Вейппен күрес: Жасырын сауда тиылмай тұр

Вейппен күрес: Жасырын сауда тиылмай тұр

Қазақстанда вейпке ресми түрде тыйым салынғанына бірнеше жыл өтсе де, «көлеңкелі» желіге көшіп, жасөспірімдерге қолжетімді болып отыр. 

Көрінбейтін кесел

Елімізде 2024 жылдан бері вейптерге рес­ми түрде шектеу қойылды. Олар­ды елге әкелуге, сатуға және өндіруге бол­май­ды. Темекі өнімдерін, электронды вейп­­терді, хош иістендіргіш сұйық­тық­тар­ды сатқаны және таратқаны үшін Қыл­мыс­тық кодекстің 301-1 баптың 1-бөлігі бойын­­­ша 200 АЕК (865 000 теңге) көлемінде айыппұл не болмаса 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза көзделеді немесе 50 тәу­лікке қамауға алынады. 

Ал вейптерді әкелгендер мен өндір­ген­дер 301-1-баптың 2-бөлігіне сәйкес 2000 АЕК көлемінде айыппұл салуға (7 млн 384 мың теңге) не болмаса 600 сағат қоғамдық жұ­мыстарға тартуға немесе мүлікті тәркі­леу­мен (немесе тәркілеусіз) 2 жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Вейпке салынған ресми тыйым заңсыз сауданың жолын кесе алмай тұр. Заңның қа­былданғанына екі жылға жуықтаса да тыйым салынған өнім сақталған ірі қой­ма­лар анықталып, «кәсіпкерлер» мен ку­рьер­­лер ұсталып жатыр. Қаржылық мони­то­ринг агенттігінің мәліметі бойынша был­тыр жарты жылдықта заңсыз вейп ай­налымына қатысты 32 жағдай тіркеліп, 440 000-нан астам данасы тәркіленіп, жойыл­ған. Биыл ақпан айында Алматы прокуратурасының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ірі қылмыстық топты құрықтады. 

– Тергеу барысында 180 мыңнан астам вейп тәркіленіп, жойылды. Оларды сатудан түсуі мүмкін табыс 1 миллиард теңгеден асуы ықтимал болған. Қоймалар мен сату нүк­телері анықталды. Күдіктілердің мүл­кіне 347 миллион теңге көлемінде шектеу салынды, – деп хабарланды. 

Іс бойынша алты адам жауапкершілікке тар­тылған. Ал бүкіл республика бойынша ұсталмаған қанша «кәсіпкердің» бар екенін болжау қиын. Өйткені сауданың бұл түрі мес­сенджерлер мен әлеуметтік желілерге кө­шіп, бақылау қиындаған. Ең қауіптісі, өнім­дердің кәмелетке толмағандарға, со­ның ішінде мектеп оқушыларына белсенді түрде таратылатыны. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қоғамдық денсаулық сақтау орталы­ғы­ның бірлесіп жасаған зерттеу қорытын­ды­сына қарағанда, Қазақстанда 11-15 жас­тағылардың шамамен 10 пайызы вейп қол­данады. Ұлттық денсаулық сақтау орта­лығының мәліметінше, 11 жасар жасөс­пі­рім­­дердің 3,4 пайызы, 13 жастағылардың 4,8 пайызы, 15 жастағы жастың 9,8 пайызы жа­санды шылымға әуес. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы зерттеуі бойынша, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер ара­сында темекі (соның ішінде электронды құрылғылар) тұтыну көрсеткіші 1,2 пайыз­дан 3,6 пайызға дейін өскен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның былтырғы есебіне сәйкес, жасөс­пірім­дер вейпті ересектерге қарағанда 9 есе жиі тартады екен. Тыйымға дейін Алматы мен Астанадағы 21 жасқа дейінгі жастар­дың 80 пайыздан астамы апта сайын вейп сатып алғаны анықталған. Бұл жай ғана статистика емес, жасөспірімдердің денсау­лы­ғына төнген үлкен қауіп.

Бұрын вейп никотин жап­сыр­малары немесе сағыздарына қарағанда қат­тырақ тәуелділік тудырмайды деп есеп­телетін. Алайда мұндай сауална­ма­лар­дың көбі темекі шегетін адамдар ара­сында жүр­гізіліп келді. Соңғы зерттеулер бұрын никотин қолданбаған адамның вейп­тің тұзағына оп-оңай түсетінін көр­се­тіп отыр. Сондықтан қазіргі вейп бұрын те­мекі шегіп көрмегендерді өз құрсауына тез түсіреді екен.  
Көшелерде, сауда үйлерінде және әлеу­меттік желілерде вейп саудасы бұрынғыдай ашық жүрмесе де, астыртын түрде таралып жатыр. Статистикаға сүйенсек, заңсыз  ай­налым тыйым салынғаннан кейін 120 есе артқан. Яғни, тыйым салынғаннан соң бір­ден заңсыз тауар айналымы көбейген. Оның мұнша артуы құқық қорғау орган­дарының бұл бағыттағы жұмыстарын әлі де күшейтуі қажет екенін көрсетіп отыр. 

Вейп қалай келеді?

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, заң күшіне енгелі бері бірнеше мың­­даған электронды вейп пен оған ар­нал­ған сұйықтықтар тәркіленген. Олардың кө­бісі контрабандалық жолмен, яғни басқа тауарлардың атын жамылып жеткізілген. Контрабандада ең жиі қолданылатын әдіс – жалған декларация. Құжаттарда вейптің орнына басқа тауарлар көрсетіледі. Флеш­калар, жарықдиодты шамдар, электр тіс щеткалары немесе ойыншықтар тұр­мыс­тық техника ретінде рәсімделеді. Құ­рылғының пішініне қарай кеңсе құралдары ретін­де қаламсаптар немесе маркерлер деп ж­а­зылады. Тіпті үлкен контейнерлердің тү­біне вейп салып, бетін заңды қосалқы ав­тобөлшектермен жауып тастайды. Со­нымен қатар кейінгі жылдары вейптер «кар­го» компаниялар арқылы өткізіле бас­таған. Өйткені бұл өте тиімді. Онда мың­даған зат араласып жататындықтан, әрбір қорап­ты ашып тексеруге кеденшілердің уа­қыты мен ресурсы жете бермейді. Бұдан бө­лек Қазақстан Еуразиялық Экономи­ка­лық Одақ мүшесі болғандықтан, Ресей не­­­­месе Қырғыз Республикасымен арадағы ше­карада кедендік бақылау жеңілдетілген. Егер тауар Ресейге кірсе, оны Қазақстанға қарапайым жүк көлігімен өткізу оңайырақ. Ше­карадағы тексеріс көбіне тек құжат­тар­ды қараумен шектелсе, бұл қылмыскерлер­дің ұсталу ықтималдығын азайтады. 

Заң құрығы ұзарған сайын қылмыс жа­сайтындар да әртүрлі айла-тәсілдерді қол­дана бастаған. Соның бірі – вейпті бөлшектеп әкелу. Яғни,  аккумуляторлар бөлек, пластик корпустары бө­лек, сұйық-тықтары бөлек келеді. Бұл зат­тар жеке-жеке «электронды бөлшектер» не­месе «хош иістендіргіштер» ретінде заң­ды көрінуі мүмкін. Олар елге кірген соң жа­сырын цехтарда құрастырылады. 

Мұндай «схемаларға» қарсы қазір ше­карада бақылау да күшейген. Мә­селен, заманауи сканерлер жүктің ты­ғыз­дығына қарап, ішінде не барын (тіпті ол темір қораптың ішінде болса да) анық­тай алады. Егер жүк тасымалдаушы компа­ния бұрын заң бұзған болса немесе жүк «кү­мәнді» елден келсе, ол міндетті түрде 100 пайыз тексеруге жіберіледі. Бұл бағытта кинологтардың да еңбегі ерен. Арнайы үйретілген иттер сұйықтықтар мен химия­лық қоспалардың иісін сезе алады. Осын­дай алдын-алу шараларына қарамастан заңсыз айналымның күшеюі сыбайлас жем­қорлық пен шекарадағы техникалық ба­қылаудың жеткіліксіздігінен хабар бе­ре­ді. 

Ата-аналардың уайымы

Елге жеткізілген жасанды темекі­лер­дің жастар арасында кең таралуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің «үлесі» зор екенін жоғарыда айттық. Жасөс­пірім­дерге вейп сатып алу үшін дүкен ара­лау­дың қажеті жоқ. Бәрі смартфонның ішін­де. Telegram-боттар арқылы тапсырыс бере­ді, ақшаны бейтаныс біреудің карта-сына аударады, ал тауарды курьер әкеледі. 
Көлеңкелі нарықтың өсуі және жеткізу қыз­меттері арқылы бақылаудың қиындауы ата-аналарға үлкен уайым болып отыр. Өйт­кені ата-аналар банк қосымшасы арқы­лы баласының қанша теңге жұмсағанын, дүкен атауын және қашан төлем жасағанын ғана көре алады. Егер бала жеткізу қызме­ті­не 5 000 теңге төлесе, сіз тек «Доставка» деп шыққан транзакцияны көресіз, бірақ ол тамақ па, әлде вейп пе, оны білу мүмкін емес.

Құзырлы органдар жеткізу қызмет­те­рі­не тексеру жүргізгенде бірқатар кедергіге тап болады екен. Ең бірінші, курьер тасы­мал­­­­­дап бара жатқан қорап –  жеке мүлік не­­­месе тапсырыс. Заң бойынша полиция қыз­­меткеріне кез келген курьерді тоқтатып, «ішін­де не бар?» деп қорапты ашуға рұқсат жоқ. Ол үшін нақты қылмыстық іс не­­­месе шағым болуы керек. Екінші жағдай – курьер пакет ішінде не барын біл­мейді. Оған тек «А нүктесінен Б нүктесіне пакетті жеткіз» деген тапсырма беріледі. Егер пакет ішінен вейп табылса, курьер «мен тек тамақ немесе құжат деп ойладым» деп жауапкершіліктен қашады. Үшіншіден, тапсырыстар көбіне Telegram-боттар ар­қылы жүргізіледі. Сатушы мен сатып алушы бір-бірін танымайды, ал төлем үшінші тұлғалардың карталарына аударылады. 

Бізде заң бойынша жауапкершілік кө­біне сатушыға жүктеледі. Ал жеткізуші ком­паниялар мен курьерлер «біз тек та­сы­мал­даушымыз» деген желеумен жауапк­ер­шіліктен жалтарады.

Полиция қызметкерлері қылмыс­кер­лерді ұстау үшін жасөспірім ретінде немесе жасырын сатып алушы ретінде тапсырыс береді. Курьер келген кезде оны ұстап, тауар­дың қайдан шыққанын, қойманың қайда екенін анықтайды. Сонымен қатар Glovo, Wolt, Яндекс сияқты ірі сервистерге ку­рьерлер арқылы заңсыз заттарды тасы­мал­дауға шектеу қоюды талап етуде. Бірақ бұл компаниялар тек «делдал» болған­дық­тан, әр пакеттің ішін көруге техникалық мүм­кіндігіміз жоқ деп ақталады. Ішкі істер министрлігінің киберқылмыспен күресу жөніндегі департаменті былтырдан бері мыңдаған telegram-арнаны бұғаттаған. Бірақ мұндай мессенджерлер тым көп. Жауын­нан кейінгі саңырауқұлақтай бірін жапса, бірнешеуі ашылып жатады. Бұл жағ­дай­д­а тек мемлекеттік бақылау емес, ата-ана­лардың баланың шығындары мен әлеу­меттік желілеріне мұқият болғаны аса маңыз­ды.

Мамандар ол үшін баланың теле­фо­нына қандай бағдарламалар ор­на­тылғанын, жеткізу сервистерін қанша уа­қыт қолданатынын көріп отыру керек деп кеңес береді. Смартфонға жаңа бағдарлама орнатқанда ата-анадан рұқсат сұрайтындай етіп қоюға болады. Екінші жолы – банк қо­сымшасында баланың картасына лимит қою. Ірі сомаларға шектеу қою арқылы кү­мәнді заттарды сатып алудың алдын алуға болады. Өкінішке орай, заңсыз нарық кез келген банктік бақылауды айналып өте алады. Сондықтан балаңыздың шығындары жиілеп, «доставка» немесе бейтаныс жеке тұл­ғаларға аударымдар көбейсе, бұл назар аударатын белгі.

Заңсыз вейп сатылымына қатысты курьер­лерге міндетті тексерісті енгізу ұсы­нылып отыр. Оған сай курьер пакетті ал­ған­да ішінде тыйым салынған зат жоқ еке­ніне көз жеткізуге тиіс. Сонымен қатар жеткізу қызметтері арқылы темекі немесе күмәнді заттарды тапсырыс бергенде, сатып алушының жасын Digital ID арқылы растауды міндеттеу керек. Кейбір қоғам белсенділері заңсыз тауар тасымалдаған логистикалық компанияларға айыппұлды аямай салу керек деген пікірде. 

Медицина мамандары вейптегі тұзды ни­котин кәдімгі темекіден әлдеқайда қауіп­ті екенін айтып дабыл қағуда. Ол қан­ға 3-5 секундта сіңіп, жасөспірімнің дамып келе жатқан миын зақымдайды. Ал хош иістендіргіштердің құрамындағы химия­лық элементтер өкпе ауруына әкеледі. 

Вейптің қауіптілігі сонда,  адам кәдімгі темекінің қашан таусылатынын біледі, ал вейптің құрамындағы никотин кон­центра­циясы өте жоғары және оны тоқтаусыз тарта беруге болады. Бұл жүрек-қан тамыр­лары жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Ал заң тұрғысынан алғанда, қазір вейп сату есірт­кі сатумен бірдей деңгейдегі қылмыс. 

Қазір құзырлы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан бақылау шаралары кө­біне рейдтік тексерулермен ғана шек­теліп отыр. Әрбір курьердің сәлемдемесін тек­серуге мемлекеттің ресурсы да, заңдық өкі­леттігі де жетпейді. Осы құқықтық саңы­лау мен бақылаудың әлсіздігін пайда­ланған жасөспірімдер тыйым салынған өнімге еш кедергісіз тапсырыс беріп, тұза­ғына түсуде. Түйіндей айтқанда, заңның қа­тал­дығы оның орындалуымен өлшенбе­се, көлеңкелі нарық ұлт саулығын іштен кеміре бермек. Сондықтан бұл мәселеде тек мемлекеттік тексеріске ғана емес, қоғам мен отбасының ортақ жауапкершілігіне басымдық беретін уақыт жеткендей. 
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар