Исландия әлемдегі "ең нашар фотографты" тауып, оған 50 мың доллар төледі

/
Исландия әлемдегі "ең нашар фотографты" тауып, оған 50 мың доллар төледі
видеодан скриншот

Icelandair әуе компаниясы әлемдегі "ең нашар фотографты" анықтап, оны Исландия бойынша 10 күндік саяхатқа жіберді. Ерекше байқаудың жеңімпазы Париж маңында тұратын Бланш Мортемар атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жобаға қатысқаны үшін оған 50 мың доллар, яғни шамамен 22,5 миллион теңге төленді. Бұған қоса, әуе компаниясы жол ақысы, тұратын орны және көлік шығындарын толық өтеген.

Байқау 2026 жылдың сәуірінде басталған. Icelandair қатысушылардан өзін немесе суретке нашар түсіретін таныстарын ұсынуды сұраған.

Жобаның мақсаты – кәсіби тәжірибесі жоқ адамның өзі Исландия табиғатынан есте қаларлық кадрлар түсіре алатынын көрсету. Ұйымдастырушылар сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен жасалған мінсіз суреттерге балама ретінде шынайы саяхат әсерін көрсетуге тырысқан.

Байқауға 176 елден 127 642 өтінім түскен. Іріктеу мен сұхбат кезеңінен кейін ұйымдастырушылар Бланш Мортемарды таңдаған. Icelandair өкілдерінің айтуынша, ол суретке нашар түсіру қабілетімен ғана емес, мінезімен және саяхатқа деген көзқарасымен де ерекшеленген.

Бланш жеңісін әзілмен қабылдаған.

"Достарым мен отбасым үнемі мен түсірген суреттердің неге нашар шығатынын сұрайтын. Енді жауабын таптым: мен осы рөлге дайындалған екенмін", – деді ол.

Жеңімпаз Исландияда 10 күн жүріп, елдің табиғатын өз көзқарасымен суретке түсірген. Сапар барысында жаяу серуендеп, жорықтарға шығып, түрлі табиғи орындарды аралаған.

Ол жалпы 5 484 сурет түсірген. Олардың арасында бұлыңғыр, қисық кадрлармен қатар күтпеген жерден сәтті шыққан фотолар да бар.

Ұйымдастырушылар Бланштың сапары мен түсірген суреттерін арнайы күнделік форматында жариялап жатыр. Ал Icelandair әзіл ретінде "сапалы суреттерге кепілдік берілмейді" деп ескерткен.

Жоба аясында "Исландия әлемдегі ең нашар фотографтың көзімен" атты көрме де ұйымдастырылмақ. Бланш Мортемардың алғашқы жеке фотокөрмесі 11-12 қыркүйекте Лондонда өтеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар