Терең ұйқы күйзеліске төзімді болуға көмектеседі – зерттеу

/
Терең ұйқы күйзеліске төзімді болуға көмектеседі – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Қатты ұйықтап қалған кезде мида болатын өзгерістер адамның күйзеліске қалай жауап беретініне әсер етуі мүмкін. АҚШ-тағы Морхаус медицина мектебінің ғалымдары осындай қорытындыға келді. Алайда тәжірибе әзірге тышқандарға ғана жүргізілген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу нәтижесі JNeurosci журналында жарияланды. Ғалымдар тышқандар ұйықтап жатқанда ми қыртысындағы нейрондардың белсенділігін бақылап, кейін олардың әлеуметтік күйзеліс жағдайындағы мінез-құлқын зерттеген. Ересектер ұйқысының басым бөлігі көздің жылдам қозғалысы болмайтын NREM фазасына тиесілі. Ал баяу толқынды терең ұйқы – осы кезеңнің бір бөлігі. Бұл уақытта жүрек соғысы мен тыныс баяулап, бұлшықеттер босаңсиды және ми күндізгі жүктемеден қалпына келеді.

Зерттеушілер мидың эмоциялық жағдайларды бағалауға және оларға лайықты жауап беруге қатысатын прелимбикалық қыртысына назар аударды. Бұл — ми қыртысының маңдай бөлігінде орналасқан аймақ. Баяу толқынды ұйқы кезінде осы аймақтағы нейрондардың белсенділігі айтарлықтай бәсеңдеген тышқандар кейін әлеуметтік күйзеліске төзімдірек болған. Олар жағымсыз жағдайдан кейін басқа жануарлардан қашқақтамай, қалыпты мінез-құлқын сақтаған.

Күйзелістен кейін мұндай тышқандардың миында нейрондардың жұмыс тәртібі де өзгерген. Жүйке жасушаларының белсенділігі қайта бөлініп, ми жаңа жағдайға бейімделген. Ғалымдар мұны күйзелістен кейінгі қалпына келуге көмектесетін үдеріс болуы мүмкін деп есептейді.

Ал күйзеліске осал жануарларда ұйқы кезіндегі мұндай өзгерістер әлсіз байқалған. Зерттеу авторлары олардың терең ұйқысы жеткіліксіз болуы немесе миы ұйқы кезінде эмоциялық жүктемеден толық қалпына келмеуі мүмкін деген болжам айтады.

Зерттеу терең ұйқы мен күйзеліске төзімділіктің арасында байланыс бар екенін көрсетті. Бірақ терең ұйқының өзі психологиялық төзімділікті қалыптастыратыны әзірге дәлелденген жоқ.

Келесі кезеңде ғалымдар күйзеліске төзімді тышқандарды әдейі ұйқыдан айырып, олардың ми белсенділігі мен мінез-құлқы қалай өзгеретінін тексермек. Бұл ұйқының күйзеліске төтеп беру қабілетіне тікелей әсер ететінін анықтауға мүмкіндік береді.

Нәтижені адамдарға бірден қолдануға болмайды. Дегенмен зерттеу болашақта күйзеліске осалдықты анықтайтын биологиялық белгілерді табуға және ұйқы арқылы психикалық денсаулықты жақсарту тәсілдерін жасауға негіз болуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары