Ақтау тұрғыны Instagram-дағы бір жазбасы үшін 545 мың теңге айыппұл арқалады

/
Ақтау тұрғыны Instagram-дағы бір жазбасы үшін 545 мың теңге айыппұл арқалады
magnific.com

Ақтауда Instagram әлеуметтік желісінде өзге адамның жеке өміріне қатысты жалған ақпарат жариялаған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 544 950 теңге айыппұл салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, аталған істі Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қараған. Анықталғандай, әйел биыл қазан айында Instagram желісіндегі парақшасында басқа адамның отбасы жағдайы мен балалары туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтер жариялаған.

Маңғыстау облыстық соты әлеуметтік желідегі жарияланымға қатысты істің мән-жайын түсіндірді.

"Әйел биыл қазан айында Instagram парақшасында жәбірленушінің отбасылық жағдайы мен балаларына қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жариялады", – деп хабарлады сот.

Сот отырысында әкімшілік жауапкершілікке тартылған әйел өзіне қатысты жасалған хаттамамен келіспейтінін айтып, кінәсін мойындамаған. Ал жәбірленуші әлеуметтік желіде өзі туралы жалған мәлімет таратқан азаматшаны заң аясында жауапқа тартуды сұраған.

Істі қарау барысында сот Instagram желісіндегі жарияланымдарды, фотосуреттерді және тараптардың түсініктемелерін зерттеген. Атап айтқанда, әйелдің кінәсін анықтау кезінде жәбірленушінің түсініктемелері, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, арыз және басқа да жазбаша материалдар назарға алынған.

Нәтижесінде сот әйелді Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі – "Жала жабу" бойынша кінәлі деп таныған.

Жаза тағайындау кезінде сот әйелдің отбасылық жағдайын да ескерген. Атап айтқанда, оның 14 жасқа толмаған баласының болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде қабылданған. Ал жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмаған. Осыған байланысты сот бастапқыда белгіленген 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлды 30 пайызға қысқартқан. Нәтижесінде әйелге 544 950 теңге айыппұл салу туралы шешім қабылданды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар