Қазақстан – әлем инвесторларына мүмкіндік ұсынатын алаң

Қазақстан – әлем инвесторларына мүмкіндік ұсынатын алаң
сурет: akorda.kz
590

Бейсенбіде елордада Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тө­ра­ғалығымен ҚР Президенті жанындағы Шет­елдік инвесторлар кеңесінің 36-пле­нарлық отырысы өтті. Жиынға қа­тыс­қандар еліміздегі инвестициялық ахуал, басым бағыттар мен қажет қа­дам­дарды талқылады.

Шетелдік инвесторлар кеңесі – Пре­зи­дент жанындағы консультативтік-кеңесші ор­ган. Кеңес қызметін Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңес­тің жұмыс органы жүргізеді.

Қазақстан бәсекеге қабілетті 35 елдің қатарына кірді

Жиында сөйлеген сөзінде Президент Кеңес елдегі инвестиция климатын жақсар­туға ықпал ететін мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналғанын айт­ты. Сондай-ақ Халықаралық менедж­мент­ті дамыту институтының (IMD) дере­гін алға тартып, Қазақстан әлемдегі ең б­ә­се­кеге қабілетті 35 елдің қатарына кіргеніне тоқталып өтті.

– Біз 2029 жылға қарай шетелден қо­сым­ша 150 миллиард доллар тікелей ин­вес­тиция тартамыз деп биік мақсат қойып отыр­мыз. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкі­мет жанындағы Инвестициялық штабқа туын­даған проблемаларды жедел шеше ала­тын құзырет берілді. Биыл мамыр айын­да ұлттық экономиканы ырықтандыруға не­гіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елі­мізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қо­лайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кәсіптік-техникалық білім сапасын арттыратын инвесторлар қажет

Мемлекет басшысы Қазақстанның ми­не­ралды-шикізат қорының ауқымды еке­нін атап өтіп, геологиялық барлау мен пай­далы қазбаларды игеру саласындағы про­цестердің тиімділігі мен ашықтығын арт­тыру шаралары туралы баяндады. Пре­зиденттің мәлімдеуінше, кейінгі алты жыл­да Қазақстан геологиялық барлау саласына 1 миллиард доллардан астам жеке инвес­ти­ция тартқан. Бүгінде елімізде 1,6 мил­лион шаршы шақырымға жуық аумақта гео­логиялық зерттеу жүргізу үшін жер қой­науын пайдалану құқығын алуға мүм­кіндік бар.

– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жер­гілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсы­нады.  Жалпы сомасы 86 миллиард дол­лардан асатын 200-ге жуық ірі инфра­құры­лым­дық жоба іске асырылмақ. Үкімет жер­гілікті өндірушілерден офтейк-келі­сім­шарттар арқылы сатып алуға арналған тауар­лар тізімін жасақтап жатыр. Өнер­кәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұ­мыс­шылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіп­тік-техникалық білім беру сапасын артты­руға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды да­мытуға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді Президент.

Мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету ел экономикасына серпін береді

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика сала­сындағы ахуалдың жақсаруына, елдің да­муына халықаралық мұнай ком­па­ния­лары­ның айтарлықтай үлес қосқанын да айт­ты. Мұнай химиясы өнеркәсібін өркен­дету Қазақстан экономикасын әртарап­тан­дыруға зор үлес қосады деген сенімін жет­­­­кізді.

– Шетелдік инвесторлар елімізге капи­тал құйып, озық технологиялары мен жо­ғары білікті мамандарын әкелді. Олардың ин­вестициясы отандық энергетика сала­сы­ның дамуына оң ықпал етті: кейінгі 30 жыл­да мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көр­сеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұ­най өндіру қарқыны жоғары мемле­кет­тердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл меже­ні жылына 100 миллион тоннадан асыру­ды көздеп отырмыз. 2022 жылы өн­дірістік қуа­ты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты іске қостық. Қазір бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың шамамен 60 пайызын өтеп отыр әрі өз өнімін Еуропа, Түр­кия және Қы­тай нарықтарына экспорт­тайды. Биыл қыр­күйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мұ­най химиясы саласында жалпы құны 14 мил­лиард дол­лардан асатын бірқатар жоба пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Таза энергетиканы» тартымды ету қажет

Мемлекет басшысы «таза энергетика» сек­торының инвестициялық тартымды­лы­ғын арттыру мәселесіне ерекше назар ау­дар­ды. Атап айтқанда, Қазақстанда жалпы қуа­ты 43 ГВт-қа жететін «жасыл» жоба­лар­ды жүзеге асыру бойынша Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік ком­паниялармен нақты келісімдер жасал­ды. Сонымен қатар Қазақстанның атом энергетикасын дамытуда елеулі әлеуеті бар.

– Біз уран өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің санатына кіреміз. Өздеріңізге мә­лім, жақында өткен жалпыұлттық ре­ферендумда азаматтарымыз Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құры­лы­­сын қолдады. Бұл бастаманы энерге­ти­калық қауіпсіздігімізге салған ұзақмерзімді инвестиция деуге болады. Қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық кон­сорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, –  деді Президент.

Агроөнеркәсіп – назар аударылуға тиіс сала

Мемлекет басшысы инвесторларға аг­ро­ө­нер­кәсіп секторына назар аудару керек еке­­нін айтты. Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лы­ғын дамыту Орталық Азия аймағы­ның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұр­­ғысынан стратегиялық басымдық са­на­лады. 

– Елімізде ауыл шаруашылығына жарам­ды 200 миллион гектардан астам жер бар, бұл ретте әлемде алтыншы орындамыз. Кейінгі алты жылда саладағы экспорт кө­ле­мі екі есе ұлғайып, бес миллиард доллар­дан асты. Біз агроөнеркәсіп кешенін жо­ғары технологиялық секторға айналдыруды көздейміз. Осы орайда, шетелдік инвестор­лар­дың үлесі бар құны бес миллиард дол­лардан асатын 100-ден астам жоба қолға алынады, – деді Мемлекет басшысы.

Транскаспий халықаралық дәлізін дамытуға күш саламыз

Одан бөлек, Қазақстан көлік және ло­гис­тика саласында Еуразияның негізгі тран­зит торабы ретінде өз орнын нығай­ту­ды көздеп отыр. Осы мақсатта елде 11 мың шақырым ескі теміржолды жөндеп, 5 мың шақырымнан астам жаңа теміржол салу жоспарланған.  Транскаспий халықаралық көлік дә­лізін дамыту басты назарда: жаңа жүк тер­миналдарын салу мен кеме өндірісін жол­ға қою арқылы Орта дәліз инфрақұры­лы­мына инвестиция тарту көзделген. 

Қолайлы инвестициялық климат құру – негізгі міндет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, инвесторлардың құқығын қорғау және реттеу саясатын дамыту маңызды рөл ат­қарады. Сот жүйесі мен құқық қорғау са­ласындағы реформалар елдегі инвес­ти­ция­лық ахуалды жақсартуға бағыттаған. Жыл соңына дейін іске қосылатын Ұлттық цифр­лық инвестициялық платформа жобалардың жүзеге асуын нақты уақыт режимінде бақы­лауға мүмкіндік береді.
Жаңа Салық кодексі арқылы да инвес­тор­ларға қолдау көрсетілмек. Ол машиналар, құрал-жабдықтар және бағдарламалық жа­сақтама сатып алуға шығындарды шегеруге арналған салықтық жеңілдіктерді қамтиды, бұл инвестициялық кезеңді жандандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар Президент Қазақстан қар­жы саласындағы ынтымақтастықта «Аста­на» халықаралық қаржы орталығына ай­рықша мән беретінін айтты. АХҚО – әлем­дік тәжірибені ұштастырған және Орталық Азия өңірінде ерекше орынға ие қаржы ор­та­лығы.
Мемлекет басшысы Шетелдік инвестор­лар кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік орган­дар арасындағы тұрақты диалогтің маңы­зы зор екенін айтып, алдағы уақытта елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға ба­ғытталған бастамаларды жалғастыру қа­жет екенін жеткізді.
Сондай-ақ жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-Министрдің орын­ба­сары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, «Қазақстанның шетелдік инвес­тор­лар кеңесі» қауымдастығының басқарма төра­ғасы Ерлан Досымбеков, CNPC вице-пре­зиденті Чжан Даовэй, Еуразиялық даму бан­­­­кінің басқарма төрағасы Николай По­дгузов, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шы­ғыс және Орталық Азия өңірлері бойын­ша президенті Эндрю Делеони, «Лукойл» ЖАҚ бас атқарушы директоры Вадим Воробьев баяндама жасап, сөз сөйледі.

Бхаргав Дасгупта,
Азия Даму банкінің 
вице-президенті:

Қазақстан нарығы – айтарлықтай мүмкіндіктер ұсынатын алаң

– Ең алдымен, Азия даму банкі Қазақ­стан­ның көп жылдан бергі серіктесі екенін ай­тып өткенім жөн. Біз Қазақстанда 30 жыл­дан астам уақыт жұмыс істеп келеміз және осы уақыт ішінде Қазақстанға 7 миллиард дол­лардан астам инвестиция құйдық немесе қар­жылай қолдау көрсеттік.
Қандай салаларда жұмыс істейміз және ал­дағы уақытта қай бағыттарға назар ау­да­ра­­тынымызға тоқталып өтейін. Ең алдымен энер­гетика секторына баса назар аудар­мақ­пыз. Жаңартылатын энергия көздеріне қа­тыс­ты барлық мәселе өте маңызды, себебі та­за энергия – тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін өте өзекті мәселе. Гидроэнер­гети­кадан бастап күн энергиясына дейінгі жо­баларымыз бар. Сонымен қатар біз жол құрылысына, сондай-ақ денсаулық сақтау са­ла­сындағы мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік жобаларына инвестиция салып келе­міз және жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
Қазақстанда жұмыс істеген жылдарда біз ел Үкіметімен тығыз байланыста болдық. Ел­дегі түрлі мүмкіндікті, сондай-ақ шетелдік ин­вестицияларды тарту үшін Үкімет қа­был­дайтын шараларды үнемі талқылаймыз. Мы­салы, тариф саясатын және салық салу жүйе­сін жақсарту сияқты мәселелер бойын­ша Қазақстанмен бірге жұмыс істейміз. Бұл – елге көптеп инвестиция тарту үшін қажет шаралар.
Әр елдің инвестиция тартуға қатысты өзіне тән талаптары мен стратегиялары бар деп ойлаймын. Қазақстан нарығы өте тар­тымды және бұл нарықтың түрлі салада ай­тарлықтай мүмкіндіктер ұсынатынын бұрын­нан айтып келемін. Қазіргі уақытта біз Үкіметпен мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік жобаларын көбейту мәселесін талқылап жатырмыз. Бұған қоса, инвестиция салуда жеке секторды белсенді тарту қажет деп санаймыз. Әрі шағын және орта бизнес үшін тең жағдай жасау керек деген ойдамыз, яғни Қазақстанның инвестициялық климатын одан әрі тартымды ету үшін не істеу керек екенін талқылап жатырмыз.
Қазір нақты сандарды айта алмаймын, бірақ біз алдағы 4 жылға арналған Страте­гия­лық серіктестік бағдарламасы аясында жұ­мыс істейміз. Осы бағдарлама арқылы біз Қазақстан Үкіметіне, әсіресе жеке секторды тарту сияқты маңызды бағыттарда қолдау көрсететін боламыз.


