Қытайда басы ерекше адамға ота жасалды

/
Қытайда басы ерекше адамға ота жасалды
сурет: SCMP

Қытайдың Хунань провинциясының тұрғыны, 23 жастағы ер адам сирек кездесетін бас терісі ауруына байланысты ота жасатқан. Науқастың бас терісі біртіндеп қалыңдап, терең қатпарлар пайда болған. Сыртқы көрінісі адам миының иірімдеріне ұқсап кеткенімен, дерт мидың өзіне емес, бас терісіне қатысты болған, деп хабарлайды turkystan.kz SCMP-қа сілтеме жасап.

Дәрігерлер оған cutis verticis gyrata диагнозын қойған. Бұл кезде бас терісі шамадан тыс қалыңдап, оның бетінде қатарласа орналасқан қатпарлар мен жүлгелер түзіледі. Аурудың бастапқы және басқа сырқаттардың салдарынан дамитын түрлері бар. Кей жағдайда ол тек адамның сыртқы келбетіне әсер етсе, кейбір науқастарда өзге неврологиялық немесе эндокриндік аурулармен қатар кездесуі мүмкін.

Ли есімді науқастың басындағы тері бірнеше жыл бұрын қатая бастаған. Уақыт өте келе өзгерген аумақ ұлғайып, басының жартысына жуық бөлігін қамтыған. Ол бұған дейін жергілікті ауруханада операция жасатқанымен, дәрігерлер өзгерген тінді толық алып тастай алмаған. Ал алғашқы операциядан қалған тыртықтар сау терінің көлемін азайтып, кейінгі емдеуді күрделендірген.

Бірнеше медициналық мекеме операцияның қиындығына байланысты емдеуден бас тартқан. Кейін науқас Ухань университетінің Чжуннань ауруханасындағы пластикалық хирург Чжоу Вэйге жүгінген. Дәрігерлер сау терінің өте аз қалғанын ескеріп, екі кезеңнен тұратын жеке емдеу жоспарын әзірледі.

Алдымен науқастың бас терісінің екі бөлігіне тін кеңейткіштер орнатылған. Дәрігерлер 11 ай бойы оларға белгілі мөлшерде сұйықтық енгізіп, сау теріні біртіндеп созған. Бұл әдіс өзгерген тін алынғаннан кейін пайда болатын үлкен жараны науқастың өз терісімен жабуға жеткілікті көлем қалыптастыруға мүмкіндік берген.

Дайындық аяқталғаннан кейін үш сағаттан астам уақытқа созылған операция жасалды. Хирургтер бас терісінің жартысына жуық бөлігіндегі қалыңдаған тіндерді алып тастап, қан тамырлары мен жүйкелерді сақтауға тырысқан. Кейін алдын ала кеңейтілген сау теріні жылжытып, жараның бетін жапқан.

Операциядан кейін жара жазылып, науқастың басында шаш қайта өсе бастаған. Дәрігерлердің мәліметінше, терінің сыртқы көрінісі мен құрылымы қалыпты жағдайға жақындаған. Ұзақ уақыт бойы сыртқы келбетіне байланысты психологиялық қысым көрген жас жігіт үшін бұл ем тек медициналық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды болған.

Тіндерді алдын ала кеңейтіп, кейін зақымданған бөлікті алып тастау тәсілі мұндай ауруды емдеуде бұрын да қолданылған. Дегенмен операция барлық науқасқа міндетті емес. Өзгерген аймақ өспесе және денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндірмесе, дәрігерлер тұрақты бақылаумен шектелуі мүмкін. Хирургиялық ем көбіне қатпарлар ұлғайғанда, күтім жасау қиындағанда немесе адамның өмір сапасына елеулі әсер еткенде қарастырылады.

Лидің жағдайында негізгі қиындық аурудың көлемімен ғана емес, бұрынғы операциядан қалған тыртықтармен байланысты болды. Соған қарамастан, дәрігерлер сау теріні 11 ай бойы біртіндеп ұлғайтып, өзгерген тінді толық алып тастауға мүмкіндік тапқан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар