University of Oxford, Massachusetts Institute of Technology, Carnegie Mellon University және University of California, Los Angeles ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу ChatGPT секілді жасанды интеллект құралдарын қысқа уақыт қолданудың өзі адамның ойлау қабілеті мен мотивациясына әсер етуі мүмкін екенін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экспериментке 1 222 адам қатысқан. Оларға математикалық есептер мен мәтінді түсінуге арналған тапсырмалар берілді. Қатысушылардың бір бөлігі тапсырмаларды өз бетімен орындаса, екінші топ GPT-5 негізіндегі чат-боттың көмегін пайдаланған. Кейіннен ИИ көмегі күтпеген жерден өшіріліп, екі топ та бірдей тапсырмаларды өздігінен жалғастырып шешкен.
Нәтижесінде ChatGPT қолданған қатысушылардың тапсырмаларды шамамен 20%-ға нашар орындағаны анықталды. Сонымен қатар олар күрделі сұрақтарды өз бетімен жұмыс істеген адамдарға қарағанда екі есе жиі өткізіп жіберген.
Зерттеу авторларының айтуынша, ми өте тез «дайын жауапқа» үйреніп кетеді. Егер шешім бірнеше секундта табылса, адамға өздігінен ойланып, мәселені шешу әлдеқайда қиын әрі жағымсыз болып көріне бастайды.
Ғалымдар бұған дейін ИИ-ге тәуелділік ойлау қабілетін біртіндеп әлсіретеді деп есептелгенін айтады. Алайда жаңа зерттеу мұндай өзгерістердің небәрі 10-15 минут ішінде басталуы мүмкін екенін көрсетті.
Сонымен бірге зерттеушілер мәселе жасанды интеллекттің өзінде емес, оны қалай қолдануда екенін атап өтті. ИИ оқу мен жұмысқа көмектесе алады, бірақ адам дайын жауаптарға шамадан тыс сүйенсе, сыни ойлау мен қиын тапсырмаларды өз бетінше шешу дағдылары сирек қолданылып, біртіндеп әлсіреуі мүмкін.