі тез ауыздықтап, лып еткен эмоциясын лезде тежеп, мығымдалып алды да өйтіп-бүйтіп, өзі сөйлеп, өзі қойып, түр­лі тәсіл қолданып, құзға құлағалы тұрған сұбхатты жар басынан аман алып шықты. Басқа біреу болса, Мальтадан келген қызбен малтаны езем деп, әбден қор қылар еді. Сол жолы Бейбіттің қара терге түскенін көрдім. Баяғыда қаталдығы қаймана қазаққа бел­гілі қаһарлы темір декан Темірбек Қожа­кеев­тің алдында емтихан тапсырғанда да бүйтіп терге малшынбаған шығар.


Тағы бірде... Сол Бейбіт... Сол «Дәуір­на­ма»... Бұл жолы қонаққа атақты фототілші Рысқали Дүйсенғалиев келді. Қайсар қазақ. Ауыздыға сөз, аттыға жол бер­мейтін адам. Түр-сипаты келісті. Ба­сында бір тал шаш жоқ. Маңдайына шыбын тайып жығылса, мүрдем кетеді. Қысқасы, эфир­ден нағыз қазақ деп көрсетуге тап­тыр­майтын кейіпкер. Бейбіт: «Аға, сіз қиын-қыстау кезде көз жазып қалған бір апаңызды тауып алыпсыз ғой...», – деп ал­ғашқы сауалын қойғаны сол еді, Рекең: «Әй, сен оны қоя тұр, мен одан да алдымен ағам­ды қалай тауып алғанымды айтатын», – деп әлдебір белгісіз жаққа қарай жолсызбен жөң­кіле жөнелді. Содан тежелсейші... Ай­тып жатыр, айтып жатыр... Ағасы құры­ма­ғыр да табылып болмайды. Бір сұрақтың жауабы хабарды күрмейін деді. Бес-алты-ақ минут уақыт қалды. Бейбіт кілт үзіп, басқа сұраққа ойысайын десе, Рысқали көкем оған ежірейіп бір қарап қойып, ентелеп тар­та береді. Әйтеуір, Бейбіт бұл сұхбатты да апатқа ұшыратпай, домалақ бас, көк­қыр­сық көкемді әзер қақпайлап, әрең қайы­рып, алдынан қырық құлаш арқан керіп, зорға тоқтатты. Рекең тіпті эфирдің бая­ғыда аяқталғанымен шаруасы жоқ, апа­сының қалай табылғанын асықпай баян­дап, студияда екі иығы селкілдеп күліп, біраз­ға дейін отырып алды. Мен ұстамды да ұқып­ты, салмақты да салиқалы Бейбіттің осы­лай­ша екі рет тығырыққа тірелгеніне куә болдым.
Бұл білікті медиаменеджер, қарымды қаламгер Қайнар Олжайдың қара­ма­ғында жұмыс істеген кезіміздің, алтынға айырбастамайтын жас шағымыздың бірді-екілі эпизодтары ғана. Бейбітпен бірге мик­рофон ұстап, тікелей эфирді тізгіндеген мезгілдегі «Хабардың» мұндай қызықтары жетіп артылады. 
Осы тұста бәріміздің ұстазымыз Қай­нар Олжай атын қойып, бағдарын белгілеп, айылбасын тартып берген «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» деген тартымды бағдарлама бар еді. Бейбіт жүргізетін оны... Суреттер сөй­лейтін-ді онда...

* * *

Сол бір қимас кезеңде қатар көсілген Шүкір Шахай түсірген мына бір суреттер оның өзінің де бүкіл болмысын танытады. Қырық бесінде өмірден өтті. Осыдан он то­ғыз жыл бұрын... 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары