Осы демалыс күндері Астана LRT жолаушылар тасымалы іске қосылады. Жақында City Transportation Systems компаниясы журналистерге пресс-тур ұйымдастырып, жеңіл рельсті көлік жүйесінің жұмысын таныстырды.
Жиын барысында компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев енді әуежайдан вокзалға дейін 40 минутта жетуге болатынын айтты.
– Жоба 2016 жылы бекітілді, құны 1,8 миллиард АҚШ долларын құрайды. Осы уақытқа дейін бұл сома өзгерген жоқ. Техникалық сипаттамасы жасақталып, пойыздардың моделі мен дизайны өзгертілді. Сондай-ақ LRT жүйесі бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Шу деңгейін төмендету үшін вагондардың қабырғаларын қалыңдаттық. Сонымен қатар жеңіл рельсті құрылым пайдаланылды. Жақын орналасқан тұрғын үйлерге вибрациялық әсері болмайды, – деп түсіндірді басқарма төрағасы.
LRT толықтай автоматтандырылған жүйемен басқарылады, яғни жүргізушісіз қатынайды. Желінің жалпы ұзындығы – 22,4 шақырым.
Қазір LRT стансаларында соңғы дайындық кезеңі жүріп жатыр, пойыздарды сынақтан өткізу, қауіпсіздік жүйелерін тексеру және инфрақұрылымды баптау жұмыстары сәтті өтті.
Сынақ кезеңі былтыр қыркүйекте басталған болатын. Әуелде оның мерзімі алты айға созылады деп хабарланғанымен ұзақтығы сегіз айға созылды. CTS компаниясы пойыздар 40-50 км/сағ жылдамдықпен жүретінін, «Нұрлы жол» стансасынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минутты алатынын мәлімдеген-ді. Ал қозғалыс аралығы учаскеге байланысты 5-10 минут болатыны хабарланды.
LRT бағыты елорданың негізгі нүктелерін байланыстырады. Желінің бастапқы аялдамасы – халықаралық әуежай. Мұнда пойыздарға қызмет көрсетуге арналған депо салынған. Ал соңғы нүктесі – «Нұрлы жол» вокзалы. Барлығы 18 станса бар. Олар қаланың негізгі іскерлік орталықтары мен тұрғын-үй аудандарын қамтиды. LRT жолақы картасының бағасы – 1 000 тг. Жол ақысы – 200 теңге. 7 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар мен заңнамаға сәйкес жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін жол жүру тегін.
LRT жүйесінде жолаушыларға ыңғайлы бірнеше төлем тәсілі бар. Жол ақысын FacePay, банк карталары, Apple Pay, Samsung Pay, QR-код және арнайы көлік картасы арқылы төлеуге мүмкіндік бар. Бір реттік билеттерді стансадағы кассалардан немесе TVM автоматтары арқылы сатып алуға болады. Пойыз таңғы сағат 06:00-дан кешкі сағат 23:00-ге дейін жүреді.
– Басты міндетіміз – жол ережелерін сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл да метроның ережелерімен бірдей. Есіктер жабылатын кезде ескерту дабылы қағылады. Сол уақытқа дейін ішке кіріп үлгеруі керек және тоқтаған кезде де дыбыс берілгенде шығып үлгеруі керек. Бір составта 4 вагон, онда барлығы 652 адамға шақталған орын бар, – деді LRT жеңіл көлік рельсінің операторы Айдар Надырбеков.
Алдағы уақытта желіні Қосшы қаласына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Жобаның екінші кезеңіне дайындық басталып кетті. Жуырда жаңа эстакада учаскесіне алғашқы темірбетон арқалық құйылды.
LRT жүйесінің жұмысына 1000-нан астам адам тартылған. Оның 300-і – шетелдік мамандар. Бұдан бөлек, 500-ге жуық қызметкер арнайы даярлықтан өткен. Олардың қатарында пойыз операторлары, диспетчерлер мен техникалық мамандар бар. Сондай-ақ салаға қажетті кадрларды жүйелі даярлау үшін арнайы оқыту бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр.