Құрылтайда «Қазақстан балалары» депутаттық тобының алғашқы отырысы өтті. Жиында балалардың құқықтарын қорғау, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату және өңірлердегі бастамаларды қолдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысты депутаттық топтың жетекшісі, Құрылтай депутаты Дана Медеуова жүргізді. Жиында Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай құттықтау сөз сөйледі. Төраға ата-ана, бала және отбасы құқығын қорғау Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілген басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әрбір баланың бақытты әрі қауіпсіз балалық шағы болуы керектігін бірнеше рет атап өтті. Президенттің қолдауымен елімізде балаларды дамытуға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған кешенді мемлекеттік жүйе қалыптасты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Бұл стратегиялық құжаттың басты мақсаты – балаларға арналған барлық қолдау шараларын бір жүйеге біріктіріп, олардың дүниеге келген сәтінен бастап ересек өмірге қадам басқанға дейінгі дамуына жағдай жасау», – деді Құрылтай Төрағасы.

Айбек Дәдебай балалардың мүддесіне қатысты мәселелерді шешу үшін әртүрлі фракция депутаттарының басын қосқан арнайы топ құрудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді жан-жақты әрі нақты талқылауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ депутаттық топ жұмысының маңызды бағыттарының бірі халықаралық серіктестермен, әсіресе ЮНИСЕФ ұйымымен ынтымақтастық болуы керектігін айтты. Бұл балалардың құқықтарын қорғау саласындағы озық халықаралық тәжірибені зерделеуге жол ашады. Құрылтай Төрағасы «Қазақстан балалары» депутаттық тобын құруға бастамашы болған азаматтарға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Отырысқа ЮНИСЕФ өкілдері Абдул Азиз Фофана мен доктор Рашед Мустафа Сарвар, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Алешка Симкич, Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева, сондай-ақ депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Талқылау барысында қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.

Жиынның маңызды сәттерінің бірі – «Қазақстан балалары» депутаттық тобы мен ЮНИСЕФ арасында ниет хатына қол қою болды. Тараптар заңнаманы жетілдіру, балалардың мүддесіне бағытталған жобаларды қолдау және өңірлердегі мәселелерге ерекше назар аудару бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
«Жалпыұлттық бастамалар еліміздің әрбір қаласы мен елді мекенінде нақты іске асуы керек», – деді Дана Медеуова.
Осы мақсатта депутаттық топ әкімдіктермен тікелей байланыс орнатып, әр өңірде жауапты үйлестірушілерді белгілейді. Бұл балалардың жергілікті жерлердегі қажеттіліктерін тереңірек түсінуге және пайдалы бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Депутаттық топ балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұстанымды жүйелі парламенттік жұмысқа айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалардың пікірін тыңдау да аса маңызды. ЮНИСЕФ бұл жұмысты қажетті деректермен, сараптамалық қолдаумен және басқа елдердің парламентшілерімен тәжірибе алмасу жағын қамтамасыз етуге дайын», – деді ЮНИСЕФ-тің өңірлік директорының орынбасары Абдул Азиз Фофана.

Өз кезегінде ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар балалардың құқықтарын қорғау жұмысына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
«Орталық Азияда алғаш рет балалардың мүддесін қорғауға бағытталған парламенттік топтың құрылуы – Қазақстан үшін маңызды қадам. Бұл мемлекеттің бала құқықтарын қорғауға берік ұстанымын көрсетеді. Қазақстанның тәжірибесі Орталық Азия елдеріне және басқа да мемлекеттерге үлгі бола алады. ЮНИСЕФ осы тәжірибені таратуға және елдер арасында бөлісуге дайын», – деді доктор Рашед Мустафа Сарвар.
ЮНИСЕФ-тің халықаралық тәжірибесі мен Қазақстандағы жұмысы бұл бағыттағы бастамаларға үлкен қолдау болмақ. Бірлескен жоба балалардың қауіпсіздігін нығайтуға, құқықтарын қорғауға және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жиынды қорытындылаған Дана Медеуова француз жазушысы Франсуа Рабленің: «Бала – толтыруды қажет ететін ыдыс емес, тұтатуды қажет ететін шырақ», – деген сөзін еске салды. Бұл сөз алдағы жұмыстың негізгі мәнін айқындайды. Яғни баланы қорғаумен ғана шектелмей, оның қабілетін ашуға, өз күшіне сенуіне және өмірден өз жолын табуына көмектесу маңызды.
Балаларға қамқорлық жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бүгін олардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасау арқылы еліміздің болашағын қалыптастырамыз.