Елімізде жыл сайын электр қуатының тапшылығы айтылады, әсіресе қыс түсісімен көрші елдерден жарықты қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Мемлекет басшысы Жолдауда жыл мезгілдеріне қарай бағаның әділетсіз құбылуы мен өндіріс пен тұтыну қарқынының шамадан тыс алшақтағанын қатаң ескертті. Ендігі басты міндет – тек ағымдағы дефицитті жабумен шектеліп қалмай, көмір генерациясын түбегейлі жаңғырту, маневрлік стансалар мен жасыл энергетиканы қатар дамыту және стратегиялық ауқымдағы жаңа жобаларды іске асыру арқылы елдің энергетикалық егемендігін толық қамтамасыз ету.
Электр қуатының тапшылығы бір күнде пайда болған жоқ. Бұл – ондаған жыл бойы жинақталған жүйелік олқылықтардың салдары. Энергетикалық теңгерім 2010 жылдардың ортасынан бастап сыр бере бастады. Экономиканың өсуі, қалалардың ұлғаюы және жаңа өндіріс талаптары жарыққа сұранысты арттырды. Бұрын өндірген қуатын өзі толық тұтынып қоймай, сыртқа тасымалдайтын ел едік, сол тепе-теңдік бұзылды. Тұтыну қарқыны жаңа стансалардың іске қосылу жылдамдығынан әлдеқайда озып кетті. Жалпы, сұраныстың шарықтауына тұрғын үйлер ғана емес, зауыттар, жаңа өндіріс орындары, тіпті заңды және заңсыз жұмыс істейтін криптовалюта өндіру нысандары да елеулі салмақ салып отыр.
Елдегі генерация көздерінің тозуы – дағдарыстың басты техникалық себебі. Жылу электр орталықтары мен ірі аудандық стансалардың көбі өткен ғасырдың ортасында, кеңес заманында салынған. Бүгінде олардың орташа тозу деңгейі 55-70 пайыз аралығында, ал жекелеген нысандарда бұдан да жоғары. Жабдықтардың тозуы жылыту маусымында және ең көп жүктеме түсетін сағаттарда жиі апатқа соқтырып жүр. Бұл жоспарлы қуат көлемдерін азайтып қана қоймай, тұтас жүйенің тұрақтылығына қауіп төндіруде. Әсіресе, таңертеңгі және кешкі ең жоғары жүктеме кезінде қуатты лезде реттейтін икемді стансалардың жоқтығы қатты сезіледі.
Бірыңғай энергетикалық жүйенің біркелкі дамымауы өңірлер арасында үлкен алшақтық туғызып отыр. Павлодар, Қарағанды, Екібастұз тораптары шоғырланған Солтүстік аймақ көмір қорының арқасында электр энергиясын артығымен өндіреді. Ал Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласын қамтитын Оңтүстік аймақ және Батыс өңірлерінде тұтыну көлемінің жоғары болуына байланысты тапшылық үнемі байқалады. Солтүстіктегі артық қуатты оңтүстікке тасымалдайтын магистральды желілердің өткізу қабілеті шектеулі. Жүйеаралық байланыстардың әлсіздігі энергияны еркін ауыстыруға мүмкіндік бермей, бір өңірде қуат артық тұрса да, екінші өңірдің жарықсыз қалатын ащы шындығын туғызып отыр.
Өз қуатымыз жетпеген соң көрші елдердің энергожүйелеріне тәуелді болып қалдық. Тапшылықты жабу үшін сырттан электр энергиясын коммерциялық және авариялық ағындар арқылы қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрміз. Бұл қазынаға салмақ түсіріп қана қоймай, елдің экономикалық дербестігіне сызат түсіреді. Энергия тапшылығы жаңа инвестиция тартып, ірі зауыттар мен логистикалық орталықтар ашуға тұсау болып отыр. Қуат көздерінің жетіспеуі кәсіпорындарға шектеу қоюға мәжбүрлеп, өнімнің өзіндік құнын өсіреді де, отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Жылдар бойы сақталған төмен шекті тарифтер саясаты салаға жеке инвестициялардың келуін тежеп, жаңа стансалардың сұраныс қарқынына ілесе алмауына түрткі болды.
Жолдауда айтылған Үкіметтің 2029 жылға қарай бірыңғай энергетикалық жүйені толық профицитке шығару мақсаты – елдің энергетикалық егемендігі мен индустриялық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық меже. Бұл жоспардың іске асуы жаңа өндірістік қуаттарды пайдалануға беру қарқынына, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту тиімділігіне және ықтимал тәуекелдерді дер кезінде ескеруге тікелей байланысты. Алдағы уақытта отандық энергожүйеге бірнеше гигаватт жаңа және жаңартылған қуатты қосу жоспарланған. Дәстүрлі көмір өндірісі әзірге базалық генерацияның негізі болып қала береді. Бұл бағыттағы негізгі жобалар қатарында Екібастұз ГРЭС-1-нің І энергоблогын күрделі жөндеуден кейін қайта іске қосу, Екібастұз ГРЭС-2-нің ІІІ және IV энергоблоктарының құрылысын аяқтау, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа көмір жылу электр орталықтарын салу бар. Бұл ауқымды жобаларға шетелдік инвесторлар тартылып, мемлекеттік кепілдіктер мен жеңілдетілген экспорттық несиелер есебінен қаржыландырылмақ.
Пиктік сағаттардағы жүктемені азайту үшін елдің оңтүстігі мен батысында бу-газ қондырғылары салынбақ. Атап айтқанда, Түркістан облысында қуаты мың мегаватқа жуық бу-газ стансасы, Қызылордада жаңа жылу электр орталығы бой көтеріп, Алматы энергетикалық торабындағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға ауыстыру және кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бастамалар халықаралық қаржы институттарының несиелері мен тарифті инвестицияға алмасу бағдарламасы арқылы қаржыландырылады. Бұған қоса жаңартылатын энергия көздері сегментінде халықаралық инвесторлардың қатысуымен ірі жобалар қолға алынды. Соның ішінде Жамбыл облысындағы жел электр стансасы, батыс және оңтүстік өңірлердегі гибридті жобалар тікелей шетелдік инвестициялар мен аукциондық бағалар негізіндегі ұзақмерзімді келісімшарттар есебінен жүзеге асады.
Десе де, жобалардың қағаздағы кестесі мен нақты орындалуы арасында әлі де алшақтық бар. Энергетикалық нысандар құрылысы логистикалық кедергілерге, геосаяси жағдайларға, атап айтқанда мердігерлер мен жабдықтарға қатысты санкциялық шектеулерге және жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамадан кешігіп өтуіне байланысты жоспарланған мерзімнен артта қалып келеді. Баламалы энергия көздерін қарқынды қосу көзделгенімен, ұлттық энергожүйені оларды қабылдауға бейімдеу, яғни маневрлік қуаттар мен сақтау жүйелерін орнату ісі баяу жүруде. Бұл жаңартылатын энергияны бірыңғай жүйеге толық интеграциялауды қиындатып отыр.
Энергетикалық профицитке жету жолына қауіп төндіретін өзге де құрылымдық және экономикалық факторлар жеткілікті. Тарифті инвестицияға алмасу бағдарламасы қолға алынғанымен, саланың тарифтік саясаты әлі де әлеуметтік қысымда қалып отыр. Бағаның күрт өсуіне қойылған шектеулер инвесторлардың қаржыны өтеу мерзімін ұзартып, жаңа жобаларды кешіктіреді. Газ турбиналық және бу-газ стансаларын үздіксіз отынмен қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта газ көлемі жеткілікті болғанымен, солтүстік пен оңтүстікте оның тапшылығы қаупі сақталып тұр. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының қарқын алуы мен өнеркәсіптің жаппай электрлендірілуі салдарынан сұраныстың табиғи өсімі Үкіметтің болжамды есептерінен асып түсуі әбден мүмкін. Ал турбиналар, қазандықтар мен трансформаторлар сияқты ауыр өнеркәсіптік жабдықтарды жеткізу тізбегінің бұзылуы іске қосу мерзімдерін ұзарта түсетіні анық.
Президент өз Жолдауында: «Қазақстандағы атом электр стансаларының қажеттілігін өтеу үшін уранның алдағы жүз жылға жететін мемлекеттік стратегиялық қорын құру жөніндегі ұсыныс өте орынды. Бұл бастаманы жан-жақты пысықтау қажет деп санаймын. АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту маңызды. Ресей мен Қытай компанияларынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр. Келесі жұмыстарды, соның ішінде «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауға болады, тіпті бастауымыз қажет. Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек бастау үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған жөн», – деп атап көрсетті.
Атом электр стансасын салу – елдің ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін түпкілікті қамтамасыз ететін ең ауқымды жоба. Ескірген көмір стансалары сыр беріп, экологиялық талаптар күшейген шақта АЭС елді тәулік бойы үздіксіз қуатпен қамтитын басты тірекке айналады. Бұл Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының тұтыну өсімін сыртқа тәуелсіз, өз өндірісімізбен толық жабуға жол ашады. Сондай-ақ сырттан апатты жағдайда жарық сатып алу тәуелділігін біржола жояды. Сонымен қатар станса жыл сайын мыңдаған тонна көмірқышқыл газының таралуының алдын алуға үлес қосады. Әртүрлі энергетикалық ресурстардың ерекшеліктерін таразыласақ, көмір стансаларын салу арзан әрі жылдам болғанымен, олар қоршаған ортаға көп зиян келтіреді. Бу-газ қондырғылары икемді болғанымен, ішкі нарықтағы газдың шектеулілігі мен құны бөгет жасайды. АЭС отын тапшылығы қатерін мүлде туғызбай, жасыл энергияның ауытқуын реттеп, ұлттық жүйенің мызғымас іргетасын қалайды.
Алайда бұл стратегиялық жоба бір күнде салынбайтыны анық. Халықаралық тәжірибе заманауи АЭС құрылысы жобалаудан бастап іске қосылғанға дейін сегіз-он жыл уақыт алатынын көрсетіп отыр. Демек, ол ең ерте дегенде келесі онжылдықтың ортасына қарай ғана толық қуатына көшеді. Ал аталған станса салынғанша, туындап отырған электр тапшылығын тек атом есебінен жабу мүмкін емес. Сондықтан осы өтпелі кезеңде еліміз шағын және орташа стансаларды, су электр стансаларын, баламалы энергия нысандарын және барлық қолданыстағы өндіріс орындарын барынша үйлесімді іске қосуға тиіс. Еліміздің ертеңгі жарық пен қуатқа қол жеткізуі дәл осы өтпелі кезеңнің қалай еңсерілетініне тікелей байланысты.
Сәулет ӘСКЕРБЕКОВ,
ядролық физика мамандығы бойынша философия докторы (PhD), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жетекші ғылыми қызметкері:

Білікті инженер бір күнде қалыптаспайды
Еліміздегі энергетика тапшылығын тек жаңа электр стансаларын салу арқылы шешу мүмкін емес. Бұл мәселеге кешенді түрде қарау қажет. Өйткені электр энергиясын өндіру бір мәселе болса, оны тұтынушыға тұрақты әрі қауіпсіз жеткізу екінші мәселе.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2029 жылға қарай электр энергиясын қажеттіліктен артық өндіретін деңгейге жету міндетін қойды. Өйткені электр энергиясына сұраныс күн сайын артып келеді. Әсіресе, қыс мезгілінде энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме күшейеді. Сондықтан жаңа стансалар салумен қатар, қолданыстағы стансаларды жаңғырту, ескірген жабдықтарды ауыстыру және электр желілерін жаңарту керек. Себебі өндірілген электр энергиясын қажетті өңірге жеткізу мүмкіндігі де маңызды.
Негізгі мақсатымыз тек электр энергиясын көп өндіру емес, халық пен өндірісті үздіксіз қамтамасыз ететін сенімді энергетикалық жүйе қалыптастыруға тиіс.
Мемлекет басшысы энергетика саласына білікті мамандар даярлау мәселесіне ерекше назар аударды. Бізде энергетик мамандар тапшы. Қандай заманауи электр стансасын салсақ та, оны басқаратын және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін білікті мамандар қажет. Сонымен қатар электр энергетикасы, автоматтандыру, ядролық инженерия, реакторлық технологиялар, радиациялық қауіпсіздік және материалтану бағыттарындағы мамандар аса қажет. АЭС құрылысы бұл қажеттілікті одан әрі арттырады.
Қазақстанда энергетика және ядролық физика саласында қалыптасқан ғылыми мектептер мен тәжірибелі мамандар бар. Дегенмен жаңа энергетикалық жобалардың жүзеге асуына байланысты білікті инженерлерге, әсіресе практикалық тәжірибесі бар мамандарға сұраныс артып келеді.
Меніңше, мамандар даярлауда теориямен қатар практикаға көбірек көңіл бөлінуі керек. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сияқты жоғары оқу орындарының білім беру және ғылыми әлеуетін Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтының ғылыми-зерттеу және эксперименттік базасымен ұштастыру маңызды. Студенттер нақты зертханаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинауы қажет.
Ең бастысы, мамандарды қажеттілік туындаған кезде емес, қазірден бастап даярлауымыз керек. Өйткені білікті инженер немесе ғалым бір күнде қалыптаспайды. Мен бірінші кезекте ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге тиіс деп ойлаймын.
Біз жаңа технологияны өзге елден сатып ала аламыз, электр стансасын да шетелдік компаниялардың көмегімен сала аламыз. Бірақ сол технологияны толық меңгеретін, оның қауіпсіздігін бағалайтын және өздігінен шешім қабылдай алатын отандық мамандарымыз болуы керек.
Энергетикалық тәуелсіздік тек өз елімізде электр энергиясын өндірумен шектелмейді. Біз қолданатын технологияларды өзіміз түсініп, дамыта алатын деңгейге жетуіміз қажет.
Сондықтан ғылыми зертханаларды жаңарту, жас ғалымдарға жағдай жасау және энергетикалық кәсіпорындарды отандық ғылыми ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге тарту маңызды. Әсіресе, атом энергетикасы сияқты күрделі салада ғылым мен өндіріс қатар дамуы тиіс.
Ядролық физика саласында зерттеулер жүргізіп жүрген маман ретінде атом энергетикасының Қазақстан үшін маңызы өте жоғары. Атом электр стансаларының басты артықшылығы ауа райына тәуелді болмай, тұрақты түрде үлкен көлемде электр энергиясын өндіре алуында. Бұл өнеркәсібі дамып, электр энергиясына сұранысы артып отырған еліміз үшін өте маңызды. Қазақстанның бұл бағытта мүмкіндігі мол. Біз уран өндіруден әлемдегі жетекші елдердің біріміз. Сонымен қатар ядролық физика саласында қалыптасқан ғылыми базамыз, зерттеу реакторларымыз және тәжірибелі мамандарымыз бар.
Бірақ АЭС салу тек реактор орнатып, электр энергиясын өндіру деген сөз емес. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мамандар даярлау, ядролық отынмен жұмыс істеу және ғылыми зерттеулер жүргізу сияқты көптеген міндеті бар. Біздің ғылыми жұмыстарымыз да осы бағыттармен байланысты. Ядролық физика институтының эксперименттік базасында радиация әсеріне ұшыраған материалдардың қасиеттерін, олардың жоғары температурадағы тұрақтылығын және ядролық технологиялардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді зерттейміз. Әрине, АЭС энергетикалық тапшылықты бірден шешпейді. Оның құрылысына уақыт қажет. Сондықтан қолданыстағы стансаларды жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары қатар жүруі керек.
Атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ғылымның, өндірістің және жаңа технологиялардың дамуына да үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы, біз тек электр энергиясын өндіретін мемлекет емес, сол технологияларды меңгерген, өз мамандары мен ғылыми әлеуеті бар ел болуымыз керек.
Қорыта айтқанда, энергетикалық тәуелсіздік дегеніміз көрші мемлекеттермен электр энергиясының алмасуын толық тоқтату емес. Ең бастысы, еліміздің өз қажеттілігін тұрақты қамтамасыз етіп, сыртқы жағдайларға тәуелділікті азайтуы және энергетика саласында дербес шешім қабылдай алуы. Сондықтан біз бүгін тек жаңа электр стансаларын салып, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, алдағы ондаған жыл бойы еліміздің дамуына қызмет ететін ғылыми және технологиялық әлеуетімізді де күшейтуіміз қажет. Бұл бағытта атом энергетикасы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, отандық ғылымның, жаңа технологиялардың және білікті мамандардың дамуына үлкен серпін береді.