Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Марк Твен, Джонатон Свифт секілді ойшылдар: «Салыстыру – қуаныштың өлімі» немесе «Біреудің жетістігін көру бізге өз әлсіздігімізді еске салады» деп айтқан еді. Бұл сөздер қазір бұрынғыдан да өзекті. Өйткені әлеуметтік желілер арқылы біз өзгелердің жетістігін, өмір сапасын жиі көреміз. Өзімізді олармен салыстырамыз. Соңғы DataReportal есебіне сүйенсек, адамдар күніне орта есеппен екі жарым сағаттай әлеуметтік желіні парақтайды. Соңғы он жылда бұл уақыт 50 пайызға өскен. Біз шынайы сәттен алыстап, өзгенің мұқият өңделген өмір нұсқасына көбірек үңілеміз. Тағы да салыстыру... «Мен осы жасымда нендей жетістікке жеттім?», «осылар секілді қашан алаңсыз, қамсыз күн кешемін?» деп те ойлайсыз? Бұл «мінсіз өмірдің» культі.
2024 жылдың соңында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілердегі «әдемі өмір» яғни «успешный успех» культі адамдарда бәріне оңай және қарапайым жолмен қол жеткізуге болады деген ой тудыратынын, жастардың осыған сеніп, уақыттарын босқа өткізіп жатқанын атап өткен еді. «Бүгінде әлеуметтік желілердегі әдемі өмір мен «сәтті жетістік» деп аталатын агрессивті жарнама адамдарда бәріне қол жеткізу оңай және қарапайым деген ой тудырады. Кейбір жастар осыған сеніп, қымбат уақыттарын босқа өткізеді. Шыны керек, кез келген жетістіктің артында тынымсыз еңбек жатыр», – дей келе, «Мен еліміздің әрбір азаматының өмірлік мақсатының адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жету болғанын қалаймын. «Жауапкершілігі мол азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидасының мәні де осында», – деді Президент. Сонымен «әдемі өмір культіне» тоқталайық. Бұл құбылыстың қауіптілігі неде?
«Сәттілік» сәйкестік пе?
Бұл термин 2010 жылдардағы инфобизнес мәдениетіне реакция ретінде пайда болды. Сол кезде өздерін жеке даму тренерлері, коучтар деп жариялаған адамдар тез байып кету туралы арманды жаппай сата бастады. Олар қымбат көліктерді, бренд сағаттарды, бес жұлдызды қонақүйдегі өмірді көрсетіп, «мұны кез келген адам жасай алады» деп сендірді. «Бір жыл бұрын мен ешкім емес едім, қазір миллион табамын» деген жалынды сөздер көпшіліктің көкейіне үкілі үміт сыйлады. Әлеуметтік желідегі «әдемі өмірді» оңай байқайсыз. Қымбат көліктердің жанындағы суреттер, «кедейліктен байлыққа жеттім» деген хикаялар, логотипі көрініп тұратын бренд киімдер, бизнес-класпен саяхаттау, элиталық тұрғын үйлер, барлығы сіз армандап жүрген өмірдің бейнесі. Мұның бәрі: «Егер сен бұған жетпесең, демек, алға ұмтылуды білмейсің» деген ойды жасырын меңзейді. Әсіресе, қысқа уақытта ғажайып жетістікке жеткені туралы мотивациялық посттар танымал болды. Бірақ мұндай оқиғалардың артында көбіне айтылмайтын дүниелер барын ұмытпаған жөн. Оның артында ата-ананың ақшасы, пайдалы таныстар, сәтті мүмкіндіктер барын аңдағайсыз. Өзін мінсіз өмірдің үлгісі етіп көрсетіп жүрген жаңдардың «табыс тарихының» көпшілігі шын мәнінде қойылым болып шыққан оқиғалар аз емес. Олар көліктерді фотосессия үшін сағаттап жалға алып, табыс көлемін де бірнеше есе асыра айтып немесе мүлде ойдан шығарып жатады. Мақсат біреу: «Осындай болғың келе ме? Маған ақша төле – үйретемін».
Әлеуметтануда «Үйрек синдромы» деп аталатын құбылыс бар. Ол адамның әлеуметтік желідегі жазбаларында көрсететін «идеалды түрі» және оның шынайы өмірі арасындағы айырмашылықты түсіндіреді. Яғни, адам өзінің шынайы өмірі мен әлеуметтік медиасы арасында әртүрлі әрекет етеді. Бұл синдром адамның әлеуметтік желіде бөлісетін ақпараты мен суреттері шынайы өмір тәжірибесін көрсетпейтінін білдіреді. Осы ұғымды алғаш рет Стэнфорд университеті ойлап тапқан. Мамандар «үйрек синдромы» терминін студенттердің кез келген күйзелісті, депрессияны, өз-өзіне күмәнді басу кезінде сырттан сабырлы болып көріну қабілетін түсіндіру үшін қолданды. Неліктен «үйрек» деген сауалға жауап іздесеңіз, су бетінде мінсіз жүзіп бара жатқан үйрекке назар салсаңыз болғаны. Судың үстінен қараған кезде үйректе ешқандай ауыртпашылық жоғын байқайсыз. Ал негізінде нағыз қиындық – судың астында. Үйректің көл астындағы аяқтары машина секілді тынымсыз жұмыс істейді. Әлеуметтік желілердегі адам өмірі де сондай. Себебі әлеуметтік медиа – бұл барлық нәрсеге ешбір күшсіз, күрессіз қол жеткізілетіндей әсер қал-дыру үшін қолайлы орта. «Үйрек синдромының» белгісі бар адамға ең көп әсер ететін негізгі деталь – басқа адамдар. Яғни, қазақша нұсқасында «жұрттың балалары». Өзгенің табысты өмірін жиі бақылау – өзіңізге сенімді төмендетеді. Бұл синдром адамда алаңдаушылық пен депрессияны тудырады. Facebook-тың бұрынғы бас директоры Стивен Хаффман 2016 жылы Facebook пайдаланушының көп уақытын қалай өткізетінін зерттегенде, бұл платформа өз пайдаланушыларының көңіл күйіне әсер етуі мүмкін екенін байқады. Хаффманның айтуынша, әлеуметтік желілерде адамдар өздерінің бейнесін немесе абыройын ұдайы жақсартуға тырысады. Соның салдарынан адамдар реальды өмірде өздерін көңілсіз сезінеді. Мәселен, Майкл Ричардсон және оның командасы 2015 жылы жүргізген зерттеуінде әлеуметтік желілерге тәуелділіктің жоғары деңгейі депрессия мен күйзеліс деңгейінің артуымен байланысты екенін анықтаса, Солтүстік Каролина университетінің профессоры Шон Паркс 2017 жылы әлеуметтік желілерге тәуелділік мәселесін зерттей отырып, интернет-құмарлықтың денсаулыққа әсері туралы тәжірибе жүргізіп, әлеуметтік желілерге тәуелділік адамның шынайы қарым-қатынастарын бұзып, жалғыздық сезімін күшейтеді деп есептеді.
Қытай «қорғаны»
Осыдан оншақты жыл бұрын Қытай экономикалық ғажайыптың, тоқтаусыз еңбектің және миллиардерлердің отаны ретінде дәріптелді. «Қытай арманы» – байлыққа кенелу, зәулім үй алу және әлемдік брендтерді тұтыну – қоғамның басты қозғаушы күші еді. Алайда соңғы жылдары бұл «әдемі өмір» культіне қарсы үлкен әлеуметтік толқын басталды. Қытайдағы жетістікке жетудің басты шарты – «996» жұмыс графигі болды (таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін, аптасына 6 күн жұмыс). Технологиялық алпауыттардың негізін қалаушылар, соның ішінде Джек Ма, бұл режимді «бақыт» деп атады. Бірақ статистика мен шынайы өмір басқаны көрсетті: Жастар арасында созылмалы шаршау мен депрессия деңгейі күрт өсті. Еңбекақының өсімі жылжымайтын мүлік бағасының шарықтауына ілесе алмады. Нәтижесінде, «қанша жұмыс істесең де, пәтер алу мүмкін емес» деген түсінік қалыптасты. 2021 жылы Қытай интернетінде «Тан пин» (жарға жығылу немесе жатып алу) термині пайда болды. Бұл – қоғамдық бәсекелестіктен бас тартудың символы. Жастар «әдемі өмір» үшін атша шапқылаудың орнына, минималды қажеттіліктермен шектеліп, тыныш өмір сүруді таңдады. «Мен ешқашан үй ала алмайтын болсам, неге күні-түні жұмыс істеуім керек? Маған күніне екі мезгіл тамақ пен интернет жеткілікті» деген ұстаным трендке айналды. «Тан пиннен» кейін одан да радикалды «Бай лан» термині шықты. Бұл «жағдай нашарлап бара жатса, оны түзетуге тырыспай, соңына дейін құлдырауға жол беру» дегенді білдіреді. Бұл – жастардың әлеуметтік лифтілердің тоқтап қалғанына, бай мен кедей арасындағы алшақтыққа деген наразылығының көрінісі еді.
Қытай билігі бұл әлеуметтік тенденциялардың экономикаға қауіп төндіретінін түсінді. Егер жастар тұтынудан, отбасын құрудан және еңбек етуден бас тартса, ел дамуы кенжелеп қалмақ. Сондықтан Пекин «Ортақ игілік» саясатын жариялады. Мемлекет миллиардерлердің ықпалын азайтып, жұмысшылардың құқығын қорғайтын заңдарды күшейтті. Балаларды оқытудағы шектен тыс бәсекелестікті бәсеңдету үшін жеке білім беру индустриясына шектеу қойылды. Әлеуметтік желідегі байлықпен мақтану (flexing) мен «әдемі өмірді» тым қатты дәріптейтін блогерлердің контентіне бақылау орнатылды. Тіпті, кейбір миллиондаған жазылушысы бар блогерлердің парақшаларын бұғаттауды қолға алды. Осылайша, «сәттілікті көрсету» мен бос даңғазалықты насихаттайтын контенттердің көрсетілімі шектеле бастады. Яғни, үлкен тазалау басталды. 2024 жылдан басталған бұл үрдістің қазір жаңа толқыны жарияланды.
Жылдар бойы миллиондаған юань тұратын Hermes сөмкелерін, Rolls-Royce пен Ferrari толы гараждарды, сауда орталығындай зәулім пәтерлерді көрсетіп жүрген блогерлер Douyin, Weibo және Xiaohongshu әлеуметтік желі платформаларынан жаппай жоғала бастады. Ең танымалдарының бірі – 4 миллионнан астам оқырманы бар, «қытайлық Ким Кардашьян» атанған Wang Hongquanxing-тың парақшалары бір күнде жоқ болып кетті. Douyin әлеуметтік желісі бір аптаның ішінде мыңдаған контентті өшіріп, 4701 luxury-аккаунтты жапты. Xiaohongshu желісі де жүздеген профильді бұғаттады. Мұның бәрі «ақшаға табыну мәдениетіне қарсы күрес» болатын.
Сонымен қатар Қытай билігі медицина, құқық, қаржы, білім беру сияқты «маңызды тақырыптарды» талқылайтын блогерлерге дипломын, лицензиясын немесе кәсіби сертификатын растауды міндеттейтін ережелер енгізді. Әйтпесе, контенті өшіріліп, парақшалары бұғатталуы мүмкін. Douyin, Weibo және Bilibili платформалары авторлардың біліктілігін тексеруге міндеттелді.
Яғни, енді кез келген блогер камера қосып алып «депрессияны қалай емдеу керек», «ақшаны қандай инвестицияға құю керек», «соттасуды қалай жүргізу керек», «баланы қалай тәрбиелеу керек» деп, кәсіби білігі болмаса де, кеңес бере алмайды.
Осылайша, Қытай билігі басқа құндылықтарды белсенді түрде насихаттай бастады. Оның ішінде қарапайымдылық, тәртіп, адал еңбек, білім, елге пайда келтіру секілді құндылықтарды насихаттауға шақырып отыр.
Салыстыру теориясы
Иә, әлеуметтік желі өмірдің тек ең әдемі бөлігін көрсетеді, өңделген суреттер, әдейі таңдалған сәттер, айтылмай қалған қиындықтар. Сондықтан адам өз өмірін біреудің «идеал» өмірімен салыстырып, өзін «жолы болмаған пенде» сезінуі мүмкін. Бұл адам бойында қызғаныш пен мазасыздық тудырады. «Өзіңді басқалармен салыстырма» дейтін қанша нақыл болғанымен, салыстыру механизмі адам табиғатына терең сіңген. Әлеуметтік салыстыру теориясының авторы Леон Фестингер зерттеулеріне сәйкес, күнделікті ойларымыздың шамамен 10 пайызы қандай да бір салыстырумен байланысты.
Әлеуметтік психолог Леон Фестингер бұл саланың негізін қалады. Оның тұжырымы бойынша, біз өз құндылығымызды өзгелермен салыстыру арқылы бағалаймыз: жоғары қарай – бізден табыстырақ көрінетін адамдармен, төмен қарай – бізден әлсіздеу көрінетіндермен. Өзіңнен жақсырақ, табыстырақ адаммен салыстыру мотивация беруі мүмкін, бірақ көбіне көңіл-күйді түсіріп, өзіңді төмен санауға әкеледі. Жағдайы өзіңнен нашар адаммен салыстыруға келсек, бұл тәжірибе адамның өзіне деген сенімділігін арттырып, шүкіршілік сезімін ояту үшін қолданылады. Сонымен қатар «Күміс жүлдегердің қасіреті» деген термин бар. Бұл өте танымал зерттеу. Ғалымдар Олимпиада ойындарының жеңімпаздарын зерттеді. Нәтижесінде қола жүлдегерлер күміс жүлдегерлерге қарағанда өздерін әлдеқайда бақыттырақ сезінеді екен. Себебі күміс жүлдегер өзін алтын алған адаммен салыстырып, «сәл болғанда бірінші болар едім» деп өкінеді. Ал қола жүлдегер өзін төртінші орын алып, ешқандай медальсыз қалғандармен салыстырып, қуанады.
Нейробиологтар салыстыру кезінде мида не болатынын зерттеп, қызықты мәліметке тап болған. Тәжірибеде екі қатысушыға бірдей тапсырма беріліп, оларға әртүрлі ақы төленді. Егер қатысушы көршісінен көбірек ақша алса, оның миындағы «сыйақы орталығы» айтарлықтай рахат күй кешкен. Ақшаның нақты мөлшері емес, оның басқалармен салыстырғандағы мөлшері миға көбірек ләззат сыйлаған. Бұл біздің миымыздың эволюциялық тұрғыдан салыстыруға бейімделгенін көрсетеді.
Сондай-ақ «Кішкентай тоғандағы үлкен балық» эффектісі деген бар. Бұл білім беру саласындағы зерттеу. Дарынды оқушы орташа мектепте оқыса (кішкентай тоғандағы үлкен балық), оның өзіне деген сенімі өте жоғары болады. Егер дәл сол оқушы ең үздік, элитарлы мектепке ауысса (үлкен мұхиттағы кішкентай балық), оның академиялық көрсеткіштері жоғары болса да, өзін «нашар» сезініп, өзіне сенімі төмендеп кетеді. Бұл да салыстырудың адамға қалай әсер ететінін ашық көрсететін бір мысал.
Әлеуметтік салыстыру тақырыбында біраз ғалымдар зерттеу еңбектерін жариялады. Соның бірі Элиот Аронсонның «Когнитивті диссонанс және салыстыруы». Ол салыстыру барысында адамның ішкі қайшылығы (когнитивті диссонанс) пайда болатынын айтты. Егер біз өзімізді «жақсы адам» деп санасақ, бірақ біреуден нашармыз деп сезсек – психологиялық қысым пайда болады. Бұл қысым не әрекет арқылы, не өз-өзіңді алдау арқылы шешіледі.
Ал Зигмунт Бауманның салыстыру туралы айтары басқа. Бауман өзінің «Сұйық заман» концепциясында бүгінгі адамдар тұрақсыз, салыстыруға тәуелді ортада өмір сүретінін жазады: Қоғамда «болу» емес, «көріну» маңызды және салыстыру – өмір сүру формасына айналған. Мысал: Instagram-да «Басқалар секілді өмір сүрмесем – менің тірлігім мәнсіз» деген ой «сұйық замандағы» салыстыруға тәуелді психологияның көрінісі. Зигмунт Бауманның «Сұйық заман» концепциясы қазіргі әлемде әлеуметтік салыстырудың көбейгенін және оның адамдардың өздерін қабылдауға қалай әсер ететінін терең түсіндіреді. Бауманның айтуынша, біз тұрақтылық пен сенімнен гөрі, әлдеқайда өзгермелі, уақытша күйбең тіршілік кешіп жатырмыз. Бұл да жастардың өздерін басқалармен салыстыруда ішкі тұрақтылыққа ие бола алмай, жиі алаңдаушылық сезімін тудыруына себеп болуда. Ал ғылым философы Томас Куне «Парадигмалық ауысым» туралы айта келе, қоғам да өз дамуын бұрынғы жағдайлармен салыстыру арқылы түсінетінін жазады. Мысал: «Кеңес кезінде былай еді, қазір басқаша» деген сөздер – ұрпақаралық салыстырудың мысалы.
Иә, ғылым өзіңді өзгемен салыстыруды тоқтату мүмкін емес екенін айтады, себебі бұл мидың функциясы. Бірақ біз кіммен салыстырып жатқанымызды бақылай аламыз, дейді мамандар. Ең дұрыс стратегия өзіңді өзгемен емес, «кешегі өзіңмен» салыстыру.
Slow living һәм Soft life
Дегенмен әдемі өмірдің жалған екенін түйсініп келе жатқан жастар да жоқ емес. 2015-2020 жылдары инфоалаяқтық көбейгеннен кейін аудитория әлеуметтік желідегі ақпаратқа сын көзбен қарай бастады. Адамдар фактілерді тексеріп, пікірлер іздеп, фотолардың шынайылығын тексеретін болды. YouTube пен Telegram-да инфобизнес алаяқтарын әшкерелейтін арналар көбейді.
Сонымен қатар 2020 жылғы пандемия адамдарды өмірге басқаша қарауға итермеледі. Көпшілік үшін денсаулық, отбасы, тыныш өмір мансап пен мәртебеден маңыздырақ бола бастады. Көп адам аз ақша тапса да, бос уақыты көп болғанын қалайды. Қоғамда Slow living деген түсінік пайда болды. Ол – баяу әрі саналы өмір ұғымы болатын. «Көбірек істе» дегеннің орнына, «Маңызды нәрсені жаса» деген түсінік келе бастады. Мұның негізгі идеясы – өмір сапасы, минимализм, демалыс пен жұмыстың тепе-теңдігі. Сонымен қатар Soft life, яғни өзіңді қинамай өмір сүру ұғымы да бүгінде үрдіске айналып келеді. Бұл – TikTok-та танымал болған тренд. Мағынасы үнемі стресс ішінде жүрмеу, мансап үшін өзіңді құрбан етпеу, жайлылық пен тыныштықты таңдау. Яғни, әркімнің өз жылдамдығы бар. Қазір адамдар әркімнің жолы бөлек екенін, әркімнің уақыты әртүрлі екенін көбірек қабылдай бастады.
Демек, әрбір «жылтыраған табыстың» артында жылдар бойғы еңбек, көптеген қателік, күмән мен қорқыныш жататынын ұмытпау маңызды. Carol Dweck зерттеулері көрсеткендей, сәтсіздіктен қорқу адам өсуін тежейді. Ал қателікті ұят емес, үйренудің бір бөлігі деп қабылдасақ, әлеммен қарым-қатынасымыз өзгермек.
Түйін:
«Сәттілік культі» – бұл үлкен маркетингтік машина. Ол бізге жетіспейтін нәрсені сату үшін, алдымен бойымызда кемшілік сезімін оятады. Алайда нағыз сәттілік – таңертең жүрегің тыныш ояну, сүйікті ісіңмен айналысу және өзгелердің таңдауымен емес, өз жүрегіңнің қалауымен өмір сүру. Экрандағы әдемі кадр – бұл өмірдің өзі емес, оның тек жақсылап өңделген үзіндісі ғана. Шын өмір – сол кадрдың сыртында, қарапайым сәттерде жатыр.
Наурызбек САРША