Ғалымдар өткен шаққа хабар жіберу теориялық тұрғыда мүмкін екенін дәлелдеді

/
Ғалымдар өткен шаққа хабар жіберу теориялық тұрғыда мүмкін екенін дәлелдеді
сурет: istockphoto.com

АҚШ физиктері кванттық байланыс арналары арқылы ақпаратты болашақтан өткенге жіберудің теориялық мүмкіндігін дәлелдеді. Зерттеу нәтижелері беделді Physical Review Letters журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық қара құрдымдардың табиғатын түсіндіретін кейбір теорияларға күмән келтіреді. Атап айтқанда, қара құрдымдардың булануы кванттық телепортациямен байланысты деген гипотезаның шектеулері болуы мүмкін екені анықталған.

Зерттеуді Cornell University доценті Марк Уайлд бастаған топ жүргізді. Олар кеңістік-уақыт құрылымындағы «жабық уақыттәрізді қисықтарды» зерттеген. Теория бойынша мұндай арналар арқылы қозғалған объект кеңістікте ғана емес, уақытта да бастапқы нүктесіне қайта оралуы мүмкін.

Мұндай құрылымдар Альберт Эйнштейн ұсынған салыстырмалылық теориясында қарастырылады. Сондықтан кейбір ғалымдар уақытқа кері саяхат жасау теориялық тұрғыда мүмкін деп есептейді. Алайда бұл түрлі парадокстарға әкелуі ықтимал болғандықтан, мәселе әлі де ғылыми талқылау нысаны болып отыр.

Физиктердің есептеуінше, қазіргі таңда кванттық телепортация тәжірибелерінде қолданылатын тәсілдер ақпаратты уақыт бойынша кері бағытта жіберуге де пайдаланылуы мүмкін. Ол үшін ұзақ уақыт ақпарат сақтай алатын кванттық жад жүйелері қажет.

Зерттеушілер мұны "Интерстеллар" фильміндегі көрініспен салыстырған. Фильм соңында басты кейіпкер өткенге кітап сөресі мен шаң арқылы белгі жіберуге мүмкіндік алған еді.

Сонымен қатар зерттеу қара құрдымдардың булануы туралы теорияларға да әсер етуі мүмкін. Бұған дейін Стивен Хокинг қара құрдымдар уақыт өте келе кванттық эффектілердің әсерінен «буланып», энергия бөлетінін дәлелдеген болатын. Алайда бұл құбылыс әлі күнге дейін кванттық механика мен ақпарат теориясымен толық үйлестірілмеген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары