Елордада биыл көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп, қала аумағына бір миллионнан астам ағаш, бұта және гүл егілді. Жасыл желектер тек саябақтар мен гүлзарларда ғана емес, ірі көшелердің бойында, тұрғын үй аулаларында және қоғамдық кеңістіктерде де көбейді. Қала билігі бұл жұмыстарды елорданың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалайды.
Елорда әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, бүгінде Астана аумағында 4 миллионнан астам жасыл желек өсіп тұр. Ал қаланы қоршаған «Жасыл белдеуде» 14 миллионға жуық ағаш бар. Жыл сайын елордада кемінде бір миллион ағаш, бұта және гүл отырғызу көзделген. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, көктемде 700 мыңға жуық, күзде 400 мыңнан астам жасыл желек егілген.
Қала көшелерінде шаған, жөке, қайың, қарағай секілді ағаш түрлерімен қатар гортензия, тобылғы, сәлбен және өзге де сәндік өсімдіктер отырғызылды.
Әр ауданның өз үлесі бар
Биылғы көгалдандыру науқаны елорданың барлық ауданын қамтыды. Әр ауданның ерекшелігі мен жасыл қорына қарай ағаш отырғызу, гүлзарларды жаңарту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, Есіл ауданында бүгінде 240 мыңға жуық ағаш, 600 мың бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар және 5 миллион шаршы метр көгал бар. Сондай-ақ жасыл қоршаулардың жалпы ұзындығы 117 шақырымнан асады. Биыл аудан аумағына 70 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстары Керей-Жәнібек хандар және Ұлы Дала көшелерінде, Қабанбай батыр даңғылының бойында, EXPO саябағы мен ҚТЖ гүлзарында жүргізілді.
Ал Байқоңыр ауданында жыл басынан бері 1 138 ағаш пен 11 930 бұта егілді. Көктемде Ататүрік саябағына 250 ағаш пен 30 бұта, «Амстердам» гүлзарына 185 ағаш отырғызылған. Бұдан бөлек, аудан аумағы 3 мыңнан астам сәндік гүлді бұтамен толықты.
Күзгі маусымда да жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Кенесары көшесіндегі тұрғын үйлер маңына 230, Абай даңғылы бойына 139, Пушкин көшесіне 104 ағаш егілді. Ататүрік саябағына қосымша 50 ағаш отырғызылды. Сондай-ақ ауданның қоғамдық кеңістіктері 8 609 сәндік бұтамен толықты.
Байқоңыр ауданындағы көгалдандыру жұмыстарының нәтижесін өткен жылы отырғызылған жеміс ағаштарынан да байқауға болады. Жұмабек Тәшенев көшесіндегі гүлзарға егілген 80 алма мен алмұрт ағашы жерсініп, биыл алғашқы жемісін берген.
Сарайшық ауданында да жасыл аймақтарды көбейтуге баса назар аударылған. Қазір мұнда 75 мыңға жуық ағаш, 31 мың бұта, 10 мың шаршы метр гүлзар және 2,4 миллион шаршы метр көгал бар. Биыл аудан аумағына 35 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.
Атап айтқанда, Рақымжан Қошқарбаев даңғылы, Есіл өзенінің жағалауы, А.Бөлекпаев көшесіндегі аллея, Астана – Қарағанды тасжолының бойы мен Ұлттық музей маңындағы аумақтар көгалдандырылды. Әсіресе, өзен жағалауы мен қоғамдық кеңістіктерде жасыл аймақтарды көбейту тұрғындардың серуендеуіне және демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сарыарқа мен Нұрада көгалдандыру қарқынды
Елорданың байырғы аудандарының бірі – Сарыарқада биыл 333 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Бұл көрсеткішке біржылдық және көпжылдық гүлдер мен бұталар кіреді. Сонымен қатар аудан аумағына 4,4 мыңнан астам ағаш егілген.
Көгалдандыру жұмыстарының ауқымды бөлігі К.Күмісбеков көшесінде жүргізілді. Мұнда 500-ден астам ағаш пен 2,4 мыңнан астам бұта отырғызылды. Сондай-ақ Кенесары көшесі, «Көктал» саябағы, «Наз» театры жанындағы гүлзар мен тұрғын алаптарда да жасыл желек көбейді.
Аудан аумағына негізінен қарағай, қарағаш және мамыргүл секілді өсімдіктер таңдалған. Ал Кенесары көшесінде жасыл желектерді күтіп ұстауға арналған жергілікті суару жүйесі қарастырылған.
Алматы ауданында да қаланың табиғи келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасты. Қазір ауданның жасыл қорында 99,7 мыңнан астам ағаш, 68,1 мың бұта және ұзындығы 28,2 шақырымға жететін жасыл қоршау бар. Биыл мұнда 42 332 жасыл желек отырғызылды.
Нұра ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері мұнда 5,5 мыңға жуық ағаш, 75 мың бұта және 9 мыңнан астам көпжылдық гүл егілді. Бұдан бөлек, көгалдандыру, құрылыс жобалары мен экологиялық акциялар аясында 500 мыңнан астам жасыл желек отырғызылған.
Қалаларды көгалдандыру бүгінде әлемдік урбанистиканың маңызды бағыттарының біріне айналған. Ағаштар жаздың аптап ыстығында көлеңке беріп, шаң-тозаңның таралуын азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар жасыл аймақтар қалалық ортаның микроклиматын жақсартып, тұрғындардың демалуына, серуендеуіне және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, Астана үшін «Жасыл белдеудің» де орны бөлек. Қаланы қоршаған миллиондаған ағаш елорданың табиғи қорын толықтырып, жасыл кеңістіктер жүйесінің маңызды бөлігіне айналып отыр.
Иә, Астананың келбеті зәулім ғимараттарымен ғана емес, жасыл желегімен де айшықталуға тиіс. Өйткені заманауи қаланың шынайы байлығы – биік ғимараттар мен кең даңғылдар ғана емес, тұрғындарына таза ауа мен жайлы орта сыйлайтын табиғаты емес пе?!