Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 7-отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырыста ресурстарды, ақпаратты және заманауи технологияларды біріктіру арқылы интернет-алаяқтыққа, цифрлық және қаржылық қылмысқа қарсы іс-қимылдың практикалық шаралары талқыланды.
Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Иран, Түркия және Пәкістан прокуратураларының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ЭЫҰ Бас хатшысы және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің өкілі қатысты.

Қазақстан интернет-алаяқтықтан азаматтарды қорғаудың көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыру тәжірибесін ұсынды.
Ол онлайн кредиттерді рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді, «несие алу туралы шешімді саналы түрде қабылдау үшін уақыт беру», несие алудан ерікті түрде бас тарту мүмкіндігін, байланыс операторларының антифрод жүйелерін және Ұлттық антифрод орталығын қамтиды.
Бұл шаралар сомасы 850 мың АҚШ долларынан асатын 700-ден астам алаяқтық кредиттің берілуіне жол бермеуге мүмкіндік берді. 600-ден астам дроппер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, ал соттар негізсіз баюды өндіріп алу туралы сомасы 12 млн АҚШ долларынан асатын талаптарды қанағаттандырды.

Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығының базасында интернет-алаяқтық мониторингінің бірыңғай талдау платформасы жұмыс істейді. Ол құқықтық статистика, банк секторы, байланыс операторлары, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың деректерін біріктіреді.
Жасанды интеллект қылмыскерлердің ортақ цифрлық және қаржылық инфрақұрылымын анықтауға, сондай-ақ алаяқтықтың жаңа схемаларын болжауға мүмкіндік береді. Бұл жекелеген эпизодтарды тергеуден қылмыстық желілерді анықтауға және жаңа қылмыстардың алдын алуға көшуге жол ашты.

Халықаралық өзара іс-қимыл да нақты нәтижелер беруде. 2025–2026 жылдары Украина, Армения және Беларусь әріптестерімен бірге қоңырауларды пысықтау нәтижесінде осы елдердегі ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы анықталып, 11 шетелдік колл-орталықтың қызметі тоқтатылды. 45 ұйымдастырушы ұсталды.
Қазақстан халықаралық құқықтық көмек көрсетудің формалды рәсімдерінен неғұрлым жедел өзара іс-қимылға көшуді ұсынды.
Осыған байланысты ЭЫҰ Хатшылығы жанынан Ұйымға қатысушы мемлекеттердің орталық органдарының өзара байланысқа жауапты тұлғалардың тобын құру ұсынылды. Бұл қылмыскерлер туралы ақпарат алмасуды жеделдетуге, күдікті операцияларға жедел ден қоюға және қажет болған жағдайда бірлескен жедел-тергеу топтарын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстан ұсынған тетіктер отырысқа қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Тараптар интернет-алаяқтық пен қаржылық қылмысқа қарсы іс-қимыл, цифрлық криминалистика, сондай-ақ жасанды интеллект пен талдау технологияларын қолдану салаларында тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделі.
Түркістандағы отырыс ЭЫҰ шеңберінде трансұлттық цифрлық қылмысқа қарсы күресте практикалық жедел өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру жолындағы кезекті қадам болды.