Күміс Сейітова: Кітап жинайтын отбасы көбейсе екен деймін

Күміс Сейітова: Кітап жинайтын отбасы көбейсе екен деймін

Білімді ел кітап оқуға құштар болады. «Әлемді кітап оқитындар билейді» деген сөз бар. ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Сейітовамен кітап, кітапхана, оқырман және сапалы контент жайында сөйлескен едік.

– Құрметті Күміс Қарсақбайқызы, «Кі­тап оқитын ұлт» жобасының іске асы­рыла бастағанына бірнеше жыл бол­ды. Өзіңіз басқарып отырған Ұлт­тық кітапханаға қашан барсақ та жас­тардың көп келетінін байқаймыз. Кейін­гі жылдары халықтың кітап оқу­ға ынтасы артты ма? Кітапхана оқыр­мандарының жасы, оқи­тын кітаптары жөнінде нақты ста­тис­тикалық мәліметтер жинақтайсыздар ма?

– Халық арасында кітап оқуға деген қы­зығушылықты арттыру және білім мә­дениетін қалыптастыру мақсатында жүзеге асы­рылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жо­­­басының маңызы зор. Бұл жоба аясында көп­шілік кітапханалардың барлығында дер­лік түрлі акциялар, кітап фестивальдері, клуб отырыстары және басқа да мәдени-ағар­­­тушылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Ұлттық академиялық кітапханаға ке­летін оқырмандар саны жыл сайын көбейіп келеді. Мұны жаңадан тіркелетін оқыр­­­мандардың көрсеткішінен анық бай­қауға болады. Біздің кітапханаға жыл сайын 10 мыңнан астам жаңа оқырман тір­­­келеді. Бұл маңызды жетістік деп айтсақ, қателес­пейміз.
Елордадағы жетекші кітапханалардың бірі ретінде бізге жоғары оқу орындарының сту­денттері, ғылымға ұмтылған жастар, бі­лім іздеген мектеп оқушылары, бос уақы­тын рухани кемелденуге арнайтын ересек­тер, балалар залдарына келетін ата-аналар, сондай-ақ Астана қаласының қонақтары тұрақ­ты түрде келеді. Зиялы қауым өкілдері мен ақпарат іздеген пайдаланушылардың легі де толастамайды. Күн сайын кітапхана 1 000-ға жуық оқырманды қабылдайды, ал ай сайын келушілер саны 29-30 мың адамға жетеді.
Сонымен қатар кітапхананың вир­туал­ды пайдаланушылары да бар. Жалпы ал­­­ған­да, жылына кітапханаға арнайы келетін жә­не онлайн кітап оқитын пай­да­лану­шылар саны 1,2 миллионнан асады. Әсіре­се, демалыс күндері оқу залдарында бос орын болмай жатады. Осыған байла­ныс­ты 2-4 қабаттардың холдарында еркін және топтасып отыруға арналған қосымша орындықтар мен жұмсақ жиһаздар қойдық. Өйткені бізге келетін әр оқыр­ман қымбат. Оларға барынша жағ­дай жасауға тыры-самыз.
Оқырмандардың ноутбук пен планшет пайдалануына да барлық жағдай жасалған: әр үстел электр қуатымен қамтамасыз етіл­ген. Демалыс күндері клуб отырыстары мен тіл курстарының тыңдаушыларына арнал­ған арнайы залдар жұмыс істейді. Кез кел­ген демалыс күндері келсеңіз, кітапхана әр­түрлі жастағы оқырмандар толып оты­ра­тынын байқайсыз. Олардың қызығу­шы­лы­ғы, мамандығы, оқитын кітаптары, жас ерек­шеліктері әртүрлі. Осында отырып, кі­тап оқып, жұмыс істеп, ғылыми еңбектер жа­затындар көп.
Кейбір оқырмандар кітапханаға жай де­малып, тынығу үшін келеді. Олар үшін әр холда кітап көрмелері ұсы­нылған. Осыны ескере отырып, «жастар кі­тап оқымайды» немесе «аз оқиды» деген бір­жақты пікірмен келісу қиын. 

– Жуырда әлемдік бір зерттеу ұйы­мы Қазақстанды кітапты аз оқитын ел­дердің қатарына жатқызды. Сіз сол ақ­парат туралы естідіңіз бе?

– Бүкіл сайттар  мен әлеуметтік желілер жаз­ды ғой, бұл рейтингтен хабарым бар. 2025 жылғы жаһандық рейтингте адам­дардың бір жыл ішінде орта есеппен қанша кітап оқитыны бойынша 100-ден аса ел салыстырылған. Аталған тізімде еліміздің бір тұрғыны жылына шамамен 2,8 кітап оқи­ды деген статистика берілген. Осы рей­тинг бойынша Қазақстан 92-орында тұр. Бұл дерек еліміздегі кітап оқу деңгейі төмен деген әсер қалдырады.
Алайда бұл мәлімет шынайы ахуалды толық көрсетпейді деп санаймын. Себебі Қазақстанда 11 мыңнан астам кітапхана бар. Оның ішінде 4 мыңға жуық мәдениет саласындағы көпшілік кітапханалардың өзінде жылдық көрсеткіш бойынша кітап оқылымы бір оқырманға шаққанда орта есеппен 16,6 құжатты құрайды. Нақтырақ айтқанда, бір жылда 5,2 миллион оқыр­ман­ға 89 миллионға жуық кітап пен өзге де ақпараттық ресурстар берілген.
Бұған қоса, еліміздегі 7 мыңнан астам мек­теп кітапханасы «Оқитын ұлт» бағ­дарламасы аясында өз қорларын тек оқу­­лықтармен ғана емес, көркем және та­ным­дық әдебиеттермен жүйелі түрде то­лық­тырып келеді. Соңғы 2-3 жыл бойы мек­­тептерде сабақ алдында енгізілген «8 ми­нуттық оқу» жобасы да балалар мен жас-өс­пірімдердің күнделікті оқу дағдысын қа­лыптастыруға бағытталған.
Біз жоғарыда келтірген статистиканы бар­лап қарасаңыз, көзге бірден көріне бер­мейтін, бірақ оқу мәдениетін қалып­тас­тыру­ға бағытталған ауқымды әрі жүйелі жұ­мыстар жүргізіліп жатыр деп айта ала­мыз. Мұндай бастамалардың нәтижесіз қал­уы мүмкін емес. Оның үстіне бүгінгі таң­да болашағының біліммен тікелей бай­ланысты екенін терең түсінетін жастардың қа­тары жылдан-жылға өсіп келеді.
Ал енді жоғарыдағы рейтинг қандай жол­мен, қандай мақсатпен жасалды деген ой туады. Ол жағы беймәлім.
Өз басым, Қазақстанда тек кітапхана емес, кітабы бар үй көбейсе екен дей­­­мін. Кез келген үйге барсам, алдымен кі­тап сөресі бар-жоғына қараймын... 
Соңғы жыл­­­дары кітап шығару ісі мен кітап сау­да­сы жанданып келеді. Елімізде әлемдік бест­сел­лер­лерді, маңызды ғылыми кітаптарды ау­дарып, оқырманға ұсынатын баспалар са­ны артты. Бұл салада қазір бәсекелестік кү­шейді. Олардың кітаптарын оқитын оқыр­ман болмаса, бәсеке болмас еді. Бұл – қуанарлық үрдіс. Сол баспаларды қолдау ке­рек. Оқырманы көп елдің болашағы жар­қын деп ойлаймын.

– Әдетте, заманауи кітапхана жүйе­сін құру туралы көп айтылады. Оның бірнеше бағыты бар. Соның не­гізгісі – электронды кітапхана қорын толықтыру, яғни, ертеде шыққан кі­тап­тарды цифрландыру. Бұл өте күр­делі жұмыс екенін білемін. Ескі қол­жаз­баларды, кітаптарды, тарихи құн­ды жәдігерлерді цифрландыру үрдісі қол­ға алынғалы да біраз жыл болды. Осы үрдісті қалай жалғастырып жа­тыр­сыздар?

– Бұл бағытта 2007 жылдан бері Қазақ­стан­дық Ұлттық электронды кітапхана (Қаз­ҰЭК) жобасы жүйелі әрі ауқымды жұ­мыс­тар атқарып келеді.
Ұлттық жазба мұраларымызды, әдеби, мә­дени, тарихи және ғылыми қазыналары­мыз­ды сақтау әрі көпшілікке қолжетімді ету электронды кітапханамыздың басты мін­деті. Цифрландыру барысында басым­ды­лық ғасырлар қойнауынан жеткен ұлт­тық мазмұндағы қолжазбаларға, сирек кі­тап­тар мен тарихи құжаттарға беріліп отыр. Өйткені бұл жәдігерлер – ұлт жа­ды­ның, рухани сабақтастықтың негізі.
Бүгінде ҚазҰЭК қорында ғылымның бар­лық саласын қамтитын 83 000-нан ас­там контент жинақталған. Электронды кітап­хананың ең сұранысқа ие бөліктерінің бірі – ғасырлар бойы ақпараттың негізгі та­сымалдаушысы болып келген қолжаз­ба­лар мен сирек құжаттар. Оларды цифр­лан­дыру жаңа басылымдарға қарағанда әл­де­қайда күрделі: қағаздың тозуы, жазудың өшуі, физикалық зақымдану секілді фак­торлар арнайы технологиялар мен кәсіби әдістерді талап етеді.
Соған қарамастан, Қазақстандық Ұлт­тық электронды кітапхана қорында бүгінгі күні 11 000-нан астам қолжазба мен сирек кі­таптың сандық нұсқасы сақтаулы. Бұл құ­­­жаттар еліміздің өңірлік кітапхана­ла­рынан, бай қоры бар Алматы қаласындағы Ұлт­тық кітапханадан, архивтер мен мұра­жайлардан сұрыпталып, біртұтас ұлттық электронды қорда жинақталған. Сонымен қоса Қазақстан Республикасы Ұлттық ака­де­миялық кітапханасының қорында қа­зір 13 875 қолжазба мен сирек құ­жат сақ-талған. Оның 4 500-і – отандық маңыз­ды бірегей дереккөздер. Аталған қор то­лықтай сандық нұсқаға көшіріліп, электронды кітапхана қорына (kazneb.kz) жүк­телген. Нәтижесінде, бұрын тек шектеу­лі ортада ғана қолжетімді болған тарихи мұралар енді кең аудиторияға ұсынылып отыр. Ең маңыздысы, бұл материалдарды кез келген пайдаланушы тіркеусіз, ав­то­ри­за­циясыз және тегін оқи алады. Бұл – із­дену­шілер мен ғалымдарымыз, сала маман­дары үшін үлкен мүмкіндік.

– Шетелдің кітапханаларын көр­ген­дер оқырманға барлық жағдай жа­салғанын айтады. Айталық, Ан­ка­радағы ұлттық кітапхана күн сайын 5 000 оқырманға қызмет көрсетеді. 24 са­ғат жұмыс істейді. Оқырмандар кі­тап асханасынан тегін тамақтана ала­ды. Кітапханаларға осындай заманауи модернизация жасау бізге де керек секілді. Ұлттық кітапхананы 24 сағат жұ­мыс істейтін орталыққа айналдыру­ға бола ма?

– Әрине, кітапханалардың 24/7 ре­жим­ге көшуі – заман талабы. Мемлекет бас­шы­сы 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құ­рылтайда елімізде тәулік бойы қызмет көр­сететін кітапханалардың болуы қажет­тігін айтқан болатын.
Осы бастамадан кейін қысқа уақыт ішін­де бірқатар кітапханалар өз жұмыс уа­қытын ұзартты. Алматы қаласында бір­не­ше қалалық кітапхана 24 сағаттық жұ­мыс режиміне көшсе, Атырау, Қызылорда және өзге де бірқатар облыстық кітап­ха­на­лар қызмет көрсету уақытын түнгі 23:00-ге дейін ұзартты. Ал Ұлттық академиялық кі­тапхана аптаның жеті күнінде, дема­лыс­сыз, кешкі 20:00-ге дейін оқырмандарға қыз­мет көрсетіп келеді.
Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс іс­тейтін, бір мезгілде 4 мыңнан астам оқыр­ман­ды қабылдау мүмкіндігіне ие Прези­дент­тік кітапхананы салу жобасы іске асы­рылуда. 
Кітапханасы көп ел – білімді ел. Жаңа кітапхананы күтіп жүрген оқыр­ман көп. Елорда төрінде 24 сағат жұ­мыс істейтін кітапхана салынса, қала тұр­ғындарының мәдени өмірі жандана түсер еді. Астана кез келген салада өзге аймақ­тар­ға үлгі болуға лайық қой. Біз де қолы­мыз­дан келгенше оқырмандар үшін барлық жағ­дай жасауға талпынып келеміз. 

– Ұлттық кітапхана – оқымандарға ғана қызмет көрсететін орталық емес, еліміздің рухани орталығы ғой. Күн сайын әртүрлі іс-шаралар, басқосулар, кітап тұсаукесерлері өтіп жатады. Кі­тап­хана жанынан құрылған үйірмелер бар екенін білеміз. Өздеріңіз бас бо­лып ұйымдастырып жүрген істер ту­ра­лы айта кетсеңіз. 

– Өзіңіз білесіз, кітапханада күн сайын дер­лік көпшілік іс-шаралар өткізіліп оты­рады, кейде бір мезгілде 2-3 шара қатар ұйым­дастырылатын кездер де болады. Кітапханалар осындай іс-шаралардың форматтарын түрлендіріп, оқырмандарды тарту бағытында үздіксіз ізденіп келеді.
Мәселен, біздің кітапхана қыркүйек айын­­да дәстүрлі түрде 5 мыңнан астам адам­­ды жинайтын «Кітаптайм» фестивалін кі­тапхана алаңында өткізеді. Бұл жоба бір мез­гілде облыстық және ауылдық кітап­хана­ларда да жүзеге асырылады. Сонымен қа­тар серіктестеріміздің сұранысы бойын­ша түрлі мәдени және рухани орталықтарда көш­пелі кітап көрмелері жиі ұйымдас­ты­ры­лады.
Көпшілік арасында кеңінен танымал «Бір ел – бір кітап» ак­циясы ая­сын­да ке­шен­ді әрі инновациялық форматтағы іс-ша­ралар өткізіліп ке­ле­ді. «Әке мен бала», «Әжем­нің ертегісі», «Отбасы­мыз­­бен оқи­мыз», «Жан­ды кітап», «Алқа» кітап клуб­та­ры­­ның өз тұрақ­ты оқырмандары қа­лып­­­­тас­­қан.
Тіл үйренуге ниетті жан­дар үшін сенбі жә­не жек­сенбі күндері ағылшын, француз, жа­пон, неміс тілдері бойынша тегін курстар ұйым­дас­тырылады. Сонымен қатар Art Gallery алаңында белгілі сурет­ші­лер­дің көр­кемөнер туындыларынан көр­ме­лер өт­кізуді жалғастырып келеміз.
Оқырмандарды кітап оқуға тарту мақ­сатында әлеуметтік желілер де белсенді қол­данылады. Кітапхананың YouTube ар­на­сында кітапхана қызметкері, әдебиет­тану­шы, сыншы Аманкелді Кеңшілікұлы­ның ашық әдеби лекциялары айына екі рет жарияланып, өз аудиториясын қалып­тас­тырды. Қазір осы лекциялар сериясын асы­ға күтетін оқырмандар бар. Лекцияны тың­дағандар әлем әдебиеті мен қазақ әде­бие­тінен, әдебиет тарихынан көптеген мағлұ­мат алады.  
Кітапханадан тыс аудиторияны қамту бағытындағы жобаларымызбен де мақтана ала­мыз. Атап айтқанда, 2025 жылдың қаң­тар айынан бастап Air Astana әуе ком­па­ния­сымен бірлескен «Әуе қанатында» атты ау­диожоба іске қосылды. Жоба аясында қа­зақ ауыз әдебиетінің үлгілері, дәстүрлі күй­лер мен әндер, батырлар жырлары, сон­дай-ақ заманауи қазақ әдебиетінің аудио­кітаптары әуе компаниясының ұшақ борт­тарына орналастырылып, жолаушыларға ұсынылды. 
Біз барынша ашық әрі сапалы қызмет ету­ді қолға алып жатырмыз. Кітапхана ішін­де ғана емес, интернет әлемінде де кі­тап, өнер, руханиятты барынша насихат-тап, оқырмандарға мазмұнды контент ұсынғымыз келеді. 

– Біраз жыл бұрын кітапхана қыз­мет­керлерінің жалақысы төмен деген сөз­ді көп еститінбіз. Сондықтан кітап­ха­нашы болуды қалайтын жастар си­рек болатын. Қызметкерлердің қазіргі жағ­дайы көңіліңізден шыға ма? 

– Көңілден толық шығады деп айту қиын болғанымен, соңғы үш жылда Мем­ле­кет басшысының пәрменімен кітапха­на­шылардың жалақысы 20-25 пайызға өсті. Сонымен қатар жыл сайын қызметкерлерге денсаулығын қалпына келтіруге арналған бір реттік жәрдемақы қарастырылған. Ауыл­дық кітапханалардағы мамандардың ең­бекақысы ауылдық үстемақыларды ес­кере отырып, ірі кітапханалардың жетекші мамандарының жалақысымен теңестірілді.
Сондай-ақ кітапхана мамандарын даяр­лайтын оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда арт­ты. Жалақы деңгейі жоғары емес бол­ға­ны­мен, кітапханашы қызметі шығарма­шы­лыққа жақын сала ғой. Бұл мамандық кә­сі­би дамуға, тұлғалық беделдің артуына, өзіне сенімділікті нығайтуға және ішкі мо­тивацияны қалыптастыруға кең мүмкіндік береді.
Осы себепті кітапханашы мамандығын таңдаушылардың қатары алдағы уақытта артатынына сенімдімін.

– Елімізде отандық баспахана­лар­дан шығатын кітап көп. Кітапхана қо­рын толықтыру, кітап санын молай­ту үшін жаңа шыққан кітаптарды сатып алуға мүмкіндіктеріңіз бар ма?

– 2025 жылы кітапхана қоры әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді шығару бағдар­ла­масы, халықаралық кітап алмасу және қайырымдылық жобалар аясында 8 мың­нан астам данамен толықты. Қазақстан Ұлт­тық электрондық кітапханасы (Қаз­ҰЭК) да қарқынды дамып, оның қоры 83,5 мың цифрлық құжатқа жетті. Сонымен қатар Ұлттық академиялық кітапхана оқыр­мандардың ақпаратқа деген сұра­ны­сын сапалы қамтамасыз ету мақсатында шетелдік ғылыми электрондық деректер ба­заларын тұрақты түрде сатып алып, қол­данысқа енгізіп келеді. Атап айтқанда, пай­даланушылар үшін EBSCO Discovery Service, East View, Polpred.com. Обзор СМИ, Oxford University Press баспасынан шыққан толық мәтінді кітаптар мен ғылыми жур­нал­дар базаларына, сондай-ақ Ресей мем­лекеттік кітапханасының виртуалды оқу залына қолжетімділік қамтамасыз етілді. Мұның өзі ел оқырмандары үшін аз олжа емес деп ойлаймын.

– Дамыған елдердің негізгі кітап­ха­налары шетелде жарық көрген өзіне қа­жетті кітаптарды, газет-журнал­дар­ды сатып алып, қорында сақтайды. Қа­зір біз қазаққа қажетті дүниелерді Аме­риканың, Еуропаның, Қытайдың кітап­ханаларынан тауып, соған қуа­нып жатамыз. Біздің де кітап­хана­лар­дың қорында шетелдік маңызды ба­сылымдар мен кітаптардың тұрғаны қа­жет секілді...

– Бұл бағытта да Қазақстанда нақты әрі нәтижелі қадамдар жасалып жатыр. Соның айқын дәлелі – «Қазақстан мен Орталық Азия аймағының интеллектуалдық тарихы бойынша құжаттардың е-көшірмелерін жинау» атты халықаралық жоба. Аталған жоба Қазақстан мен Орталық Азия елде­рі­нің тарихи-мәдени және интеллектуалдық мұрасын біріктіретін біртұтас цифрлық қор қалыптастыруды көздейді.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан Ұлттық электронды кітап­ханасының (ҚазҰЭК) қорына 42 000-нан астам электрондық құжаттың көшір­ме­сі енгізілді. Олардың қатарында 1 165 қол­жазба мен сирек кітап бар. Бұл – шетел­де сақталған, бірақ мазмұны жағынан Қа­зақ­стан мен Орталық Азия тарихына ті­ке­лей қатысты бірегей дереккөздер.
Қазір жиналған материалдарды тарих және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерт­теушілер, ғалымдар, магистранттар мен мамандар еркін пайдаланып отыр. Бұл дереккөздер отандық ғылымның деректік ба­засын кеңейтіп, жаңа зерттеулер мен тың тұжырымдардың қалыптасуына жол аша­ды.
Бірегей материалдарды іздеу, іріктеу мен цифрландыру жұмыстары шетелдік ұлт­тық кітапханалармен, мұрағаттармен жә­не мәдени орталықтармен тығыз ын­ты­мақтастық негізінде жүргізілуде. Мұндай әріптестік Қазақстан кітапханаларының қо­рын әлемдік ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, сонымен қатар шетелдік маңызды басылымдарды елге «қайтарудың» тиімді жолына айналып отыр.
Аталған халықаралық жобаны жүзеге асыру құжаттық мұраны сақтау және наси­хаттау ісінде айрықша маңызға ие. Ол ха­лық­аралық ғылыми алмасуды кеңейтуге, мәдени байланыстарды нығайтуға және Орталық Азия өңірінің ортақ цифрлық гума­нитарлық кеңістігін дамытуға нақты үлес қосып отыр. 
Сондықтан жыл өткен сайын тари­хымыз толығып, рухани мәдениетіміз дами береді. Бұл саладағы жұмыстың бәрі ел ертеңі үшін жасалып жатыр. 

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары