Алматы облысында жасөспірім дұрыс жабылмаған құдыққа соғылып, ауыр жарақат алды. Велосипедпен келе жатқан 10-сынып оқушысы жолда тұрған шойын темірді байқамай, қатты екпінмен соғылған. Салдарынан оның омыртқасы мен жақ сүйегі сынған, деп turkystan.kz тілшісі "КТК" арнасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға үш күн бұрын Қаскелең қаласына кіреберістегі көшелердің бірінде болған. Баланың туыстары жасөспірім құдыққа соғылғаннан кейін бірнеше метр жерге бетімен құлағанын айтады.
Оқушының анасы бұл жағдайға жол мен көше құрылысына жауапты мамандардың салғырттығы себеп болды деп есептейді. Оның айтуынша, құдықтың қақпағы жол деңгейінен биік шығып тұрған, ал қараңғы уақытта оны байқау тіпті қиын.
"Қазір балам тамақ іше алмайды, тұра алмайды. Омыртқасы, белі сынған, сау жері жоқ. Бұл жерде қаншама бала жүреді. Мұндай жолды қалай қабылдаған? Құдықтың беті шығып тұр, қараңғыда мүлде көрінбейді", – деді баланың анасы Жанар Айтжанова.
Жасөспірім құлағаннан кейін біраз уақыт орнынан тұра алмай жатқан. Кейін оқиға орнына ағасы келіп, оны ауруханаға өзі жеткізген.
"Жерде жатты, үсті шаң-тозаң, балшық болды. Беті қанап, ісіп кеткен. Жағдайы ауыр еді. Жедел жәрдем шақырдық, бірақ жарты сағатта келетінін айтты. Баланың күтетін жағдайы болмаған соң, өз көлігіммен ауруханаға алып бардым", – деді баланың ағасы Бауыржан Сандыбаев.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл маңдағы құдықтың қақпағын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Сол себепті адам құлап кетпес үшін оның беті уақытша бетонмен жабылған. Дегенмен аудан әкімдігі бұл құрылысқа тікелей жауапты емес екенін алға тартты.
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Төлепбергеннің сөзінше, тапсырыс беруші – су шаруашылығы комитеті, ал мердігер – "Алматы ИНЖ Строй" компаниясы. Әкімдік аталған жағдай бойынша хат жолданғанын және отбасына қандай көмек көрсетілетінін қарастыратынын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы бірқалыпты. Дәрігерлер жақын күндері оған ота жасауды жоспарлап отыр.