Жұлдыз Мақатаев: Әкемнің толық шығармалар жинағын шығаруды армандаймын

Жұлдыз Мақатаев: Әкемнің толық шығармалар жинағын шығаруды армандаймын

Биыл қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды. Соған орай  ақынның туған жерінде және еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Біз қазақ өлеңін биікке көтерген ақынның ұлы, ұзақ жыл заң саласында еңбек етіп зейнетке шыққан Жұлдыз Мақатаевпен кездесіп, ақынның шығармашылық мұрасы және насихатталуы жайында әңгімелескен едік.

– Сіз ақынның баласысыз ғой. Әкеңіз­­­дің ақын екенін қашан түсіне бас­­­тадыңыз? Үйде балаларына әдебиет, өлең туралы айтатын ба еді?

– Әкем дүние салғанда мен 23 жаста едім. Сондықтан ол туралы біраз нәрсені бі­­ліп қалдым. Әкем туған Қарасаз ауылында ме­­нің де кіндігім кесілген, сонда алғаш мек­теп есігін аштым.

Екінші сынып оқып жүрген кезімде-ақ ақын деп өлең жазатын адамды айтатынын ұқ­­тым. Өйткені газет-журналдарға өлеңдері жа­­рияланып жататын әкемді елдің «Мұ­қа­ға­ли – ақын ғой» деп жататынын еститінмін.
Әлі есімде, Қарасазда екі бөлмелі үйде тұр­дық. Соның бір бөлмесі толы кітап бола­тын. Мәскеуден шығатын журналдарды, сол жақ­та басылған кітаптарды алдырып, оқып жа­татын. Солардың әрбірін жинап, сақтап жү­­ретін ұқыпты кісі еді. Кітап толы бөл­ме­сін­де өлең жазып отыратын.

Қарасазда тұрған кезімізде ақын Тоқаш Бер­дияров әкемізді іздеп келіп тұратын.

– Әкеңіз тағдырын әдебиетке бір­жо­ла байлап, Қарасаздан көшкен кез­дері­ңіз есіңізде ме?

– Алғаш әкем аудан орталығы Нарынқол­ға жұмысқа орналасқанда біз Қарасазда тұр­­­дық. Аудандық «Советтік шекара» газе­тін­де істеп жүрді, кейін отбасын аудан орталы­ғы­на көшіріп алды. Әкемнің жұмыс істейтін же­ріне барып көргенім бар, аудандық га­зет­тің редакциясы Нарынқолдың орталық кө­ше­сінде аядай бір бөлмеде тығылысып оты­ратын еді.

Ал әкем Алматыға кеткенде отбасы Нарын­қолда тұрды, кейін көшіріп алды. Ол кез­де қалада – «Көк базардың» қасында Ал­ма­ты маңындағы колхоз-совхоздардың мен­­­­­шігіне қарайтын өз үйлері болатын, біз соған көшіп бардық. Пәтер жағаламадық. Әл­гі үйде Нарынқол ауданының экспе­ди­торы, нағашы ағамыз Әбдібек тұрады екен, біз де сонда қоныстандық. Шамасы, ол кез – әкем­­нің радиода істеп жүрген кезі болса ке­­рек. Әдеттегідей, жұмыстан келген соң өлең жазып отырады, жазғандары газет-жур­налдарға жарияланып жатады.

Өлеңдері жарияланғанда, үйге өте көңіл­ді келіп, «Міне, өлеңдерім шықты, Лашын, қа­­­заныңды қайнат енді» деп шешемізге көр­се­тіп жататын. Алғашқы кітаптары шыққан­да да үйге сондай бір өз-өзіне риза кейіпте ке­ліп, «әкелеріңнің кітабы шықты» деп сүйін­ші сұрағандай болғаны да есімізде.

Тағы есімде қалғаны – Нарынқолдан Ал­­матыға көшіп келгенімізде біздің үйдің жү­гі негізінен кітаптар болды, бір машина кі­тап! 
Мына Қаскелеңде кітап сататын базар болды, кейінірек кітаптарының біразын сонда апарып сатқан кезі болды, сонда да үйде кітап көп болатын. Біз де сол кітаптарды оқып, дүниетанымызды қалыптастырдық қой.

Жазушылар одағы әкемізге Сырбай Мәу­ленов көшесінен (бұрынғы Интернацио­на­ль­ная) үй бергенде де негізгі жүгіміз кітаптар бол­ды. Ол дәлізі ортақ, екі отбасына арнал­ған үй еді. Бір жағымызда ақын Тайыр Жаро­ков­тың Марат деген баласы тұрды. Өзі ми­лицияда эксперт болып істейтін, Рая атты ке­­ліншегі неміс ұлтының қызы еді.

– Мұқағали ақынның жақын дос­та­ры туралы айтыңызшы, кімдермен көп араласты?

– Әкеміздің жанында көп жүрген, оны үне­мі іздеп келетін ақын Тоқаш Бердияров бо­латын. Қарасазда тұрғанымызда іздеп бар­ғанын айттым ғой, Алматыға келген соң да іздеп келетін көбіне сол кісі еді. Әкеміз кей­де әлдебіреулерге наразы болып, ашу­лан­са, Тоқаш аға «Әй, Мұқаш! Қой, қайтесің...» деп басу айтатын, әкем де Тоқаш ақынның сө­зін тыңдайтын. Тоқаш Бердияров – май­дангер ақын ғой, сондықтан да әкем оны қат­ты сыйлайтын болса керек, өйткені өз қа­тарластарын «соғыс балалары» дейтін. Ме­нің әкемнің қатарластары соғыс кезінде үл­кендермен теңдей қара жұмыс істеп өскен ғой. Тоқаш аға бокспен шұғылданған кө­рі­неді, менің де боксқа шұғылданып жүр­ге­нім­ді білетін. «Жұлдыз, стойку держи» деп маған боксшылардың тұрысын көрсететін (күлді).

Әкеміз қайтыс болғанда мені үйіне алып ба­рып, басымнан сипап, жұбатқан да сол Тоқаш аға еді.

Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза­лиев­­­­пен де жақсы қарым-қатынаста болды. Зейнолла Шүкіровті нағыз ақын дейтін. Жақ­сы досы Оспанхан Әубәкіров те үйге ке­ліп тұ­ра­тын. Сөйлегенде әзілдеп күлдіріп оты­ра­тын. Қарқ-қарқ күлгенде үй қозға­ла­тын­дай еді.
Содан кейін құрдас-достары – ақындар Әнуәрбек Дүйсенбиев пен Шәміл Мұхамед­жа­нов болды деп ойлаймын. Шәміл ағаның үйге келгенін көргем жоқ, ал Әнуәрбек аға ке­ліп тұратын. Әнуәрбек ағамыз ірі денелі, тұл­ғалы кісі еді.

Ақын Бекен Әбдіразақов та әкемнің жа­нын­да көп жүрді.

Әкемнің қасында көп жүрген досының бірі – ұйғыр ақыны Илья Бахтия (Илья М­о­ло­тов), екеуі қатарлас еді. Жақсы ақын бол­ды.
Ал әкемнің бала күнінен дос болған адам­дары да болды, соның бірі – әкемнің Қара­саздағы музейінде директор болған Әбдіке Асанов еді. Әкем туралы көп естелік қал­дырды. Сосын, классикалық күреспен ай­налысқан болуы керек, Мәжит деген досы бол­ды. Кейін ұйғыр ауданына көшіп барып, сол жақтағы спорт мектебін басқарды.

Қарасаздық Сыдық деген досы болды, сол жерде тракторшы болып еңбек етті. Бұ­лар­дың қай-қайсысы да әкемізбен өмір бойы достығын үзбеген адамдар.

Алматыдан үй алғаннан кейін өзімен еріп келетін, іздеп келетін қаламгерлер кө­бейді. Олар асүйде отырып әдебиет туралы ой­ларын айтатын, кейде ақындардың дауыс­тары қатты шығып, кейде дауласып та жата­тын.

– Сіз КазГУ-дің заң факультетін бі­тір­ген кезде Мұқаңның көзі тірі еді. Бұл саланы өзіңіз қаладыңыз ба, әлде әкеңіз жол көрсетті ме?

– Иә, заң факультетіне сол кісінің тіле­гі­­мен түстім, әйтпесе мен медицина сала­сын­­да білім алғым келген. Сол кезде емтихан ала­тын кісілердің қатарында әкемнің та­ныс­та­ры болған екен. Солар қолқа салыпты, «біз­­ден де бір көк жағалы шықсын» деп. Әри­не, өзім де мектепте жаман оқымадым, Ал­матыдағы №12 қазақ мектебін жақсы тә­мамдадым. Әкемнің менің жайымды та­ныс­тарына айтып, тапсырып жүргені – менің қа­лайда заң саласында білім алғанымды қа­­ла­ғаны шығар, қапелімде оқуға түсе алмай тауы шағылмасын деген қамқорлығы болар.

Әкем отызыншы жылдардағы аштық, реп­рессия секілді халқымыздың басына түс­кен қасіреттерді жақсы білді деп ойлаймын. Се­бебі анам Лашынның ағасы Әбдімүтәліп аға отызыншы жылдарда «халық жауы» деп ұста­лып, шахтада жұмыс істеген. Кейін ақта­лып, басшылық жұмыстарда істеген. Сол кі­сі­нің басынан өткен жайлардан әкеміз де ха­бардар еді.

Үйдегі бір отырыста қонақтармен әңгі­ме­­­ле­сіп отырғанда әкем отызыншы жыл­дар­да­ғы қазақ қасіреті туралы сөз қозғап еді, сон­да қонақтардың бірі – Әбішов деген көр­ші Қошқар ауылындағы мектепте мате­ма­тикадан сабақ берген атамыз «Мұқағали, қой, ондай әңгімені елге айтпа! Қажеті жоқ, қай­тесің...» деп тоқтатып тастады. Олар сол за­манның зардабын сезінген адамдар ғой, аран­дап қалар деп сақтандырған болар.
Менің құқық қорғау саласында еңбек етуім­ді қалағанда әкем сондай жайларды біл­гендіктен болар деп ойлаймын.

– Ақынның күнделіктерінде Айбар деген ұлы туралы көп айтылады. Оның тағдырына араша түсе алмай, қиналған кездерін жазыпты. Сосын қапылыста жас­тай қайтыс болып кеткен қызы Майгүл туралы да өлеңдері бар. Мұқа­ғали лирикасында жиі кездесетін мұң­ды сарындардың көп болуына сол жай­лардың әсері бар сияқты...

– Иә, ол жағдайлар әкемді қатты күй­зелт­кенін білемін... Майгүл – менен үлкен еді, 1951 жылы туған. Ол Алматыға келген соң №12 қазақ орта мектебінде оқып жүрген еді. 1964 жылы. Майгүл троллейбустан түсіп жүре бергенде мотоциклмен келе жатқан біреу қағып кеткен. Сонда оқиға болған жер­ге жиналып қалған халықты көріп Әбді­мүтә­ліп нағашым барыпты. Майгүлдің қаза тап­қа­нын көрген соң әке-шешемізге қоңырау ша­лып, «осындай жағдай болып қалды, берік бо­лыңдар» деп естірткен екен. Сол қызының оқыс­та дүние салғаны әкеміздің жанына қат­ты батты. Қатты күйзелді. Аяулы пер­зен­тіне арнап көп өлең жазды.

