Астанада полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 39 жастағы әйелді анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушімен бұрыннан таныс болғаны анықталды. Бұған дейін олар бір қалада тұрған. Әңгімелесу барысында әйел құрылыс компанияларында таныстары бар екенін айтып, солардың көмегімен пәтер сатып алуға жәрдемдесе алатынын жеткізген. Оның уәдесіне сенген жәбірленуші алдын ала төлем ретінде әйелге 1,5 млн теңге берген. Осыдан кейін күдікті ұзақ уақыт бойы тұрғын үй мәселесін шешуге уәде беріп, кейін байланысқа шығуын тоқтатқан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 39 жастағы әйел тұрғылықты жері бойынша ұсталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.