Николай Подгузов,
Еуразия даму банкінің басқарма төрағасы:

Үшінші жыл қатарынан 1 миллиард доллардан астам инвестиция салдық

– Еуразия даму банкі Қазақстандағы көлік инфрақұрылымына, логистикаға және жаңартылатын энергия көздеріне белсенді түрде инвестиция құйып келеді. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері – банк стратегиясының басты бағыттарының бірі. Былтыр біз Қазақстан экономикасына үшінші жыл қатарынан 1 миллиард доллар­дан астам инвестиция салдық.
Форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлардың назарын өнеркәсіп пен индустриялық секторды дамытуға аударды. Мемлекеттің міндеті – инвестор­лар­ға қолайлы жағдай жасау болса, инвес­тор­лардың міндеті – осы инвестицияларды тиімді пайдалану. Біз осы бағытта белсенді жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
Қазақстан жеке тікелей инвести­ция­ларды тарту бойынша аймақта көш бастап тұр, бұл биылғы және өткен жылдардағы нә­тижелермен дәлелденіп отыр. Біз де жыл сайын 1 миллиард доллардан астам инвес­тиция салып, осы істе өз үлесімізді қосып жатырмыз деп сенеміз.
Жобаларымызды атап айтар болсақ, Аягөз-Бақты теміржол тармағының құры­лысы, бір­не­ше мұнай-химия кешені, каучук өн­дірісі зауы­ты, Алматы маңындағы логис­ти­калық ке­шен, сондай-ақ бірқатар күн және жел элек­тр стансасы. Сонымен қатар газ инфрақұрылы­мын дамыту, Орталық Азия интеграциясы, Кас­пий маңы бағыт­та­рын дамыту секілді ауқымды жобаларды іске асырып келеміз.
Аягөз-Бақты жобасы қазір техникалық-экономикалық негіздеме кезеңінде тұр. 
Бұл – ірі жоба, біз бірнеше жүздеген миллион доллар көлемінде қаражат саламыз деп ой­лаймын, ал жобаның толық көлемі синдикат құрамына байланысты анықталады. Қазақ­стан Еуразия транзит желісінің орталығында орналасқан, яғни Еуропа мен Азияның тоғы­сында тұр. Сондықтан осы аймақтың байла­ны­сын арттыру Қазақстанның экономика­сына үлкен пайда әкеліп, жүк айналымын, тран­зитті және онымен байланысты биз­несті көбейтуге мүмкіндік береді. Бұл Қа­зақ­стан үшін тиімді бағыт және жалпы дұрыс қадам деп есептеймін. Сандарды нақты сан­дарды айтпасам да, жобаның жай-жап­сары егжей-тегжейлі анықталған кезде  бар­лы­ғын ашық мәлімдейтін боламыз.
Су ресурстары саласындағы жобаларға тоқ­талсам, біз қатысып отырған ірі жобаның бірі – Астрахан-Маңғышлақ жобасы. Бұл жоба Қазақстанның солтүстік аймақтарына су жеткізуді үшін жүзеге асырылмақ. Бүгін шетелдік инвесторлар кеңесінде бүкіл Орта­лық Азияны қамтитын ирригациялық жаб­дық өндірісін дамыту үшін өнеркәсіптік клас­тер құрудың маңыздылығын айттым. Себебі тиімді ирригация – сапалы сумен қамту мен ауыл шаруашылығының негізі. Орта­лық Азиядағы ирригациялық жабдық нары­ғының көлемі – шамамен 300 миллион доллар, әлемде 4-5-орын алады. Мұндай жаб­дықтың барлығы импортталады, сондықтан өндірістік қуаттарды өзімізде құру Қазақ­станның аймақтағы өндірістік рөлі мен эко­номикасына тиімді болмақ. Біз осы клас­терді дамытуға күш салуды көздеп отырмыз, Таяу Шығыс пен Қытай компаниялары бұл жобаға қызығушылық білдіруде, олармен бір­ге зауыт салу жоспарда бар.  Зауытты Қа­зақстанның оңтүстігінде, Түркістан об­лы­сында салсақ, ол көршілес елдерге де тиімді қыз­мет көрсете алады деп есептеймін.

Серіктес жаңалықтары