Қаламгердің көбісі футбол ойнағанды теріс көрмейді-ау. Тіпті, солардың қай-қайсысы да жазу-сызумен әуестенбей тұрғанда-ақ өкпесі өшкенше ала доп қуғаны анық. Жан алысып, жан беріскен әлемдік футбол додаларында бүкіл журналист жер-жерде жанкүйер болып отырады. Осы тұстағы әңгімелерінің бәрі соның төңірегінде болады. Жалпы, жазушы атаулының ішінде бұл ойынға қатты құмартқандары жетіп артылады. Баяғыда басқа-басқа, ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің өзі өрімдей жас кезінде Семейде құрылған «Ярыш» футбол командасының құрамында доп тепкен. Сөйтіп, бас қаламгеріміз біздің бас футболшымыз да бола білген. Қазақ поэзиясының сардары Әбділда Тәжібаев жанығып доп қумаса да, жанкүйерліктің шырайын шығарған. Күллі жұрт жолына қараған «Қайраттың» қанаты қайырылған сайын қиналып-қапаланып, жауар бұлттай түнеріп жыр жазып отырар еді:
«Қайратым» деп мен жүрмін
Қайрат қылмай сен жүрсің.
Ұтып қайтар деп жүрмін,
Сен ұтылып кеп жүрсің.
Ұят қайда, ар қайда?
Мен ұялам сен үшін.
Шынымен-ақ болмай ма
Мен қуанар жеңісің?
«Қайраттың» әр ойынын төрінде тұрған теледидардан емес, стадионда сарылып отырып көретін, жеңсе сүйінетін, жеңілсе күйінетін көрнекті тілші-ғалым, академик Шора Сарыбаев пен әйгілі ақын Тұманбай Молдағалиевтің жанкүйерлігі Әбділда абыздан бір мысқалдай да кем бола қойған жоқ. Ал әуелден Пелемен пікірлесіп, Платинимен пәтуаласқан атақты спорт қаламгерлері Сейдахмет Бердіқұлов пен Несіп Жүнісбаев футбол алаңында кәсіби ойыншыдай ойқастап жүретін. Кейін журфакты бітірсе де, еліміздің белді командаларының құрамында ойнап, кәнігі футболшы ретінде нәпақасын тауып, айлығын айырған Гений Төлегенов деген керемет спортшы болды. Бертінде Мақсат Тәж-Мұрат, Ермек Тұрсынов, Срайыл Смайыл, Ғалымжан Мелдешов сынды журналист жігіттер біразға дейін үлкенді-кішілі футбол алаңдарында тер төкті.
Азаннан кешке дейін доп қуып, алаөкпе болмаса да, қазақ қаламгерлері футболды жырлаудай-ақ жырлады. Мәселен, қазақ прозасының хас шебері Тәкен Әлімқұловтың өзі ойын десе делебесі қозып, қиыннан қиыстырып өлең өріп, сол туындысын талай жыл тұрақ тапқан Мәскеуінің «Спартак» командасына арнапты:
Қашады топ түлкідей бейне,
Аңшылар қуған айнала жүйткіп.
Ормандай күзгі сирейді кейде,
Қалыңдап тобыр құйындай ұйтқып.
Тартқанмын көкпар, салғанмын салым,
Қаныма сіңген қызу бір от бар.
Тулайды жүрек, қызады қаным,
Ғалымжан алып қашқанда көкпар.
Парасатты прозаик, сырбаз суреткердің футбол командасына арнаған өлеңі жарыстың жарнамасынан гөрі қазақтың қоңыр даласының сырлы сипаттамасына көбірек ұқсайды. Сонымен қатар әншейінде футбол-сутболыңмен онша шаруасы жоқ Фариза Оңғарсынова да шабытын шақырып, бұл тақырыпқа қалам тербеген көрінеді. Дәлірек айтқанда, тәжіктің ақын қызы Гүлрухсор Сафиеваның бір белгілі балладасын қазақша сөйлеткен:
Айқай-шу біздің көшеде,
шапқылап жүрген балалар.
Доп қумай бала өсе ме,
қара тер бәрі, қарап ал.
Алардай мұннан керегін
үлкен де келген, кіші де.
Сиқыр ғой футбол дегенің
бермейді маза кісіге.
Міне, қай фуболтанушыңнан кем менің Фариза апам?! Өлең өрнегі келісті. Ойынның сипаты ғаламат. Жырлау динамикасы жеткілікті. Бала психологиясы көрініп тұр. Додаға еріксіз еліктіреді. Осыдан кейін оны өмірі стадионға жолап көрмеген адам деп қалай айтасың?! Ойнайсың Фариза апаммен!
Қазақшаға кім аударғаны есімде қалмапты, Евгений Евтушенконың мынадай бір өлең жолдары болушы еді:
Шайқасқа еркін кіретін,
Шағымыз кейін қалды-ау, ә?
Доп әкеп беріп жүретін,
Дәу жігіт қазір сары бала!
Сол айтқандай, үрпек бас сары балалардан қалыспай, қалам ұстаған қара балалар да үнемі доп қуудан жалыққан емес. Фототілші Шүкір Шахай мына суреттерді журналистердің футбол додасынан түсіріпті. Өз кәсібіне жетік танымал бірталай жігіттерді көріп отырып, «Доп ойнаған – тозар» дегеннің орнына «Доп ойнаған... жазар» дегің келеді екен...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