Ал Айбар шатақтау, тентек болды. Оған кө­ше тәртібі әсер етті-ау деймін. Мектепте Тө­­­леген Айбергеновтің үлкен қызы Сал­та­нат­пен бір сыныпта оқыды. Әкеміз қайтыс бол­ғаннан кейін құрылыста істеп жүріп, жа­рақат алып, жүйкесі ауыра бастады. Көп ем­делді. Айбарды әкеміз қатты жақсы көре­тін. Оған арнаған өлеңдері де бар. Айбар 2015 жы­лы 55 жасында дүниеден озды... 

Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» фи­ль­мінде Айбар бейнесі бар. Әрине, кинода ас­тарлау, ишаралау дегендер болады ғой, де­ген­мен өмірде болған адамдарды кейіпкер етіп алғанда сақ болу керек деп ойлаймын. Мә­­селен, Айбар кинодағыдай Лениннің ес­керт­­кішіне қағаз жабыстырып, сол кезде сая­сатқа қарсы келетін іс жасаған жоқ. Қан­ша көркем дүние дегенмен, тым әсірелеу де туын­дыны шындықтан алыстатып жіберуі мүм­кін.

Әрине, бір қызынан ерте айырылу, бір ба­ла­сының тентек болып, шулатып жүргені ақынға оңай соқпады. Сондықтан дүние-жал­ғанның сырын мұңдана жырлауына ақын­ның өз басынан өткен қиындықтардың әсе­рі болған шығар.

Әкеміздің тағы бір күйзелген кезі – өзі та­лантын қатты қадірлейтін Төлеген Айбер­ге­­новтің қайтыс болуы еді. Өмірден тым жас­тай кеткен дарынды інісін жоқтап өлең жаз­ды. Туған жерінде жүріп қайтыс болған ақын бауырын өз қолымен жерлеп келді.

Жалпы, өмірде адамды қапаландыратын жай­лар көп қой, оны ақын ретінде сезіну тіп­ті ауыр...

– Ақынның жары – Лашын апамыз Мұқағали мұрасын насихаттауға көп ең­бек сіңіргені белгілі. Ол кісі өз ісін жал­­­ғастыруды кімге аманаттап кетті?

– Иә, анамыз көзі тірісінде әкеміздің мұ­ра­сының насихатталуына зор еңбек сіңір­ді, кітаптарын құрастырды. Жарияланбаған өлең-поэмаларын жариялатты. Сұхбаттар берді, естеліктер жазды. Ақын шығарма­шылығы туралы жазылған дүниелерді жинады. Сол кісінің ақылымен 2006 жылы Мұқағали Мақатаев атындағы Халықаралық қоғамдық қор құрылды. Бұл қордың төрайы­мы – менің зайыбым Бақытгүл Айдарова. Ақын мұраларын одан насихаттау жұмыс­та­рын жүргізу оның ұрпақтарының бәріне ор­тақ парыз ғой, дегенмен анам өз ісін жал­ғастуды келініне тапсырып кетті.

– Кейінгі жылдарда Мұқағали мұра­сы­ның насихатталуына көңіліңіз тола ма?

– 1991 жылы ақынның 60 жылдығы той­­­­ланғаннан бері оның әдеби мұрасы бел­сенді түрде насихатталып келеді. Қарасаз ауы­лындағы М.Мақатаевтың әдеби-ме­мориал­ды мұражайы 1991 жылы 4 шілдеде ашылды. Сондай-ақ ақын атын иемденген кө­шелер, мектептер бар. Алматыда өз атын­дағы көшеде тамаша ескерткіші орнатылған.

Ақын қайтыс болғаннан кейін оның 2, 3, 4, 5 томдық шығармалары жарық көрді. Же­келеген кітаптары да басылып жатыр. Сон­дай-ақ ақын туралы көптеген естелік жинағы баспадан шықты. 2016 жылы көлемі 90 баспа табақтық «Мұқағали Мақатаев» энцик­лопедиясы, 2019 жылы көлемі мың бет­тен асатын «Мұқағали тілінің сөздігі» ат­ты қалың кітап басылып шықты.

– Биыл ақынның туғанына 95 жыл толуы­на орай қандай іс-шаралар өтті?

– Атаулы  датаға орай еліміздің әр өңі­рінде және шетелде әдеби-музыкалық кеш­тер, поэзия оқулары, кітап көрмелері, театр қойылымдары мен танымдық кездесулер өтті. Атап айтқанда, 4 ақпанда Алматы облы­сы­ның музейлер бірлестігіне қарасты Мұқағали Мақатаевтың мемориалды музейі мен Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі бірлесіп Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ұлттық орталық музейінде «Жыр­лайды жүрек» атты әдеби-сазды кеш пен жыл­жымалы көрме ұйымдастырды. 

6 ақпанда Қарасаз ауылында «Жырлайды жү­рек» атты поэзиялық-сазды кеш өтті. 8 ақ­пан­да Астанадағы Роза Бағланова атын­да­ғы «Қазақконцерт» мемлекеттік академия­лық концерттік ұйымында «Қазағым-ай» ат­ты әдеби-музыкалық кеш өтіп, онда ақын сө­зіне жазылған әндер орындалды. 11 ақ­панда Алматы қаласы әкімдігінің қол­дауы­мен Alatau Creative Hub орталығында «Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» ат­ты әдеби-поэзиялық кездесу өтіп, оған ақын ұрпақтары қатысты.

Мерейтойлық іс-шаралар театр өнерін де қамтыды. Оралдағы Хадиша Бөкеева атын­­­да­ғы қазақ драма театрында «Мұқағали – Нұр­ғиса» спектаклі ұсынылды. Қойылымда Мұ­­қа­ғали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиев­тің шығармашылық байланысы, достығы және бірге туған ән-жырлардың тарихы бей­не­ленді. Алматыдағы Мемлекеттік қуыр­шақ театрында «Мен деп ойла», Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қалалық қазақ драма театрында және Талдықорғандағы Би­кен Римова атындағы драма театрда «Мұ­қағали» атты қойылымдар, Ақтауда «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасы мерей­тойлық бағдарламаға енгізілді. Ақтөбеде «Мұ­қағали – өлең емес, Мұқағали – сезім…» атты әдеби-музыкалық кеш және Мұқа­ға­ли Live концерті ұйымдастырылды.

«Атамұра» баспасынан ақынның «Хан­тәңірі» атты таңдамалы шығармалар жинағы басылып шықты.

Әрине, бұлар биыл өткен іс-шаралардың мен білетіндері ғана. Шын мәнінде,  түрлі дең­гейдегі әдеби-мәдени іс-шаралар бұдан да көп өтті деп ойлаймын.

– Сұрауды ұмытып барады екем, ақын ұрпақтарында оның жолын қу­ғандар бар ма?

– Шынын айту керек, әзірге ақын ұрпа­ғының ішінде әдебиет саласында дарынымен дараланған адам жоқ. Кім білсін, бәлкім, болашақта шығып қалар. Өзім аздап өлең жазам...

– Иә, сіздің өлең жазатыныңыздан ха­барым бар.

– Әкемізден жұққан бірдеңе бар шығар, не дегенмен ұрпағымыз ғой. Тәрбиесін көр­дік, оқы деген кітаптарын оқыдық. Шы­ғар­ма­шылығын білемін. Сондықтан өлең жазу өзім­ді тексеріп көру деп ойлаймын. 

Әрине, ақынның баласы ақын болып ке­те бермес, дегенмен талпыныс жасап көр­геннің әбестігі болмас.
Жазған өлеңдерім кезінде газет-журнал­дарда жарияланды. Әкемнің 80 жылдығы тұ­сында «Әке сарын» деген өлеңдер жина­ғым­ды шығардым.

– Мұқағали ақын туралы көп естелік жазылды, кітап болып шықты. Соларды оқығанда не байқадыңыз? Ақын туралы жалған айтылған сөздер бар ма?

– Әрине, ондай жағдайлар кездеспей тұр­майды ғой. Тірісінде үйімізден дәм тат­па­ған, біз танымайтын кісілердің «дос едік, өй­тіп едік, бүйтіп едік» деген сияқты әңгі­ме­лерін оқығанда ренжіп қалатын кез де бо­лады. Бірақ елдің ауызына қақпақ боласың ба, жалған сөйлеуден тартынбаса, өздері біл­сін. Бірақ қай нәрсенің де шындығы тү­бін­де ашылмай тұрмайды ғой.

– Мақатаевтың өлеңдеріне ән жаза­тын­дар көбейіп кеткендей көрінеді кей­де...

– Ақынның өлеңіне ән жазу компо­зи­тор­лардың еркіндегі нәрсе. Атақты ақынның өлеңіне ән жазу арқылы өзін танытқысы келетіндер болуы мүмкін, бірақ ең бастысы, ән сәтті шықса дейміз. Барлық талпыныстар сәтті бола бермес, солай да болса, кейінгі жы­­лы әкемнің өлеңдеріне жазылған көп­теген әннің елдің құлағына жетіп, танылып жат­қанына қуанамын.

– Ақын шығармашылығы туралы бір­талай ғылыми еңбектер жазылғаны­нан хабардар шығарсыз?

– Иә, біразынан хабарым бар. Ақын шы­ғар­машылығын өздерінің зерттеу объектісі етіп, ғылыми диссертациялар жазған Күл­зира Сейтова («Мұқағалидың ақындық мұ­ра­сы»), Күрленбай Хамидуллаев («М.Мақа­тев­тың ақындық шеберлігі»), Зинаида Қа­зан­баева («Мұқағали поэзиясының тілі») секілді ғалымдардың есімін алдымен тілге алуға бо­лады. Олардың кейбірі ақын ұрпақта­ры­мен кездескені бар. Мәселен, қарақалпақ­стан­дық ғалым Күрленбай Хамидуллаев ақын ұрпақтарымен кездесті, ақынның ту­ған жеріне барып, музейін көрді. Яғни, ақын туып-өскен ортаны өз көзімен көріп, ой түй­ді, шабыттанды. Бұлардан басқа да көп­теген автордың зерттеу мақалалары жария­лан­ғанын білем, тіпті ақынға арнап жеке кі­тап жазып шыққандар бар. Оның бәрінің аты-жөнін бұл жерде тізбелеп көрсетудің қажеті болмас, ел біледі ғой ол еңбектерді.

– Ақын шығармаларын насихаттау­дың олқы тұстары бар ма?

– Шынын айтқанда, насихаттауға бір­деңе жетіспейді деп айту қиындау. Кітаптары шығып жатыр. «Мұқағали» журналы 2005 жыл­дан бері тоқтаусыз шығып келеді. Туған же­ріндегі музейі жұмыс істеп тұр. «Мұқағали Мақатаев» қоры бар, ақын атындағы әдеби сый­лық бар. «Мұқағали» атты фильм, энцик­лопедия шықты. Мектеп оқушыларына ар­нал­ған «Мұқағали оқулары» өтіп тұрады. Жал­пы, Мақатаев мұрасын насихаттауға көп нәр­се жасалды және ол болашақта та жал­ғаса береді деп ойлаймын.

Дегенмен тиісті орындар естіп қалар де­ген үмітпен бір-екі ұсыныс айтсам деймін: Ал­матыда Мұқағалитану орталығы ашылса дұ­рыс болар еді. Сосын, бірнеше жыл бұрын Мұ­қағали Мақатаев шығармаларының 10 том­дығын дайындап қойып едік, қаражат бол­маған соң әлі күнге кітап болып шықпай жа­тыр. Соны баспадан шығарсам деген арма­ным бар. 

– Әңгімеңізге рахмет!
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар