2028 жылы Қытай астанасы Бейжіңде бірден төрт спорт түрінен әлем чемпионаты өтеді, деп turkystan.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Халықаралық конькишілер одағы тарихи BEIJING28 жобасының іске қосылғанын мәлімдеді. Бұл бастама аясында бір қалада төрт әлемдік дода қатар ұйымдастырылмақ.
Аталған шешім Испанияның Тенерифе қаласында өтіп жатқан ISU Конгресі кезінде жарияланды.
Осылайша 2028 жылы Бейжің мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек және синхронды сырғанау бойынша әлем чемпионаттарын өткізеді. Мұндай формат Халықаралық конькишілер одағының тарихында алғаш рет жүзеге асады.
ISU мәліметінше, бұл жоба спортшыларды, жанкүйерлерді, БАҚ өкілдерін және серіктестерді бір үлкен спорттық шара аясында біріктіруге бағытталған.
Жарыстар Бейжіңдегі олимпиадалық нысандарда өтеді. Олардың қатарында National Indoor Stadium, Capital Indoor Stadium және National Speed Skating Oval ареналары бар.