Сутегі энергетикасы – "жасыл экономиканың" негізі

/
Сутегі энергетикасы – "жасыл экономиканың" негізі

Бүгінде әлем елдері жаңа энергия көзіне көшуге асығып отыр. Өйткені қазба отынына тәуелділік тек экономикалық емес, экологиялық қауіп-қатерге де әкеліп соқты. Әлемдік жылыну, ауа ластануы, табиғи апаттың жиілеуі, мұның бәрі балама энергия іздеуді талап етуде. Осы тұста сутегі энергетикасы алдыңғы қатарға шықты. Сарапшылар «сутегі – XXI ғасырдың мұнайы» деп тегін айтпайды.

Әлемдік тәжірибе: кім алда келеді?

Сутегі энергетикасы бүгінде жаһандық энер­гетикалық саясаттың ең өзекті тақы­ры­бының біріне айналды. Сарапшылар оны болашақтың «таза отыны» деп атап жүр. Себебі сутегі тек баламалы энергия кө­зі ғана емес, сонымен қатар төмен кө­мір­­­текті экономикаға көшудің басты құ­ра­лы саналады.
Дамыған елдер қазірдің өзінде сутегіні ұлт­тық энергетикалық стратегияның өзе­гіне айналдырып, миллиардтаған ин­вес­ти­ция құюда. Әлемнің алдыңғы қатарлы мем­лекеттері қай бағытта ілгерілеп келе­ді?
Халықаралық Жаңартылатын Энер­гия Агенттігінің (IRENA) бұрынғы бас ди­ректоры Аднан Амин: «Жаңартылатын энер­гия көздерімен өндірілген жасыл су­тегі – таза болашақтың негізі. Бұл тех­но­ло­гия елдерге энергия қауіпсіздігін нығай­тып қана қоймай, экономиканы әртарап­тан­дыруға мүмкіндік береді», деп баға берді.
Жапония – «сутектік қоғам» тұ­жы­рым­­дамасын алғаш қабылдаған ел. 2017 жы­лы арнайы жол картасы бекітіліп, То­кио Олимпиадасы кезінде көліктер мен тұр­ғын үйлер сутегімен жұмыс істеді. Жа­пон билігі 2030 жылға дейін 800 мың­нан астам сутекті көлікті пайдалануға беру­ді жоспарлап отыр. Бұл Жапонияның тех­нологиялық серпінін ғана емес, эко­ло­гиялық саясаттағы табандылығын көр­сетеді.
Еуропадағы көшбасшы – Германия. 2018 жылы бұл ел алғашқы сутекті пойыз­ды іске қосты. Қазір 2030 жылға қарай 5 мың­ға жуық сутегі құю стансасын салу жос­парын қолға алды. «Еуропалық жасыл келі­сім» аясында сутегі энергетикалық тәуел­сіздіктің басты тірегіне айналып отыр. Германия тәжірибесі Еуропаның бо­ла­шағы сутегіге тәуелді екенін айқын­дай түседі.
Оңтүстік Кореяда «Сутегі эко­но­ми­ка­сының 2040 жылға дейінгі жол кар­тасы» бағ­дарламасы жүзеге асы­ры­лып жатыр. Жос­парға сәйкес ал­да­ғы кезеңде 6 мил­лионнан астам суте­гімен жүретін көлік пай­далануға бе­ріл­мек. Бүгінде Hyundai ком­па­ния­сы жүк көліктеріне сутегі тех­но­­ло­гиясын енгізіп, оның нақты нәти­же­сін көрсете бастады.
2035 жылға қарай Қытай әлем­дік сутегі өндірісінің 30 пайызын иемденуді жоспарлап отыр. Ра­сын­да, инфрақұры-лымдық жоба­лар­дың ауқымы мен мемлекет қол­­­­дауы Қытайды болашақта ең ірі өн­дірушінің біріне айналдыруы ық­тимал. 
АҚШ-та сутегі энергетикасы не­­гізінен жеке сектордың бас­та­ма­сы­мен дамып келеді. Калифорния штатында сутегі құю стансалары қар­қынды түрде көбеюде.      General Motors, Nikola Motors компаниясы су­текті жүк көліктерін сынақтан өт­кізіп, нарыққа жол аша бастады.
Сауд Арабиясы – жаңа ойыншы. Бұл ел NEOM жобасы арқылы әлем­дегі ең ірі жасыл сутегі зауытын іске қос­ты. Енді жасыл энергияны экс­порт­таушы мемлекетке айналуды көз­деп отыр.
Сутегі энергетикасы – ертеңнің емес, бүгіннің күн тәртібінде тұрған мә­селе. Сон­дықтан бұл бағыттағы әлем­дік тәжірибені ескеріп, Қазақ­стан да өз әлеуетін тиімді пайдалана біл­се, жаһандық бәсекеде өз орнын иеленері сөзсіз. 

Қазақстанға қандай мүмкіндік бар?

Сутегі энергетикасының стра­те­гия­лық мәнін жете бағамдаған Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесінің VIII саммитінде Қазақ­стан­да жасыл сутегі өндірісінің өнер­кәсіптік кластерін құруға кең мүм­кіндік бар екенін айтты.
Қазақстан үшін сутегі энер­ге­ти­ка­сын дамыту айрықша артықшы­лық­қа ие. Ең алдымен, еліміздің жаңар­тылатын энергия өндіруге әлеуе­ті зор. Оңтүстігі мен батысы күн қуатына, орталығы мен сол­түс­тігі жел энергиясына бай. Бұл «жа­сыл сутегіні» өндіруде Қазақстанға артықшылық береді.
Сонымен қатар геостратегиялық ор­наласуы елімізге қосымша мүм­кін­дік сыйлайды. Еуропа мен Азия­ның түйіскен жерінде орналасқан Қа­зақстан болашақта сутегіні экс­порт­тайтын өңірлік хабқа айналуға мүмкіндігі зор. Сутегіні металлургия, химия, көлік және энергетика са­ла­сына енгізу арқылы шығарындыны азайтып, экологиялық өндірісті да­мытуға жол ашылады.
Энергетика министрлігінің Жаңар­тылатын энергия көздері департаментінің директоры Жаслан Қасенов 2030 жылға дейінгі сутегі энер­гетикасын дамыту тұжырым­дамасы қабылданғанын атап өтті.
«Құжаттың негізгі мақсаты – за­манауи энергия көзіне қол жеткізуді қам­­тамасыз ету, сутегі техно­ло­гия­сын дамыту және энергетика сек­торына жаңа серпін беру. Қазірдің өзінде Ұлттық ядролық орталықта сутегін өндіру, сақтау және электр энергиясына айналдыру бағытында тәжірибе жүргізілуде. Ядролық физика институтында күн сәулесін пайдалана отырып сутегін алу тәсілі сыналды. Ал «КМГ Инжиниринг» ЖШС базасында арнайы зертха­на­лық орталық құрылып, онда сутекті қауіпсіз сақтау, тасымалдау және өнер­кәсіптік деңгейде енгізу мәсе­ле­сі қарастырылуда. Бұл бастамалар ұлт­тық энергетикалық саясатты ғы­­­лыми негізде дамытуға ықпал ете­ді», – деді департамент басшысы.
Құжат қабылдау – саяси шешім. Ал оны нақты ғылыми ізденіс пен өндірістік тәжірибе арқылы жүзеге асыру – стратегиялық міндет. Осы орай­­да отандық ғалымдардың еңбе­гі ерекше маңызға ие. PhD Айгерім Ибраева «Қазақстандағы сутегі энер­гетикасы және ЕО тәжірибесі» тақы­ры­бын зерттеуде. Сондай-ақ Саябек Сахиев, Мажын Скаков, Қайрат Күтербеков және өзге де зерт­теу­ші­лер сутегі энергетикасының тех­но­ло­гиялық қырын ғылыми-сарап­та­малық тұрғыдан талдап, тәжірибелік негізде жетілдіріп жүр.
Ұлттық мемлекеттік ғылыми-тех­­никалық сараптама орталы­ғы­ның басқарма төрағасы Асылхан Би­босынов сутегінің түрін былай тү­сіндірді:
«Сутегі – жер бетінде кең тарал­ға­нымен, табиғатта таза күйінде кез­деспейді. Оны өндіру үшін ар­найы технология қажет. Біріншісі – «сұр» сутегі, ол табиғи газды бумен кон­версиялау арқылы алынады. Ар­зан, бірақ көмірқышқыл газын көп шы­ғарады. Екіншісі – «көгілдір» су­тегі, қазба отындарына негіздел­ге­ні­мен, көміртекті ұстау және сақтау (CCUS) технологиясы арқылы зиян­ды шығарындылар азаяды. Үшіншісі – «жасыл» сутегі. Ол суды электролиз ар­қылы ыдыратып, күн мен жел энер­гиясының есебінен өндіріледі. Бұл әдіс – экологиялық ең таза жол».
Ал Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің Ғылым комитеті төра­ғасының орынбасары Жайық Тоқтаров еліміздің әлеуетін жоғары бағалап:
«Елімізде жел, күн және су ре­сурс­тары жеткілікті. Осы мүм­кін­дік­ті тиімді пайдалана отырып, Қа­зақстан «жасыл» сутегіні экспорт­таушы мемлекетке айнала алады. Бұл үшін халықаралық серіктестік пен тәжірибе алмасу айрықша маңыз­ды», – деп атап өтті.

