Қыстың қамын ерте ойла, жүргізуші!

/
Қыстың қамын ерте ойла, жүргізуші!

Астананың күзі мен қысы қашанда тосын мінезімен белгілі. Бір күнде бірнеше рет құбылатын ауа райы, екпінді жел мен аяқастынан пайда болатын көктайғақ қала тұрғындарына таңсық емес. Мұндайда көліктің техникалық дайындығы мен жүргізушінің жауапкершілігі айрықша маңызға ие.  Дегенмен жыл сайын алғашқы қар жауған кезде шиномонтаж орталықтарына ағылатын көліктердің ұзын-сонар кезегі жүргізушілердің қысқа дайындықты соңғы сәтке қалдыратынын аңғартады. Ал жолдағы қауіпсіздік мәселесінде мұндай салғырттықтың құны қымбатқа түсуі мүмкін. Осыған байланысты Астана қаласының полиция қызметкерлері тұрғындарды қысқы маусымға қамдануға шақырып, жазғы дөңгелекпен жүрудің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертіп те келеді.

«Қазгидромет» мәліметінше, 8-10 қара­ша аралығында елордада жаңбыр жауып, кейін оның соңы қар аралас жаң­бырға ұласатыны болжанған. Ауа тем­пературасы минус 3 градусқа дейін тө­мендеуі мүмкін екені хабарланды. Қыс­қы жолда көлік тізгіндеген адамның әр­бір әрекеті маңызды. Жылдамдықты ша­мадан тыс арттыру, қауіпсіз арақа­шық­­тықты сақтамау немесе күрт тежелу са­наулы секунд ішінде қайғылы жағ­дай­ға әкелуі ықтимал. Сондықтан полиция қыз­меткерлері жүргізушілерге қысқы дөң­гелектерді уақытылы орнатып, кө­лік­тің техникалық жағдайын алдын ала тек­серуге кеңес береді.

Астана қаласы Полиция департамен­ті Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инс­пек­торы Саят Жақсылықтың айтуынша, ауа райының күрт өзгеруі жол қозға­лы­сы­на қатысушылардан барынша мұқият болуды талап етеді.

«Жүргізушілерге жазғы шиналарды қысқы шиналарға уақытылы ауыстыру, бел­гіленген жылдамдық режимін сақтау, күрт маневрлер мен күрт тежелуден ау­лақ болу, қауіпсіз арақашықтық пен бүйір­лік интервалды сақтау, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің талаптарын орындау қажеттігін ескертеміз», – дейді Саят Жақсылық.

Айыппұлдан бұрын қауіпсіздікті ойлаған жөн

Елімізде қысқы дөңгелектерге қа­тыс­­ты нақты талаптар бекітілген. Заң­намаға сәйкес, 1 желтоқсаннан бас­тап ақпан айының соңына дейін жеңіл авто­мобильдер мен тиісті санаттағы жеңіл жүк көліктерін қысқы шина­лар­сыз пайдалануға тыйым салынады. Оның үстіне қысқы шиналар көліктің бар­лық дөңгелегіне орнатылуы қажет.

Бұл талапты елемеген жүргізушілер әкім­шілік жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабына сәйкес, тиісті талапты алғаш бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылғы есеппен бұл – 21 625 теңге. Ал заңда белгіленген мерзім ішінде құ­қық бұзушылық қайталанса, айыппұл 86 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Әрине, мұндай айыппұл кез кел­ген жүргізушінің қалтасына сал­мақ түсіретіні анық. Алайда мәсе­ле­нің екінші жағы әлдеқайда маңызды. Жаз­ғы дөңгелекпен көктайғаққа шық­қан көлік тек жүргізушінің өзіне емес, ай­наласындағы өзге адамдарға да қауіп төн­діреді. Сондықтан қысқы шинаға ауы­суды айыппұлдан құтылудың амалы емес, адам өмірін сақтаудың қажетті шар­ты ретінде қарастырған дұрыс.

Оның үстіне желтоқсанды күту әр­дайым дұрыс шешім бола бермейді. Ас­танада қар қарашада, кейде одан да ерте тү­седі. Күндіз еріген қар суы түнде қа­тып, жол бетінде көзге бірден байқала бер­мейтін жұқа мұз қабатын қалып­тас­тыруы мүмкін. Мұндай жағдайда тәжі­ри­белі жүргізушінің өзі көлікті басқа­ру­да қиындыққа тап болады.

Мамандардың түсіндіруінше, ауа тем­пературасы төмендеген сайын жазғы ши­налардың резеңкесі қатайып, тежеу қа­сиеті нашарлайды. Соның салдарынан те­желу қашықтығы ұлғайып, көліктің сыр­ғанау қаупі артады. Әсіресе, көпір­лер­де, жолайрықтарда, бағдаршам маңын­да және бұрылыстарда сақтық қажет.

Жолдағы бір қателіктің құны қандай?

Жол қауіпсіздігі мәселесінің қан­ша­лықты өзекті екенін ресми статистикадан да аңғаруға болады. Сон­дық­тан жолдағы қауіпсіздікке қатысты кез келген ескертуді формалды талап ре­тінде қабылдауға болмайды.

Рас, биылғы көрсеткіштерде оң өзге­ріс­тер бар. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында елдегі жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыстырғанда 5 пайызға, жарақат ал­ған­дар саны 7 пайызға, ал қаза тапқан­дар саны 16 пайызға азайған. Дегенмен бұл жолдағы қауіп толық сейілді деген сөз емес.

Көлік министрлігінің осы жылғы қыркүйекте жариялаған деректеріне сүйенсек, республикалық маңызы бар тас­жолдардағы жол апаттарының 35 пайызы жылдамдықты асырумен, 12 пайызы қауіпсіз арақашықтықты сақ­тамаумен, 11 пайызы көлікті басқара ал­маумен, 8 пайызы қарсы бағыттағы жо­лаққа шығумен байланысты болған.

Осы деректердің өзі жол апат­тары­ның елеулі бөлігі жүргізушілердің әре­ке­ті­мен байланысты екенін көрсетеді. Ал қыс мезгілінде ауа райының қолайсыз­ды­ғы мұндай қателіктердің зардабын одан әрі ауырлатуы мүмкін.

Мұндай қауіптің нақты мысалдары да бар. Бұған дейін Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байла­нысты полиция қызметкерлері жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 700-ден астам көлікті республикалық маңызы бар тасжолдардан кері қайтарған. Себебі  қысқы жолға дайындықтың тек жеке жүргізушінің мәселесі емес, тұтас қоғам­ның қауіпсіздігіне әсер ететінін әрбір азамат түсінгені жөн.

Қала сыртындағы сапар да сақтықты талап етеді

Елорда тұрғындарының бір бөлігі күнделікті жұмыс бабымен неме­се жеке шаруаларымен қала сыртындағы елді мекендерге қатынайды. Алайда қыс мезгілінде мұндай сапарлардың тәуекелі арта түседі. Әсіресе, ашық даладағы бо­ран, қатты жел мен көріну қашық­ты­ғы­ның төмендеуі жүргізушілерге айтар­лық­тай қиындық туғызады.

Астана қаласы Полиция депар­та­мен­ті Әкімшілік полиция басқармасы­ның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Саят Жақсылық қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шығуды мүмкіндігінше кейінге қалдыруға кеңес береді. «Ауа райының күрделі жағдайын ескере отырып, мүмкіндігінше қала сыр­тына алыс сапарларға шықпау және ба­­ла­ма көлік түрлерін пайдалану ұсы­ны­лады», – дейді полиция өкілі.
Шынында да, жолға шығар алдында ауа райы болжамын тексеру, тасжолдар­дың ашық немесе жабық екеніне көз жеткізу, көліктің техникалық жарам­ды­лығын бақылау артық етпейді. Әсіресе, қысқы дөңгелекпен қатар тежегіш жүйе­сінің, аккумулятордың, жарықтандыру құралдарының және әйнек тазалағыш­тар­дың дұрыс жұмыс істеуі маңызды.

Кейде жүргізушілер көліктің қысқа дайындығын тек дөңгелек ауыстырумен шектейді. Алайда аязды күні аккумуля­тор­дың істен шығуы немесе боран ке­зін­де әйнек тазалағыштың дұрыс жұмыс істемеуі де жол үстінде күрделі жағдай туғызуы бек мүмкін. Сондықтан қысқы дайындыққа кешенді түрде қараған жөн.

Түйін: Жыл сайын алғашқы қар түскенде жүргізушілердің қысқы дөңгелек іздеп, техникалық қызмет көрсету орындарына асығуы үйреншікті көрініске айналған. Алайда жол қауіпсіздігіне келгенде «ертең ауыстырамын» деген немқұрайдылыққа орын жоқ. Себебі ауа райы жүргізушінің дайын­дығын күтіп тұрмайды. Полиция тарапынан жасалып жатқан ескертулердің негізгі мақсаты да айыппұл салу емес, жол-көлік оқиғалары­ның алдын алу. Өйткені бір ғана дұрыс қабылданған шешім адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Н.БАҚЫТҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары