Кариб теңізінде саяхаттап жүрген Caribbean Princess круиздік кемесінде жүзден астам адам белгісіз ауруға шалдықты. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінен асқазан-ішек инфекциясына тән белгілер анықталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, 17 қарашадағы жағдай бойынша лайнердегі 148 адам өзін жайсыз сезінген. Олардың 134-і жолаушы, ал қалған 14-і экипаж мүшелері. Науқастардың барлығында құсу және іш өту белгілері байқалған. Дегенмен аурудың нақты неден пайда болғаны әзірге анықталған жоқ.
Белгілі болғандай, Caribbean Princess лайнері 11 қарашада АҚШ-тың Флорида штатындағы Форт-Лодердейл портынан 12 күндік саяхатқа аттанған. Кеме Колумбия мен Панама каналы арқылы өтетін бағытпен жүзіп бара жатқан. Сапар басталғаннан кейін төрт күн өткенде жолаушылар арасында ауру белгілері көбейе бастаған. Осыған байланысты Princess Cruises компаниясы санитарлық қызметке хабар берген.
Қазіргі уақытта сырқаттанған жолаушылар мен экипаж мүшелері өзгелерден оқшауланған. Кеме ішінде тазалық және дезинфекция жұмыстары күшейтілді. Мамандар аурудың шығу себебін анықтау мақсатында зертханалық зерттеуге сынамалар алған. Алайда сараптама қорытындылары әзірге жарияланған жоқ.
Princess Cruises компаниясының мәліметінше, науқастардың жағдайы ауыр емес, ауру белгілері жеңіл түрде өтіп жатыр. Осыған қарамастан, лайнер сапарын тоқтатпаған. Кеме жоспарланған бағыт бойынша қозғалысын жалғастырып, 23 қарашада Флоридаға оралуы тиіс.
Айта кетейік, бұл – 2026 жылы Princess Cruises компаниясына тиесілі кемелерде тіркелген төртінші жаппай асқазан-ішек ауруы оқиғасы.