Илон Маск әлем тарихындағы алғашқы «триллионер» атанды деген ақпарат тарады. Бұған SpaceX компаниясының IPO-сы себеп болған. Компания акцияларының бір данасы 135 долларға бағаланып, биржаға шығу барысында шамамен 75 млрд доллар тартқан, деп хабарлайды turkystan.kz washingtonpost.com-ға сілтеме жасап.
Осыдан кейін Масктың жалпы байлығы шартты түрде 1,1 трлн долларға жетті деген есептер жарияланды. Бұл – тарихтағы ең ірі IPO-лардың бірі саналады.
Алайда сарапшылар мұнда маңызды жайт барын атап өтеді: бұл қаражаттың едәуір бөлігі әзірге тек "қағаз жүзіндегі байлық". Яғни Маск барлық соманы қолма-қол иеленіп отырған жоқ.
Мәліметтерге сәйкес, оның болашақтағы акция пакеттерінің бір бөлігі SpaceX Марста колония салу және ғарыштық дата-орталықтар құру секілді амбициялық жобаларды жүзеге асырған жағдайда ғана толық берілмек.
Компания қазір бірнеше бағытта жұмыс істейді:
– зымыран ұшыру;
– спутниктік интернет жүйесі;
– жасанды интеллект технологиялары.
Соған қарамастан, сарапшылардың айтуынша, SpaceX табысы әзірге ірі технологиялық алпауыттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен, әрі компания әлі де көп қаржы жұмсап жатыр. Сондықтан Масктың «триллионер» мәртебесі көбіне инвесторлардың болашаққа деген сеніміне негізделген бағалау ретінде қарастырылып отыр.