Deutsche Bank-тің 15 миллионнан астам құпия құжаты тарап кетті

/
Deutsche Bank-тің 15 миллионнан астам құпия құжаты тарап кетті
сурет: istockphoto.com

Германияның ірі қаржы ұйымдарының бірі Deutsche Bank-тің 15 миллионнан астам ішкі құжатының тарап кетуіне байланысты тергеу басталды. Құжаттарда банк клиенттері, күмәнді қаржы операциялары және ішкі тексерулер туралы мәліметтер бар. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

18 қарашада Германияның Гессен жеріндегі дербес деректерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган Deutsche Bank-ке қатысты тексеру жүргізетінін мәлімдеді. Реттеуші банктің құпия ақпаратты қорғау шаралары жеткілікті болғанын және деректердің тарап кеткені туралы тиісті органдар мен азаматтарға уақытында хабарлағанын анықтамақ.

«Біз Deutsche Bank-тің зардап шеккен адамдарды дер кезінде хабардар еткен-етпегенін де тексеріп жатырмыз», – деді деректерді қорғау жөніндегі комиссар Александр Росснагель.

Дау екі ақпарат берушінің банкке тиесілі миллиондаған ішкі құжатты халықаралық журналистер тобына тапсыруынан басталған. Олардың арасында электрондық хаттар, қызметтік жазбалар және күмәнді қаржы операцияларына қатысты материалдар бар.

Журналистік зерттеу барысында банк қызметкерлері ақшаны жылыстату, жемқорлық және халықаралық санкцияларды айналып өту қаупі туралы бірнеше рет ескерткенімен, олардың дабылы тиісті деңгейде ескерілмеген болуы мүмкін екені айтылған.

Жария болған материалдарда АҚШ президенті Дональд Трамптың, Джеффри Эпштейннің және ресейлік олигархтардың Deutsche Bank-пен бұрынғы қаржылық байланыстары да қарастырылған.

Бұл жарияланымдар банктің беделіне әсер етіп, 17 қарашада оның акцияларының бағасы күрт төмендеді.

Deutsche Bank басшысы Кристиан Зевинг Handelsblatt басылымына берген сұхбатында өткен кезеңдегі кейбір шешімдерді басқаша қабылдауға болатынын мойындаған. Алайда ол тәуекелдерді әдейі елемеуге тырыспағанын айтты.

Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, жарияланған құжаттар бірнеше жыл, кей жағдайда ондаған жыл бұрынғы оқиғаларға қатысты. Компания содан бері ішкі бақылау жүйесін күшейткенін жеткізді.

Сонымен қатар банк жүргізілген техникалық тексерулер кезінде қазіргі ақпараттық жүйелердің бұзылғаны немесе клиенттердің есепшоттары, құпиясөздері мен төлем деректеріне бөгде адамдардың қол жеткізгені анықталмағанын мәлімдеді.

Алайда бұл құжаттардың тарап кетуі дербес деректерді қорғау талаптарын бұзу болып саналмайды дегенді білдірмейді.

Енді неміс реттеушісі банктің ақпараттық қауіпсіздік шаралары тиісті деңгейде болған-болмағанын және деректердің тарап кетуіне қалай әрекет еткенін тексереді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары