Мұхтар мұнарасы
Қазақ руханияты қос бәйтерегінен – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауин мен абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлынан айырылды. Ұлтының мұңын мұңдап, жоғын түгендеген, көркемсөз бен көсемсөздің, көрегендік пен кемелдіктің, тынымсыз еңбек пен қажымас қайсарлықтың ерен үлгісіне айналған, алыптар шоғырының көсегелі көшін толықтырған, шын мәнінде, Толық Адамға сай ғұмыр сүрген екі арыс қайтпас сапарға аттанды. Шектеулі берілген ғұмыр-дарияның әр тамшысын зая кетірмей, шөліркеген жүректерге нәр тамызған Сіздердей сахип жандарды келешек ұрпақ еш уақыт ұмытпақ емес.
ХХ ғасырдың 60-жылдардан бастап ұлттың рухани кеңістігінде жаңаша эстетикалық ахуал қалыптаса бастады. Оны «постсоциалистік реализм эстетикасы» деуге болатындай. Социалистік реализм аморфты әдіс болып шықты. Өйткені ол әдебиеттің өзіндік заңдылықтары, имманентті үдерістері туғызбаған құбылыс еді. Алғашқы шығармаларымен-ақ әдебиетте жаңаша эстетика қалыптасқанын жария еткен Мұхтар Мағауин поэтикасы өзіне дейінгі шығармашылықтағы философиялық негіздер мен көркемдік-эстетикалық принциптерді қайта қараудың басы еді. Оның эстетикалық доктринасы алдыңғы кезеңнің рухани құндылықтары мен дүниетанымдық қырларын жаңаша парықтаудан барып дүниеге келді. Өйткені дәстүрлі эстетикалық ұстанымдарды басқаша екшеудің мысалдары ретіндегі модернистік ұстанымдар адамзат көшіндегі ауытқулар мен әлеуметтік-тарихи дағдарыстар тұрғысында белең алып, әлем келбетін, өмір шындығын танытуда өз потенциалын тауысып біткен эстетикаға қарсы тұрудан басталды.
Қаламгердің дербес жазу машығын, өмір құбылыстарын көркем игерудегі жеке стилін әйгілейтін прозалық туындылары әдебиеттің түрлі мәселелеріне арналған қабырғалы зерттеулерімен сабақтас. Ғылыми танымға тән мықты логика, дәлдік пен нақтылық көркем шығармаларда өз ізін тастап отырды. Шығарманың ой өзегі мен тақырыбы ұзақ жыл бойы зерттеп, ұңғыл-шұңғылын меңгерген саладан болуы да дүниетанымдық мәселелермен тамырлас. Ұлттық әдебиеттен мұндайлық мысалдардың бірнешеуін көрсетуге болады. Тіпті, ұлы Мұхтар Әуезовтің Абай тақырыбындағы көлемді туындысының ой өзегі де суреткер шығармаларын ғылыми зерделеуден басталған еді ғой. Бұл орайда М.Мағауиннің суреткерлігі әдеби-теориялық терең толғамдарын, зерттеушілік қарымын көркем тәжірибеге айналдырған М.Әуезовтің жазушылық жолына көбіне келіңкірейтіндей.
Құжаттық негізден ауытқымау, нақты тарихи деректердің айналасынан ұзап шықпау әдеби шығармашылықтың эстетикалық заңдылықтарына қайшы екені белгілі. Өмір шындығын өнер шындығына айналдырудың сан алуан тәжірибелерін меңгерген және зерттеген М.Мағауин тарихи шығармаларында деректік негіздер-ден шығандап кетпесе де, құрғақ фактыдан белгілі бір арақашықтық сақтап отыруды білді. Сондықтан да тарихи тұлға табиғатындағы мінездер төркінін қаламгер түрлі уақыттық және кеңістік өлшемдеріне салды.
Мұны біз жазушы бойында әбден қалыптасып, мықтап тұрақтаған ғылыми ойлау жүйесі мен көркемдік ойлау жүйесінің бір ендікте тоқайласуы, тіпті тайталасы деп қарасақ та болады.
М.Мағауиннің шығармашылығын сөз қылғанда айтылмай қалмайтын бір қыры – оның бай тілі. Әсіресе, «Аласапырандағы» архаизм, историзм, экзотикалық сөздеріне қатысты әдебиеттанушылар мен лингвистер біршама пікірлер айтып, бірнеше ғылыми еңбектер де жариялады. Жазушы шығармаларындағы көнерген сөздердің қайта айналымға қосылғандарынан сөздік құрастыруды да әркім айтып жүрді. Ол жақсы бастама еді. Ұлттың байырғы сөз саптауын жетік меңгерді деген Тұрсын Жұртбайдың өзі сегіз жүзге тарта өзіне таңсық сөз жазып алғанын айтады. Өзі суреттеп отырған заман рухын, уақыт тынысын дәл сипаттау үшін бұрнағы жазу стилінің қаншалықты қымбат екенін білгендер көп болғанымен, оны дәл Мағауиндей жүзеге асыра білгендер аз. Ал байырғы тілдің мәйегіне жүгіну, көнерген сөздерге жаңа өмір беру поэтикалық заңдылықтардың антропологиялық болмысын сақтап қалу үшін қажет еді. Көп қаламгер Мұқаң толықтырған сөздік қорын кейін пайдаланды да.
М.Мағауин кеңестік дәуірде де кезеңдік тақырыптарға барған емес. Оның шығармашылығының негізгі лейтмотиві – қазақ тағдыры болып қалды. Тарихи санаға айырықша қозғау салған «Аласапыран» қанша шырғалаңды басынан кешті.
Оған дейін жазушының адам концепциясын толық әйгілеген, ойды персонаждың жадынан, сана түпкірлерінен орын алып қалған жаңғырықтар арқылы туындататын сана ағымы тұрғысынан жазылған бір ғана «Тазының өлімі» повесінің өзі неге тұрады. Адам болмысының күрделі табиғатына, олардың қарым-қатынастарының мәнісіне, жалпы адамның әлемде алатын орны мен жаратылыс қайшылықтарына жазушы әлем әдебиетінде біршама қалыптасып қалған поэтикалық тәсіл – хайуанның көзімен қарайды. Повесте Тазының арпалысқа толы өз ғұмыры мен адамдардың қайшылыққа толы тірлігі туралы ойлары, тіпті ғаламат сәйкестігі жайындағы толғаныстары оның жадысы арқылы қайта тіріледі. Яғни, жоғалған уақытты іздеу сарынына орай сана қалтарыстарына жүгіну сынды модернистік әдеби техника толығымен салтанат құрады. Ал модернистер қолданған сана ағымы шетін ситуацияларды таңдамай-ақ, шығармадағы уақыт пен кеңістіктегі еркіндік арқылы жүзеге асады. Яғни, классикалық реализм үлгісіндегі әрекет пен сезім бірлігі қатаң сақтала бермей, ой тасқыны сюжет логикасына тым тәуелденбей, кейде фабуладан тыс та жасай береді.
Бір құбылысты адамның жас ұлғаю шамасына қарап, яғни балалық, толысу, егделену кезеңдеріндегі санасына салатын тәжірибе Лашын образына беріліп, көркем шығарманың идеялық-философиялық өзегін аңдатуға бастайды. Тазы өсе келе адамдардың күнделікті өмірінен әлдебір мағынасыздықты, күрмеуі шешілмес қайшылықтарды аңғара бастайды. «Өз иелерінің, иелері ғана емес, жалпы екі аяқты атаулының өмірінде, тұрмыс-салтында түсініксіз жайлардың көптігін Лашын жасы алты айдан асып, бойы өсіп, денесі іріленіп, үлкен итке жақындаған кезде ғана аңғарды. Бұрын бәрі де дұрыс, бәрі де орынды сияқты көрінетін. Енді ойлап қараса, ешбірі де ақылға сыймайды». Жазушы адамдар ортасын тілсіз мақұлықтың көзімен сырттай бақылай отырып, олардың тіршілік-қарекетінің қым-қиғаш қайшылықтарға толы екенін, абсурдтығын меңзейтін ойға жетелейді. Ешкімнің ала жібін аттамаған Қазы – басынан бақайшағына дейін қулық тұнған әрі қатыгез Есенжолдармен салыстырғанда қашан да аутсайдер.
Жалпы, повестегі Қазы бейнесі сюжеттің сыртқы контурын ұстап тұруға қажетті, Лашын ойлары арқылы берілетін сана ағымының үнемі бастау алып отыратын нысаны, керек десеңіз, өмір шындығының философиялық толғамдарға тамызық беретін фактісі түрінде алынған. Оның адамгершілік сапасы, өмірлік мұраты, ішкі рухани болмысы термеленбейді. Қазы – шығармада тым ерекшеленбейтін (аңсақтығы болмаса) сыртқы әрекеттерімен ғана бейнеленетін, монологтік форма өңдеуіне жуықтатылмаған, әредік сараң диалогтермен ғана кескінделетін образ. Оған күрескерлік қасиеттер дарытылмаған. Тіпті Есенжолмен болған кикілжің үстінде оған не жарытып жауап қатпаған, мерездігін бетіне баса алмаған, қолынан тек ірге аударып көшіп кету ғана келген күйректік сипаттары басым образ. Қаламгер оның ойлау үдерістерін, айналаға көзқарасын таныту сипаттарын термелеп жазбаса да, шексіз жалғыздыққа ұшыраған, сұрқай өмірдің сұмдықтары еңсесін әбден езгілеген, қатыгез әлемде жалғыздық қасіретін шеккен жан екеніне көз жеткізеді. Рухани жаратылыс ретінде толыққанды тіршілік етуге мүмкіндік бермейтін трагедиялы өмір туралы экзистенциализм сорабы аңғарылады.
Қазы образы орталық кейіпкер Лашын тіршілігімен белгілі бір аналогиялар, рухани-психологиялық параллельдер жүргізу үшін алынады. Қазының жан-жағын бөтенсіген ғұмыры мен Лашынның ит-ғұмырын бір-бірінен бөлшектеуге келмейтін тұтастық тұрғысында қараған жазушының философиялық түйіні өмір шындығын абсурдтық тұрғыда, иррационалдық ыңғайда жасалады. Ол түйін адамдардың беймәлім тұңғиықтан келіп, сол белгісіз тұңғиыққа аттану мағынасы төңірегінен шығарылады.
Тәуелсіздік алған жылдары аға буын жазушылардың ішінде тосырқап қалғандары болса, Мағауиннің екінші тынысы ашылғандай еді. Оның туындыларындағы асқан трагизм тарихи астардан да, адамның онтологиялық жалғыздығынан да өрбіп жатады. «Оралу», «Құмырсқа-қырғын», «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез» әңгімелеріндегі трагедия қоғамдық-әлеуметтік иерархиядан келіп шығатын, әсіресе сентименталистер көп тоқталған «кішкентай адамның» нала-мұңы емес, жалғыздық шыңырауында қалған адам мен қоғамның қарым-қатынасы, дәлірек айтсақ, олардың арасындағы қандай да бір байланыстың жоғы. Жазушы оның қоршаған болмысынан әлдебір үйлесімсіздікті, қатыгездікті, адам ғұмырының асау толқын ағызып кете баратын жаңқа сияқты қорғансыздықты, мәңгі өз орнын іздеп өтетін, бірақ оны таппайтын мағынасыздықты көреді.
«Қыпшақ аруында» миф пен мифологиялық реминисценциялар, мифологизм элементтері, аңыздық сюжеттер адам болмысының қарама-қайшылықты табиғатын ашу үшін, бүгінгі күннің рухани мәселелеріне тереңдеу үшін қолданылады. «Жармақ» – бүгінгі қазақ әдебиетінің интеллектуалдық дамуының көрсеткіші. Басқаға қайдам, маған Мұқаңның шетелдегі өмірі әлемдік мәдени-танымдық, эстетикалық тенденцияларға барынша ден қоюына игі әсер еткендей көрінеді.
М.Мағауиннің біраз шығармалары қазақ әдебиетінің классикасына айналып үлгерді. Ал классика үшін уақыт деген – өте шартты нәрсе.
...Енді ұлы Мұқаң бізге, берісі қазақ, арысы алаш руханиятына өзінің зау биігінен, танымдық-эстетикалық ерен өрінен – Мұхтар мұнарасынан қарайды! Сол мұнараға біз де әрдайым көз тігіп, сыры мен мұңын тануға талпынумен күн кешерміз.
Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,
филология ғылымдарының докторы