Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтіледі. Осы атаулы күні «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты еліміздің барлық өңіріндегі қолдауды қажет ететін отбасыларды аралау бастамасын қолға алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мұндағы мақсат – көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға атаулы көмек көрсету, олардың нақты қажеттіліктерін анықтау және одан әрі қолдау таныту мүмкіндіктерін айқындау.
Бұл бастама «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына сәйкес келеді. Бағдарламада отбасыны, ана мен баланы қолдауға, сондай-ақ нақты қажеттілікке негізделген тәсілге көшуге ерекше мән берілген.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарды және басқа да осал топтарды қолдау – партия саясатының басым бағыттарының бірі. Кездесулер еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылады, республика бойынша 1 000-нан астам отбасын қамту жоспарланып отыр.
Осы орайда «Әділет» партиясы Нұра аудандық филиалының төрағасы Жанар Жақыпова алты баланың анасы Торғын Қасымованың үйіне барып, отбасының жағдайымен танысты. Кездесу барысында «Әділет» партиясының өкілдері отбасының тұрмыс-тіршілігіне қанығып, қажеттіліктерін тыңдады. Сондай-ақ отбасыға қажетті қолдау көрсету мәселелері қарастырылды.
«Мен үшін көмектің сөз жүзінде ғана емес, нақты әрі уақытылы көрсетілуі маңызды. Осындай атаулы кездесулер мен отбасыларға бару шараларын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Себебі біздің басты мақсатымыз – отбасылардың жанынан табылып, олардың қажеттіліктерін тыңдау, қолдау көрсету және отбасы институтын нығайту. Отбасы – біздің басты құндылығымыз, қоғамның берік тірегі және еліміздің жарқын болашағының негізі», – дейді «Әділет» партиясының Нұра аудандық филиалының төрағасы Жанар Жақыпова.
Өз кезегінде Торғын Қасымова қолдау білдіре келген партия өкілдеріне шынайы алғысын жеткізді.
«Жасым 34-те, 6 балам бар. Үлкені колледжде, төртеуі мектепте оқиды. Ең кішкентайы балабақшаға барады. Өзім – күміс алқа иегерімін. Көпбалалы ана ретінде жәрдемақы аламын. Тұңғышым – Айша кондитер мамандығын оқып жатыр. Одан кейінгі ұлым Мұса 9-сыныпта оқиды, футбол ойнайды. Мұстафа 6-сыныпта оқиды, қобыз аспабының үйірмесіне барады. Қасым лезгинка биімен айналысады. Мелек 2-сыныпта оқиды. Балабақшаға баратын кенжем ән салады, би билейді. Жәрдемақыны балалардың сол үйірмелеріне жұмсаймын. Өзім арасында жұмысқа шығып тұрамын. Көбіне үйдемін, себебі балалардың бірін мектепке, бірін балабақшаға апару керек. Жұбайым автокөлік жөндеу орталығында жұмыс істейді. Таңертең кетіп, кешке келеді. Қаражатты жеткізуге тырысамыз, ең қажетті дүниелерге жұмсаймыз. Сондықтан біздің отбасыға көмек беріп жатқандарыңызға көп-көп рахмет! Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін алғысым шексіз», – дейді ол.