Әлеуметтік желіде Түркістан қаласында жерде жатқан Әзербайжан туын көтеріп алған оқушының видеосы кеңінен тарады. Жасөспірімнің бұл әрекеті Қазақстанда ғана емес, Әзербайжанда да жоғары бағаланып, көпшіліктің ризашылығын тудырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Видеода оқушының жолдан өтіп, желден құлап қалған туды жерден көтеріп алған сәті көрінеді. Бұл оқиға Түркістанда өткен саммит кезінде болған. Ролик қысқа уақыт ішінде жүздеген мың қаралым жинап, желі қолданушыларының жылы пікіріне ие болды.
Әзербайжандық қолданушылар мен Қазақстандағы әзербайжан диаспорасының өкілдері оқушының мемлекеттік рәмізге құрмет көрсеткеніне алғыс білдірді. Пікір қалдырғандар оның тәрбиесіне сүйсініп, ата-анасына да ризашылықтарын жазған.
"Өз еліңе деген құрмет өзгеге құрмет көрсетуден басталады", "Ата-анаңның қолынан сүйейін", "Рахмет, бауырым!", "Әзербайжаннан сәлем!" деген пікірлер көптеп жазылды.
Кейін видео кейіпкері Түркістан қаласының 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлы екені белгілі болды. Жасөспірімнің айтуынша, ол сол күні үйіне қайтып бара жатқанда жолда жатқан Әзербайжан туын көрген. Мемлекеттік рәміздің жерде жатқанына бейжай қарай алмаған оқушы оны көтеріп қоюды дұрыс деп санаған.
"Сол күні үйге қайтып бара жатып, жолда Әзербайжанның мемлекеттік туы жатқанын байқадым. Қатты желден құлап кеткен болуы мүмкін. Менің ойымша, мемлекеттік ту – елге, халыққа деген құрметтің, абырой мен намыстың белгісі. Сондықтан оның жерде жатқанына қарап тұра алмадым. Бұл мен үшін қалыпты әрекет болды", – деді Нұрсұлтан.
Оқушы видеосының әлеуметтік желіде кең тарайтынын күтпегенін айтты. Оның сөзінше, көпшіліктің жылы пікірі мен алғысы оған ерекше әсер еткен.
Нұрсұлтанның ата-анасы да ұлының бұл әрекетін қолдаған. Олар баласының өзге мемлекеттің рәмізіне құрметпен қарағанын мақтан тұтатынын жеткізген.
Жоғары сынып оқушысы сабақтан бөлек, жеке стартап-жобасымен де айналысады. Оның жобасы бірнеше республикалық байқауда жүлделі орын алған. Сондай-ақ ол Астанада өткен Regional Ecological Summit 2026 халықаралық экологиялық саммитіне қатысқан.
Оқиғадан кейін Нұрсұлтанмен Қазақстандағы әзербайжан диаспорасының өкілдері байланысқа шыққан. Түркістан облысы бойынша "Қарабах" әзербайжан қоғамдық бірлестігінің өкілдері оқушы мен оның отбасына арнайы барып, алғыс айтуды жоспарлаған.
Бірлестік төрағасы Рамиля Мустафаеваның айтуынша, Нұрсұлтанға алғыс хат, естелік сыйлық және әзербайжандардың Қазақстанға қоныс аудару тарихы мен өмірі туралы кітап табысталмақ.