Экономикалық табыс пен экологиялық тиімділік

Сутегі энергетикасына көшу – Қазақстан үшін тек технологиялық жаңалық қана емес, сонымен қатар экономикалық серпін мен эколо­гия­лық қауіпсіздікті қатар қамта­ма­сыз ететін стратегиялық қадам.
Халықаралық Энергетикалық Агенттіктің (IEA) есебіне сәйкес, 2050 жылға қарай сутегі нарығының көлемі жылына 2,5 триллион дол­лар­ға жетеді. Бұл – жаңа жаһандық индустрияның қалыптасуы деген сөз. Егер Қазақстан осы үдерістен тыс қалмай, өзінің табиғи артық­шы­лығын тиімді пайдаланса, энер­гияға тәуелділікті азайтып қана қой­май, жаңа табыс көзін аша ала­ды.
Сутегі өндірісі мен оған қажетті инф­рақұрылым саласына мил­лиард­таған шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік бар. Мұндай қар­жы жаңа зауыттың, зерттеу орта­лы­ғының, сондай-ақ логистикалық хабтың құрылуына негіз болады. Со­нымен бірге, жасыл сутегіні да­мыту мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, әсіресе ауылдық аймақ­тар­дағы халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.
Қазақстанның тағы бір артық­шы­лығы – географиялық орна­ласуын­да. Яғни, сутегіні аймақтық дең­гейде экспорттап, Еуроодақ ел­деріне жеткізуде тиімді транзиттік рөл атқара алады.
Бүгінде Қазақстан мұнай мен газ экспортына тәуелді. Ал сутегі ин­дустриясын дамыту арқылы ұлттық экономика жаңа деңгейге көтеріліп, «жасыл экономикаға» өтудің нақты қадамы болады.
Сутегінің ең басты артықшы­лы­ғы – қоршаған ортаға зиянының аз­дығында. Әсіресе, «жасыл сутегі» қол­данылған жағдайда ауаға зиян­ды шығарындылар мүлдем тарал­май­ды. Бұл климаттың өзгеруін те­жеудің ең тиімді тетігінің бірі. Қазба отындарын сарқып алмай, күн мен жел энергиясын пайдалану табиғи тепе-теңдікті сақтауға да ықпал ете­ді.
Яғни, сутегі энергетикасы елі­міз­ге бір мезетте екі нәтижені қам­та­­­масыз етеді: тұрақты өсім мен та­­за орта. Бұл – стратегиялық тұр­ғы­дан келешекке салынған капитал.

P.S. 
Әлем елдері қазірдің өзінде сутегі бәсекесіне кірісіп кетті. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмауға тиіс. Дер кезінде дайындық жүргізіп, ұлттық стратегия қабылдай алсақ, еліміз болашақта аймақтық «жасыл сутегі хабына» айналуға толық мүмкіндігі бар.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары