Астанада «Alem.ai» Халықаралық Жасанды интеллект орталығы алаңында «AMANAT» партиясы Кәсіпкерлер қанатының IT-қауымдастығымен және бизнес өкілдермен кездесуі өтті. Іс-шарада Мәжіліс депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, жетекші технологиялық компаниялардың жетекшілері, банк секторының, телекоммуникация операторларның өкілдері мен IT-кәсіпкерлер бір алаңда бас қосты. Жалпы саны шамамен 440 адам жиналды. Кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты, сондай-ақ өңірлер бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды. Қатысушылар цифрландыруды, ЖИ-ді дамыту және Қазақстанның заманауи цифрлық экономикасын қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмыс перспективаларын талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бүгінде цифрландыру және жасанды интеллект құралдарын енгізу ісіне мемлекет тарапынан баса назар аударылып отырғанын атап өтті. Бұл қадам мемлекеттің прогрессивті дамуына серпін беріп, барша қазақстандық азаматтың тұрмысын жақсартуға тиіс. Осы мақсатта қажетті инфрақұрылым құру, заңнаманы жаңғырту және IT-салаға инвестиция тарту жұмысы қамтамасыз етілуде. Ал дәл қазіргі кезеңде ең жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін үйлестіру мәселесі ерекше маңызға ие.
– Бүгінде алдымызда ауқымды, бірақ қолжетімді міндет тұр – алдағы үш жылда Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуға тиіс. Бұл жай ғана мақсат емес – Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық бағдар. Бұл істе тек кәсіби қауымдастықтың күш-жігері жеткіліксіз екені анық. Серіктестік – аса маңызды. Депутаттар, мемлекеттік органдар және осы сала арасында серіктестік болуы қажет. Сондықтан прогрестің, технологиялардың және әрбір азаматқа берілетін жаңа мүмкіндіктердің символына айналатын Қазақстанды құру үшін күш біріктіруіміз керек, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Спикері бүгінде депутаттар IT-қауымдастықпен бірлесіп цифрлық жаңғырту үшін аса маңызды заңдарды – Цифрлық кодексті, «Жасанды интеллект туралы» Заңды және басқа да құжаттарды әзірлегенін ерекше атап өтті. Жаңа заңдар – заманауи жаһандық трендтерді ескеретін әрі мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың мүдделерін назарға ала отырып, мемлекеттің цифрлық болашағының нақты ережелерін айқындайтын құжаттар. Бұған қоса, депутаттар цифрландыру саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Олар – диалог орнатуға әрдайым ашық.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов депутаттар, мемлекеттік органдар және IT-саласы арасында қол жеткізілген нәтижелі ынтымақтастыққа тоқталды. Бұл өзара іс-қимыл әзірлеушілердің IT-саласындағы бастамаларын жүйелі әрі жедел түрде мемлекеттік шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді. Ол мысал ретінде тұрғындардың цифрлық сауатын арттыру бағытында атқарылған бірлескен жұмысты атады. Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде, әсіресе аға буын өкілдері мен жастарға басымдық бере отырып жүзеге асырылуда. Аталған бастама аясында ел аумағында мыңдаған отбасы «Әлеуметтік әмиян» сервисін пайдалану және интернет арқылы қосымша табыс табу дағдыларын дамыту бойынша оқудан өтті. Ауылдық жерлерде саланың атсалысуы арқылы аудандық IT-хабтар ашылуда. Бүгінде тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 14 аудандық IT-хаб ашылды. Бұл қадам ауыл жастарының білім беру ортасына қол жеткізуіне және жергілікті жерде стартаптарды іске қосу мен дамыту мүмкіндіктеріне жол ашады. Бұл – бірлескен жұмыстың жарқын үлгілері. Сондықтан оның аясын кеңейте түсу қажет.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 миллиард АҚШ долларынан асқанын атап өтіп, саланың одан әрі өсу әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Сонымен қатар ол цифрлық экономиканы дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын ортаға салды. Атап айтқанда, цифрлық шешімдерге арналған офтейк-келісімшарттарды енгізу, түрлі салық режимдері арасындағы салықтық кедергілерді жою, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту және басқа да бастамалар ұсынылды.

«Атамекен» ҰКП Президиумы Төрағасы Қанат Шарлапаев елдің цифрлық трансформациясында жеке IT-бизнестің рөлін күшейту қажет екеніне назар аударды. Ол цифрлық құзыреттерді тәуелсіз бағалау жүйесін және IT-мамандарды халықаралық сертификаттау тетіктерін енгізу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ бизнеске арналған дайын цифрлық сервистер мен AI-шешімдерді енгізуді қолдау шараларын қамтитын «ШОБ-қа арналған цифрлық пакетті» іске қосуды ұсынды.
Өз кезегінде Astana Hub Бас директоры Мағжан Мәдиев «Amanat Hub» креатив орталығын таныстырды. Аталған хаб креативті идеяларды, вайбкодерлерді және IT-таланттарды қолдауға арналған жалпыұлттық алаңға айналып, жас азаматтарды Қазақстанның цифрлық болашағын дамыту ісіне тартады. «Kaspi.kz» АҚ Басқарма Төрағасы Михаил Ломтадзе ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды қалыптастырудың және банк секторы мен мемлекет арасындағы серіктестіктің маңызын атап өтті. «Freedom Telecom Operations» ЖШС бас директоры Қайрат Ахметов 5G мен IoT-шешімдерін жедел енгізу үшін радиожиілік спектрін басқару жүйесін жаңғырту мәселесін көтерді.

«Innoforce» IT-компаниясының негізін қалаушы Ханат Нұрекенов Smart City жобаларына жеке капитал тарту тетіктері мен қалалық ортаға арналған цифрлық шешімдерді дамыту мәселесі туралы баяндады. Қазақстандағы inDrive басшысы Арай Бекембаев платформалық жұмыспен қамту және цифрлық платформаларды реттеу ісін жетілдіру мәселелерін қозғады.
Сонымен қатар Қазақстандық IT-компаниялар Қауымдастығының Президенті Айымгүл Әбілева құқық қолдану тәжірибесінің теңгерімді моделін қалыптастыру және IT-кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет екеніне назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға қажет ең қолайлы жағдай жасау бағытында Мәжіліс депутаттарының, мемлекеттік органдар мен IT-қауымдастықтың бірлескен жұмысын күшейтуге уағдаласты.