Жаслан Нұрбаев: Еңбекке деген құрметті қайта оятуға бағытталған бастама

/
Жаслан Нұрбаев: Еңбекке деген құрметті қайта оятуға бағытталған бастама
сурет: istockphoto.com

"Бүгінде әлемдік саясат пен ірі стратегиялар туралы пікір­таластар басты ақиқатты көбінесе елеусіз қалдырады: қо­лымен де, ақыл-ойымен де еңбек ете алатын адамдарсыз өнер­кәсіп те, технологиялық ілгерілеу де, өңірлердің тұрақ­тылығы да мүмкін емес". Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Жаслан Нұрбаев XXI Қазақстан-Ресей өңір­ара­­­лық ынтымақтастық фо­румы еңбекке деген құрметті қайта оятуға бағытталған бастама екенін айтты. 

Орал қаласында өткен XXI Қазақстан-Ресей өңір­ара­­­лық ынтымақтастық фо­румы биыл «Жұмысшы ма­ман­дықтар – экономиканың өсу тетігі» атты ерекше тақы­рып­қа арналды. Алғаш қара­ған­да бұл тақырып прагмати­ка­лық сипатта көрінгенімен, іс жүзінде ол екі елдің бола­ша­ғына қатысты ең өзекті мәселені көтереді: ертеңгі күннің эко­номикасын кім және қалай қалыптастырады?
Бүгінде әлемдік саясат пен ірі стратегиялар туралы пікір­таластар басты ақиқатты көбінесе елеусіз қалдырады: қо­лымен де, ақыл-ойымен де еңбек ете алатын адамдарсыз өнер­кәсіп те, технологиялық ілгерілеу де, өңірлердің тұрақ­тылығы да мүмкін емес. Демек, жұмысшы мамандықтар тура­лы әңгіме – бұл ең алдымен Қазақстан мен Ресейдің бас­ты капиталы саналатын адам ресурсы туралы әңгіме.
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара маңы ынты­мақ­тастығының тарихи тамыры тереңде жатыр. Дәл осын­дай Орал, Орынбор, Саратов, Қостанай және Челябі сияқты ше­каралас қалалар жұмысшылар, инженерлер, құрылыс­шы­лар мен технологтар секілді кәсіби қауымдастықтар қа­лыптасқан орталықтарға айналды.
Өңіраралық кооперация мен көршілік тығыз байл­а­ныс­тарды дамытты: адамдар бір-бірінен үйренді, бір кәсіп­орын­нан екіншісіне ауысып отырды, ортақ құрылыс нысан­да­рын­да еңбек етті, бірлескен көлік бағыттарын қамтамасыз ет­ті. Қазақстанның батыс агломерациясында ғана көптеген ма­мандық дәстүрлі түрде «шекарасыз» кәсіптер болды, олар – дәнекерлеушілер, механизаторлар, мұнайшылар, геологтар. Бұл жағдай еңбектің ортақ кәсіби мәдениетін қалып­тас­тырды, онда шеберлік, жауапкершілік пен тәжірибе басты құн­дылыққа айналды.
Бүгінде бұл дәстүр бұрынғыдан да өзекті болып отыр.
Неліктен жұмысшыларға қайтадан назар аударылып отыр? Себебі әлем тек технологиялық өзгерістерді ғана емес, еңбектің мәні мен логикасының алмасуын бастан өткеріп отыр. Роботтандыру, автоматтандыру және цифрлық ше­шім­дер жұмыс орындарының құрылымын өзгертіп жатыр, бірақ оларды жойған жоқ. Керісінше, білікті жұмысшыларға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді.
Қазақстанда да, Ресейдегідей, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энер­гетика және ауыл шаруашылығы салаларында білікті кадр­лардың жетіспеушілігі айқын сезілуде. Көптеген сала ма­мандарды даярлау жүйесіне қарағанда жылдам дамып ке­леді. Жастар көбінесе кеңсеге жұмысқа тұрады, ал нақты эко­номикаға жаңа ұрпақтың токарьлары мен дәне­керлеу­ші­лері, автоматик мамандары мен өндірістік желілер опера­торларын, жоғары білікті механиктер мен слесарьлар, жаб­­дықтарды күтіп ұстау техниктері және басқа да көп­теген кәсіби маман қажет.
Жұмысшы мамандықтар – бұл дәлдікті, технологияны тү­сінуді және жүйелі түрде жұмыс істеуді талап ететін ин­тел­лектуалды еңбек. Сондықтан жұмысшы еңбегіне деген құр­мет – тек экономикалық емес, мәдени құндылықтардың да мәселесі.
Алдыңғы форумдар көбіне инфрақұрылым, инвестиция және логистика тақырыптарына арналса, биылғы Форум ада­ми капиталды ынтымақтастықтың стратегиялық ресур­сы ретінде қарастырады. Мұнда ең маңыздысы не? Кәсіби білім беруді бірлесіп жаңғырту. Қазір Қазақстан мен Ресей білім стандарттарын үйлестіру бағытында жұмыс істеп жа­­тыр. Алайда бүгінгі күн бұл процесті тереңдетуді талап ете­ді: дуалды оқыту жүйесін дамыту, өндіріс базаларында тағы­лымдамалар ұйымдастыру, колледж оқытушыларымен алмасу, оқу жабдықтарын жаңарту қажет. Трансшекаралық құзырет орталықтарын құру. Бұл – екі елдің кәсіпорындары нақты өндірістік міндеттерге бейімделген мамандарды даяр­лайтын алаңдар. Мұнда білім беру өмірден алшақ тео­рия емес, нақты өндіріс қажеттіліктеріне сай құрылуға тиіс.
Кәсіби бірегейлікті қайта жаңғырту. Жұмысшы маман­ды­ғы – «мәжбүрлі таңдау» емес, құрмет пен беделге ие, тұрақ­тылық, кәсіби даму және лайықты табыс әкелетін өмір жо­лы болуы керек.
Шекаралық аймақтардағы еңбек саясатын үйлестіру ай­мақаралық экономикалық байланыстарды нығайтып, жалпы еңбек нарығын жандандырады.
Орал – бұл форум үшін кездейсоқ таңдалған қала емес. Ол ежелден қолөнер мен өндірістің, еңбек мәдениеті мен ру­­хани байлықтың ордасы саналады. Мұнда көпсалалы жұ­­мысшы әулеттері қалыптасты, ал зауыттар мен кол­ледж­дер әрдайым жай ғана өндірістік немесе оқу орындары емес, нағыз еңбек қауымдастықтары болған.
Жұмысшы мамандықтар бұл баршаға түсінікті, адамдар­ды біріктіретін ортақ тіл. Бұл салада серіктестік ұранмен емес, нақты іспен дәлелденеді.
Оралдағы форум ондаған кәсіби бағдарлама, тағылым­да­ма, оқу орталықтары мен жаңа жұмыс орындарын құруға серпін бермек.
Бүгінде әлем тұрақсыздық кезеңін бастан кешіп жатқан­да, ең мықты елдер – өз адами капиталына сүйенген елдер.
Орал форумы – еңбекке, шеберлікке және мамандыққа де­ген құрметті қайта оятуға бағытталған бастама. Бұл – эко­номикалық серіктестік адамның еңбегі мен білімі, кәсібі мен қабілетінен басталатынын көрсететін мүмкіндік.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары