Ақ көйлегім бар дейсің...

/
Ақ көйлегім бар дейсің...
сурет: istockphoto.com

Сөреде бос орын болмаса да, киетін түк жоқ. Жаңа киім алсаң, өзің де, дүние де жарқырап шыға келетін секілді болады да тұрады. Көйлекпен бірге сенімділікті де қоса сататын секілді. Айнаға қарап тұрып «адам көркі – шүберек» деген сөзді қалай дәл тауып айтқан деп таңырқайсың. Міне, дәл осы ой жаһандық киім-кешек нарығын дамыл таптырмай  дөңгелетіп тұрған қозғаушы күшке айналдырып отыр.
Жаһандық сән индустриясы бүгінде жай ғана подиумдар мен жылтырақ журналдар емес. Бұл – шамамен 1,5 триллион долларлық алып нарық. Бірақ қызылды-жасылды мақпал-масатының артында күрделі қайшылықтар мен үлкен проблемелар жатыр. 

Ақшадан да қымбат құн

Кейінгі жиырма жылда киім өндірісі екі есеге жуық өскен. Қазір әлемде жылына 100-150 миллиард дана киім тігіледі. Тұтынушылар 2 000 жылмен салыстырғанда 60 пайызға көбірек киім сатып алады, бірақ әр киімді екі есе аз уақыт киеді. Киім кию жиілігі 36 пайызға қысқарған. Сән тез өзгереді, киім тозып үлгермейді, сол күйі қоқысқа кетеді. Әр секунд сайын бір жүк көлігіне тең киім өртеледі немесе қоқыс полигонына жіберіледі, барлық өндірілген талшықтың 87 пайызы ақырында қоқысқа кетеді. Жалпы, бұл өнеркәсіп жыл сайын 92 миллион тонна қалдық шығарады. Қайта өңделетін киім үлесі 1 пайыздан аз.
Су мәселесі одан да күрделі. Мақтадан тігілген бір футболканы шығаруға шамамен 2 700 литр су кетеді екен. Бұл бір адамның үш жылға жуық ішетін суына тең. Жалпы, сала жылына 215 триллион литр су тұтынады. Әлемдік ағынды сулардың 20 пайызы матаны бояу мен өңдеуге кетеді. 
Мата құрамы бойынша сараласақ, нарықтың 54 пайыздан астамы –полиэстер. Мақта – шамамен 24 пайыз. Пластик негізіндегі талшық өндіру үшін жыл сайын жүздеген миллион баррель мұнай жұмсалады. Синтетикалық киімді жуу нәтижесінде мұхиттарға жылына жарты миллион тоннаға жуық микроталшық түседі, бұл барлық микропластиктің 35 пайызына тең.
Киім-кешек индустриясы әлемдегі көмірқышқыл газының шамамен 10 пайызын шығарады: бұл барлық халықаралық әуе рейсі мен теңіз тасымалын қосқаннан да көп. Егер бұл жағдай өзгермесе, 2030 жылға қарай саланың шығарған парник газы тағы 50 пайыздан астам өсуі мүмкін.
Киімді әдеттегіден 9 айға ұзағырақ кию көміртек, суды ысырап ету  және қалдықты 20-30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді екен.

Ақталмайтын еңбек

Сән индустриясы әлемде 60-75 миллион адамды тікелей жұмыспен қамтып отыр. Олардың шамамен 80 пайызы – әйелдер. Бірақ жаһандық деңгейде жұмысшылардың 2 пайызы ғана өмір сүруге жеткілікті жалақы алады. Жұмысшылардың жартысында әлеуметтік кепілдік пен ресми келісімшарт жоқ.
Азия-Тынық мұхиты аймағы жаһандық текстиль экспортының 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Кейбір елдерде тігін секторында 14-16 сағаттық жұмыс күні қалыпты құбылыс саналады. Алпауыт брендтердің тек 5 пайызы ғана фабрикалар тізімін жариялайды. Шикізат жеткізушілерінің жартысына жуығы толық бақыланбайды. Балалар еңбегі мен мәжбүрлі еңбек тәуекелі бірқатар мақта өндіруші елде бар.

Киілген киім сату нарығы дамып келеді

Соған қарамастан нарық одан ары құлашын кеңге жайып келеді. 2025 жылға қарай әлемдік киім мен аяқ киім алуға жұмсалған ақша көлемі 2,25 триллион долларға жетуі мүмкін. Fast fashion сегменті 2027 жылға қарай 163 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. Онлайн сауда үлесі он жыл бұрынғы 12 пайыздан 30 пайызға дейін өсті.
Бірақ дәстүрлі модельмен қатар жаңа нарықтар да қарқынды дамып келеді. Киілген киім сатып алу нарығы 2026 жылға қарай 82 миллиард долларға жетіп, дәстүрлі бөлшек саудадан 11 есе жылдам өсіп отыр. Кроссовкаларды қайта сату сегменті 2030 жылға қарай 30 миллиард долларға жетуі мүмкін. Киім жалға беру, цифрлық сән, смарт-маталар барлығы жаңа табыс көзі ретінде қалыптасып келеді.

Арзан сыйақы

Сән индустриясының дамуы тек өндіріс пен логиканың жеделдеуіне байланысты емес. Оның басты қозғаушы күші – адамның психологиялық механизмдері. 
Сауда жасау – тек экономикалық акт қана емес, миға дофамин бөлетін нейробиологиялық процесс. Жаңа көйлек немесе аяқ киім қысқа ғана уақытқа көңіліңізді көтереді. Бірақ ол әсер көбіне ол киімді бір киіп шыққаннан кейін су сепкендей басылып қалады. Сол күйді қайта кешу үшін тағы бір жаңа киім сатып алу керек болады. Fast fashion осы механизмді пайдаланады: апталық жаңа топтамалар, бұдан кейін қайталанбайтын ұсыныстар, «қазір алмасаң – кеш қаласың» деп жасырын қысым жасау. 
Әлеуметтік желілерде киім өзін-өзі көрсету құралына айналды. Бір киімді қайта қию образды қайталау деп саналады. Сарапшылар мұны «импрессиялық басқару» деп атайды: адам өзін басқалардың көзімен бағалайды. Одан бөлек, көбісі киімді бүгінгі емес, ертеңгі өзін ойлап алады: спортпен айналысқанда киемін, жұмысқа ауысқанда қажет болады деген сияқты. Шындығына келгенде, сөреде шаң жинап жылдап жата беруі мүмкін.
Сондай-ақ экономикалық белгісіздік артқан сайын адамдар ұсақ, қолжетімді көңіл көтеру тетіктеріне жиі жүгінеді екен. Арзан көйлек немесе аяқ киім сатып алу сондай сезім сыйлайды. Бұл – қаржы мен өмірлік тұрақсыздыққа қарсы психиканың қорғанысы. Қымбат зат сатып алғанда қателесуге қорқамыз, ал арзан тауар импульсивті шешімге итермелейді. Нәтижесінде, бір адамның импульсивті саудасы 92 миллион тонна текстиль қалдығына, ысырап болған 215 триллион литр суға және 10 пайыз улы газға айналады.
Сапалы киім бастапқыда қымбат көрінуі мүмкін, бірақ оны жиі алмастырудың қажеті жоқ, сондықтан да үнемдеуге болады. Таза, сапалы матадан тігілген киім денсаулығымызға да пайдалы. Сондай-ақ тек қаржылық қана емес, психологиялық тұрақтылық та сыйлайды.
Осылайша, өзіміз үлде мен бүлдеге оранып, табиғатты жалаңаштап жатқандаймыз десек, артық емес. Сән индустриясы ұсынысты өзгертпейінше, сұраныс өзгермейді деп үзілді-кесілді тұжырым жасау оңай. Бірақ сұраныс адамның ішкі психологиясына негізделетінін ұмытпау қажет. Киім кигіміз келе ме, әлде арзан сезім сатып алғымыз келе ме, мәселе – сонда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар