Кейінгі жылдары кітап туралы әңгіме көп айтылатын болды. Елімізде баспалар да көбейіп, кітап фестивальдарының саны артты. Баспа саласындағы бәсекелестік артып келеді. Шетелдің бестселлер кітаптарын, балаларға арналған сүбелі шығармаларды, көркем әдебиет пен мотивациялық-іскерлік басылымдарды қазақ тіліне аудару үрдісі қалыптасты. Осы орайда қазақ қаламгерлерін шетел тіліне аударуды қолға алған ARMAN-PV баспасының бас директоры Дидара Алина ханымға бірнеше сұрақ жолдаған едік.
– Дидара ханым, өткен аптада Астанадағы Ұлттық кітапханада белгілі жазушы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакль-кітабының тұсаукесері өтті. Сіздердің баспа ағылшын және қазақ тілінде көркем безендіріп шығарған екен. Франкфурт кітап көрмесіне де осы кітапты апарыпсыздар. Естуімізше, ше-телдік баспалардан «Мәңгілік бала бейнені» аударуға ұсыныс та бар көрінеді. Қазақ әдебиетін шетел тіліне аударуды қалай қолға алдыңыздар? Бұл идея кімдікі?
– Біз әлем әдебиетін оқып өстік. Өзге халықтың тұрмысын, мінезін, тіпті біз көрмеген қалалардың тіршілігін кітап арқылы таныдық қой. Кейде мен сол елдерді біз жақсы білеміз, олар біз туралы не біледі екен деп ойлаймын. Қазақ әдебиетін әлем тілдеріне аудару туралы ой осы жерден басталды. Қазақтың өмірін өзіміз баяндауымыз керек. Біздің басымыздан өткенді, дүниені қалай қабылдайтынымызды, нені қадірлейтінімізді әдебиеттен артық не жеткізе алады? Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесін» қолға алуымыздың мәнін осы жерден түсінуге болатын шығар деп ойлаймын. Бұл шығармада өзге жұртқа түсіндіру үшін ұзақ кіріспені қажет етпейтін үлкен қасірет бар. Жазықсыз баланың тағдыры бар. Ләйләнің өмір сүргісі келеді, жақсы көргісі келеді, өзін жұртпен тең сезінгісі келеді. Мұны қай елдің болмасын оқырманы жете түсінеді. Екіншіден, баспагер ретінде мені «осы кітапты қалай ұсынсақ, автордың айтпағы оқырманға толық жетеді» деп ойлана келе, спектакль-кітап пішімін таңдадым. Бұл үшін мәтін мен көркем безендірудің бір-біріне үйлесуі маңызды болды. Сурет шығарманың мұңын басып кетпеуі керек. Оқырманға ойланатын, сезінетін кеңістік қалуы қажет деп ойладым.

– Өзіңіз кітаптың тұсаукесерінде не үшін «Мәңгілік бала бейнені» таңдағаныңыз туралы айтып өттіңіз. Ядролық жарылыстың зардабын Павлодар облысы да тартқанын айтып қалдыңыз. Бұл бір Семейдің емес, тұтас қазақтың жан жарасы ғой. Бұл шығарманы өзге тілдерге де аудару ойларыңыз бар ма?
– Дұрыс айтасыз, негізі бұл қасіретті Семеймен байланыстырып айтқанымызбен, оның зардабы әкімшілік шекараға қараған жоқ. Павлодар облысының Баянауыл, Май, бұрынғы Лебяжі аудандары да ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтардың қатарында көрсетілген. Мен Павлодар өңірінің тумасымын. Бала кезімізде полигон сынақтарының зардабын жиі еститінбіз.
Ал Франкфуртта өздеріңіз білесіздер, шығарма қазақша басылыммен бірге ағылшын тіліндегі «The Angel of Karaul» нұсқасы да таныстырылды. Халықаралық ортаға шығу бізге шығарманы өзге елдің баспагері қалай қабылдайтынын көруге мүмкіндік берді. Сол көрмеде «Мәңгілік бала бейнеге» түрлі елдің баспагерлері қызығушылық танытып, өз тілдерінде шығару жөнінде ұсыныстар айтты. Елге келгеннен кейін әріптестерімізбен ақылдасып, бұл жұмысты жалғастыруға кірістік. Ағылшын тіліндегі басылымнан кейін қазір шығарманы түрік, неміс, испан, француз және орыс тілдеріне аударуды бастадық.
Мәселен, біз Ремаркты оқығанда соғыста жүрген жап-жас жігіттердің өміріне алаңдадық қой, Анна Франктің күнделігін оқығанда, оның аман қалғанын тілеп отырғанбыз. Өйткені кітапты оқи келе ол қыз, ол тағдыр оқырманмен бірге өмір сүріп жатады. Әдебиет ұмыттырмайды. Қазір де соғыс туралы хабар көп. Бірін естіп үлгермей, екіншісі шығады. Адам бәрін бірдей көтеруге жүрегі шыдамайтын да шығар. Бірақ бірте-бірте өзгенің қайғысына бойымыз үйреніп кетпесе екен деймін. Биыл Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толды. Бір ұрпақ өсіп-жетілетін уақыт өтті. Ол жылдар алыстады, бірақ одан алған сабақ ұмытылмауы керек деп санаймын. Гуманизмнің мәні, меніңше, өзгенің өмірін қадірлей білуде. Сондықтан бұл кітаптың өзге тілдерге аударылуына үлкен жауапкершілікпен қарайтыным рас. Айтқандай, ағылшын тіліндегі кітаптың Швед академиясының Нобель кітапханасына табысталғаны туралы хабар бізді қуантты. Енді бұл шығарма әлем зерттеушілерінің, аудармашы, әдебиет мамандарының назарына ілігер деп ойлаймыз. Бұл бәріміз үшін жақсы жаңалық.
– «Мәңгілік бала бейнеден» басқа да кітаптар шығарыпсыздар. Солар жайлы да қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз.
– Біздің баспаның негізі оқулықпен қаланды, оны білесіздер. 24 жыл қатарынан оқулық шығарамыз. Одан бөлек, ұлтқа қызмет ететін, ұрпақтың пайдасына жарап қалар деген оймен танымдық дүниелер жасап жүрміз. Биыл белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызының «Börte. Ұлы дала патшайымы» кітабын шығардық. «Ұлы дала мұрасы» топтамасына енген 128 беттік танымдық басылым қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген. Ғылыми жетекшісі – жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы. Шыңғыс хан туралы көп жазылды. Ал Бөртенің тағдырына үңілгенде, таныс тарихтың бейтаныс қырын көресіз. Жас Темүжінге серік болған, тұтқынның азабын тартқан, Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлені дүниеге әкелген ананың өмірі тұтас бір дәуірмен сабақтасып жатыр. Кітапта Бөртенің кеңесімен Темүжіннің қара бұлғын ішікті Оң ханға тарту еткені баяндалады. Бағалы дүниені сыйлау арқылы әкесінен қалған достықты жаңғыртып, қолдауға ие болады. Осы оқиға Бөртенің парасатын нақты әрекеті арқылы танытады: ол жас отбасының жағдайын ғана ойламай, алдағы өміріне тірек болатын байланыстың маңызын түсінген. Үш тілде дайындауымыздың мақсаты – кітаптың оқырманын көбейту. Франкфуртта таныстырылған бұл кітап арқылы шетелдік оқырманға Ұлы дала тарихындағы әйел тұлғасын ұсындық. Бөртенің өмірі үлкен тарихи өзгерістердің арасында адамның сенімі, ақылы, жақынына сүйеу бола білуі қаншалықты маңызды болғанын аңғартады.
Баспамыздан жарық көрген Майя Бекбаевамен бірлескен «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі», «Қазақстан. Жеңіске қосқан үлесі. 1941-1945» еңбектері де тарихи танымды кеңейтуге арналды. Қымбат Қараеваның көшпенділер ойындарына арналған Nomad Games туындысы да үш тілде әзірленіп, өткен жылы ғана Франкфурт жәрмеңкесінде таныстырылып еді. Біз үшін осы кітаптардың арасын жалғап тұрған ортақ бір дүние – өз тарихымызды, мәдениетімізді бүгінгі оқырманға таныту.
– Өте тамаша екен. Болашақта қазақ әдебиетін аудару үрдісі жалғаса ма? Аударылатын авторларды қалай іріктейсіздер?
– Иә, жалғастырамыз. Біз үшін аударуға ұсынылатын шығарманың идеясы өзекті болғаны маңызды. Адамзаттың бүгінгі алаңына, толғанысына үн қоса алатын туындыларға ден қойғымыз келеді. Табиғат алдындағы жауапкершілік, тарихи жад, адамның ар-ожданы мен қадір-қасиеті сияқты тақырыптар қай елде өмір сүрсек те, бәрімізге қатысы бар мәселелер. Көркемдік қуаты мен идеялық тереңдігі қатар келген шығарманың ғұмыры ұзақ болады деп ойлаймын.
Оңтүстік Корея жазушысы Хан Гаңға 2024 жылы Нобель сыйлығы берілгенде, Швед академиясы оның тарихи жарақаттарды ашып, адам өмірінің қауқарсыз сәтін дәл бейнелегені үшін берілгенін атап өтті. Бұл мысал маған бір ой салады: өз халқыңның басынан өткенді терең әрі шынайы жаза алсаң, оны өзге халық та түсінеді. Норвегияда NORLA деген ұйым бар. Осы ұйым жазушылардың кітаптарын аударумен бірге, шетелде басылып, таратылуын да ұйымдастырады. Сол ұйым 2025 жылы 53 тілге аударылатын кітаптарға 478 аударма грантын бөлді. Жалпы, қолдау көлемі 10,3 миллион норвег кронынан астам. Соның 138-і балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне берілген гранттар. Демек, олар әдебиетінің ертеңгі оқырманын ойлап отыр. Біз бұл жағын да қаперден тыс қалдырмаймыз. Болашақ қазақ әдебиеті оқырманын қалыптастыруды бүгіннен ойлау керек.
2019 жылы қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының антологиялары БҰҰ-ның алты тіліне аударылды. Әр жинаққа 30 автордың шығармалары енген. Ағылшын тіліндегі басылымдар Ұлттық аударма бюросы мен Cambridge University Press әріптестігімен дайындалып, жобаға British Council сарапшылық қолдау көрсеткен еді. Енді осындай бастамалардың жалғасы жекелеген авторлардың кітаптары арқылы өрістегені жөн деп санаймын. Қазақ қаламгерлерін әлем оқырмандары іздеп жүріп оқитын күнге жетсек деп армандаймын.
– Қазір шетелдің өтімді кітаптарын қазақ тіліне аудару жақсы үрдіске айналды. Баспалардың да бәсекесі жоғары. Ал қазақ қаламгерлерін шетел тіліне аудару, арнайы сурет салдырып, өзге форматта ұсыну көп қаржыны қажет етеді. Жоба өзін-өзі ақтай ма?
– Шынын айтқанда, мұндай кітапты қолға алғанда қанша уақытта пайда әкеледі деген сұраққа бірден жауап бере алмайсың. Аудармасы, суреті, редакциясы, баспахана шығыны бар. Кітап оқырманға жеткенше осының бәріне қаражат жұмсалады. Оның қайтуын, әрине, ойлаймыз. Өйткені келесі кітапты да шығаруымыз керек. Шетелде танылған шығарманы қазақшаға аударғанда сүйенетін тәжірибе бар, қалай сатылды, кімдер оқыды, қандай пікір айтылды? Қазақ авторын өзге елге ұсынғанда мұның бәрі жаңадан басталады. Ол жақтағы оқырман авторды әлі білмейді. Баспагер де тәуекелін есептейді.
Оңтүстік Кореяның тәжірибесі осы жағынан қызық. Әдеби аударма институтының қолдауымен 2021-2025 жылдары 40 тілде жарық көрген 1 026 әдеби кітаптың жиынтық сатылымы шамамен 3,58 миллион данаға жеткен. 2025 жылы осы қолдау аясындағы кітаптардың шетелдегі сатылымы 1,2 миллион данаға жуық болған. Бұл көрсеткіш қазақ әдебиетінің де өзге елден оқырман табуына мүмкіндігі барын көрсетеді. Бізде де аудармаға қолдау көрсететін қорлармен, шетелдік баспалармен бірлесіп жұмыс істеудің мүмкіндігін кеңейткен дұрыс. Сонда қаржылық жүк жеңілдеп, сапалы дүниелерді көбірек ұсынуға жол ашылады.
– Елімізде жаппай кітап оқу үрдісі қалыптасып келеді. Оқырманның ынтасы жоғары екенін байқап отырмыз. Баспаларыңыз шығарған өнімдерге сұраныс артты ма? Статистикалық зерттеу жүргізесіздер ме? Қандай кітаптардың өтімділігі жоғары?
– Иә, әсіресе, балаларға арналған танымдық кітаптарға қызығушылық жоғары екенін байқаймыз. Ата-аналар кітаптың мазмұнымен бірге баланың жасына лайықтығына, тіліне, суретіне қарайды. «Балам өзі қызығып оқыса» деген тілек бар. Мысалы, «Алғашқы кітабым», «Бәрін білгім келеді» топтамалары баланың тілін, танымын дамытуға арналған. «Бөтен адамға ермеймін!» секілді кітаптар ата-анаға қауіпсіздік туралы әңгімені балаға түсінікті жеткізуге көмектеседі. Ал «Ежелгі Мысыр», «Ежелгі Рим», «Ежелгі Қытай» pop-up кітаптарын ашқанда көлемді бейнелер пайда болады. Бала әуелі соған қызығады, кейін суреттің ар жағындағы оқиғаны білгісі келеді. Былтыр осы топтамамыз «Ұлттық кітап» байқауында бірінші орын алды. Ересектерге де, оқушыларға да ұсынатын дүниелеріміз бар. Үш тілде шыққан «Абай» әдеби-танымдық энциклопедиясы, «Мектеп кітапханасы» сериясындағы «Құтты білік», тарихи еңбектер, оқулыққа қосымша әдебиеттер әрқайсысы әртүрлі қажеттілікке жауап береді. Бір кітапты отбасымен оқуға болады, енді бірі мұғалімге сабақта, оқушыға өздігінен ізденгенде қажет. Сұранысты бағалағанда сатылыммен бірге, кітапханалар мен мұғалімдердің сұрауына, көрмелердегі оқырман пікіріне назар аударған дұрыс. Біз кітаптың тұсаукесерде тез өткенімен шектелмейміз. Арада біраз уақыт өткенде қайта басуға қажеттілік туса. Жалпы, балалардың қызығушылығын оятатын көрнекі басылымдар мен оқуға қосымша пайдаланылатын әдебиеттерге ерекше мән беріп отырмыз. Еліміздегі кітап саласындағы жағдай көңілге көп үміт сыйлайды. Министрлік мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы кітап таралымы шамамен 15 пайызға өсіп, жеті миллион данадан асқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» жөніндегі Жарлығын осы тұрғыдан маңызды деп білемін. Мемлекет басшысының кітапқа, қаламгер еңбегіне көңіл бөлуі салаға серпін беріп отыр. Мұны баспагер ретінде өз жұмысымыздан да сезінеміз. Мемлекеттің қолдауымен халықаралық көрмелерге қатысып, кітаптарымызды таныстыруға, жаңа әріптестер табуға мүмкіндік алып жүрміз. Ел ішінде де кітап оқу жобалары көбейіп, автор мен оқырман жиі жүздесе бастады. Біздің міндетіміз – сол оқырманға жасына, қызығушылығына сай кітап ұсыну. Бүлдіршін кезінде суретті кітапқа қызыққан бала ертең Абайды, Баласағұнды өзі іздеп оқитын деңгейге жетсе дейміз.
– Қазақстандағы баспа ісінің қазіргі ахуалын қалай бағалайсыз? Кейінгі жылдары кітап шығару саласында қандай өзгерістер байқалады?
– Меніңше, қазір баспа ісінде ізденіс көп. Жаңа баспалар көбейіп, қазақша кітаптың тақырыбы кеңейді. Авторлар оқырмандармен кездесулер өткізіп, әлеуметтік желіде оқығанын бөлісетін орта қалыптасты. Кітап жайлы әңгіме көбейгені жақсы және сол әңгіменің мазмұнды болғаны маңызды. Кейде сыртқы әдемілікке қызығып кететініміз бар. Бірақ кітапты екінші рет қолға алғызатыны – ішіндегі мазмұны. Әлі де көңіл бөлетін түйткіл – кітап таралымын ұйымдастыру жағы. Қалада тұсаукесер өткіземіз, жақсы пікір естиміз. Бірақ сол кітапты ауылдағы адам ала ала ма? Соның шешімі болуы керек. Технология да мүмкіндік беріп отыр. Ekitap.kz арқылы оқу материалдарын электронды түрде ұсыну тәжірибеміз бар. Жасанды интеллектіге де осы көзқараспен қараймын. Көмегін пайдалануға болады. Бірақ тілдің тазалығына, автордың айтпақ ойы бұзылмауына адам жауап береді. Сондықтан саланың болашағын жаңа баспалар мен жаңа технологиялардан ғана іздемес едім. Ең алдымен, өз ісін жақсы білетін мамандарға сүйенуіміз керек.
– Қазір кітап шығару, оны тарату, сату ісі оңай емес екені белгілі. Қағаз қымбаттап, баспахана шығыны өсті дегенді жиі естиміз. Қағаз, баспа жабдықтары мен полиграфиялық қызмет бағасының өсуі кітап құнына қалай әсер етіп отыр?
– Әсері бар, әрине, өйткені қағаз бен бояудан бастап түптеу материалына, баспахана қызметіне дейінгі шығынның бәрі кітаптың өзіндік құнына кіреді. Дегенмен әр басылымның есебі бөлек, айталық, түрлі-түсті суреттері мол балалар кітабы мен мәтінге құрылған қарапайым басылымға бірдей қаражат жұмсалмайды. Оқырман сөреден дайын кітапты көргенімен, оған дейін автордың, редактордың, аудармашының, суретші мен беттеушінің қаншама еңбегі сіңгенін біле бермеуі мүмкін. Сол мамандардың ақысы кітап сатылымға түспей тұрып төленеді де, кейін оған басып шығару, сақтау және тасымалдау шығындары қосылады. Сондықтан кітаптың бағасын қағаз бен мұқабаның құнымен ғана өлшеу қиын. Бағаға таралым да едәуір әсер етеді. Шартты түрде айтсақ, бір кітапты аударып, баспаға дайындауға үш миллион теңге жұмсалған жағдайда, мың данамен шығарылған әр кітапқа дайындық шығынының өзі үш мың теңгеден келеді, ал үш мың дана басылса, бұл сома мың теңгеге дейін азаяды. Баспахана мен өзге шығындарды қоспағандағы осы есептің өзі шағын таралымның бағаға ықпалын түсіндіреді. Әйткенмен, кітапты арзандату үшін таралымды көбейте салуға болмайды, өйткені өтпеген кітапқа жұмсалған қаражат айналымға қайтпай, келесі жобаның басталуын тежейді. Сол себепті баспагер оқырман сұранысын да, өзінің қаржылық мүмкіндігін де ескеріп, таралымды барынша дәл жоспарлауға тырысады.
Бірнеше баласына кітап алатын отбасы үшін бағаның қаншалықты маңызды екенін түсінемін, сондықтан шығынды азайтудың сапаға зиян келтірмейтін жолдарын іздеуіміз керек. Күнделікті оқуға арналған кітапты міндетті түрде қымбат мұқабамен шығарудың қажеті болмас, бірақ оның мәтіні сауатты, қарпі оқуға қолайлы, түптеуі берік болуы шарт. Біз осы шешімдердің бәрін қабылдағанда, бір жағынан автор мен мамандардың еңбегі лайықты өтелуін, екінші жағынан оқырманның кітапты сатып алуға мүмкіндігі болуын ойлаймыз. Баспаның қаржылық тұрғыдан орнықты жұмыс істеуі мен кітаптың қолжетімді болуы өзара сабақтас, өйткені бүгінгі еңбектің қайтарымы ертең тағы бір жақсы кітап шығаруға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан –
Т.ТАҢЖАРЫҚ